– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Qazaqstan ұлттық телеарнасына сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін Сізге көп рахмет. Сіздің алдыңғы сұхбатыңыз орыс тілінде болды. Баспасөз хатшыңыздың айтуынша, ол сұхбат халықаралық аудиторияға арналған. Бұл жолы қай аудиторияға арналады? Осындай бөле-жару қазақ тілін кемсіту болып есептелмей ме?
– Бұл ешқандай да кемсітушілік немесе менсінбеушілік емес. Осыған дейін көптеген телеарна менен бірнеше рет сұхбат беруді сұраған болатын. Мен олардың ешқайсысына келіскен жоқпын. Кейін тек "Хабар" арнасына ғана сұхбат беремін деп шештім. Себебі ел ішінде көптеген жалған ақпарат тарап жатты, соларға тоқтау салу керек болды. Сол сұхбат орыс тілінде жасалды. Өйткені, Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпаратты, ең алдымен, әлем жұртшылығына беру керек еді. Содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатты кеңінен таратып, барынша пайдаланды. Оны өзіңіз білесіз. Қалай десек те, орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымының алты ресми тілінің бірі. Оны мойындауымыз керек. Ал, қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы, мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан, ең алдымен, өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын.
– "Қаңтар қасіретіне" келейік. Жыл басындағы қанды оқиға, өкінішке қарай, көп адамның өмірін жалмады. Митингіге шыққандардың бәрі лаңкес пе? Негізі, адамдар басында бейбіт шеруге шықты емес пе?
– Әрине, бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты, тіпті, наразылықтарын білдірді. Шынын айтсақ, әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ, жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты бейбіт митингіге қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды.
Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті. Қазіргі уақытта полиция оларды іздеп жатыр. Әзірге түгелдей табылған жоқ. Бұзақылар сол қарудан тағы да адам атуы әбден мүмкін. Сонда мұны кім істеді деген сұрақ туады? Кім жасады? Бейбіт шеруге шыққандар ма? Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі.
– Сонда олар қайдан пайда болды?
– Мен осы сұраққа бірнеше рет жауап бердім. Мұның алдын ала жоспарланған әрекет екені анықталды. Арнайы дайындықтан өткен қылмыстық топтар, лаңкестер оқиғаның бел ортасында жүріп, қарақшыларды, құқық бұзушыларды басқарды. Әрине, бұзақы топтардың арасында бейбіт азаматтар да болды. Енді, оларды, лаңкестерден, қарақшылардан бөліп алуымыз керек. Бұл – өте күрделі мәселе. Мұның бәрін тергеу жұмыстары анықтайды. Жалпы, мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Алаңда шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Көзі ашық, ары таза адам мұндай жалған тұжырымға ешқашан сенбейді.
Ең алдымен, лаңкестер жағдайды ушықтырды. Олардың мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, халықты қорқыту. Ал бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқығын қорғауымыз керек. Мен әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізу керек деп айттым. Адамдардың құқығын бұзған тұлғалар жазаға тартылады. Біз бұған қажетті шараның бәрін қабылдаймыз. Еш күмән болмасын.
– Сонда, бұл оқиғаларды біз қалай сипаттауымыз керек? Бұл өзі төңкеріс пе, жоқ әлде билікке қарсы бейбіт шеру ме немесе басқаша ма? Қалай атаймыз?
− Бұл оқиғаны ел ішінде әртүрлі атап жүргенін білемін. Қалай болғанда да біз қаралы, қасіретті күндерді бастан өткердік. Оны мойындауымыз керек. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынаққа тап болдық, оның бәрін ел болып еңсердік. Бірақ, дәл осындай қарақшылардың қатігез әрекетін көрген жоқпыз. Еліне, жеріне адал қызмет ететін, нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды. Бұл – анық нәрсе.
Ашығын айту керек, жағдайды өздерінің жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынды. Француз тілінде осындай әрекетті coup d’etat деп айтады. Бұл – төңкеріс деген сөз. Елдігімізге, мемлекеттік тұтастығымызға, халқымыздың қауіпсіздігіне қарсы жасалған әрекет болды. Әрине, халыққа әлі де көп нәрсе түсініксіз. Қарапайым азаматтар өздерінің сүйікті қаласын өз қолымен қиратпайтыны белгілі. Қарақшылар, лаңкестер Алматыға сырттан келді. Мақсат белгілі: кісі өлтіру, қорқыту, дүкендерді тонау, әйелдерді зорлау, ақыр соңында билікті құлату.
– Олар билікке неге қарсы шықты?
– Мәселе мынада: төңкерісшілер елімізде қолға алынған реформаларға кедергі келтіруге тырысты. Тіпті Президентке де қарсы болды. Өзгерістер олардың мүдделеріне тиімді емес еді. Өйткені, реформалардың басты мақсаты – әділетті қоғам орнату, монополияларды жою, саяси трансформация жасау, еліміздің экономикалық дамуын жеделдету. Халық та осыны талап етіп отыр. Сондықтан, бағытымызды өзгертпейміз, реформалар міндетті түрде өз жалғасын табады.
– Сіз тергеу жұмыстарының жүріп жатқанына жаңа тоқталдыңыз. Дегенмен, алдын ала тергеу нәтижелері жөнінде айта аласыз ба?
– Қазір өте ауқымды тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бас прокуратура нақты ақпаратты жүйелі түрде жариялап жатыр. Қандай да нәтиже туралы айтуға әлі ерте. Бұл – өте күрделі мәселе. Қазір тергеу құпия түрде жүргізіліп жатыр. Өйткені, бұл өте ерекше іс болғандықтан біраз уақыт керек. Көп ұзамай халқымызды мазалап отырған сұрақтарға міндетті түрде жауап беріледі. Бәрі де айтылады. Халықтан ештеңені жасырып қалмаймыз. Қазір тек мына нәрсені ғана айта аламын. Бұл біздің халқымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің тұтастығына төнген қауіп болды.
– Адамдардың құқықтарының қорғалуына байланысты жаңа ғана өзіңіз айтып өттіңіз. Енді осыған тоқталайық. Күлбілтелемей бірден айтсақ, бұл азаптау фактілері туралы. Мысалы үшін өзіміз де көрдік. Әлеуметтік желілердегі видеоларды, жазбаларды сай-сүйегің сырқырап қарайсың. Әсіресе арқасына үтік басылған талдықорғандық Азамат Батырбаев деген жігітке қатысты. Осыдан хабардарсыз ба?
– Иә, бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. "Шаш ал десе, бас алатын" әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын.
Әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады.
– Ал, бұзақыларға қатысты қандай іс-шаралар қабылданады?
– Бұзақылар туралы мәселеге келсек. Кейбір адамдар жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлайды да, осындай жалған ұрандарды ел ішінде таратады. Бірақ, мынаны ұмытпауымыз керек, солардың ішінде лаңкестер де, қылмыскерлер де бар. Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ, қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді? Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж. Егер біз ақиқатына көз жеткізбей, олардың айтқанына сенетін болсақ, елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл қарақшыларды Қазақстанға шақыру деген сөз. Сондықтан аталған мәселеде біз өте сақ болуымыз керек. Әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізуіміз қажет.
– Ресейдегі бірқатар сарапшылар елімізде болған оқиғаға қатысты "Төңкерісшілердің мақсаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстаннан қуып шығу немесе тұтқынға алу" деген болжам жасады. Сол рас па? Бірақ Сіз олардың жоспарын жоққа шығардыңыз. Осыған байланысты Өзіңіз қандай нақты түсініктеме берер едіңіз?
– Бәлкім, бұл Ресейдің барлау қызметінің көзқарасы шығар. Бұл рас та болуы мүмкін. Олар біздің еліміздегі оқиғаларды мұқият бақылап отырады ғой. Қалай десек те, арнайы жасақталған қарулы бандалар билікті басып алғысы келді. Сондықтан, шетелдік сарапшылар айтқан пікірдің жаны бар деп ойлаймын. Дегенмен, барлығына байыппен қарап, салмақты баға беру қажет. "Сабыр түбі – сары алтын" деп халқымыз бекер айтпаған. Бізге керегі – асығыс шешім шығарып, істі жауып тастау емес, міндетті түрде ақиқатқа көз жеткізу. Бұл – менің алдыма қойған мақсатым.
– Сонда да көрші елдің кейбір журналистері "Ресей Қазақстанды құтқарды" деп жазып жүр...
– Жаңа ғана айтып өттім, Ресей – Қазақстанға жақын орналасқан серіктес мемлекет. Осындай жағдайда оның бізге көмекке келуі айтпаса да түсінікті. Мұны құтқару емес, ортақ мүддемізді қорғау үшін жасалған іс-әрекет деп түсінуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, аталған мәселеге геосаяси ахуал тұрғысынан да қарау керек. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы – бәрімізге ортақ құрылым. Ресей және Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның ғана емес, өздерінің де қауіпсіздігін ойлады. Сол үшін көмек қолын созды.
– Сіз Владимир Путинге қоңырау шалып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін Қазақстанға шақырдыңыз. Бұл еліміздің дербестігін, егемендігін Ресейге телу деген сөз емес пе? Соларды шақырмаса болмайтын ба еді өзі? Қазір осы шешіміңізге өкінбейсіз бе?
– Өкінбеймін. Бұл ешқандай да өкіндіретін шешім емес. Керісінше дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені, қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада орын алды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар, тіпті, Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды.
Кейбір беделді сарапшылар айтуынша, лаңкестер Қазақстанның басты екі қаласын басып алуды жоспарлаған. Бұл Сириядағы сценарийге ұқсас жоспар. Сол елде лаңкестер Дамаск пен Ракканы басып алуға әрекеттенген еді.
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерлері біздің елде бір де бір оқ атқан жоқ. Оны ашық айту керек. Олар тек негізгі стратегиялық нысандарды күзетіп тұрды. Осы кезде біздің күштік құрылымдар іске кірісіп, қарулы лаңкестерге тосқауыл қойды. Арамызда тек тығыз байланыс пен үйлесім болды.
Ал енді "Путинге қарыз боп қалдық" дегенге келсек, бұл – бос әңгіме. Оны доғару керек. Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының контингенті В.Путиннің немесе Ресейдің жеке әскері емес. Бұл ұйымның әскери құрамы оған мүше елдердің бәріне ортақ. Онда Ресейден бөлек, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстанның әскери бөлімдері бар. Қазақстан да – осы ұйымның толыққанды мүшесі әрі негізін қалаушысы. Сондықтан, бәрі – заңды, қисынды.
Ресейге келсек, бұл алпауыт ел өзінің геосаяси мүддесін де қорғады. Қазақстанның тұрақтылығы Ресейге өте қажет. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Қазақстан мен Ресей – стратегиялық серіктестер. Арамызда шынайы достық пен өзара сенім болуы керек. Басқа саясат ұстансақ, екі елдің стратегиялық мүддесіне нұқсан келтіреміз. Жалпы, біз ешкімге ештеңе де қарыз емеспіз. Қазақстан – егемен мемлекет. Сондықтан саясатымыз да дербес.
– Жалпы, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы қандай болуы керек? "Мәскеу біздің жерімізге көз алартып жүр, солтүстік облыстарды тартып алады" деген пікірлер де айтылады...
– Бірінші сұрағыңызға қатысты айтар болсам, Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік туралы келісім бар. Ресей – ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құдайы көршіміздің бірі. Қазақтың тағдырына осылай жазылған. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді.
Екінші мәселе. Иә, расында да, кейбір ресейлік саясаткерлер тарапынан "Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі" деген сөздер айтылды. Бірден кесіп айтайын. Бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік, яғни Кремль, әрине, бұл уәжді қолдамайды.
Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындаған емес. Маған Владимир Путиннің өзі "жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз" деп айтқан. Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған, бекітілген. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды. Екі елдің арасындағы байланыстарға сызат түспеген. Ресей Президенті осындай қағидаттарға адалдығын, беріктігін көрсетті.
– Түсінікті. Енді қаңтар қасіретіне қайта оралсақ, халықтың көбі Тұңғыш Президентке және оның отбасына қатысты наразылығын білдірді, тіпті, ашу-ызаға толы пікірлер айтылды. Себеп белгілі. Сіз өзіңіз Мемлекет басшысы ретінде осы жағдайдан қандай сабақ алдыңыз?
– Мәселеге жан-жақты қарайтын болсақ, халық наразылығының астарында өткір әлеуметтік мәселе жатыр. Халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Бұл – ақиқат. Мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында. Теңсіздік белең алуда. Наразылықтың түп-тамыры осыдан басталды. Бұл мәселе туралы мен Парламентте, басқа да жиындарда айттым.
Өкініштісі, азаматтардың наразылығын лаңкестер мен қылмыскерлер пайдаланып кетті. Бұған бәріміз куә болдық. Расында, әлеуметтік желіде Тұңғыш Президентіміз туралы әртүрлі ойлар айтылып, жазылып жатыр. Қанша адам болса, сонша пікір болады.
Мен Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын. Тарихқа қиянат жасамау керек. Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз. Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет. Қаңтар оқиғасы елімізге де, менің өзіме де үлкен сабақ болғаны сөзсіз. Тиісті қорытынды жасалды. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер − соның нәтижесі. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Мұны барлығы көріп, біліп отыр деп ойлаймын.
– Иә, соңғы кездері көптеген ауыс-түйістер болды. Соның ішінде Ерболат Досаевты Алматы қаласының әкімі етіп тағайындаған шешіміңізге наразы тұрғындар митингіге шықты. Бұл шешімді қайта қарау ойыңызда бар ма?
– Ондай ойым жоқ. Алматы – еліміздегі ең ірі, ерекше шаһар. Қаланың ахуалы, тұрғындардың әл-ауқаты менің жеке назарымда. Қаңтар оқиғасы кезінде қаланың экономикасы зардап шекті. Азаматтардың және бизнес иелерінің дүние-мүлкі тоналды. Көптеген нысан өртелді, қиратылды. Соның бәрін қалпына келтіру керек. Бұл – оңай шаруа емес. Сондықтан осындай жауапты жұмыс жаңа әкім Ерболат Досаевқа жүктелді, қолынан келеді деп үміттенемін. Себебі оның бизнес саласында, мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол. Іскер, еңбекқор адам. Жұмыс істеуіне мүмкіндік берген жөн деп ойлаймын.
– Осы сияқты басқа да біраз кадрлық өзгерістер болып жатыр. Бірақ әкімдердің басым көпшілігі әлі орнында отыр. Олардың жағдайы қалай болмақ? Алдағы уақытта облыс әкімдері сайлана ма?
– Жалпы айтқанда, кадрлық ауыс-түйіс – үздіксіз жалғаса беретін үдеріс. Лауазым мәңгілік дүние емес. Жұмыстың жаңа талабына икемделе алмаған адамдар қызметтен кетуге мәжбүр болады. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Әкімнің бәрін ауыстыру менің негізгі мақсатым емес. Әкімдердің жұмысына жан-жақты талдау жасалады. Негізгі талап – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан қажеттілік болса, тиісті кадрлық шешімдерді қабылдаймын. Міндетті түрде өзгерістер болады.
Мен 2020 жылы халыққа Жолдауымда алғаш рет ауыл әкімдерін сайлау туралы айттым. Көп ұзамай ауыл әкімдерін сайладық. Былтырғы Жолдауымда "Келесі қадам – аудан әкімдерінің сайлауы" деп айттым. Оны 2024 жылы өткіземіз. Бәлкім, пилоттық жоба ретінде келесі жылдан бастасақ, орынды болар.
– "Жаңа Қазақстанды" құрамыз деп отырмыз. Бірақ, бұрынғы жүйеде жұмыс істеген адамдар қызметке қайта тағайындалып жатыр. Жұрт ескі мамандармен жаңа Қазақстанды қалай құрамыз дейді. Бұл туралы не айтар едіңіз?
– Негізі, кадр мәселесін өте күрделі әрі аса маңызды. Расында, көп нәрсе білікті кадрларға байланысты. Менің бастамам бойынша Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Кадрлық резервке өткен азаматтар біртіндеп жауапты қызметке тағайындалып жатыр. Әрине, мұнымен шектелуге болмайды. Басқа да адамдарға жол ашуымыз керек.
Жалпы, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болуға тиіс. Кез-келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды. Ол анық нәрсе. Біраз уақыт, мол тәжірибе керек. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал азаматтарды тағайындаған жөн. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді. Орысша "политическая чистка", яғни "саяси тазалауға" барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Келіп те жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Бірақ, бір нәрсені есте ұстаған жөн. Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес! Сондықтан бұл жұмысты бірте-бірте жүргіземіз.
– Алдыңғы сұхбатыңызда Сіз елімізде кадр тапшылығы бар екенін айттыңыз. Шын мәнінде, көптеген білікті мамандарымыз шетелде жүр. Білім қуып, кәсіп іздеп кеткендер де бар. Шетелдегі отандастарымызды Қазақстанға шақыру ойыңызда бар ма? Жалпы бұл іске асуы мүмкін дүние ме?
– Расында шетелде жүрген білікті мамандарымыз аз емес. Бұл үшін ешкімді айыптауға болмайды. Қазір – жаһандану заманы. Адам қай жерде сұранысқа ие болса, сол жерге барып жұмыс істеуге қақы бар. Оған ешкім кедергі жасамайды. Біз өз саласында табысқа жеткен азаматтарды бұған дейін де шақырғанбыз. Елге қайтып келген отандастарымыз да бар. Бірақ, шындығын айтуымыз керек, елімізге білімі жоғары, парасатты адамдар керек. Жалпы, адами капитал жоғары болуы қажет. Жалпақ тілмен айтсақ, Отанымызға келген адамдардың сапасы неғұрлым жоғары болса, елімізге соғұрлым тиімді болады.
Жалпы, бәріміз еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеруіміз керек. Ұлтымыз дүние жүзінде, ең алдымен, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мойындалатын болса, бұл экономикамызға оң әсер етеді. Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет. Сонда ғана Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы іске асады. Меніңше, біз бұрын үлкен идеологиялық қателік жібердік. Шетелге, яғни Орта Азиядан Ресейге кеткен жұмысшыларға күліп, "Қараңыздар, олар қара жұмыспен айналысуға мәжбүр болды, ал бізге келгенде, бірде-бір қазақ шетелде жұмыс істемейді, жайбарақат жүрміз" деп қатты мақтандық. Кез келген еңбекті жоғары бағалау қажет, солай емес пе? Бүгінгі күні Орта Азиядағы жұмысшылар Ресейде еңбек етіп, күн көріп жатыр. Ал, біздікілер еңбек бәсекесіне шыдай алмайтын болды. Өкінішке қарай, бұл "сырьевое проклятье", яғни "шикізатқа тәуелді болудың" салдары.
– Тағы бір маңызды дүниеге назар аударсам деймін. Яғни, Сіз "мемлекет ақпараттық соғыста жеңілді" дедіңіз. Елдегі журналистика деңгейіне көңілі толмайтындар көп. Мұның бір себебі, ақпарат құралдарына мемлекет қатаң бақылау жасайды дейді олар. Біз демократиялық қоғам құрамыз десек, БАҚ саласын шын мәнінде "төртінші билік" деңгейіне көтеруіміз керек емес пе? Осы туралы ойыңызды ортаға салсаңыз.
– Жалпы қазақ журналистикасының деңгейі төмен деп айтуға болмайды. Керісінше қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екені күмәнсіз. Қаңтар оқиғалары кезінде ақпараттық вакуум болды. Оны кәсіби тұрғыда дайындалған лаңкестер, қылмыскерлер өз мүддесіне пайдаланды. Интернетті бұғаттауға мәжбүр болдық. Бұл – әлемдік практика. Бірақ, басқа да ақпарат құралдарымыз бар ғой. Содырлар кейбір теле-радио арналардың ғимаратын өртеп, қиратты. Одан басқа ақпарат құралдары үздіксіз хабар таратты. Ешқандай шектеу болған жоқ.
Ал, баспасөз бостандығына келсек, бізде заң бойынша цензура жоқ. Ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз. Бірақ, еркіндік деген ойыңа не келсе, соны айту емес. Кез-келген демократиялық елдерде жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Мен әрбір журналист, ең алдымен, мемлекетшіл азамат болуы керек деп санаймын. Осы орайда Некрасовтың: "Ақын болу шарт емес, азамат болу – міндетің" деген қанатты сөзі бар. Сондықтан әрқайсымыз еліміздің патриоты болуға тиіспіз.
Қазақтың "Айтылған сөз – атылған оқ" деген даналығы бар. Осы ретте, өкінішке қарай, кейбір журналистер жалған ақпарат таратып, елдің мүддесіне қарсы жұмыс істейді. Қазіргі заманда блогерлер көбейіп кетті. Олардың кейбір әрекеттері кері әсер етеді. Бір блогерлер жақсы жазады. Ал екінші біреулері мәселенің байыбына бармай, зерттемей, үстірт қарайды. Дегенмен, азаматтарымыз ақ пен қараны ажырата алады деп ойлаймын. Расында, ақпараттық "соғыс" бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс. Сондықтан, біз де оған бейімделуіміз керек.
– Сіз осы күзде саяси реформалар ұсынатыныңызды айттыңыз. Жоспарыңыз сол қалпында ма? Түбегейлі өзгерістер күтуге бола ма?
– Қандай түбегейлі өзгерістер болатынын қазір айта алмаймын. Бірақ біраз өзгерістер болады. Бұл туралы Мәжілісте сөйлеген сөзімде айттым. Мен бастапқыда жаңа саяси реформаларды күзде жариялаймын деп ойлағам, бірақ саяси реформаларды наурыздың ортасында халыққа Жолдауымда ұсынатын болдым. Қазіргі таңда жұрт реформаларды зор үмітпен күтіп отырғанын білемін. Сондықтан, "Жаңа Қазақстанды бірге құрайық" деп үндеу жолдадым. Онда айтылған мәселелерді көпшілік қолдап отыр.
Жалпы, кез-келген қиындықтың артында үлкен мүмкіндіктер тұр. Қытай тіліндегі "дағдарыс" деген сөздің "жаңа мүмкіндіктер" деген мағынасы бар. Осы ретте біз де күш-қуатымызды Отанымызды өркендетуге жұмсайық.
Әрине, азаматтық қоғаммен, дербес сарапшылармен ауқымды диалог жүргізу керек. Өйткені, халықтың пікірі өте маңызды. Мен "Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін" деген ұстанымды жарияладым. Осыған байланысты Үкіметке тиісті ұсыныстар дайындауды тапсырдым.
– Соңғы кезде олигополия деген терминді көп пайдаланып жүрсіз. Енді оны көпшілік әлі түсіне қойған жоқ. Дүйім жұрттың бәрі оны толығымен түсінеді деп айту қиын. Түптеп келгенде, бұл сөздің мағынасы неде? Соны айтыңызшы?
– Олигополия – бұл экономика саласындағы саны шектеулі адамдардың үстемдігі деген сөз. Бізде осындай үрдіс белең алуда, көпшілік, әсіресе, кәсіпкерлер оны жақсы біледі. Бұл шынайы бәсекеге, жалпы айтсақ, әділеттілікке кедергі болып отыр. Осы мәселені шешпесек, экономикамыз дамымайды, ішкі саяси ахуал мүлдем нашарлап кетеді. Сондықтан менің басты мақсатым – экономикада болсын, саясатта болсын монополияны мейлінше жою. Одан біржола құтылған жөн. Бұл, әрине, оңай емес, бірақ міндетті түрде осы жұмысқа кірісуіміз керек. Басқа жол жоқ.
– Сіздің пікіріңізше, бүгінгі қоғамымыздың алдында тұрған ең маңызды мәселе қандай?
– Қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, заңды мойындағысы келмейтін азаматтар аз емес. Басқаша айтсақ, құқықтық нигилизм белең алуда. Ағаларымыз "Тәртіпсіз ел болмайды" деп баяғыда айтқан болатын. Менің ұстанымым: қоғамда заң мен тәртіп болса ғана, ел ішінде үйлесім, бейбіт өмір болады. Заң – кез-келген өркениетті қоғамның басты өлшемі. Заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам қалыптасады. Біз міндетті түрде бұған қол жеткізуіміз керек. Бұл менің нақты ұстанымым.
– Сіз Үкіметтің отырысында шетелге заңсыз шығарылған қаражатты Отанымызға қайта әкелу керек деп тапсырма бердіңіз. Бұл тапсырма қашан орындалады? Соның мерзімдері туралы айта аласыз ба?
– Мен Үкіметке тиісті тапсырма бердім. Бұл мәселе бойынша Үкімет екі айдан кейін маған нақты ұсыныстарын айтады. Содан кейін жұмыс басталады. Аталған мәселе бойынша ауқымды сараптама жасау керек. Онсыз болмайды. Содан кейін шетелдегі тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізуге кірісеміз. Бұл өте күрделі әрі ұзақ уақытқа созылатын жұмыс болатын сияқты. Оны ашық айтқан жөн. Бірақ әділдікке жету үшін осы жұмысты бастау керек. Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтаруға тиіспіз.
– Сіз екі мерзім ғана Президент қызметін атқаруыңыз мүмкін екенін айттыңыз. Олай болса, келесі сайлауға қатысатыныңыз анық қой?
– Бұл мәселе Конституциямызда жазылған. Президентке екі мерзім берілген. Оны бұзуға болмайды. Наурыздағы Жолдауымда, мүмкін, осы маңызды мәселе жөнінде өз пікірімді айтармын. Ал бірақ қазір сайлауға барамын ба, бармаймын ба оны айта алмаймын.
– Сіздің пікіріңізше, Қазақстанның болашағы қалай болады? Кешегі оқиғалардан кейін көпшілігімізге "Егемендігімізді сақтап қала аламыз ба?" деген ой келгені рас...
– Біздің халқымыз талай "тар жол, тайғақ кешуді", қилы заманды басынан өткерген. Қиындықтың бәрін жеңген. Кешегі қасіретті оқиға кезінде халқымыз бірлігін көрсетті. Осы құндылықты келешек ұрпаққа аманат етуіміз керек.
Қазақстанның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Мен бұған кәміл сенемін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Басқа Отанымыз жоқ. Болмайды да. Еліміздің Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бұл – аксиома, ақиқат. Оны көздің қарашығындай сақтау – ортақ парызымыз.
Ал, Егемен ел дегеніміз қандай ел? Бұл – әлемдік үдеріске бейімделген біртұтас халық. Дербестігін жалаң сөзбен, немесе ұранмен емес, нақты іспен дәлелдей білген ел. Демек, "Егемендікті сақтап қаламыз ба?" деген күмәнді ой ешкімде болмауы керек. Ол қисынсыз тұжырым, қисынсыз сөз. Керісінше, әрқайсымыз "Тәуелсіздігімізді қалай бекем ұстап қаламыз?" деп ойлануға тиіспіз.
Тілімізге келсек, оны да сақтап қаламыз. Басқаша болмайды, себебі, тарихымыздағы ең күрделі кезеңдерде тіліміз көзі ашық ағаларымыздың, қарапайым халқымыздың арқасында аман қалды. Дегенмен тіл реформасын жасауымыз керек. Мәселе латын графикасына жедел түрде көшу емес. Бұл мәселеге байыппен қараған жөн. Сараптама жасалуға тиіс. Қисынсыз нәрсенің пайдасы жоқ. Әсіресе тілге келгенде, асығыстық танытуға болмайды. Себебі бұл өте нәзік дүние.
– Жұртымыздың қандай жақсы қасиеттерді бойға сіңіргенін қалар едіңіз?
– Бұл туралы мен жаңа да айттым. Дегенмен, бұл – өте маңызды мәселе, сондықтан қайталап айтайын. Біз қоғамда еңбекқорлық идеясын орнықтыруымыз керек. Турасын айтайық, бұл қазір ең өзекті мәселе болып тұр. Азаматтарымыз адал еңбекпен табыс табуды ең басты орынға қоюы қажет. Бақуатты ел болу биліктің жұмысына ғана емес, ол, ең алдымен, әрбір азаматтың еңбегіне байланысты. Елдің тұрмысын құрғақ сөзбен емес, нақты іспен көтеру керек. Біздің жастарымыз осыны айқын ұғынса деймін. Елімізде белгілі теріс факторларға қарамастан, тиімді, пайдалы жұмыс атқаратын мүмкіндіктер аз емес. Жақсы мен жаман туралы ұлы Абайдан асырып ешкім айта алмас. Сондай-ақ ойшыл ақынның "талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым" деген даналығының да мәні зор. Бұл қағида бізге, әсіресе осы заманда ауадай қажет.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз күнделікті қандай ақпарат көздерін пайдаланасыз? Теледидар, мерзімді басылым, әлеуметтік желілер...
– Мерзімді баспасөзді үзбей қараймын. Бұл – менің бұрыннан қалыптасқан дағдым. "Егемен Қазақстан", "Айқын", "Астана ақшамы" газеттерін оқимын. "Ана тілі", "Қазақ әдебиеті", "Жас қазақ", "Түркістан" газеттерін де міндетті түрде оқып тұрамын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Жақсы мақала немесе сұхбат көрсем, астын сызып оқуға тырысамын. Өзекті мәселе байқасам, оған қатысты нақты тапсырма беремін. Әлеуметтік желідегі өткір жазбаларды да үнемі шолып отырамын. Ал, теледидардан жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды көремін.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің "Әке туралы ой-толғау" кітабыңыздың желісі бойынша бір продюсерлік орталық кино түсіргелі жатыр екен. Осыған қатысты не айтасыз?
– Менің кітабымдағы оқиғалардың негізінде кино түсіргелі жатқанын оқыдым. Бұл туралы ешкімге ешқандай тапсырма берген жоқпын. Бермеймін де. Мұндайды қаламаймын. Бірақ, өзім жазған "Әке туралы ой-толғау" кітабынан бас тартпаймын, мазмұнды туынды деп есептеймін. Себебі, жастарға да пайдалы дүние. Бұл – менің әке-шеше алдындағы перзенттік борышым.
– Шығармашылығыңызға қатысты тағы бір сұрақ. Сіз негізінен, дипломатия, сыртқы саясат туралы бірнеше кітап жаздыңыз. Солардың ішінде Елбасының тұлғасына арналған "Ол тарихты жасап жатыр" деген туындыңыз бар. Қазіргі таңда сол кітапты жазғаныңызға өкінбейсіз бе? Бұдан басқа, жаңа кітаптар жазу жоспарыңызда бар ма?
– Өкінбеймін. Тұңғыш Президентіміздің еңбегі туралы кітапқа келсек, қазақта "Өткен іске өкінбе" деген сөз бар. Мен көптеген оқиғаға куә болған адаммын. Сондықтан, қағазға түсіргенді жөн көрдім. Оқырмандардың пікірінше, кітаптарым жоғары деңгейде жазылған. Мысалы, әлі күнге дейін студенттер менің кітаптарымнан қажетті мағлұматын алып, пайдаланып жүр.
Жоспар туралы айтсақ, кейбір ойларымды түртіп қойып, күнделік жазатыным бар. Мүмкін, болашақта қажет болар. Келешекте қазіргі өміріміз туралы ауқымды кітап жазу ойымда бар. Амандық болса жазамын.
– Жақында Сіз Тұңғыш Президент туралы заңға енгізілген өзгертулерге қол қойдыңыз. Яғни, Елбасының бірқатар өкілеттілігі сол заңмен тоқтатылды. Онда Қауіпсіздік Кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару және басқа да баптар бар. Жалпы, осы мәселеге Өзіңіздің көзқарасыңыз қандай?
– Бұл түсінікті нәрсе. Бұрын осындай заңдар қабылданды, қазіргі таңда олардың қажеттілігі шамалы. Оны ашық айту керек. Келешекте осындай заңдар қабылдаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бұрын олқылықтар болса да, бұл – біздің тарихымыз. Бәріміз тарихтан сабақ алуымыз керек. Біздің мақсатымыз – еліміздің болашағы, өскелең ұрпақтың қамы туралы ойлау. Басқа сөз жоқ.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы, бүгін арнамызға уақытыңызды бөліп, берген сұхбатыңыз үшін Сізге рақметімді айтқым келеді. Сұхбат соңында көрермендерге, жұртшылыққа не айтасыз?
– Расында, бүгін жақсы, мазмұнды сұхбат болды деп ойлаймын. Халыққа айтарым, бұл дүниеде қазақтардың тағдырын тек өзіміз ғана шешеміз. Біз үшін жалғыз ғана мемлекет бар, бұл – Қазақстан. Бұл – біздің қасиетті Отанымыз. Басқа Отанымыз жоқ. Отанын қорғау, халқының амандығын сақтау – әр азаматтың борышы. Осыны ұмытпауымыз керек. Қазақ елі жасай берсін!