Қыш өнері шебері Жәнібек Турсалиев жиырма жылдан бері керамика саласында еңбек етіп жүр. Ол жақында ғана қазақ аудиториясына арнайылап ашылған Dala Crafts арт-орталығына келушілерге қыш құмыра жасаудың қыр-сырымен бөліседі. Бір уыс саз балшықтан қалай бүтін құмыра жасап шығуға болады? Балшықтың қасиеті не? Қазақстанда бұл кәсіп неге тоқырап тұр? Кез келген адам қыш өнерімен айналыса ала ма? Қазақтілді аудиторияға арнап орталық ашуға не түрткі болды? Informburo.kz тілшісі арт-орталыққа барып осы және өзге де сұрақтарға жауап алды.
Қыш өнеріне бала кезден қызықтым
Бала кезімде балшықпен ойнадым. Анам орыс пешке нан жауып жүргенде арықтың жағасындағы балшықтан танк, жылқы жасайтынмын. От жағып болды-ау дегенде жүгіріп барып пешке заттарымды салып жіберемін, содан олар күйіп шығатын. Жиырма жылдан бері кішкентайымнан қызыққан балшықпен жұмыс істеп келемін.
2000 жылы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. 2005 жылы "қыш өнері" мамандығын тәмамдап, Қапшағайдағы фарфор зауытында мүсінші-үлгіші боп бір жыл жұмыс істедім. Содан соң өнер академиясында оқу шебері қызметін атқардым. 2017 жылы магистратураға түсіп, академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Штиглиц атындағы Санкт-Петербург көркем-өндірістік академиясында білім алдым.
Елімізде керамика өнер ретінде бағаланады. Қазір көп нәрсе бизнеске айналып кетті. Ақша тауып, күн көру керек. Осы өнерді дамыту мен үшін бірінші орында. Ақша табу ғана емес, керамиканың Қазақстанда бар екенін, қазақ топырағанынан шыққан қыш бұйымдар неолит кезінен келе жатқанын айтудан жалықпаймын. Қазақ аудиториясына қазақ қолөнерін қазақы түрде дамыту – өте дұрыс іс.
Алматыда керамиканы қазақша үйрететін Данияр Бабашов қана. Dala Crafts орталығына дейін орыстілділер көп келетін студияларда жұмыс істедім. Нұрболат бауырым қазақ аудиториясына арнап қыш өнері студиясын ашқалы жатқанын айтты. Қуана-қуана жұмыс істеуге келістім. Қазақтың жастары бас сұғады. Қызығушылық енді-енді өсіп жатыр. Бес жылдан бері қыш өнеріне деген сұраныс та, қызығушылық та артты. Оған дейін студияда құмыра жасау, сурет салу дамымаған еді.
Қыш бұйымдар арқылы тарихымызды тануға болады
Керамика талай халықтың тарихында бар көне өнер. Ол неолит кезеңінен басталған. Сол замандағы адамның түр-келбеті бейнеленіп күйдірілген кішігірім мүсіндер табылған. Балалардың қолынан шыққан дүниелер секілді, бірақ олай емес. Мүсіндер тас ғасырының мәдениетін сомдаған. Неолит кезеңінің мәдениеті, күнделікті өмір салты, салт-дәстүрі тек қыштан жасалған кішкене мүсіндермен, ыдыстармен бейнеленген. Сырты дәстүрлі ою-өрнектермен көмкерілген. Қарап отырсаңыз, қыш бұйымдар арқылы тарихымызды танып білуге болады.
Қыштың 1000 градустан асатын температураға төзімді қасиеті бар. Жердің астында бүлінбей жата береді. Неолит кезінен табылған бұйымдардың сол қалпында жетуі оттың арқасында. Үлкен құмыраға астық сақтағаннан кейін жердің астына көміп қойған. Оны құрт-құмырсқа, егеуқұйрық тесе алмайды. Сол кездегі технология, мәдениет шынында мықты болған.
Санкт-Петербургтегі "Кунсткамера" музейінен сақтардың сақинасын көрдім. Тарихымыз тереңде екеніне көзім жетті. Қазіргі заманның технологиясымен жасалған бұйымдарды жердің бір қабатына көміп қойса, 2000 жыл шыдай ма, шыдамай ма, білмеймін. Ал көне заманда сақ тайпасы, Беғазы-Дәндібай мәдениеті кезеңінде қыш өнері ғана емес, темір, күміс, алтын, зергерлік өнер технологиясы мен сапасы өте жоғары болған. Құны ол бағасы, ал сапасы – бойындағы қасиеті, төзімділігі.
Одан кейін керамика технологиясы өзгеріске ұшыраған шығар. Қазір кез келген дүниенің құны қашып, сапасы жоғалған заман. Көп нәрсе қазір қаражатқа келіп тіреледі. Алсаңыз да, сатсаңыз да – ақша. Сапасына қарап жатқан ешкім жоқ.
Елімізде археологтар мен өнертанушылар, қыш өнері шеберлері бірігіп жұмыс істемейді. Археологтардың қазба жұмыстарында көркем тіл де, тарихи мәдениет те жетіспейді. Өйткені, тарихшылармен бірікпейді. Еуропада археологтар қыш бұйымдар тапқаннан кейін тарихшылар, суретшілер, өнертанушылар бір-бірімен тығыз жұмыс істейді. Археологтар қазып алса, оны жазушылар, өнертанушылар көркем тілмен жеткізіп, сомдайды. Тарихшылар тарихын зерттейді. Магистратурада оқып жүргенде қазақша мәлімет іздеп таппадым, бір-бірін қайталайды. Диссертация жазған кезде Санкт-Петербург архивіндегі деректер көмектесті. Толық зерттеу жоқ. Бірігіп жұмыс істесе көптеген мәлімет жиналады. Оны өсіп келе жатқан ұрпаққа жеткізер едік.
Зауыттың орнында казино тұр
Қыш өнерінің технология, химия, биологиямен қатысы бар. Саз балшық – биологиялық топырақ. Технологиясын зерттесек, түбінде химия жатыр. Тарихпен де байланысы бар.
Еуропада керамикамен 6-11 жастағы балалар мен егде адамдар айналысады. Адамдар бір уыс саз балшықтан қалай құмыра шығады деп таң қалады. Көзе жасайтын ұршық айналған кезде баланың ойлау қабілетін дамытады. Үлкендердің жүйке жүйесі шаршағанда қол буындары арқылы миға әсер етеді. Құмыра жасап отырғанда мазалап жүрген ойлар, жиналып қалған мидағы мәселелер тыйылады. Арт терапия дейтіні сондықтан.
Балшықты жай ұстап тұрса ештеңе шықпайды. Мұны бала тәрбиелегендей байыппен пішінін келтіру керек. Құмыра, тәрелке ғана емес, мүсіндер, қабырғаға панно жасауға болады. Ермексаз секілді балшықтың икемділік қасиеті өте жоғары болғаннан кейін балалар қызығады.
Қапшағайдағы фарфор зауыты кеңес заманында Санкт-Петербургтегі императорлық зауыттан кейінгі екінші зауыт болған екен. Қазір оның орнында казино тұр. Алматы керамика зауыты да жабылып қалды. Ұсыныс болғанымен, халық қызықпады. Әркімнің талғамы әртүрлі. Десе де, Қазақстанда фарфор зауыты қайта жанданса екен.
Қыш өнері төзімділікті қажет етеді
Қыш өнерімен айналысу үшін қолдың икемділігі қажет. Құмыраның қай жері қалың, қай жері жұқа екенін сезу үшін саусақтың ұшы сезімтал болуы керек. Құмыра қаншалықты үлкен болса, жасау тәсілі де соншалықты күрделі. Төменгі жағы қалың болса ұзаққа шыдайды, жоғарғы жағы жұқалау болса әлсіз келеді.
Жасап отырғанда қызық көрінеді. Алайда кез келген адамның шыдамы жете бермейді. Дұрыс істемесе пеште күйдіргенде сынып қалады. Сонда бәрін басынан бастау керек. Бір дегеннен шықпауы мүмкін. Қаншама уақыт үйреніп, тәжірибе алғаннан кейін бірден жасауға болады. Бәрі еңбекпен келеді.
Тарихы терең болғандықтан бұл өте ауыр мамандық. Өзіндік технологиясы, күйдіру жолы бар. Ағаш, темір, кескіндеме сияқты емес. Күйдірместен бұрын бір безендіреді, күйдіргеннен кейін тағы безендіреді.
Қыш өнерінен өзге майлы бояумен сурет саламын, ағашпен жұмыс істеймін. Үй жиһаздарын жасап, арасында реставрациямен айналысамын. Санкт-Петербургте оқыған кезде реставрация мамандығына қызықтым. Ол жақта ағаштан бастап тас, темірге дейін қалпына келтіреді. Университетте өз мамандығыңнан бөлек басқасына да қатысып, қолмен жасап көруге болады. Ешкім сені қумайды, қайта түсіндіріп, жасау жолдарын үйретеді. Соның өзі қызық екен.
Өнер академиясында Марат Сәрсенбаев, Әлиасқар Мұсаев, Әсел Бердіғұлова, Гүлшара Досмахамбетова секілді ұстаздардан білім алып, тәжірибе жинадым. Ресейде оқытушылар қыш өнеріне ғылыми кең көзқараспен қарауды үйретті. Керамика материалдарының бәрімен жұмыс істеп көрдім.
Қызыл саз балшықтан басқасының бәрі шетелден келеді
Жақсы дүние жасау үшін жақсы саз балшық, пеш, бояулар керек. Елімізден тек саз балшық шығады. Ұршық, бояу шетелден келеді. Керек құралдың бәрі қымбат болғаннан кейін жасалған дүние қымбат боп шығады.
Кезінде Целиноград фарфор зауытынан каолин деген ақ балшық шығатын. Әр жердің балшығы әртүрлі. Түркістан жақтыкі кішкене қаралау болады. Қолымда ұстап отырғаным Талдықорғанның балшығы. Сарыөзекте саз балшықты қазып алып өңдейтін кен орны бар. Өңделген балшықты сол жерден сатып аламыз. Ең жақсысы – Қытайдың каолин атты ақ балшығы.
Қыш өнерінен Қытай алғашқы орында тұр. Көне халық болғандықтан ғана емес, өздерінің "терракота әскері", топырақтан жасалған сарбаздары болды. Ал Қазақстаннан алтын адамдар табылған. Қытайдың қай жерін қазсаңыз топырақтан жасалған адам шығады. Қытай археологтары Қазақстандағы әріптестерін "алтын адамдардың археологтары" деп атайды екен.
"Ең адал адам топыраққа жақын болады"
Қыш өнерінің қасиетіне таң қаламын. Бір жазушы ағамыз мені мақтап, "Мұхаммед пайғамбардың өзі қыш өнерімен айналысқан" деді. "Қойыңызшы" дедім. "Бізді Алла Тағала топырақтан жаратты, сен осы топырақпен айналысып отырсың. Ең адал адам топыраққа жақын болады" деді. "Аға, өтірік айтпаңыз қулығым да, арамдығым да бар" деп қалжыңдадым. Керамика – ең таза, ең көне өнер. Балшық та боласың, кір де боласың, соңында әдемі дүние жасап шығасың.
Ресейде жүргенде өнертанушының семинарына қатыстым. Әр ұлт өкілдері отырмыз. Сол кезде оқытушы былай деді: "Біздің орыстарда шыдамдылық жоқ, Еуропада шыдамдылық жоқ. Шыдамдылық Қытайдан келген жоқ, мына қазақ даласынан келді. Неге десеңіз, олар қыстың қақаған суығында, жаздың аптап ыстығында көшіп қонып жүрген көшпенді халық. Қазақтың жастары өте шыдамды келеді. Осында университетті жақсы тәмамдап, еліне барғанда олардан теоритиктер шығады".
Санкт-Петербургтегі зауытта жүргенде бәріне қызығып жасап көрдім. "Сонша жанталасып не болды?" деп маған күлгенде елге қайтатын уақытым тақап қалғанын, уақытты құр өткізбей үйренуім керек екенін айттым. Сонда әлгі кісі "қазақтар шыдамды келеді" дегені бар.
Адам саз балшық секілді икемді болуы керек
Балшықтың жалқаулықтан арылтатын қасиеті бар. Мұны еш жерде айтпап едім. Күнде алдыңда жиырма адам отырады. Бәрі бір дегеннен құмыра жасап көргісі келеді. Оларға технологиясын үйретіп, ерінбей қалай дұрыс жасауды көрсету керек. Ауырдым, шаршадым деуге болмайды. Адамның адамдық қасиеті осы балшықтың икемділігі сияқты иілгіш, икемді болуы керек. Иілгіш деген – кішіпейіл болу. Адам адал, еңбекқор болса көп жетістікке жетеді.
Нағашыларымда суретші, әнші, күйшілер бар. Әкемнің үлкен ағасы өте мықты суретші болған екен. Ол кісіге таң қалатыным мәнерлі безендірілген дүниелер жасаған. Суреттері балаларға арнап салынғандай. Қолмен бірнәрсе жасап жатқанда кез келген баласы қызығып қасына барып, көмектесіп отыратын. Қандай бала тәрбиесі десеңші. Мен де балаларымды өнерге баулимын.
Қолөнер қазақтың қанында бар кәсіп. Бұл – даланың қасиеті. Қазақтың жастары шыдамды, төзімді келеді дегенді еш жерден естімеппін. Қазақтың мәдениеті, өнері жоғарылаған сайын адам өте сыпайы, білімді болады деп ойлаймын. Қыш өнері қиын болғандықтан жетектеп жүріп шәкірт дайындамадым. Өнер адамы болғаннан кейін артыңнан із қалдыру керек. Осы орталықта жүріп шәкірт даярлаймын деп сенемін.
Dala Crafts арт-орталығы қалай пайда болды?
Dala Crafts арт-орталығының директоры, 21 жастағы жас кәсіпкер Нұрболат Өмірханның кәсіп бастауына қазақтілді аудиторияға қыш өнерін үйрететін маманың жоқтығы түрткі болған.
Былтыр қыркүйекте қыш құмыра жасап көрейік деп жұбайымды осындай арт орталыққа апардым. Шебер орысша үйретеді. Келетін адамдардың көбі орыстілді қазақтар не орыстар. Құмыра жасап көрдік, ұнады.
2021 жылдың басында кәсіп бастасам деп жүрдім. Елімізде дамымай жатқан бір саланы көтергім келді. "Қыш құмыра жасау қазақтың далалық өнері емес пе?" деген сауал көкейде қалып кетті. Неге қазақша үйретпеске деп ойладым. Әлеуметтік желіні, интернетті қарасам бұл өнерді насихаттап жүрген орталықтар санаулы ғана екен. Ата-баба кәсібі, төл өнер болса да тоқырап тұр. Қапшағайдағы жалғыз фарфор зауыты жұмысын тоқтатқан. Толық талдау жасап, "өлейін" деп жатқан саланы аяққа тұрғызатын орталық ашайын деп шештім.
Данияр Бабашовтың орталық ашқанына көп болмады. Данияр бауырымыздан кеңес алып, ақылдастық. Достық көмегін аямады. "Қазақ аудиториясының көтерілгені, өнерге деген талғамы артқаны, бұл саланың дамығаны бәріміз керек" деп кәсіпті ұйымдастыру жағын түсіндірді. Қаланың ортасынан орын бұйырды. Ішкі жұмыстарына он күндей жұмсадық. Шеберді табуға өте көп уақыт кетті. 20-30 адамға хабарластым. Қыш өнерінде жүргендер басқа басқа салаға кетіп қалады екен, не осындай орталық ашып алады. Астанаға шықтым, Қапшағайдан да сұрадым. Кейін Жәнібек ағаны тауып алдым. Бізбен жұмыс істеуге келісті. Маман да жоқ. Айналысып жатқан орталықтар да аз екен. Сөйтіп қиындықтарға қарамай осы орталықты ашуға бекіндік.
Орталықта қыш өнері, сурет салу, ислам каллиграфиясы, құм терапиясы бар. Ислам каллиграфиясы да Қазақстанға әлі келе қоймаған сала екен, санаулы ғана адам жүр. Құм терапиясына үлкен-кіші демей келіп жатыр. Мұнымен айналысқан адамның миында жаңа нейрон жасушалары пайда болады. Бұл салада да маман тапшы. Алматыдан қазақтілді маман таппадым. Орталығымыз жойылып бара жатқан, "Қызыл кітапта жүрген" өнер түрлерінің орталығы. Сурет салу жақсы дамығанымен қазақша үйрететін маман жоқтың қасы. Біздің орталық қазақтілді аудиторияға тиімді. Осылай тілдің мәртебесін көтеруге атсалысамыз деп ойлаймын. Командамыз тұрақталды. Бір айдан бері жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Қызығатындар көп. Жарнамасызд да адамдар келіп жатыр.
Өзіміз маман даярлап, өзге қалаларда орталық ашқым келеді
Біздің орталықтан Жәнібек ағаның шәкірттері шығады деп сенемін. Ұстаздың шәкірті болмаса өнер жалғаспайды. Әр маманнан кемі бір-екі шәкірт шықса маман болмағанда орнын алмастыруға қажет. Ұлттың мүддесі тұрғысынан қарасақ өнерді дамытамыз, насихаттаймыз.
Үлкенге де, кішіге де үйретеміз. Қазір жастар бір рет жасап көруге келіп жатыр. Маман тәрбиелеп, басқа қалалардан орталық ашсақ деген ой бар. Ұсыныстар түсіп жатыр.
Орталыққа ат таңдау қызық болды. Бірнеше ұсыныс түсті. Өзім де біраз атау ойлап жүрдім. Қаладағы арт-орталықтар шетелше, болмаса өз есімдерімен ашқан. Дала сөзін бренд қылғым келді. Crafts деген ұсыныс болды. Dala Crafts далалық қолөнер деген мағына береді. Басты идея – қазақы өнерді насихаттау.
Шикізат жағынан да қиындықтар бар. Ақ балшықты Түркиядан келеді. Қызыл саз балшықты Қапшағайдан алдырттық. Көзе ұршығы Қазақстанда жоқ. Қытайдан не Ресейден тапсырыспен жеткізіледі. Құрал-жабдық алдыртуға уақыт керек болды. Оны күтпей Данияр бауырымыздан алдық. Қытайдан келетін керамика ыдыстардың бағасы арзан. Ал өзіміз жасасақ қымбатқа шығады. Шикізат өздерінде болған соң арзанға түседі деп ойладым. Алдағы бес жылдықта өзге елдің керамика заттарына тәуелді болмай өзімізден шығару ойда бар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазақша түсіндіргенге жетпейді. Курсты бір ай қазақша оқып шығудың өзі керемет. Қазақстан бойынша каллиграфия бірінші біздің арт-орталықта ашылып тұр. Жеке өтіп жүрген бір-екі адам бар.
Кәсіпті бастамас бұрын арт терапиямен танысып шықтым. Адам кішкентайынан қабілетті боп өсу үшін шығармашылыққа жақын, қиялы жүйрік болуы керек. Тұйық, кішкентайынан адамдармен араласа алмайтын, ішкі сезімдерін жеткізе білмейтін, депрессиядағы адамдарға қыш өнері, құм терапиясы, сурет салу пайдалы деп ойлаймын. Кешкі уақытта адам болмаған кезде құмға сурет салам. Жарты сағаттың өзінде демалып қаламын. Кішкентайлар орталыққа келуі үшін ең алдымен балалардың ата- аналарына жеткізуіміз керек. Жастардың қызығушылығы жақсы. Олар кейін ата-ана болғанда балаларын өнерге жақын етіп өсірер.
Dala Crafts қызметі басқа орталықтарға қарағанда арзан
Құмыра жасап көру – 3 мың теңге, жасаған бұйымды әкетем десе – 5 мың теңге. Өзіміз күйдіріп береміз, он күндей күту керек. Айлық курстар сегіз сабақтан тұрады. Сурет салу айлық курсы – 12 мың теңге. Бүкіл материал өзімізден. Құммен сурет салу айлық абонементі – 10 мың теңге, кез келген уақытта келуге болады. Ислам каллиграфиясы қымбаттау, айлық курс – 40 мың теңге. Құрал-жабдықтары қымбат. Бір қағазының өзі – 1200 теңге. Десе де, А4 форматтағы каллиграфия туындысын 6-7 мың теңгеге сатуға болады. Орталық сертификатын алып, басқаға сыйласа да болады. Біздің орталықтың қызметтері басқалармен салыстырғанда едәуір арзан. Үйренемін деушілер бағасына қарамайды деп ойлаймын. Бізден үйреніп, әрі қарай өз кәсібін ашса да болады. Санаулы ғана маман жүрген өнер түрлерін орталығымызға қосу ойда бар. Оның бәрі болашақтың еншісінде.