Тікелей эфир

Елімізде тауық еті неге қымбаттады?

Аif.ru сайтынан алынды
Аif.ru сайтынан алынды
Құс етін Ресейден тасымалдауға тыйым салынды. Содан бері кейбір өңірде тауық еті қымбаттап кетті. Қазақстанның өз өнімі қайда? Неге әлі импортқа тәуелдіміз?

Ресейдегі құс тұмауы тіркелген 36 құс фабрикасының өнімін әкелуге тыйым маусымда салынған еді. Қазан айында бұл шектеу тағы ұзартылды. Осыдан кейін дереу Ресей АҚШ-тан келетін тауық етін Қазақстанға кіргізбей қойды.

Неге? Сонда біздің елге қандай өнімнің өту, өтпеуін Ресей шеше ме? Осы сұрақтардың жауабын іздестірдік. Таптық.

Даудың басы – ресейдің "құсы"

Қазақстандықтар биылғы 21 маусымнан бастап ресейдің тауық еті мен жұмыртқасын жемей жүр. Өйткені, Халықаралық эпизоотикалық бюро Ресей аумағында Курск, Пенза және Самара облыстарында жоғары патогендік құс тұмауын тіркеген. Жұқпалы аурудың өршігені соншалықты әлі күнге дейін басылмапты. Қазір көрші елде 48 құс фабрикасы жұқпалы аурудың зардабын көріп отыр.

Осыған байланысты тірі құсты, инкубациялық жұмыртқаны, мамықтар мен қауырсындарды, құс еті мен барлық құс өнімдерін елімізге әкелуге тыйым салынған. Бұдан бөлек, тіпті құстарға арналған азық пен жемді, құрал-жабдықтарды тасымалдауға шектеу қойылды. Ал Ауылшаруашылығы министрлігі эпидемия ошағында орналасқан фермалардың өнімінің шекарадан өтпегенін айтып сендірді.

Құс тұмауы неден болады?

Министрліктің мәліметінше, Ресейдің бірқатар өңірінде тұмаудан құстардың қырыла бастауына негізінен вирус тасымалдайтын жабайы жыл құстарының әсер тиді.

– Сатылымдағы барлық өнімдерге күнделікті тексеру жүргізіледі. Сауда желісінен алынған 49 мыңнан астам өнімге сараптама жасалды. Тексерілген 3102 құс етінің 899-ы талапқа сай емес болып шыққан.

  1. Қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша 278 сынама (ішек, сальмонелла таяқшалары бар 19 тонна);
  2. Таңбалау 590 сынама (тілі, жарамдылық мерзімі, өндірілген елі, шығарған фабриканың анықтама телефондары);
  3. Физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша 79 сынама (ылғалдылық) көңілге қонымсыз болды.

– Бұлардың көбісі Ресей, Беларусь елінен келетін өнімдердің құрамынан табылып отыр, – дейді Қоғамдық денсаулық комитетінің бас сарапшысы Дана Қасқатаева.

Қайта сальмонелла таяқшасы бар тауықты ешкім жеп үлгермепті

– Сальмонелла – жануарлар мен құстар арасында кеңінен таралатын микроб. Ішек таяқшасы бар тауық етін жеген адам ауырмайды. Бірақ, ағзасында зиянды бактерия пайда болып, инфекциялық ауруларға шалдығуы мүмкін. Бұл микроб медициналық тексерістен өткенде анық байқалады.

Егілетін дәрілердің әсері кетпегенше, құсты соймау керек

– Кез келген жануарды емдеген кезде немесе жұқпалы аурулардан алдын алу үшін дәрілер еккенде, оның белгілі бір мерзім ішінде ағзадан шығып кеткенін күту қажет. Құстардан қан сынамасы алынып, осы талаптың қаншалықты орындалғаны анықталады. Міне, содан кейін сояды. Бұл талаптың қаншалықты орындалған, орындалмағанына Ауылшаруашылығы министрлігі жауапты.

Ал, біз нарыққа шықпай тұрғандағы өнімнің сапасын тексереміз. Сол кезде құс етінен антибиотиктердің қалдығы табылмауы тиіс. Егер, дәрінің әсері бойынан кетпеген тауық етін жейтін болсаңыз, сіздің ағзаңызға кері әсер етеді. Қалай дейсіз бе? Ауырып қалсаңыз, ішетін дәріңіз мүлдем көмектеспеуі мүмкін, – дейді Дана Қасқатаева.

АҚШ пен Ресей арасындағы текетірес

2015 жылы сәуірде "Россельхознадзор" мекемесі АҚШ-тан Ресей арқылы Қазақстанға тасымалданатын тоңазытылған тауық етіне тыйым салған болатын. Кеден Одағының ветеринарлық-санитарлық талаптарын өрескел бұзуы себеп болды. Псков облысында тексеріс жүргізілгенде ветеринарлық сертификаттар алдын-ала берілген болып шығады. Сөйтсе, құжат 2014 жылдың 8 желтоқсанында берілген, ал тауар 2015 жылдың қаңтар айында жеткізіліпті. Сол кезде бес контейнердегі 175 тонна тауық еті тиелген бөлігі Латвияға қайта жөнелтілген еді.

Тура осы жағдай тағы қайталанды. Тағы дейміз-ау, үнемі болып отырған жағдай ғой. Ол туралы кейінірек толығымен айтамыз. Бұл жолы да АҚШ тарапынан кейбір тауардың ветеринарлық сертификатының жалған екені анықталған. Сауда керуені Еуроодақ айлағына жетіп қойғанда бірақ рәсімделіпті. Ал кейбір тауардың сақталу мерзімі өтіп кеткен. Айлақтан 185 тонна азық кері қайтарылған.

Сонда осыған дейін жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауық етін жеп келгенбіз бе?

Қоғамдық денсаулық комитетінің бас сарапшысы Дана Қасқатаеваның айтуынша, бүгінге дейін шетелден келетін өнімдердің ветеринарлық сертификаты болғандықтан, ішкі нарыққа кірген.

– Қолдарында бар құжатқа сеніп қалдық. Жоғарыда айтып кеткенімдей, тексеріс кезінде талапқа сай болмай шыққан өнімдер қайтарылып, сауда желісінен міндетті түрде алынды.

Дегенмен, шетелден келген өнімнен зардап шеккен жандар денсаулық мекемелерінде тіркелген жоқ, – дейді ол.

Біздің елге қандай өнімнің өту, өтпеуін Ресей шеше ме?

Бұл сұраққа Ауылшаруашылығы министрлігі мардымды жауап бере алмады. Ал Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шариповтың айтуынша, АҚШ-тан келетін өнім Ресей арқылы елімізге келеді. Ресей оларды жол-жөнекей өздерінде қалдырып кетуден қауіптеніп, тексерген.

– АҚШ-тан бұрын 110 мың тонна құс еті елімізге келетін. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғаннан кейін 140 мың тонна құс еті кіргізілетін болды. Оның 128 мың тоннасы – сирақ, ал 12 мың тоннасы – консервіленген ет.

Бізге шетелдің қаңсығы неге керек?

– Біз бұрыннан АҚШ-тан келетін құс етіне түбегейлі қарсымыз. Мысалы, сіз тоңазытқышқа ұзақ уақыт етті сақтап қойсаңыз, оның құрамындағы дәруменнің бәрі жойылып кетпей ме? Оның құрамындағы мұздың қаншама салмақ беретінін де ескеріңіз. Арзан тауық етінің жартысы сумен толтырылады. Содан кейін отандық өнімге қарағанда 5-10 теңге болса да арзанға сатылады. Өзіңіз ойлаңызшы, ондай құс етінің бізге не керегі бар? Оның үстіне АҚШ құстың сүбе еті мен төсін ғана сүйсіне жейді. Ал, қалған бөліктерін біздің елге жөнелтеді.

Біз қатырылмаған тауық етіне аса мән беріп отырмыз. Сойылған күні дереу сауда желілеріне жеткізілгендіктен, балғын болып, дәмі тіл үйіреді. Алты күнге ғана жарайды.

"250-300 мың тонна құс етін өндірсек, халқымызды толықтай қамтамасыз ете аламыз"

– Біз импортқа тәуелді емеспіз. Елімізде 65 құс фабрикасы бар. Оның үстіне елімізде 6 мыңнан астам елді-мекенде тауық өсіріледі. Былтыр 180 мың тонна құс етін өндіргенбіз. Биыл 235 мың тоннаға шығамыз деп жоспарладық.

Жоспар демекші, 2017 жылдың басында құс шаруашылығын дамыту үшін он жылдық бағдарлама жасадық. Шілде айында 740 мың тонна құс етін өндіреміз деп отырмыз. Бұл дегеніміз – халық 100 пайыз құс етімен қамтылды деген сөз. Қалған бөлігін экспортқа шығарамыз. Былтыр 5 млрд 200 мың жұмыртқа шығарсақ, биыл 6 млрд-қа жетуі керек, – дейді Руслан Шарипов.

Біздің күркетауық етін Мәскеу тұрғындары кезекке тұрып сатып алады

– Құс тұмауы әлемге тарап кетті. Бұл дерт Қытай, Израйль, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропаның бірнеше елінде тіркелді. Ресейдің 48 құс фермасы осы жұқпалы аурудың салдарынан жабылғанымен, өзге шаруашылықтар жұмыс істеп тұр. Бұл дерт тіркелмеген күндің өзінде күркетауық өсіретін "Ордабасы құс" ЖШС өндірген өнімінің 40 пайызын Мәскеу тұрғындары жейді. Дәмді болғаны соншалықты бірден өтіп кетеді.

Қырғызстан түгелдей дерлік біздің елден алып отыр. Себебі, өздерінде құс фермалары жоқтың қасы. Шағын шаруашылықтарын қоспағанда. Тәжікстан, Моңғолия, Ауғанстан, Өзбекстан, Қытай мен Ресейге құс еті жөнелтіліп жатыр. Алматыдағы "Алель Агро" АҚ Сауд Арабиясына ұшақ арқылы құс етін де, жұмыртқаны да жібереді. Көрдіңіз бе, біз өндірген өнімдер сапалы болғандықтан, сұраныс та жоғары. Енді осы мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек, – дейді ол.


2017 жылы елімізде алғаш рет құс еті импортының үлесі 50 пайыздан төмен болды

2017 жылы алғаш рет елімізде құс еті импортының үлесі 50 пайыздан төмен болды / Ауылшаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйеніп жасалды


Негізінен импорттың үлесі АҚШ – 74%, РФ – 17%, Беларусия – 4%. Сонда АҚШ-тан көп мөлшерде құс етін сатып алады екенбіз. Экспорттың 78 пайызы Ресейге жөнелтіледі.

"Тауық етінің қымбаттауына Ресей себепші"

Қарашаның 26-нан бастап тауық еті ғана емес қант, қырыққабат, күріштің бағасы өсті. Елімізде азық-түліктің бағасы 1,9 пайызға қымбаттады. Алда мерекелі ай келе жатыр. Осыған байланысты делдалдар бағаны күрт көтеріп жіберіпті.

Тауық етінің бағасы Павлодарда 20 пайызға өсіпті. Алматы мен Шымкентте де шарықтап, сиыр мен жылқы етінің бағасымен теңесіп шыға келген. Мәселен, дүкен, базар сөрелерінде тауық төсі 1100 теңгеден 1700-ге көтерілген. Ал, Астана қаласында 1155 теңге болып тұр. Бұған Құс өсірушілер одағы не дейді?

– Бағаның өсуі Ресейден басталып отыр. Жемнен басқасының бәрін сырттан сатып аламыз. Шикізат қымбаттаған соң, амал жоқ, тауық етінің бағасын өсіреді. Әйтпесе, жыртықты да жамай алмай қаламыз. Тауық төсі шетелде де қымбат. Солай болған. Бола береді де.

АҚШ-тан келетін тауық етіне тыйым салынған соң, осындай шу шықты. Бірнеше жылдан бері 15 шақты фирма сол жақтың өнімін тасымалдап әлек. Сол аралықта тіпті басшылары да ауысқан емес. Міне, солар байбалам салып жатыр. Әйтпесе, тауықтың бағасы соншалықты шарықтап кеткен жоқ, – дейді Руслан Шарипов.

Ал, "Алель Агро" АҚ басқарма төрағасы Р. Жатақпаеваның мәліметі бойынша, жанармайдың бағасы 36%, бидайдың бағасы 18%, жүгерінің бағасы 25% қымбаттаған.

Сергелдеңге салған субсидия. Әділдік қайда?

– Соңғы 4-5 жылда құс өсірушілерге субсидия мүлдем аз бөлінеді. Бұрын бұл мәселені Ауылшаруашылық министрлігі тікелей өздері шешетін. "Облыстағы құс шаруашылығына осы мөлшерде субсидия бөлінеді" дейтін. Қазір облыс әкімдігінің құзіретіне басымдық беріп қойған. Құс шаруашылығына қаншалықты субсидия бөлінетінін әкім шешеді. Оның бұл салаға қызығушылығы болмаса, 30 пайыз ғана бөледі. Ал, кейбір аймақ кәсіпкерлерге 100 пайыз субсидия беріп отыр.

Тауықтың әр келісіне 80 теңгеден субсидия қарастырылу керек. Бірақ, бұл тұста "бармақ басты, көз қысты" көп. Әділдік қайда? Мысалы, елімізде өндірген құс етінің 48 пайызын Алматы облысы шығарады. Сенесіз бе, соларға бар-жоғы субсидияның 20-30 пайызын ғана беріп отыр. Ақмола облысына да жылдың басында бермей, енді ғана берді. Қарағанды облысы мүлдем алған жоқ. Осыдан кейін бәсеке қайдан болсын? Олар бағаны көтермегенде қайтеді? Осылай жалғаса берсе, 2000 жылдардағы көрсеткішке қайтадан түсіп қалуымыз мүмкін, – деп шырылдап отыр Руслан Шарипов.

Серіктестер жаңалықтары