Тікелей эфир

Ермек Тұрсыновтың қазақ ауылдары туралы фильмі жарыққа шығады. Түсірілім алаңынан репортаж

Фото: "Тұрсыновфильм"
Фото: "Тұрсыновфильм"
Оқиға желісі Алматы облысында тау етегінде орналасқан Бесмойнақ ауылында өрбиді.

Фильмнің бас кейіпкерлері – ауылдағы қос шал мен бір кемпір. Мұсабек пен Исабек қария жас кезінде Нұржамалға ғашық болған. Бірақ, ол мүлде басқа жанға тұрмысқа шыққан. Бүгінде жесір. Ал кейіпкер екі шал достарына айналған. Қарттардың күні ұрыссыз өтпейді. Бірақ, бұл ұрыстың жөні бөлек – ренішсіз, күлкілі. Ұрыс тақырыбы – жалғыз кемпірге деген бәсеке. Оның үй шаруасына көмектесіп, бірге шай ішіп, әлемдегі және елдегі соңғы жаңалықтарды талқылайды. Айтпақшы, Головкинге жанкүйер. Фильм синопсисі, міне, қысқаша осындай.

Informburo.kz тілшісі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен "Тұрсыновфильмнің" ұйымдастыруымен фильмнің түсірілім жұмыстарымен танысып, режиссер және актерлермен сұхбаттасты.

Фильм идеясы

Оқиға желісі Алматы облысындағы тау етегінде орналасқан Бесмойнақ ауылында өтеді. Кинода ауыл аты өзгермеген. Ермек Тұрсынов Бесмойнақты ауылдарды аралап жүріп таңдағанын айтады. Бірнеше жыл бұрын "Шырақшы" фильмін түсіргенде де Нарынқол жаққа барып, Жаркент маңайындағы ауылдарды аралапты.

Фильмнің нақты атауы белгісіз. Мұнда қарапайым ауыл адамдарының оқиғалары суреттеледі. Ешкім ешкімге еліктемейді. Экшн жоқ, бұл – драма. Арасында күлкілі жағдайлар болады. Өмірлік оқиға болғандықтан күлетін, ойланатын тұстары бар. Режиссер сөзінше, мұндай фильмдер қазір сирек шығады, ал бұл туынды бұрынғы кино мектебінің тілінде түсіріліп жатыр екен.

"Қысқаша айтсақ, бұл оқиға – қазіргі ауылмен қоштасу.  Мен білген, мен туып-өскен ауылдан айырылып қалдық. Шындық осы. Кино түсіремін деп Қазақстанды екі рет айналып шықтым. "Ит өлген жерлерге" бардым. Адамдар қонаққа шақырады, күтеді. Қарапайым адамдардың әңгімесін тыңдаймын. Бұрынғы ауылдан жұрдай болдық. Ауыл құлдырап бітті деп айтуға болатын шығар", – деді Ермек Тұрсынов.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басшылары мен Ермек Тұрсынов. Фото: Бифат Елтаева

Оқи отырыңыз: Ермек Тұрсынов "кино түсіргіштер" жайлы: Олардың таратып жүргені – у


Режиссер мақсаты – нағыз ауылды көрсету. Ермек Тұрсынов бұрынғы ауыл мен бүгінгі ауылдың арасы жер мен көктей екенін айтады:

"Адамдардың табиғаты аса өзгерген жоқ. Ауылдың бұрынғы ақкөңіл тұрғындары өзгерді деп айта алмаймын. Бірақ, ауылдың келбеті өзгерді. Өздеріңіз көргендей, жол жоқ, кейде жарық өшіп қалады. Бұл фильм қазіргі шағын ауылдардың ахуалын көрсетсе де, ар жағында бүкіл елдің тағдыры көрініп тұр. Оны тәжірибесі мол көрермен көре біледі. Жастар да ақиқатын шығарар деп сенемін. Кейбір диалогтарды мұқият тыңдасаңыздар, астарынан көзқарасымды байқайсыз. Астарлап айтамыз, айтуға тырысамыз. Оны естір құлақ болса..." – деді ол.

Фото: "Тұрсыновфильм"

Түсірілім жұмыстары

Ермек Тұрсынов түсірілім командасы мықты екенін, шетелден мамандар шақырылғанын, актерлер де сәтті таңдалғанын айтты.

"Жиналған ансамбль мүшелерінің бәрі бір-біріне сай, өте тәжірибелі. Жаңадан шығып жатқан жастар да бар. Кино түсірер болсам, жаңадан актерлер іздеп табамын. Бұл фильмде тәжірибесі мол Алдабек аға ғана. Қалғаны жаңадан танылып келе жатқандар. Ішінде жастары да бар", – деді режиссер.

Актер Алдабек Шалбаев бас кейіпкер Мұсабекті сомдайды. Ауыл мәселесімен жақсы таныс. Кәсіби мамандығы актер болса да, 30 жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығымен айналысып келеді. 

"Соңғы жылдары ауылдан қалаға 1 миллионға жуық халық қоныс аударған. Ауылда шал-кемпірлер ғана қалды. Ауылда өстім, ел жағдайын өте жақсы білемін. Бұл образ маған өте жақын. Образ шығару оңай емес, десе де рөлдің үлкен-кішісі жоқ. Біздің жасымызда ғашық болу артықтау шығар, бірақ адам ретінде сыйлай білсек – жақсы көргендік. Киноның мақсаты – жастарға тәлім-тәрбие беру, жүйенің кем-кетігін астарлап жеткізу. Кім болса да, мұндай жұмысты жаман деп айтпаса керек. Халық кейін бағасын бере жатыр", – деді Алдабек Шалбаев.

Фото: "Тұрсыновфильм"

Ал Мұрат Бекқожин болса, білімді, қияли шал Исабектің рөлін сомдайды. Ауылда тұрса да, қазіргі заманда не болып жатқанын теледидардан көріп, газет пен кітаптан оқып біледі. Мұсабек екеуі кемпірдің көңілінен шығуға тырысып, бірі құлпынай теріп апарса, бірі бал апарып береді.

"Исабек – ауылда қалған үш-төрт шалдың ішіндегі қияли кейіпкер. Рөл оң жамбасыма келді. Менің мінезіме ұқсас. Экономика болсын, медицина болсын – кез-келген тақырыпта айтып беремін. Өмір сырларына құмар Исабек өзіме ұнайды. Студент кезімде достарым маған "Что? Где? Когда?" деген карикатура жасаған. Көзде көзілдірік, қолда кітап, бір жаққа жүгіріп бара жатырмын. Сол кейпім осы образға сай. Кейіпкердің жартысы – мен. Исабек те, мен де өмірге таңдана қараймыз. Бәріне қызығып жүреміз", – деді Мұрат Бекқожин.

Актер осыған дейін аздаған фильм мен сериалға түскен. Исабек болса – басты рөлдегі бірінші жұмысы. Мұрат Бекқожин сан жылдан бері Өнер академиясында режиссурадан сабақ береді. Орысша білім алғандықтан тіл жағынан қиындықтар барын айтады.


Оқи отырыңыз: Қазақ киносы мазаққа айналды. Ақша мен атақ үшін "жер өртейтіндер" көбейді


"Тырысып ойнап жатырмын. Режиссер, әріптестерім көмектесуде. Күнделікті әңгіме-дүкен болғандықтан сөз жағынан алғанда аса қиын емес. Ермек – өте талапшыл режиссер. Актерден өзі көріп жатқан қырын, мінезін шығарғысы келеді. Профессионал. Қалай көреді – сол жолмен кейіпкерді апара береді. Ал біздің мақсатымыз – режиссер ойына ілесу", – деді ол. 

Монтаж жұмыстары. Фото: Бифат Елтаева

Мұрат Бекқожин "Дипломмен ауылға", "Ауылым – алтын бесігім" деген ұрандардың сөз күйінде қалып отырғанын, ауылдың жағдайы мәз емес екенін айтады. 

"Мен ауылда туып-өстім. Сол заманда ауылда спорт орындары, кітапхана, кинотеатр, мәдениет үйі болды. Урбанизация заманында ауыл қаңырап қалды. Не су жоқ, не мектеп дұрыс жұмыс істемейді. Күнкөріс қамымен жұрт қалаға көшіп жатыр", – деді Исабек рөліндегі Мұрат Бекқожин.

Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсіріліп жатыр. Жоба 2019 жылы өткен питчингте тапсырысты ұтып алған. Пандемияға байланысты түсірілім жұмыстары биыл басталған. Кино экранға қашан шығатыны белгісіз. Фильм бюджеті – 400 миллион теңге. Ұлттық киноны қолдау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Қанат Төребайдың сөзінше, қазір өндірісте құны 6 миллионнан 1 миллирд теңгеге дейінгі 41 жоба бар. 

Серіктестер жаңалықтары