Елордалық "Mega Silk Way" СОО-да коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Вакцинаның бірінші компонентін СОО қызметкерлері – бутиктерді жалға алушылар, сатушылар және орталық қызметкерлері алды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Бүгін тестілік режимде СОО қызметкерлерін вакцинациялай бастадық. Мұнда шамамен 100 адам бар. Вакцинациядан бұрын олардың бәрі дәрігерлердің міндетті медициналық тексеруінен өтті. Ал СОО-да бригадалар кезекшілік етеді. Вакцинацияға рұқсат берілгендер егіледі", – деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.
Сондай-ақ, ол демалыс күндері сауда-ойын-сауық орталықтары қалалық санитарлық дәрігердің бұйрығымен жабық екенін айтты. Сондықтан мұнда қала тұрғындарын жаппай вакцинациялау дүйсенбі, 12 сәуірде басталатынын мәлімдеді.
Бұдан басқа, тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакцинациялау алдын ала жазылу арқылы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында: емханаларда, отбасылық денсаулық орталықтарында, дәрігерлік амублаторияларда жүргізіледі. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін ұлғайтылды. Олардың жұмыс кестесі сағат 08:00-ден 00:00-ге дейін ұзартылды. Вакцинаны алуға egov мобильдік қосымшасы арқылы немесе 109 нөмірі бойынша call-орталыққа қоңырау шалу арқылы жазылуға болады.
Әкімдікте хабарланғандай, бүгінде елордада вакциналардың жеткілікті мөлшері бар. Сәуір айының соңына дейін Нұр-Сұлтанға 250 мыңнан астам доза келеді. Жалпы әр апта сайын денсаулық сақтау басқармасының қоймаларына "Спутник V" жаңа партиясы келіп түседі.
10 сәуірдегі жағдай бойынша коронавирус инфекциясына қарсы 26 мыңнан астам қала тұрғыны екпе алды.