Тікелей эфир

Елімізде шетелдік маркалы автокөліктерді мемлекеттік сатып алуға екі жылға шектеу қою ұсынылды. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Атырау мұнай өңдеу зауытына экологияға зиян келтіргені үшін 31,5 млн теңге айыппұл салынды. Демалыс күндері Қазақстанда күн суытып, жауын-шашын болады.

Үндістандық SpiceJet әуе компаниясы 10 маусымнан бастап, Алматы – Дели бағытындағы рейсін ашады

Рейстер аптасына алты рет Боинг-737 ұшағымен жүзеге асырылады. Азаматтық авиация комитеті "бұл рейстің ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды арттырады, Қазақстанның транзиттік әлеуетін және туризм саласын дамытуға ықпал етеді" деп мәлімдеді.

Егер Пәкістан мен Үндістан арасындағы әуе кеңістігі тағы жабылатын болса, әуе компаниясы рейстерін Оман, Иран, Ауғанстан және Өзбекстан арқылы орындауды жоспарлап отыр. Бір бағытқа ұшу ұзақтығы шамамен жеті сағат болмақ.

Қазақстанда жеті саяси партия тіркелген, олардың біреуі орталық сайлау комиссиясымен байланыспайды

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, жетінші "Азат" партиясы өкілдерінен шақырған шараларға мүлдем ешкім келмейді. Жолданған хаттарға жауап бермейді.

Соған қарамастан ресми тіркелген жеті партияның жетеуі де кезектен тыс Президент сайлауына өз кандидаттарын ұсына алады. Айтуынша, сайлау комиссиясы бақылаушы ретінде барлық халықаралық ұйымдарға шақыру жіберіледі. Әзірге олардың саны белгісіз.

Көпбалалы отбасылардың атаулы әлеуметтік көмекке өтініштерін вице-министрдің өзі қабылдады

1 сәуірден бастап Қазақстанның жұмыспен қамту орталықтарына атаулы әлеуметтік көмекті алуға 77 мың өтініш келіп түскен. Елордада осындай өтініштерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қабылдап, халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

Вице-министрдің айтуынша, қазір қабылданған өтініштерді қарастыру, тексеру актілерін құрастыру жұмыстары жүріп жатыр. Учаскелік комиссия көпбалалы отбасылардың үйін аралап, жағдайымен танысады. Жәрдемақы тағайындалғаны туралы өтініш иесіне SMS-хабарлама жолданады. Ведомство өкілі атаулы әлеуметтік көмекті алуға өтініш беру үшін аудандық әкімдіктерге жүгінуге кеңес берді.

Тоқаев Ақтауда өзінің суреті бейнеленген билбордтарға қатысты пікір білдірді

– Ақтауда менің суретім бейнеленген 14 билборд ілінген деп естідім. Мен мұндай насихатқа мұқтаж емеспін. Бұл мүлдем орынсыз, – деді Мемлекет басшысы Ақтауға сапары барысында.

ҚР Президенті әкімдерге оның суретінің орнына елдің жетістіктері туралы ақпараты бар билбордтарды ілуді қатаң тапсырды.

Петропавл әкімі болып тағы да Болат Жұмабеков тағайындалды

Ол бұл қызметте 2012 жылдың 1-ші ақпанынан 2013 жылдың 6 - мамырына дейін болған еді. Ал, бүгінге дейін ол Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі болды. Қаланың бұрынғы әкімі Марат Тасмағамбетов мамыр айында СҚО әкімінің бірінші орынбасарлығына тағайындалып кетті.

Атырау мұнай өңдеу зауытына экологияға зиян келтіргені үшін 31,5 млн теңге айыппұл салынды

Экологтардың айтуынша, зауыт наурыз айында биологиялық тазарту қондырғыларын орнату бойынша жөндеу-профилактикалық жұмыстарын жүргізген. Тексеріс кезінде қоршаған ортаға шығарылған эмиссиялар нормативінен асып кеткені анықталған.

Осыған байланысты кәсіпорын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328 және 331 баптары бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Бұдан бөлек экология департаментінің мамандары кәсіпорынның қоршаған ортаға келтірген залалының көлемін есептеп жатыр.

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайлауға сұраған 12 млрд теңгенің есебін берді

ОСК хатшысы Сәбила Мұстафинаның айтуынша, ҚҚ "Сайлау туралы" Конституциялық нормаларына сәйкес жасалған сметаның 77%-ын учаскелік және аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің жалақылары құрайды. Олардың еңбекақысы ең төменгі жалақы базасы көлемімен есептелді.

Шығындардың қалған бөлігі учаскелік сайлау учаскелерін жарақтандыруға, тауар мен қызметтерге бөлінеді. Биылғы сайлауда 69 509 адам жұмыс істейді, оның 43 945-і бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері. 2015 жылы өткізілген Президенттік сайлауға 5 млрд теңге жұмсалған.

Елімізде шетелдік маркалы автокөліктерді мемлекеттік сатып алуға екі жылға шектеу қою ұсынылды

Үкімет осындай қаулыны ашық үкімет порталына қоғамдық талқылауға жариялады. "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде шет мемлекеттерден шығарылатын тауарларға рұқсатты шектеу туралы шаралар ұлттық экономиканы дамытып, отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған" делінген құжатта.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Демалыс күндері Қазақстанда күн суытып, жауын-шашын болады. Республикамыздың солтүстігіне бір аптаға жуық жауын-шашынсыз және жылы ауа райын ала келген антициклон әлсірейді. Оның орнына Орал аймағынан суық арктикалық фронттар келеді. Соған байланысты жауын-шашын, жылбысқы қар жауып, ауа температурасы төмендейді. Демалыс күндері оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарда қысқа уақыт жауын-шашынсыз болады, жылы ауа райы күтіледі. Бірақ дүйсенбі күні бұл аймақтарда да өткінші жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды. Екпінді жел соғады.

Baq.kz: Қазақ тіліндегі жарнама қателерін Фейсбук арқылы хабарлауға болады. Елорда тұрғындарын «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясына қатысуға шақырады. Тіл нормаларын бұзуды растайтын ақпарат пен фотосуреттерді фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Тіл басқармасы» аккаунтында қабылдайды. Хатта сыртқы жарнаманың орнын, фотосуреттің жасалған күнін көрсету қажет.

24.kz: Boeing 737 MАХ апаттарының себебі ресми мойындалды. Boeing басшылығы MАХ 737 ұшағының апатқа ұшырауына әуе кемесіндегі бағдарламалық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі себеп екенін ресми мойындады. Мұндай мәлімдемені компания президенті Деннис Мюиленбург өз бейнежолдауында жасады. Оның айтуынша, қазір бірлестік жүйеге өзгерістер енгізумен айналысып жатыр. Ал Эфиопиядағы ұшақ кезінде қаза тапқан бір канадалық азаматтың отбасы компаниядан 50 миллион доллар өтемақы төлеуді талап етіп, сотқа шағымданды. Тағы 15 жанұя шағым түсіруге дайындалып жатыр.

Серіктестер жаңалықтары