Тікелей эфир

Режиссёр Фархат Шәріпов: Жасөспірімдерді жыныстық құлдыққа салу әлі бар

Режиссёрдің "Схема" фильмі 7 сәуір күні шектеулі прокатқа шығады.

Отандық режиссёр Фархат Шәріповтің "Схема" фильмі жуырда 72-ші халықаралық Берлин кинофестивалінің Generation секциясында гран-при жүлдесімен марапатталды. Осы орайда, режиссёр туындың негізгі идеясы, жасөспірімдерге жыныстық озбырлық көрсету және метафора мен символизмнің қолданылу мәселесіне тоқталды.

– Фильмді түсіру идеясы қалай келді?

– Туынды шынайы оқиғаларға негізделген. Өкінішке орай, қазір жасөспірімдерді жыныстық құлдыққа салу мәселесі шешілмеген. Әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде оны анықтау жолы қиындатылған. Мұндай "схеманың" барын білген кезде, оны тереңінен зерттей бастадым. Сценарий бір жыл бойы толықтырылды. Кастингке өмірдің қиын сәттерінің құрсауында қалған балалар да келді. Меніңше, оларды құтқару үшін үлкен күш керек. Мұндай балалармен айналысатын әлеуметтік ұйым құрылуы керек сияқты.

– Кейіпкерлердің кәсіби актёр емес екені рас па? Оларды қалай таңдадыңыз?

– Барлығы ашық кастинг арқылы өтті. Тіпті, басты рөлдегі қыз бала жай ғана құрбысын қолдау үшін келген еді. Кейін оны басты рөлге таңдадық. Осыған байланысты құрбысымен арада кішігірім кикілжің де болған сияқты.


Оқи отырыңыз: "Субтитр қазақ тілінің мәртебесін түсіреді". Қазақстанның кино нарығы туралы дубляж режиссерімен сұхбат


– Фильм бірінші кезекте жасөспірімдерге арналған ба, әлде ата-аналарға ма?

– Бұған байланысты шешімді ұзақ уақыт бойы қабылдадық. Берлин бізді Generation санаты бойынша шақырды. Осы тұста оның ең алдымен балаларға арналатыны түсінікті болды. Қазір премьераға келетін қонақтар тізімін жасаған кезде бұл фильмнің бірінші кезекте жасөспірімдерге арналғанын жақсы түсінемін. Өйткені, бұл – олардың таңдауы, олардың өмірі.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Схема | Scheme (@scheme_film)

– Аяқпен байланысты аллегория кемінде үш жерде көрініс тапты. Басты рөлдегі Рэм үнемі батпақты айналып өтуге тырысады. Құдды бір нәрсеге батып, кейін содан шыққысы келетіндей. Бұдан кейін Маша мұздың үстінде отырғанда және әткеншекте аяғымен жерде тепкілейді. Бұл тұрақтылықты, өзінің "тамырын" іздеуі ме? Әлде басқа ойды жеткізбек болдыңыз ба?

– Біз бұл фильмді супер символизммен толықтырғымыз келмеді. Реализмге қарама-қайшы келмейтіндей шешім табуға тырыстық. Көркем туынды болғанын қаладық. Егер сіздің қабылдауыңызда ол солай жұмыс істесе – тамаша, қызық. Үш жерде деп айттыңыз. Енді өзім де солай ойлай бастаған сияқтымын.

– Метафора мен символдардың көптігі жасөспірімдерге түсінікті бола ма?

– Жасөспірімдер үшін жауап бере алмайтын сияқтымын. Фильмге тек бір метафораны әдейі кірістірдік. Ол – әкесі мен балаларының балық аулайтын сәті. Сол арқылы жасөспірімдердің қалай тұзаққа түсіп жатқанын көрсеткіміз келді. Өйткені, басқаша сыйғызу мүмкін емес еді. Балықпен байланысты тағы бір сәт болды. Біз "Достық Плаза" сауда үйінде түсірілім жүргізу үшін бір жыл күттік. Себебі, елдегі карантин шараларына байланысты шектеулер болды. Басқа сауда орталықтарына жүгінбестен, сол жерді тостық. Кейін рұқсат алған соң, "Достық Плазаның" балықтармен безендірілгенін көрдік. Іштей дұрыс бағытта келе жатыр екенбіз деп түйдік. Жалпы, балықтар процесс барысында пайда болды.

– Фильмде ата-аналарда эмпатияның жоқтығы мәселесі де көтерілді. Ал сіз жасөспірімдермен кастинг кезінде қалай тіл табыстыңыз? Бұл проблемадан қалай шығуға болады?

– Өкінішке орай, психология тұрғысынан кәсіби пікір айта алмаймын. Бірақ, меніңше, жасөспірімдер өте ашық. Олар үшін адамның ашық екенін, тыңдауға әзір екенін көру маңызды. Ал біз камерамызды қосып, бар назарымызды алдымызға келген жасөспірімге бағыттадық. Кей оқиғаларды айтпай-ақ қойғанын да қалаған сияқтымын (күлді). Олардың айтуға деген құштарлығының барын көре тұра бұл фильмді түсірмеу мүмкін емес еді.

Фархат Шәріпов пен "Схема" фильмінің басты кейіпкерлері

Оқи отырыңыз: "Энканто" анимациялық фильмінің қазақша дубляжы онлайн жарық көрді


– Фильмнің соңы кей адамның сынына ұшырап жатыр. "Педофил, жыныстық зорлық-зомбылық бола тұра, қалайша дәл осылай аяқталды" дегендей. Туындының соңына қатысты басқа да нұсқалар болған ба еді?

– Фильмнің қалай аяқталатынын таңдаған кезде жасөспірімдерге қарай икемделуге тырыстық. Басқа да нұсқалар болды. Соңына қарай Маша достары отырған үстелдің басына барған кезде көрермен "Мәссаған осындай таңдау жасады ма?" деп алаңдайтындай болуы керек еді. Бірақ, ол өзін теріс жаққа сүйреген ортадан өз бетінше шығу туралы шешім қабылдады. Мұндағы жасөспірім талдың жапырағы секілді. Жел қайда үрлесе, сол жаққа қарай ұшады. Ол әлі тұлға болып қалыптасып үлгермеген. Әлбетте, ол проблеманы тек үміт шешпейді. Егер фильмнің соңы көпшілікті қанағаттандырмаған болса, бәрінен кешірім сұраймын.

– Прокат мәселесін қалай шештіңіздер? Неге кинотеатрлардың бәрінде көрсетілмейді?

– Бұл Қазақстанда ғана үлкен проблема деп айта алмаймын. Қазір әлем бойынша ойын-сауық мәдениетінде үлкен дисбаланс болып жатыр. Көрерменде таңдау аз. Бірақ, жеке өзім көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын киноға ешқандай да қарсы емеспін. Керісінше керемет жақсы көремін. Ал прокатқа байланысты мәселені шешу жолы оңай деп білемін. Мысалы, сіз сеанстан шыққаннан кейін фильмнің қандай екенін айтуыңыз керек. Фильм көтеріп отырған тақырып пен сюжеті бәріміз үшін қиын болып көрінеді. Мұндай туындыларды жасөспірімдерге көрсетпеу – оларды таңдау мүмкіндігінен айырғанмен тең. Олар өмірді әртүрлі қырынан көруі керек. Ал прокатпен айналысатын азаматтар қоғамға қалай әсер ете алатынын түсінсе игі.

Режиссер Фархат Шәріповтың "Схема" фильмінің жабық көрсетілімі

– Осындай салмақты фильмдер түсіруді жалғастырасыз ба?

– Кішкене демалғымыз келеді. Кейінгі кезде не түсіретінімізді өзіміз таңдамайтынымызды түсіндім. Жағдай мен мүмкіндікке қарай. Әлі аяқтауымыз керек "Эвакуация" бар. Алда көрерменді қуанышқа бөлейтін фильм түсіріп, баланс сақтап тұру да ойда бар.

Серіктестер жаңалықтары