Шаршағанда бойыңа қосымша қуат беретін сусынға құмартқандардың қатары күн санап артып келеді. Әсіресе, желік қуған жастардың арасында бірден екі құтыдан сіміріп салу сәнге, әдетке айналған. Сусынды бір ішкен адам тағы да сатып алып, ішкісі келіп тұрады.
Ресей медицина ғылымдары академиясы дәрігерлерінің зерттеуі бойынша, сусын құрамында кездесетін кофеин жүрек соғысының жиілігін арттыратын тахикардияға жол ашады. Сонымен қатар, орталық ойлау жүйесінің жұмысын күшейтеді. Бірақ энергетикалық сусындарды ұзақ уақыт пайдалансаңыз, артериалды қан қысымы көтеріледі.
Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков сергіткіш сусындарды сату жолын шектеу қажет деп отыр. Ол туралы БАҚ беттеріне зерттеу мақалалар да жазыпты. Ал, өндірушілер бұл көзқарасқа наразы.
Неге? Сергіткіш сусындардың құрамы қандай? Олар сергіте ме, елірте ме? Екі жақты тұжырымдарды алға тартып, жан-жақты тоқталуға тырыстық.
Мақсат – тыйым емес, сату жолдарын реттеу дейді депутат
– Энергетикалық сусындарды балаларға мүлдем ішуге болмайды. Себебі, олар онсыз да белсенді. Жасөспірім кезеңде психологияның ауытқуына байланысты энергия қажет болар. Қазіргі уақытта қуат алу үшін жасөспірімдер 2-3 құтысын жәй ішіп қана қоймай, сусынды алкогольмен араластырып ішеді.
Мен осындай сусын өндіретін 52 зауытқа барып қайттым. Олардың айтуынша, біздің елде шығарылатын сусындардың құрамындағы кофеиннің мөлшері Ресеймен салыстырғанда аз. Мейлі, бәрібір зиян ғой. Менің мақсатым – энергетикалық сусындардың сатылуына тыйым салу емес, сату жолдарын реттеу, – дейді мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков.
Үкімет шектеу енгізеді
Осы мәселені көтерген дептутат үкіметке сауал да жолдаған. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атынан келген жауапта:
- Бұл өнімнің жарнамасына шектеу енгізу;
- Сусын ыдысының көлемін азайту;
- Энергетикалық сусындарға акциз енгізу;
- Азық-түлік өнімінің қауіпсіздігі туралы техникалық регламентке түзетулер енгізу;
- Өнім құрамында адам денсаулығына кері әсер ететін қоспалар жайында тұтынушыларға шынайы ақпарат беруге қатысты талаптарды күшейту;
- 21 жасқа толмағандарға оны сатуға тыйым салу секілді шаралар ескеріліп отырғандығы жазылыпты.
Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды
Сонымен қатар, елімізде 2017 жылы энергетикалық сусындардың 487 үлгісі зерттеліп, оның ішінде бесеуінде сәйкессіздік анықталған. Төртеуі маркировка бойынша сәйкес келмесе, біреуінде консервант құрамы шамадан тыс артық болған.
Энергетикалық сусындардың зияндылығына қатысты мәселе көтеріліп жатқан ел – тек Қазақстан емес. Айталық, сергіткіш сусындардың зиянды жақтарын анықтай келе, Австралия, Жаңа Зеландия, Сауд Арабиясы өз нарықтарында оларды сатуға да, ішуге де қатаң тыйым салған. Дания мен Норвегияда дәріханаларда ғана сатылады.
Ал биология ғылымдарының кандидаты Сабыржан Белгібаев қуат беретін сусындарға тыйым салуға келіспейді.
Егер 10 литр таза суды бір мезетте ішсеңіз де қауіпті
– Неге дейсіз бе? Ағзада кез-келген өнімді шамадан тыс мөлшерде қолданғанда осматикалық шок болады. Яғни, жасуша зақымданады.
Мысалы, етті, шоколадты, нанды көп жесеңіз, ағзаңызда ауытқулар пайда болады. Сол себепті энергетикалық сусындарды да 3-4 литрлеп ішпеу керек. Максималды мөлшер – күніне 2 құты. Себебі, 250 мл бір құтыдағы энергетикалық сусында кофеин құрамы бір шыныаяқ күрең шәй, немесе бір шыныаяқ кофедегі кофеиннің құрамымен бір мөлшерде.
Спортшылардың әрқайсысына тамақтану тәсілдері жасалады. Қанша құрамда, қандай мөлшерде нені, қашан жеу керектігі анық көрсетілген.
Тура солай әр адам өзінің денсаулығына байланысты таңдау жасау керек. Егер адам шәй ішкеннен кейін өзімен-өзі ашуланып немесе жүрегі ауыратын болса, онда оған шәйдан бас тартқаны дұрыс. Оның орнына су ішу қажет.
Бізде энергетикалық сусындарға алкогольді қосу 2010 жылдан бері тыйым салынған
– Ал, Ресей былтыр ғана шектеу қойды. Біздің нарықта ондай сусындар бар деп те ойламаймын. Осыған дейін денсаулыққа зиян келтіретін химикаттың болғаны туралы естіген емеспін. Ай сайын қоғамдық денсаулықты қорғау комитетінің бақылау басқармасы, санитарлық-эпидемиялогиялық стансалар, аккредитациядан өткен тағамтану лабороториялары тауарды тексереді емес пе? – дейді Сабыржан Белгібаев.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулықты қорғау комитетінің Техникалық регламентті бақылау басқармасының басшысы Әйгерім Садубаева мұны растап отыр. Оның айтуынша, сусындардың құрамына қатысты әзірге ешқандай заңбұзушылық болмаған. Тек тауарды таңбалау тәртібіне сәйкес келмейтін кездері болады. Ол кезде сатылуы туралы түбегейлі шара қолданылмайды. Себебі оны ішкеннен зиян шеккен адам болған жоқ.
Нехорошев неге "не хороший депутат" болды?
– Депутаттар халық алдында беделін көтеру үшін істің анық-қанығын білмесе де, өндірушілерге тиісе бастайды. Есесіне, танымал болады. Ал, халықаралық тәжірибелердің шын мәнінде қандай екеніне бас ауыртып жатқан жоқ.
Мысалы, Владимир Нехорошевтің депутат болған кезінде: "Біз энергетикалық сусынды ішу арқылы ағзамызға никотин қышқылы қосылып жатыр" дегені естеріңізде ме? Ал, оның не екенін өзі білген жоқ. Никотин қышқылы – кәдімгі дұрыс тамақтанудың дәрумені, нақтырақ айтқанда – В6 витамині.
Ең қызығы, ол дәрумен – алжудың алдын алады. Сондықтан Жапония мен Оңтүстік Корей елдерінде қуат беретін сусындарды қарттар жиі ішеді екен. Олардың пайдаланып келе жатқанына ондаған жыл болыпты, – дейді ғалым.
Олар сергіте ме, елірте ме?
Шындығында сергіткіш сусындардың зияны туралы әңгімені алғаш рет 2010 жылы ақпанда сол кездегі ҚР Парламант Мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошев көтерген болатын.
– Энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына өте қауіпті химикаттар бар. Оларды жиырмасыншы ғасырдың 60 жылдары Вьетнамда соғысқан америкалық жауынгерлердің моральдік және әскери рухын ынтыландыру үшін АҚШ-тың Қорғаныс Министрлігі әзірлеген. Алайда осындай сусындарды тұрақты пайдаланудың нәтижесінде жауынгерлердің арасында бас ауруы, ми ісігі, бауыр ауруы сынды дертке шалдыққандар көбейіп кеткен. Мұның салдарынан сескенген Пентагон сусындарды әскерлерге беруге тыйым салуға мәжбүр болған. Ал тарихта болған осындай келеңсіз оқиғалардан сабақ алудың орнына, елімізде кейінгі кезде энергетикалық сусындарды құмарта ішетіндердің қарасы көбейе бастаған, – деген мәлімдемесі ел жадында.
Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі іле-шала хабарлама таратқан. Онда:
- Министрліктің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті;
- Қазақ тағамтану академиясы;
- Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансымен бірлесіп, энергетикалық сусындардың құрамын зерттеуге кіріскендігі жөнінде айтылды.
Нәтижесінде 2013 жылы біршама тыйымдар енгізілді
Бірақ, әлі күнге дейін нақты дәлел жоқ. Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің 2013 жылдың 19 тамыздағы "Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы" қаулысы бар. Ол жерде:
- Орта және арнаулы орта білім беретін, жоғары оқу орындарында;
- Денсаулық сақтау мекемелерінде;
- Жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын жерлерде;
- Мәдени-көпшілік шараларда мұндай сусындарды сатуға шектеу қойылған.
Тек мұның бәрі әзірге қағаз жүзінде ғана.
Тіпті энергетикалық сусындардың сыртына "Аяғы ауыр әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, қарттарға, жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды" деп те жазылған. Бірақ барлық жерде емін-еркін сатылып жатыр.
Энергетикалық сусынның құрамы қандай?
"Астана медицина университеті" АҚ профессоры Наталья Сливкинаның айтуынша, әдетте олардың құрамында 10-15 шақты қоспа болады. Олар – глюкоза, матеин, мелатонин, таурин, гуарана, карнитин, кофеин, женьшень, рибоза, инозит. Бұларға қоса В тобының дәрумендері кездеседі. Олардың әрқайсысы ағзаға қуат береді. Соның ішіндегі гуарана, женьшень шөп қосындыларының ешқандай зияны да, пайдасы да жоқ.
Кейбір мамандар бұлардың барлығы туралы жазбаның сусын ыдысы сыртында сәндік үшін жазылғанын да айтады. Кез-келген сусынды ішуге болатын тәуліктік көлемдегі мерзімдері болады. Сол туралы жазылуы керек. Өйткені, бұл дәрумендерді басқа да тағамдардан алатынымызды ескерсек, шектен тыс қабылдауға болмайды. Зат алмасуды бұзып, жүрекке кері ықпалы тиеді.
Кофеин – түссіз және ақ түсті келетін ащы кристалдар. Психикаға қатты әсер еткендіктен, сұйықтыққа тәуелділік туындатады. Сол себепті бір ішкен соң қайта-қайта өзіне баурап тұрады. Кофеиннің мөлшері неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым жүйке белсенді жұмыс істей бастайды.
Қуатты кофеин әкелмейді. Ол – сіздің өз энергияңыз. Кофеин тек сіздің ағзаңызда бар құрамның әсерін күшейте түседі. Сусынның әсері бойыңыздан кеткеннен кейін, тез шаршайсыз. Алкогольмен бірге энергетикалық сусынды ішетін болсаңыз, бауыр мен ұйқы безі ауырады. Айналып келгенде панкреатит ауруына шалдығу қаупі артады.
Әр адам кофеинді күніне 400 грамнан ғана қолдануы керек. Сонда бұдан денсаулыққа зиян келмейді. Шәй, кофе, шоколод, сергіткіш сусындардың қабығында көрсетілген мөлшерге мұқият қараңыз.
Жүкті әйелге шәй ішуге, шоколод жеуге де болмайды
– Еуропадағы Food safety agency (FCA) агенттігі – мемлекеттік емес эксперттер. Ешкімге тәуелді емес. Сондықтан, оларда лобби, жемқорлық жоқ. Барлық тағам түрлерінің құрамын зерттейді. Солардың шешімін қарап отырсақ, ағзаға қажетті мөлшерде энергетикалық сусынды пайдаланғанның кері әсері жоқ.
Біз анамыздың сүті арқылы кофеинді іште жатқан кезден бойымызға сіңіріп өстік. Өйткені, анамыздың өзі күрең шәй ішті. Ал, оның құрамында кофеин бар. Сондықтан, шәй ішпесе, қазір біздің басымыз ауырады. Баланы бөтелкемен тамақтандыруға ауыстырғанда шәйға сүт пен қант қосып беретініміз және бар.
Әрине, кейбір отбасылар шәйді де, кофені де ішпейді. Енді оларға энергетикалық сусын ішуге болмайды. Өйткені, ағзасы кофеинге бейімделмеген. Кофе мен шәйға қарағанда көк шәйдің құрамындағы кофеиннің мөлшері жоғары. Осыны да біле жүргеніңіз дұрыс.
Аяғы ауыр келіншектерге, қуат беретін сусынды ғана емес, шәй, кофе ішуге, шоколад жеуге болмайды. Ал, біздің ұлттық кодымызда бәрі басқаша ғой, – дейді биология ғылымдарының кандидаты Сабыржан Белгібаев.
Құрамында тағы не бар? Сергітеді деп ішкен сусын секіртіп жүрмесін
Сусынның құрамындағы тауринге тоқталар болсақ, аминоқышқыл болғандықтан, жүректі белсендірек жұмыс істетеді. Ағзадағы қажетсіз заттардың алмасуы жүрек бұлшықеттерінің жұмысына кері әсер етеді. Салдарынан жүрекке зақым келуі мүмкін. Бірақ, бұл бірде-бір зертханада дәлелденбеген дейді "Астана медицина университеті" АҚ профессоры Наталья Сливкина.
Бұл тұжырымға Сабыржан Белгібаевтың қарсы айтары бар.
– Адам ағзасында 100 г таурин болады. Ол – денедегі бұлшықеттердің қалыптасуына септігін тигізеді. Балаларға арналған тағамдардың құрамында да бар. Глюкуронолактонның әсері де тура осындай. Өндірушілер ағзада жоқ нәрсені сусынға қоспайды, – дейді ол.
L-карнитин – аминоқышқыл. Бір жүйке талшығынан екіншісіне импульстарды тезірек беруге көмектеседі. Шаршағанды басып, төзімділік орнатады. Сусын құрамында оның мөлшері тым аз болғандықтан, әсері біліне қоймайды.
Матеин – мате шәйінің бөлшегі. Аш болсаңыз, орнын толтырады.
Глюкоза – денеге тез және жеңіл сіңетін қанттың түрі. Адам ағзасында зат алмасу процесіне қатысады. Негізгі бөлігі энергия қоры ретінде жұмсалады.
Сондай-ақ, сусын құрамында аз мөлшерде көмірқышқыл газы да бар. Осылардың барлығы қосылып, адамға 3-4 сағатқа дейін белсенді болып жүруіне көмектеседі. Ал кофенің әсерінің 1-2 сағат сақталатынын да біле жүргеніңіз жөн. Тарқаған соң, бәрі бәз қалпына қайта түседі.
Сондықтан, кофеинге негізделген сусындар түнде ұйықтамай, ауыр жұмыс істейтін қызметкерлерге таптырмайтын сусын болып тұр.
Есіңізде мықтап сақтаңыз: Спорттық жаттығулардан кейін энергетикалық сусын ішпеңіз. Қан қысымыңыз көтеріліп кетуі мүмкін.
Қант мөлшеріне тоқталайық
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы энергетикалық сусынның құрамындағы кофеиннің адам денсаулығына айтарлықтай зияны жоқтығын алға тартады. Бірақ, сусын құрамындағы қанттың шамадан тыс екенін де жоққа шығармайды.
Шәй ретінде сатылып жатқан сусындардың құрамында аспартам деген қант бар деп биология ғылымдарының докторы Зұлқарнай Сейітов дабыл қағып отыр. Оның аз ғана түйірі бір тонна судың тәттілігін арттыратын көрінеді.
Австрияның қоғаммен байланыс бойынша менеджері, әлемдегі ғылыми мәселелерді зерттеп жүрген Маркус Хартвич сусында кездесетін қант мөлшеріне тоқталды. Қуат беретін сусындағы қанттың үйде әзірленген бір шыны кофе немесе апельсин шырыны құрамындағы қант мөлшерімен шамалас екендігі анықталды. 250 мл-ге 80 мг дейін. Соңғы 30 жылда дүниежүзі бойынша сергіткіш сусындардың танымалдылығы артты. Соған қарамастан қуат беретін сусындар алкогольсіз сусындар нарығының тек 1% құрайды.
Көп жылдар алкогольсіз сусындар шығарумен айналысып, осы саланың білікті маманы атанған биология ғылымдарының кандидаты Сабыржан Белгібаев энергетикалық сусындардың құрамындағы қант мөлшерінің соншалықты көп емес екендігін айтады. Мысалы, саумалда 6-8 пайыз мөлшерінде лактоза болса, қуат беретін сусындарда сахароза құрамы 10 пайыздан төмен. Ал, бүгінгі нарықтағы шәй мен шырындарда глюкоза, фруктоза, сахарозаның мөлшері 10-12 пайыздан жоғары.
I Петр кезінде орыс халқы бастапқыда картоп жеуге қорыққан
– Энергетикалық сусындар – XX ғасырда адамзаттың ойлап тапқан өнертабысы. Алайда олардың құрамындағы заттар жүйкені ынталандыру үшін бұрыннан пайдаланылып келеді. Қай кезеңде болмасын жаңашылдыққа үрке қарайтын көзқарас бар. Мысалы, I Петр билікке келмей тұрғанда орыстар шомыр, шалқанды (репа) жеп жүрген еді.
Картопты қалай өсіру керектігін, сақтау әдісін білген жоқ. Көгере бастаған, құрамында сапонин бар картопты жинап, біршама адам ауырып қайтыс болған. Содан "картоп бүлігі" болған. Қазір картопты ұрада, жер астындағы қоймада, сақтау керектігін бәрі біледі. Яғни, белгілі бір температурада, көлеңкеде жатуы керек. Жасыл түсті зәйтүн майы да алғашында бәрінің зәресін ұшырған. Тура осы сияқты энергетикалық сусындарды да дұрыс мөлшермен пайдаланып, салқында сақтау керек, – дейді Сабыржан Белгібаев.
Қуат беретін сусындарға акциз енгізсе, өндіруші компаниялар өзге елге кетіп қалады
– Биылдан бастап жер қойнауын пайдаланушыларға салық салына бастады. Соған байланысты "Nestle" компаниясы Өзбекстанға кетіп қалды. Сол сияқты энергетикалық сусындарды өндірушілерге акциз енгізетін болса, Қазақстанның бизнесі құлдырайды. Неге дейсіз ғой. Тауардың бағасы қымбаттаған соң, тұтынушылардың саны азаяды. Ол өндірушілерге тиімді емес. Сондықтан, бұл тығырықтан шығудың жолын іздеп, өзге елге кетеді. Ел ішінде жұмыссыздық көбейіп, салық мөлшері кемиді. Мысалы, кезінде Франция да акциз енгізген болатын. Тиімді болмаған соң, қайтадан алып тастады, – дейді ол.
Не ішіп, не жеп отырғанымызға мән беруіміз керек
"Атамекен" ҚР ҰКП аграрлық өнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев мәселеге жалпы халықаралық сауда тұрғысынан қарау қажеттігін айтты.
– 10 жыл бұрынғы тұтынған өнімдерімізді еске түсірсек, қаншалықты өзгергенін бағамдай аласыз. Елімізде тамақ өнеркәсібі бойынша өндірушілердің барлығы – ірі. Біз тауарларды өндіруді шектемейміз. Тұтынушыға өз таңдауын өзі жасайтындай жағдай жасауымыз керек", – дейді.
Сергіткіш сусынның орнына бие сүтін ішсек
– Құрамындағы қанттың мөлшері шамадан тыс, түрлі бояулар, химикаттарға толы газбен жасалатын энергетикалық сусындарды ақсүйек адамдар ішпейді. Мен көпшілікке бие сүтін ішуді ұсынамын. Бие сүті адам ағзасының қуатын арттырады. Оның құрамында ағзаға зиянды өнімдер жоқ. Бие сүтін "Тәңір ұсынған сусын" деп айтар едім, – дейді "Тағамтану" академиясының президенті Төрегелді Шарманов.
Бір қызығы, әлем бойынша дұрыс тамақтануды үйретіп жүрген ұйымдар – энергетикалық сусындарды өндірушілер. Осыны да ескергеніңіз жөн. Саясаткер Джордж Сэвил Галифакстың "Егер заңға тіл бітсе, ол ең алдымен заң шығарушыларды айыптар еді" деген сөзіне назар аударған артық етпейді.