Соңғы кезде шегеде тұру терапиясына жүгінетіндердің саны артты. Оны кейде "садху терапиясы" не "шеге йогасы" деп те атап жатады. Әлеуметтік желіде шегеде тұрған кезінен сурет бөліскендер саны бірнеше мыңнан асады. Информбюро тілшісі терапияға барып көрген адаммен, йога маманымен тілдесіп, нақты пайдасы туралы сұрады. Сонымен қатар психологтан пікір алып, бұл терапияға кімдердің әуес екенін білді.
Құндыз Өтегенова садху терапиясын әлеуметтік желіде тарап жатқан суреттерден көріп, қызыққан.
"Бұл туралы ресейлік блогерлердің парақшасынан көріп жүргенмін. Қазақстанда да бар екенін кейінгі кезде әлеуметтік желіде тарап кеткен фотолардан білдім. Соның әсері болса керек, барғым келді. Сол кездері көңіл-күйім болмай, жан-дүниемде аумалы-төкпелі кезең болып жүрген. Терапияда өзімді өте жайлы сезіндім. Өзімді жағымсыз дүниеден босатқандай әсер алдым. Менің ойымша, адам бұл терапияға қандай ниетпен келсе, сондай әсер алады деп ойлаймын. Сонымен қатар жаныңда маман болғаны дұрыс. Ол шегеде қалай тұру керек екенін айтып, бағыттап тұрады", – дейді ол.
Ал йога жаттықтырушысы Жұлдыз Қайыпжанның шегеде тұру терапиясымен айналысып жүргеніне алты жыл болған. Оның айтуынша, аталған терапияның үш негізгі пайдасы бар.
"Адамның табанында 70 мыңнан астам жүйке нүктесі бар. Соларға массаж жасағанда қан айналымы жақсарады, гормондар қалпына келеді, ұйқы безі, бүйрек үсті безінің жұмысы жақсарып, ол барлық сезім мүшесінің жұмысына оң әсер етеді. Түрлі шеберлік сыныптарына қатысқанда ұстаздарымыз йоганың 500-ден астам ауруға ем екенін айтатын. Себебі, көп ауру қан айналымының дұрыс болмауынан туындайды. Бізде бір кейс бар. Қант диабетімен ауыратын ағай осы терапияның арқасында қандағы қант мөлшерін 12-ден 5-ке дейін түсірді", – дейді маман.
Оқи отырыңыз: Орта жас кризисі. Оны бастан кешпес үшін 30 жасқа дейін не жасап үлгеру керек?
Жұлдыз Қайыпжан адам садху тақтасында тұрғанда саналы түрде эмоциясын басқаруды үйренетінін айтады. Оған қосымша бойындағы өкпе-ренішті, үрей, қорқыныш, бала кездегі травмаларды ауа арқылы сыртқа шығарады.
"Біз негізгі энергияны ауадан аламыз. Себебі, адам тамақсыз, күн сәулесінсіз, сусыз, үйқысыз белгілі бір уақыт өмір сүре алады, ал ауа үнемі керек. Біз дем алғанда жердің энергиясын аламыз, дем шығарғанда бойымыздағы жағымсыз энергияларды шығарамыз", – дейді ол.
Маманнан неліктен соңғы кезде осы терапияға қызығушылық артып отырғанын да сұрадық. Айтуынша, қазір адамдарда энергия аз. Бұрынғыдай қозғалыс азайған, жұмыстың көбі автоматтандырылған. Есесіне уақыт көбейген.
"Ал уақыты көп адам өзі, өмірі, өткен-кеткені туралы көп ойланады. Неге жетістікке жете алмай жүргенін ойлайды. Ал әрекет етуге бойында энергия жетіспейді. Себебі, оның орнын психологиялық соққы болған небір жағдайлар алып тұрады. Йога анатомиясы бойынша, біздің бойымызда "прана", яғни энергетика арналары бар. Шеге терапиясы сол арналарды толық тазартуға көмектеседі", – дейді ол.
Қазір садху тақтасын сатып алып, өз бетімен айналысатындар да бар. Жұлдыз Қайыпжан оларға бастапқы уақытта йога жаттықтырушысымен жұмыс істеуге кеңес береді.
"Себебі, садхуға тұрған кезде аяқ қатты ауырады, оған іштей дайындық керек. Егер адам дайындалмай он бес секунд тұрса, керісінше, денесін жарақаттап алуы мүмкін. Осылайша, мотивациясын жоғалтады, ешқандай тазалану, психологиялық пайда болмайды. Сонымен қатар адам өзінің ана тілінде сөйлейтін маманға барғаны жөн. Себебі терапия кезінде ми аудармамен емес, медитациямен айналысуы керек", – дейді маман.
Оқи отырыңыз: Жалғыздық және депрессия. Қазақстанда жастардың өз-өзіне қол жұмсауына не түрткі?
Сонымен садху тек физикалық қана емес, психологиялық терапия да болып шықты. Әдетте адамдар ішкі күйзелісті психотерапиядан өту арқылы емдейтін. Ал шегеге ұқсас тікенекті кілемшелер аяқ массажында бұрыннан қолданылады. Жаппай шегеде тұруға қызығушылық қайдан туындағанын психолог Гүлжан Досболқызынан сұрап көрдік.
"Жан мен тән бір-бірмен өте тығыз байланысты. Жанды емдеу үшін тек психологпен сөйлесу міндетті емес. Бізде "денеге бағытталған терапия" деген ұғым бар. Оған бірнеше жаттығу кіреді. Сол арқылы жанды сауықтырады, психологиялық соққыларды өңдейді. Шегеде тұру терапиясы осы денеге бағытталған терапияның бір бөлігі. Психоанализде еркін ассоциация деген тәсіл бар. Мысалы, шегеде тұру терапиясының ең басты ерекшелігі – ауруды сезіну. Кейде ауыр депрессияда жүргендер өзінің жанын, тәнін сезінбей қалады. Робот сияқты өмір сүреді. Сондай кезде кейбірі өзінің тірі екенін сезінгісі келіп, денесіне жарақат салып, тіліп, өзін ұрып жатады. Менің ойымша, садху терапиясына өте қатты қызығушылық танытып, басымен беріліп кететіндер өзінің жанын сезіне алмай жүргендер сияқты. Өйткені, шегеде тұру терапиясының сипаттамасында "тап қазір осы жердегі сезім" деген бар. Яғни, бұл адамға өткен шақтағы уайым немесе болашақтағы қорқыныштарды емес, тап қазіргі сәттегі сезімдерді сезінуге көмектеседі. Депрессияда жүрген адамдар көбінесе өткен шақпен өмір сүреді. Басынан өткен небір қиындықтарды ойлап, сол кездегі сезімдерден шыға алмай қалады. Ал шеге терапиясы оларға қазіргі уақытқа қайтаратын әсер береді", – дейді психотерапевт.