Тікелей эфир

Соңғы 4 жылда музей қоры қандай жәдігерлермен толықты?

Экспедиция нәтижесінде музей қорына жылына 200-ге жуық артефакті келіп түседі.

Мемлекеттік орталық музейде ашылған "Бірегей артефактілер" көрмесіне 2017-2021 жылдар аралығында музей қызметкерлерінің археологиялық экспедициясы кезінде жинаған материалдары қойылды.

Музей жыл сайын Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Мемлекеттік Орталық музейдің археологиялық экспедициясы кешенді ғылыми-зерттеу, іздестіру, барлау, қайта құру және практикалық дала жұмыстарын жүзеге асыратын 3 отрядтан тұрады:

  • Күлтебе отряды Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Сарыарқа ауылы, Арыс өзенінің сол жағалауында орналасқан қаңлы кезеңімен мерзімделетін (б.з.д. ІІ ғ. Б.з. ІV ғ.) қалашық және қорымдарда;
  • Ақтерек отряды Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылының оңтүстік шетінде орналасқан диапазоны әртүрлі дәуірлерге жататын палеолит кезеңінен бастап орта ғасыр уақытымен мерзімделетін қоныстар мен обаларда;
  • Бақа төбе отряды Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс ауылының солтүстік-шығыс бағытында орналасқан Бақа төбе екі қабатты ежелгі қорғаныста археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді.

Оқи отырыңыз: "Ақыртас" кешені қандай құпияны бүгіп жатыр? (Фоторепортаж)


Сонымен қатар музейдің ғылыми қызметкерлері археолог Жолдасбек Құрманқұловтың жетекшілігімен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан Шірікрабад қалашығында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысып отырады.

Археологиялық экспедициялар музейдің ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Олар бір жағынан музей қорын толықтырып отыратын негізгі дереккөз болса, екінші жағынан – музей қызметкерлерінің біліктілік деңгейі мен методологиялық мәдениетін дамытатын далалық мектеп. 

Көрмеге алғаш рет әртүрлі археологиялық нысандардан табылған 50-ден астам бірегей артефакт қойылды. Қазақстанның оңтүстігінде өркениет пен мемлекеттіліктің жоғары деңгейінің болғандығын куәландыратын Күлтөбе жазуы бар әлемдік жаңа форматқа ие Қаңлы мемлекетінің хаты, мәтіні толық сақталған қыш текшелер, сонымен қатар жерлеу орнынан табылған артефактілер: зооморфтық қола алқалар, мысырлық фаянс, жебе ұштары, темір қылыштар мен қанжарлар, Ұлы Кушан империясына тиесілі қола монета. Аталмыш монета Кушан патшалығының екінші билеушісі және сол империяның негізін қалаушы Вим Кадфистің ұлы Вим І Такто патшасына тиесілі.

Ақтерек ескерткішінен табылған ат әбзеліне арналған тоғалар, әшекеу бұйымдар, қола айна, қыш ыдыстар және тасқа қашалып жасалған суреттер (петроглифтер), Бақа төбе ежелгі қорғанысынан табылған қыш ыдыстар және ыдыстардың таңбаланған фрагменттері, Шірік рабад ескерткішінен табылған гипс типтес материалдан жасалған жазуы бар ақ түсті ыдыстар үлкен қызығушылық тудырды. Ыдыстағы жазу ежелгі грек әліпбиінде жазылған және бүгінге дейін өшпей толығымен сақталған.


Оқи отырыңыз: Қазақ коллекционерлері не жинайды? Нумизмат болғыңыз келсе...


2017-2021 жылдар аралығында археологиялық экспедициясы атқарған қазба жұмыстары нәтижесінде музейдің археология қоры 875 экспонатпен толықтырылды.

Мемлекеттік орталық музей артефактілерді сақтап қана қоймай, оларды ғылыми тұрғыда зерттеп, көрме арқылы көрермендерге насихаттайды. Музейдегі Археология бөлімінің ғылыми қызметкерлерінен құралған үш отряд тапқан артефактілердің бірегейлері көрмеге қойылған. 

"Ежелгі адамдар қолданған заттар, қыш ыдыстар, ғұрыптық дүниелері, әшекей бұйымдары мен қару-жарақтары музейге қойылды. Күлтөбе отряды бойынша Қаңлы ғана емес, Сарматтар кезеңінің мәдениетіне де тән жерлеу орындарынан табылған бұйымдар бар. Шірікрабад экспедициясы кезінде сыртында ежелгі грек әліпбиімен жазылған шетелден келген бальзам сұйықтығын құятын ыдыстар табылды. Бақа төбе ескерткішінде зерттеу жұмыстары Ресейдегі мемлекеттік Эрмитаж музейімен бірлесіп жүргізілді. Қамал ретінде құрылған ескеркіштің өзіндік архитектуралық ерекшелігі бар: екі қабатты, төрт бұрышында мұнаралардың болуы. Үстіңгі қабат тұратын орын болса, астыңғы бөлігін малға, заттарын қоюға пайдаланған", – деді Археология бөлімінің жетекшісі Набира Төрежанова.


Оқи отырыңыз: Есік қорғанынан табылған Алтын адамның сүйегін қайта жерлеу керек


Ақтерек отряды тас кезеңінен бастап орта ғасыр мәдениетіне тән артефактілерді қазып алған. Экспедиция кезінде Ақтерек шатқалында Жарты ай деген сайдан тасқа ойылып салған суреті бар адамның ғұрыптық орны табылған.

Набира Төрежанованың сөзінше, археологтар қазып алған экспонатты артүрлі жолмен зерттейді. Мысалы, жерлеу орны болса адамның қалай жатқаны, басы қалай қарап тұрғаны, қолы қалай қойылғаны зерттеледі. "Бірегей артефактілер" көрмесі үш ай болады. Артефактілер орталықтың қорында сақталады.

Серіктестер жаңалықтары