Маңғыстауда пәтерін дезинфекциялаудан кейін екі адам көз жұмды
Көпқабатты тұрғын үй иелерінің бірі пәтерін қандаладан тазартпақ болып, маман шақыртқан.
Дәрінің иісіне уланып, көрші үйдегі 2 жастағы қыз бен 29 жастағы келіншек қайтыс болған. Денсаулығы нашарлаған тағы төрт адам дәрігердің көмегіне жүгінген.
Мамандар қолданған "Квикфос" дәрісі тұрғын үйлерді улауға арналмаған болып шықты. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті аталған препараттың Евразия экономикалық комиссиясының бірыңғай тізілімінде тіркелмегенін мәлімдеді. Қазір іс бойынша Маңғыстау облыстық полициясында тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Дезинфекция жасаған қызметкер қайғылы оқиғадан кейін бірден қамауға алынған болатын.
Бір жыл ішінде қазақстандықтардың депозит көлемі 8,46 трлн теңгеге дейін өскен
Бұл былтырғы кезеңдегі көрсеткіштермен салыстырғанда 2,9%-ға немесе 237,5 млрд теңгеге көп. Елдегі 28 екінші деңгейлі банктің 16-да салымшы саны өскені байқалған. Олардың ішінде 3-уі жеке тұлғаларға депозиттер бойынша ең жоғарғы жылдық сыйақы мөлшерлемесін (13%) ұсынып отырғаны белгілі болды: Хоумкредит банкі, АТФ банкі және Тенгри банкі.
Бюджет есебінен арнайы тауарларды мүгедектердің өздеріне таңдауға мүмкіндік беретін портал ашылады
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Досаевтың айтуынша, электронды порталда мүгедектер өзіне қажетті арба, ыңғайлы заманауи протездерді, арнайы телефондар, тіпті жүріп-тұратын тасымалдау көліктерін де таңдай алады. Шенеуніктер бұл портал мүмкіндігі шектеулі жандарға сапасыз және сәйкес келмейтін құрылғылар мен қызметтерді сатып алу проблемасын біржолата шешеді деп сендіреді.
19 жасқа дейінгі қазақстандық қыздардың 2%-ы үй жағдайында түсік жасатқан
Қазақстанның түкпір-түкпірінен 16 мен 19 жас аралығындағы 4360 бойжеткен қатысқан әлеуметтік сауалнама нәтижесі осындай. Сұралғандардың 16,7%-ы жүкті болған. Олардың көбісі бала туып алса, 22-сі түсік жасатқанын жасырмаған. 16 қыз өздігінен түсік тастағанын айтқан.
Ресми статистика мәліметтеріне сәйкес, елімізде 15-19 жас аралығындағы 1000 бойжеткеннің 36-сы босанған. Бұл экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі көрсеткіштерден 6 есеге көп. Зерттеуге қатысқан 19 жасқа дейінгі жастардың үштен бірі жыныстық қатынасқа түсіп үлгерген.
Денис Теннің өліміне күдіктілердің қамау уақыты тағы 15 тәулікке созылды
Алматы ауданаралық мамандандырылған тергеу сотының шешімімен Ж.Толыбаева 22 желтоқсанға, А.Құдайбергенов 19 желтоқсанға, Н.Қиясов 18 желтоқсанға дейін қамауда отыратын болды. Спортшының өліміне кінәлі деп танылған осы күдіктілердің қамауға алу уақыты бұған дейін де ұзартылған еді.
Алматыда құрылыс базары өртенді
Іле ауданы, Түймебаев ауылындағы "Ащыбұлақ" құрылыс базарында өрт шыққаны туралы қоңырау өртке қарсы қызметке 04:43-те түскен. ІІМ ТЖ комитеті таратқан мәліметке сәйкес, базарда құрылыс материалдары бар 43 контейнер өртенген. Жалын 1400 шаршы метрді аумақты шарпыған. Оқиға орнында кісі өлімі тіркелмеген.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: 2019 жыл қазақстандықтар қанша күн демалады? Келер жылы қазақстандықтар 120 күн демалады. Ең көп демалатын күндер: наурыз айында – 14 күн, ал мамыр мен желтоқсанда 12 күн. Қаңтарда ел тұрғындары – 11 күн, маусым мен тамызда – 10 күннен, шілде, қыркүйек және қарашада – 9 күннен, ақпан, сәуір және қазанда – 8 күннен демалады.
Кtk.kz: Алматыда 8 айлық нәресте жүзуден спорт шеберіне кандидат атанды. 3,5 айлықтан 5 жасқа дейінгі балалар бассейн түбінен ойыншық алудан, сақиналардан өтуден, арқанмен жүруден, дем ұстаудан, тоннельден жүзіп өтуден жарысты. Бәсеке нәтижесінде Қазақстанда бүлдіршіндер арасындағы жүзуден 9 спорт шебері, 13 спорт шеберіне кандидат пайда болды. Ал нәрестелер арасындағы жүзудің нормативін 64 шақалақ орындап спорт шебері атанса, 79 нәресте спорт шеберіне үміткер болды. Жарыс жолына туғанына 3,5 ай болған Жәңгір Ахметжанов та шықты. 8 айлық Полина Малютина өз жасына адам сенгісіз нәтиже көрсетіп, нәрестелер арасындағы жүзуден спорт шебері атағын алды.