Тікелей эфир

Еліміздің бес облысында су тасқыны болуы мүмкін. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Елордада үш жолаушылар автобусы мен жедел жәрдем көлігі соқтығысып, екі адам мерт болды. Кімдердің жалақысы 1 маусымнан көтеріледі?

БҰҰ Қазақстанда терроризм үшін сотталғандарды оңалтуға 3 млн доллар бөлді

ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Азамат Базылбековтің айтуынша, бағдарлама Біріккен ұлттар ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірге әзірленген. Ол экстремизм мен терроризм үшін сотталғандарды қайта тәрбиелеп, қоғамға бейімдеуге бағытталады. Осының негізінде қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері арнайы дайындықтан өтеді.

Қазақстанда 500-ден астам адам экстремизм мен терроризм үшін жазасын өтеп жатыр. Сала басшысының мәліметінше, олардың үштен бірін радикалданудан шығару қажет. Қазіргі кезде жобаны жүзеге асыратын пилоттық екі мекеме анықталып жатыр. Олар Алматы облысындағы ерлер, Атырау облысындағы әйелдер колониясы болуы мүмкін.

Жүздеген киікті өлтірген браконьерлер ұсталды

Олардың арасында "Охотзоопром" мекемесінің инспекторы да бар. ҚР ІІМ ресми өкілі Н.Ораздың хабарлауынша, күдіктілер сот шешімімен қамауға алынды. Олардың тұратын жерлерін тінтігенде қарулары, сондай-ақ киік мүйіздері табылған. Тергеу әлі жалғасып жатыр.

Еліміздің бес облысында су тасқыны болуы мүмкін

ҚазГидромет 26 наурыздан бастап Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстарында қардың тез еруінен су деңгейінің көтерілуі мүмкіндігін ескертеді.

Қазақстандағы жастар жылы: Үкімет жол картасына енгізілген толықтыруларды мақұлдады

Құжатқа жас қазақстандықтардың кәсіптік бағдарын анықтауға бағытталған "Өзіңді тап" жобасы іске қосылатын болды. Сондай-ақ аймақтарда бүркітшілер орталығын ашу, жастарға арналған спорттық клубтарды дамыту бойынша тиісті шаралар қабылдау сияқты жаңалықтар енгізілді.

Жол картасының жобасы 89 тармақтан тұрады және бес бағыты (еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету, жастарды еңбекпен қамту, білім беру мен волонтерлер ұйымдарын дамыту, жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту, жас отбасыларды, денсаулық пен әлеуметтік инклюзивтілікті қолдау) бар.

Жаркенттегі Казпошта бөлімшесінен 300 млн теңгені ұрлағандар ұсталды

Қылмыс жасауға күдікті деп танылған екі азаматтың жаркенттік екені анықталды. Полиция қызметкерлері оларды бір ай іздеген.

Ұрланған ақша біреуінің үйіндегі арнайы жабдықталған құпия жерден және шаруашылық үй-жайдан табылған. Осы факті бойынша тергеп-тексеру жұмыстары ІІМ бақылауына алынып, жүргізіліп жатыр.

Үш жолаушы автобусы мен жедел жәрдем көлігі соқтығысып, екі адам мерт болды

Жол апаты Елорданың Ұлы Дала мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында болған. Қалалық әкімдіктен хабарлағандай, оқиға орнында бір автобустың 53 жастағы жүргізушісі мен 26 жасар жолаушысы қайтыс болып, 27 адам зардап шеккен.

Қаладағы №2 көпбейінді ауруханаға 25 адам жеткізілген, оның төртеуінің жағдайы ауыр көрінеді. Зардап шеккен жедел жәрдем көмегінің екі фельдшерінің біреуі (жабық бас-сүйек ми зақымы бойынша) ауруханаға жатқызылған, екіншісінің жағдайы қанағаттанарлық делініп, амбулаториялық ем алуға жіберілген.

Дәурен Абаев Астана атауының өзгертілуіне байланысты пікір білдірді

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі осыған байланысты қазақстандықтардың әлеуметтік желіде жазған жазбаларын да оқығанын мәлімдеді. Елорда атауын өзгертуге қатысты қарсы пікірлердің басым екенін мойындау қажет деді ол. Бұл тұрғыда министр Ақмоланы Астана деп өзгертуге қатысты да сын-пікірлер болған деп жуып-шайды. Қалай болғанда да, уақыт өте келе жаңа атауға да көз үйренеріне кәміл сенімді.

ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары – Қаржы Министрі Ә.Смайыловтың сөзіне сенсек, Елорда атауын Астанадан Нұр-Сұлтанға ауыстыруға байланысты қосымша қаржы шығындалмайды.

Елбасы Н.Назарбаев Алматыға барды

ҚР Тұңғыш Президентін алматылық студент жастар гүл шоқтарымен қарсы алды. Елбасымен кездесуге келген жастар Президентке тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан баға жетпес үлесі үшін жеке алғыстарын білдірді, Нұрсұлтан Назарбаевпен селфи жасасты. Тұңғыш Президент өз кезегінде жастармен сөйлесіп, оларға жарқын болашақ тіледі.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: 1 маусымнан бастап кімдердің жалақысы көтеріледі. Білім беру саласында - балабақша тәрбиешілері, олардың көмекшілері, колледж оқытушылары, мұғалімдер, әдіскерлер, психологтар және басқа да жұмысшылар. Денсаулық сақтау саласында - дәрігерлер, орта және кіші медициналық қызметкерлер, медбикелер, лаборанттар, санитарлар, жұмысшылар, жүргізушілер және басқалары. Әлеуметтік салада, мәдениет пен спортта, ауыл шаруашылығында және басқа да салаларда – азаматтық қызметшілер, әкімшілік және техникалық қызметкерлер, жұмысшылар, сонымен қатар орта және төмен буындағы облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер. Бұлардың бәрінің шығыны 37,8 млрд теңгені құрайды және мемлекет басшысының келісіміне жіберілді.

Baq.kz: Колледждер мен университеттер жаңартылады. 100 кәсіп бойынша 200 оқу орны, соның ішінде 180 колледж, 20 ЖОО-ны жаңартуға 57 млрд теңгеден астам қаражат көзделген. Бұл мақсатта Үкімет басшысы А.Мамин Білім және ғылым министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, әкімдіктермен бірге осы жобаға қатысатын оқу орындарын, кәсіптер тізбесін айқындауды тапсырды.

24.kz: KASE-нің таңғы сессиясы: $1 = 377,47 теңге. Қазақстан қор биржасының қорытындысы бойынша бір доллардың орташа бағамы 377,47 теңге болды.

Серіктестер жаңалықтары