Өткен жылы қандай фейк, шындыққа жанаспайтын және манипуляция ақпараттар тарады? Factcheck.kz сайты қазақша тараған ТОП-10 фейктің топтамасын жасады.
№1. Жұмағұловтың қастандық теориясына сүйене сөйлеуі
30 наурызда өткен Парламенттік тыңдауда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі болған, қазіргі сенатор Бақытжан Жұмағұлов "Батыс елдерінің кейбір теріс идеологиялық технологияларымен күресу әлдеқайда қиын" деп, әлеуметтік желі туралы заң қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар, ол "Даллес жоспарын" сөз қылып, "Сол доктрина қазір де жетілдіріп, жалғасын тауып отырғаны күмән келтірмейді" деді.
"Қазіргі таңда Батыс елдерінің кейбір теріс идеологиялық технологияларымен күресу әлдеқайда қиын және көзге түспейтіндіктен едәуір басым күші бар екенін мойындауымыз керек. Кезінде АҚШ-тың ЦРУ-ын басқарған Аллен Даллестің КСРО-ны ыдырату жөнінде доктринасы бар еді. Содан үзінді келтірейін: «әдебиет, театр, кино, бәрі адамның ең нашар қасиеттерін бейнелейді және дәріптейді. Біз адамның сана сезіміне зорлық-зомбылық, сатқындық, бір сөзбен айтқанда рухани құлдыраушылықты дәріптейтін шығармашылық адамдарын көберек қолдаймыз және қолпаштаймыз[…]» . Сол доктрина қазір де жетілдіріп, жалғасын тауып отырғаны күмән келтірмейді. «Араб көктемі», ТМД-ның кейбір елдеріндегі, әр деңгейдегі ірілі-ұсақты демократия құндылықтары деген желеумен күштеп енгізіп жатқан революциялар бәрімізге белгілі. Халықаралық сарапшылар Қырғызстанда, Украинада, Арменияда өткен революциялар халыққа ешандай өзгеріс әкелмегенін айтады. ҚР жоғары сотының шешіміне сәйкес мемлекетімізде 22 ұйым экстремисттік, террористтік ұйым ретінде танылып қызметіне тыйым салынып отыр […]. …Сондықтан әлеуметтік желілер туралы заң қабылдау қажет деп білеміз",– деген Бақытжан Жұмағұлов.
Академик Жұмағұлов айтып отырған "Даллес жоспары"1990 жылдары пайда болып, кейін терістелсе де, бүгінге дейін пост советтік елдердің бірақарында өмір сүріп келе жатқан қастандық теориясы туралы зомби-фейк.
Доктринаның ағылшын тіліндегі түпнұсқасы әлі күнге дейін табылмаған, ал орыс тіліндегі "мәтіні" Ресейде экстремисттік деп танылған. Алайда бүгінге дейін ТМД қатарындағы елдердің биік трибуналарынан доктринаны "батыс елдерінің идеологиялық теріс ықпалынан", "жастарды рухани құлдыраудан қорғау үшін" ара-гідік айтылып қалады.
Оқи отырыңыз: "Қытайда жаңа нәсіл дүниеге келді". Жалған ақпарат
№2. COVID-19 вакциналары иммун жүйесін әлсіретіп, тәуелді етеді
Түрлі мессенджерлерде белгісіз бір вирусологтардың айтқан мәлімдемесі тарады. Оған сәйкес, COVID-19 вакциналары адамдарды тәуелді етеді, сондай-ақ кейін вакцина салынбаса адамда жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы (ЖИТС) пайда болады-мыс.
Бірақ хабарламада ғылыми дәлелденген бірде бір дәлел жоқ. Мәтіндегі жалғыз шындық – вирустардың мутацияға ұшырауы. Қалғаны қастандық теориясымен араласқан жалған ақпарат пен өтірік сөз. Мәтінде қандай да бір ақпарат көзіне сілтеме жоқ, сондай-ақ хабарламадағы вирусологтар кім екені белгісіз.
№3. "Cұмдық! Халықты жаппай чиптеу басталды!"
Әлеуметтік желіде Байқоңыр қаласының медицина қызметкерлеріне вакцина салып, салдарынан ауырып, бірінің құрысып, дірілдеп жатқаны бейнеленген видео тараған.
"Байқоңырда сыныптас құрбыларым бар еді, дәрігер, медбике болып жұмыс істейді. Оларға вакцинация бастапты. Бір сыныптасыма кеше салған екен. Бірініші күні сүйектері сырқырап, орнынан тұра алмай жатып қалыпты. Наркомандар сияқты, аяқ-қолымды баса алмай қалдым дейді. «Ертеңіне сүйектерім ауырғаны басылып, орнымнан тұра алмай, көзім жұбылып, ұйықтай беремін» деді. Кеше тағы бір қызға вакцина салған екен, аяқ-қолы тырысып, дірілдеп, жедел жәрдем қызметі инфекциялық ауруханаға алып кетіпті",– дейді видеодағы әйел даусы. [қаз қалпында — ред.]
Алайда бұл видео Байқоңырда емес 2015 жылы Жаңаөзенде түсірілген. Бұдан бөлек, коронавирус вакцинасын салдыртқан жағдайдың өзінде, кері әсері мұндай болмайды.
№4. "Ит екен деп қағып кеттік": құбыжық туралы видео
Мессенжерлерде белгісіз құбыжық бейнеленген видео тараған. Материалдың сыртында ер адам қазақшалап, белгісіз тіршілік иесін итпен шатастырып, көлікпен қағып кеткенін айтады.
Алайда видеодағы құбыжық фильм үшін дайындалған мүсін (манекен), ал материалдың өзі 1 сәуірге қалжың ретінде түсірілген болып шықты. Видео әр елде түрлі сипаттамамен, маусымның басында белсенді түрде тараған.
№5. Сақал рак ауруынан қорғайды
Stan.kz сайтында "Сақалдың рак ауруынан қорғайтыны анықталды" деген ақпарат жарияланды. Ақпаратқа сенсек, сақал өсірудің өзіндік "пайдасы" бар.
Алайда бұл ақпарат жалған. Stan.kz Sanderland университетінде дәріс беретін дәрігер Каран Рангарджан есімді азаматтың TikTok-ғы парақшасына сүйене отырып мәлімдеме жасаған. ТikTok-тан байқағанымыздай, Рангарджан видеода әлдебірбір зерттеуге сілтейді. Ал ол зерттеуде рак ауруы туралы мүлде айтылмаған.
Оқи отырыңыз: Ораза жайлы мифтер. Не шындық, не жалған?
№6. Peppa Pig балаларға қауіпті
Tengrinews.kz сайтында танымал "Торай Пеппа" (Peppa Pig) мультфильмі балаларға қауіпті деп танылғаны жайлы ақпарат жарияланды.Материалда бала тәрбиесі бойынша кеңесші София Гайлс сөзіне сілтеме жасалған.
Алайда, медиадағы материалдарда кликбейт тақырып қойылып, ақпарат бұрмаланған. The Sun сайтына София Гайлс (Sophie Giles) "Peppa Pig" мультфильмінің қауіпті деп емес, жаман мінез-құлыққа итермелейтін балаларға арналған 5 телешоу жайлы айтқан. Оның арасында "Торай Пеппа" да бар.
Кейін Tengrinews.kz сайты материалды өзгерткені туралы хабарлады. 5. Сақал рак ауруынан қорғайды.
№7. "Мектеп оқушыларын вакцина салу үшін "әдейі" офлайн оқытпақшы"
Әлеуметтік желілер мен мессенжердер арқылы күзде мектепке баратын оқушылар жайында "мемлекет балаларға жаппай вакцина салу үшін "әдейі" сабақты офлайн режимге көшірді, вакцина салып болған соң ІІ тоқсанда қайта онлайнға көшіреді" — деген ақпарат тараған.
Алайда, ҚР санитар-эпидемиологиялық комитетінің мәліметі бойынша, Pfizer вакцинасын 12-18 жас аралығындағы азаматтарға қолдануды жоспарлаған. Оның үстіне, Айжан Есмағанбетова балаларға вакцина салу ата-аналарының, қамқоршыларының және ресми өкілдерінің рұқсатымен ғана жүргілілетінін айтқан.
№8. Тегін баспана, 300$ мен медкөмек | Ердоған туралы тағы бір аңыз
Әлеуметтік желі мен мессенжерлер арқылы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға қатысты ақпарат тараған. Хабарламада Ердоғанның "65 жастан асқан әрбір тұрғынға тегін баспана, медициналық көмек және өмірінің соңына дейін 300 доллар жәрдемақы төлеу" туралы заңға қол қойғаны жайында айтылады.
Түркия президентінің сайтынан, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтынан, мемлекеттік ақпараттық сайттардан мұндай құжат не дерек табылмады. Сондықтан, мұны Ердоғанның "тамаша шешімдері" туралы тараған кезекті жалған ақпарат деуге болады.
№9. Тамыздың 7 мен 8 күндері улау жүреді…
WhatsApp желісіндегі қолданушылар 7-8 тамызда халықты далаға шықпауға үндеп, үкімет кезекті жоспарын орындап жатқанын айтып "дабыл" қаққан. Былтырғы шілде кезіндегі оқиғаны еске түсіріп, сол сияқты биыл да қайталанады деп ескертеді. Алайда мұндай ақылға қонымсыз ақпарат, әлбетте фейк болып шықты.
ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі ақпараттың жалған әрі шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан.
№10. Қазақ ұлтын жою үшін ашаршылық қолдан жасалып жатыр
Жұрт арасында "қазақ ұлтын жою мақсатында ашаршылық қолдан жасалып жатыр" деген контексте сәбіз бен картоптың шашылып жатқан видеосы тарады. Автордың айтуынша, елдегі қымбатшылықты қолдан жасау үшін мемлекет осындай әрекетке барған-мыс.
Алайда видео монтаждалған және түпнұсқадағы адам сөзінің мән-мағынасы мүлде басқа.
Оқи отырыңыз: Азаматтығы жоқ адамдарға қатысты мифтер