Тікелей эфир

Елордада сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге құжат қабылдау басталды. Қалай өтініш беруге болады?

Фото quatrium.es сайтынан алынды
Фото quatrium.es сайтынан алынды
Кезекке тұрғандарға 224 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл бағытқа қатысуға өтінімді 7 қазанға дейін жіберуге болады.

Бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрған және Нұр-Сұлтан әкімдігіне ведомстволық бағынысты мекемелердің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлері, сондай-ақ, полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің барлық санаттағы азаматтары қатыса алады.

Елорданың Тұрғын үй қорының мәліметінше, жалға берілетін 224 пәтер Тілендиев даңғылындағы "Жаңа қоныс" және Торайғыров көшесінің бойындағы "Керемет" тұрғын үй кешендерінде орналасқан.

Әлеуметтік тұрғын үй алушылар ай сайын әр шаршы метрі үшін 1 455 теңге төлеуі керек. Жалдаудың ең ұзақ мерзімі – 20 жыл. Ол аяқталғаннан кейін тұрғын үй жалға алушының меншігіне өтеді.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Нұсқаулық

"Үміткерлер отбасы құрамына қарамастан 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлерге өтініш бере алады. Алайда, таңдалған пәтерін алуға келісім беру олардың төлем қабілетіне тікелей байланысты. Мысалы, ауданы 37 шаршы метр бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны айына 53 835 теңге болады. Бұл жағдайда отбасы үшін шамамен алынған кіріс басқа міндеттемелерді қоспағанда кем дегенде 110 000 теңгені құрауы керек" деп хабарлады Тұрғын үй қоры.

Өтініш zhilfond.kz сайты арқылы қабылданады. Бұл ресурста "Онлайн қызметтер" бөлімінде "Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге өтініш беру (ҚИК)" терезесі пайда болды. Өтінішті қалдыру үшін ЭЦҚ кілті және жұмыс орнынан анықтама болуы керек.

Жалға берілетін тұрғын үйді алушыларды іріктеу тіркеу күніне сәйкес жүзеге асырылады. Әрі қарай әлеуетті жалға алушылар төлем қабілеттілігін және басқа мәселелерді растау үшін осы тұрғын үй бағдарламасының операторы "Қазақстандық ипотекалық компания" АҚ-ға жүгінуі керек. ҚИК сенім телефоны: 8 800 080-44-48.

Серіктестер жаңалықтары