Электронды денсаулық төлқұжатында пациентке қызмет көрсететін және тіркелген медициналық ұйым туралы, учаскелік дәрігердің аты-жөні, рецептің атауы, жазылған күні және оны берген дәріхана, диагнозы мен хаттама нөмірі сияқты емделушіге қатысты барлық ақпарат тіркеледі.
Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтың айтуынша, егер бұрын дәрігер 600-ге жуық форма толтырса, қазір қағазбастылықтан құтылып, оның саны 120-ға дейін қысқарады. Дәрігердің 25 минут уақыты үнемделеді. Бұл өз кезегінде дәрегерлердің көбірек пациент қабылдауына мүмкіндік бермек.
"Еліміздегі азаматтар емхана немесе медициналық ұйымдарға барған кезде бұл мәліметтер электронды денсаулық төлқұжатына жазылады. Осылайша сіз Электронды үкімет порталы немесе мобильді қосымша арқылы қай емханаға тіркелгеніңізді, сізді қай дәрігер емдейтінін, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында қандай дәріні тегін алатыныңызды, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін басқа да медициналық қызмет түрі туралы біле аласыз", – дейді Олжас Әбішев.
Вице-министр цифрландырудың арқасында медицина саласындағы заңбұзушылықтар анықталғанын да айтты.
"Өткен жылы 100 мың адамға тегін дәрі-дәрмек берілгені тіралы СМС-хабарлама жіберілді. Бірақ соның 8 мыңының ешқандай да дәрі-дәрмек алмағанын анықталды. Цифрландыру жүйесі осындай алаяқтықтың жолын кеседі", – дейді вице-министр.
Сонымен қатар Олжас Әбішев жаңа бастаманың пациенттердің жеке бас құпиясын сақтауға да мүмкіндік беретінін айтты.
"Ақпараттық қауіпсіздікке келер болсақ, цифрландыру жүйесі қолға алынбай тұрып қағаз түріндегі амбулаториялық карталар мен жазбалар болған. Ол кезде медициналық мәліметтің құпия сақталатыны туралы ешқандай кепілдік болмады. Цифрландыру жүйесі қолға алынғанға дейін кез келген еден жуушы, техникалық қызметкер науқас туралы мәліметті көріп, дәрігер жазбасымен танысып, тіпті суретке түсіріп алу қаупі болған", – деді вице-министр.
Медициналық төлқұжат болғанымен, іші бос болуы мүмкін
Бір айта кетерлігі, электронды денсаулық төлқұжаты халықтың бәрінде бар. Бірақ кейбір техникалық мәселелерге байланысты оны көпшілік ала алмай жатыр.
"Қазір 18,6 млн азаматтың бәрінде электронды төлқұжат бар. Бірақ оның іші толтырылған ба, әлде бос па, ол енді басқа мәселе. Себебі егер азамат ешқашан да медициналық ұйымға жүгінбесе, онда тиісінше ол туралы мәліметтер де болмайды. Ал соңғы он жылда алғаш рет дәрігерге көрінуге келген адамның тиісінше медицианалық төлқұжаты да толтырыла бастайды", – деді вице-минитр.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда электронды медициналық төлқұжат бойынша 14 террабайт мәлімет бар. Әрбір адамға шаққанда бұл 600 беттей деген сөз. Оның ішінде пациентті кім емдеді, қай жерде емдеді, қандай дәрі жазып берді, қандай диагноз қойылды деген секілді мәліметтер сақталған.
Алдағы уақытта аталған мәліметтер базасы 200-300 террабайтқа дейін жетуі мүмкін.
Электронды кезек VS "тірі" кезек
Пациенттердің тағы бір шағымданатыны – электронды кезекке тұрған адамның емханаға барғанда "тірі" кезекке тап болуы. Яғни, бір уақытқа екі кезек бойынша екі адам орын алып қойған болуы мүмкін. Бұл туралы вице-министр нақты жауап айта алмады.
"Иә, ондай мәселе бар. Мен өзім емханаға барғанда осындай жағдайға тап болдым. Таңғы сағат 8-ға жазылып, 8:30-да кірдім. Себебі алдымда үлкен кісілер отырған, "Сен, балам, қайда кіріп бара жатырсың, күте тұр" деп менен бұрын кіріп кетті. Бұл, әрине, біздің мәдениетке де байланысты. Егер мен ол жерде түсіністік танытпай, өз уақытымда кірсем, айқай-шу шығар еді", – деді вице-минитр.
Сол себепті, вице-министрдің айтуынша, осындай жағдайлар болмауы үшін әр медициналық мекеме түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек.
Вице-министр қай жерде емделеді?
"Екі апта бұрын өз басым Нұр-Сұлтан қаласындағы 6 емханаға бардым. Мен сол жерге тіркелгенмін. Мен онда барғанда телефон мен жеке куәліктен басқа ештеңе алмадым. Электронды жүйенің қаншалықты жұмыс істейтінін көру үшін. Бұл кәдімгі тұрғындарға қызмет ететін емхана. Смартфон арқылы алдын ала дәрігерге жазылып, жеке куәлікпен қабылдауға кірдім. Ешқандай да амбулаториялық кітапша ашпадым. Әрине, егер пациент сұраса, дәрігерлер электронды мәліметті қағазға шығарып береді. Оған тыйым салынбайды. Емханаға тамағым ауырып барған едім. Барлық қызмет электронды форматта көрсетілді. Дәріні де электронды форматта жазып берді", – деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, әсіресе өңірлерде кейбір медициналық қызметкерлер электронды жүйені толығымен меңгерді деуге болмайды. Сондықтан электронды қызметтің кей медициналық ұйымдарда ақсауы техникалық кемшілік емес, ұйымдастырудың, яғни қызметкерлердің жұмысты игере алмауының салдары көрінеді.