Тікелей эфир

Емханаға тіркелдіңіз бе: 785 мың қазақстандық тегін медициналық көмектен қағылуы мүмкін. Жаңалықтарға шолу

Астанадан Атырау мен Өскеменге қатынайтын тікелей рейстер іске қосылды. "Болашақ" бойынша Еуропаның 435 елінде білім алуға болады.

Білім министрлігі жемқорлықпен жүйелі күресе бастады

Осы мақсатта Министрлік жанынан Сыбайлас жемқорлықпен күрес жобалық кеңсесі ашылатын болды. Жаңа Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың айтуынша, кеңсенің басты міндеті – жемқорлықтың жолын кесу болмақ. "Қызметкерлерінің құрамына министрлік өкілдерінен бөлек журналистер мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері кіргізіледі" деді министр.

Жаңа министрліктерді құруға қосымша шығын керек емес

Қаржы министрі Ә.Смайылов осылай дейді. Министрдің сөзіне сенсек, Қазақстанда құрылған жаңа екі министрлікке (Сауда, интергация, сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі) мемқызметшілер санын арттырудың қажеті де жоқ.

– Барлық министрлікке бөлінген қаражат лимиті шегінде қалады. Мұнда функцияларды, тиісті қаражат пен қызметкерлерді қайта бөлу туралы сөз болып отыр, – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

117 мыңнан астам түлек маусымда ҰБТ тапсырады

Үкімет басшысы А.Мамин әкімдерге ҰБТ өткізілуін бақылауға алуды тапсырды. ІІМ, Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тестілеу кезінде түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүктеді. Бұл ретте Премьер-министр талапкерлерді тексеруде дөрекілік танытпау керектігін баса айтты.

Мақсат Сқақов Президенттің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында хабарлады. Ол бұған дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болған. Президенттің жазбасына қарағанда, жаңа кеңесші қоғаммен байланыс жөніндегі жұмыстармен айналысады.

Алматы мен Астанада өткен митингтерден 300-ден астам полиция қызметкері жапа шегіпті

Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың сөзіне сенсек, қазір жапа шеккен тәртіп сақшыларының алтауы ауруханада жатыр. Министр наразылық шеруі кезінде көшеге шыққан адамдарға полицейлердің күш қолданбағанын атап өтті. Керісінше адамдар полицейлерге шабуыл жасап, тас лақтырған, арматурамен ұрған. Зардап шеккен сақшылардың көбі жеңіл дене жарақатын алған.

Qazaq air Астанадан Атырау мен Өскеменге тікелей ұшатын рейстерді іске қосты

Бас қаладан Мұнайлы Атырауға қатынайтын әуе рейстері әр жексенбі сайын орындалады. Ұшу уақыты – 2 сағат 40 минут. Бір бағытқа билет бағасы 24 633 теңгеден басталады.

Нұр-Сұлтан – Өскемен бағытында ұшақтар аптасына екі рет, сәрсенбі мен жұма сайын ұшады. Бұл бағытқа билет бағасы 15 616 теңгеден басталады, ұшу уақыты – 1,5 сағат.

Емханаға тіркелмеген 785 мың қазақстандық тегін медициналық көмектен қағылуы мүмкін

Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов елімізде 2020 жылдан бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізімімен таныстырды. Министрдің айтуынша, келер жылдың қаңтарынан бастап медицинамен қамту жүйесі 3 деңгейге бөлінеді.

Бірінші деңгей – ҚР барлық азаматтарына, оралмандар мен тұрақты тұратын шетелдіктерге мемлекеттік бюджет есебінен тегін медициналық көмек беруді қамтамасыз етеді. Бұл пакетпен азаматтарға тіркелген жері бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмек, жедел көмек, санитарлық авиация және шұғыл стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік мәні бар аурулар мен негізгі созылмалы аурулар кезінде медициналық көмектің толық спектрі көрсетіледі.

Екінші деңгей – сақтандырылған халық үшін медициналық сақтандыру жүйесі пакеті. Ол тегін медициналық көмектен тыс қызметтерді қамтамасыз етіп, аурулардың кең спектрі бойынша консультациялық, диагностикалық, жоспарлы стационарлық көмек және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарды алмастыратын көмек, оңалту және қалпына келтіру емін қамтиды.

Үшінші деңгейге тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру жүйесінің пакеттеріне кірмейтін медициналық қызметтер жатқызылады. Олар ақылы немесе ерікті медициналық сақтандыру есебінен ұсынылады.

Бүгінге дейін Қазақстанда 18,6 млн адам емханаларға тіркелген. Ал, халықтың 4%-ы (785 мың) бірде-бір медициналық мекемеге тіркелмеген. Тіркелмеген халықтың басым бөлігі Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары.

19 маусымнан бастап ақылы жолдарға сараланған тариф енгізіледі

"ҚазАвтоЖолдың" хабарлауынша, ақылы жолдарға мұндай тарифтер төлем қабылдау бекетінен көліктің жылдам өтуін қамтамасыз ету және уақытты үнемдеу, көлік кептелісінің алдын алу мақсатында енгізіледі.

Тарифке сәйкес, онлайн төлем жасаған жеңіл көлік иелері жол ақысын қолма-қол ақшаға қарағанда екі есе кем төлейді. Жүк көліктерінен алынатын төлем мөлшері өзгермейді.

ЭКСПО-қалашықта сатылатын пәтер қалды ма?

"Бәйтерек девелопмент" АҚ ЭКСПО-қалашық аумағында орналасқан 910 пәтер мен 955 көлік тұратын орынды сатылымға шығарды. Бірінші күні сайтқа 1,8 мың адам кіріп, 910 пәтерді, 408 көлік тұратын орынды сатып алуға өтінім түскен. Компаниядан халықтың тұрғын үйлерді сатып алу өтініштері екі күн қаралатыны туралы хабарлады.

"Егер өтініш беруші өз еркімен пәтерді сатып алудан бас тартса немесе талаптарға сәйкес келмесе, босаған пәтерлер expo.baiterek.gov.kz.сайтына қайта сатылымға шығарылады" делінген хабарламада. Баспасөз қызметі атап өткендей, жаңа тетіктің арқасында баспаналарды 3%-бен 12 жылға бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы жаңа бағытпен толықты. "Жастар – ел тірегі" ұлттық жобасының кешенді іс-шараларын іске асыру" атты жаңа бағыт "Жас маман" және "Жас кәсіпкер" деген екі бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, жаңғыртылған 200 оқу орнының базасында индустриялық және сервистік 100 мамандық бойынша аса сұранысқа ие мамандар даярланатын болады. Үш жыл ішінде 200 мыңнан астам жастарды оқытып шығару жоспарланған.

Baq.kz: "Болашақ" бойынша Еуропаның 435 елінде білім алуға болады. Қазіргі кезде АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Чехия, Греция, Франция, Венгрия, Турция, Финляндия, Испания, Литва, Латвия, Израиль, Польша, Норвегия, Германия, Италия, Словакия. Азия елдерінен: Оңтүстік Корея, Малайзия, ҚХР, Жапония, Индия, Сингапур, Таиланд, сонымен қатар ТМД елдері көптеген гранттар бөліп отыр. Қазақстандықтар Еуропаның 435, Азия елдерінің 30-ға жуық, Беларусияның 7, Ресейдің 84 университеттерінде тегін білім ала алады.

Tengrinews.kz: Ауылға барған бала демікпесінен айығады. Фин ғалымдары осындай тұжырымға келді. Зерттеу нәтижесінде ауылдағы үйлердің бай микрофлорасы балалар мен ересектердің иммунитеттерінің дұрыс қалыптасуына, демікпе немесе қандай да бір аллергиялардың болу қаупін азайтатыны белгілі болды.

Серіктестер жаңалықтары