Тікелей эфир

Қазақстанға заңсыз әкелінген көліктерді тіркеу акциясы көлік тапшылығын жоя ма?

Автосарапшылар акцияны 2023 жылдың соңына дейін ұзартуды ұсынып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекке дейін жақын шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру мақсатында утиль алымы және бастапқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынды. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара болып отыр. Алайда утиль алымын алып тастау мәселесін көтеріп жүрген сарапшылар бұл нарықтағы көлік тапшылығы мәселесін шешпейді дей келе, өз ұсыныстарын жеткізді.

Нұраддин Садық, сарапшы:

– Президент жолдауында айтылған көліктерге жеңілдетілген кезең Қазақстан Республикасына бірінші қыркүйекке дейін кіргізілген армян және ресейлік көліктерге қатысты. Ал одан кейін кіргізілетін көліктерге қатысы жоқ. Ол көліктердің барлығы техникалық регламентке сай болу керек деген сөз айтылды, яғни ұрланған дегендей криминалдық тарихы болмауы керек. Осылардың бәрін ескере келе, ресми түрде Қазақстан аумағына 220 мың көлік кіргізілсе, кейбір ағайынның айтуынша, 300 мың көлікке жеткен.

Солай болған күннің өзінде де олардың арасынан ұрланған, техникалық регламентке сай емес, 2015 жылдан жоғары және оң жақ рөлді автокөліктерді алып тастасақ бар-жоғы 100 мыңға жетер-жетпес көлік қана қалады.

Бұл жеңілдік 19 миллион халқы бар Қазақстан қоғамындағы, көлік нарығындағы 100 мың адамның қолданыстағы көліктерінің мәселесін ғана шешеді. Бұл көлік тапшылығын азайтуға бағытталатын шара емес.

Үкіметке нақты ұсынысымыз бар. 2010 жылы Кеден одағына кірер алдында кедендік рәсімдеудің жеңілдетілген кезеңі енгізіліп, 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін созылды. Тура сол секілді президенттің айтқаны күшіне енбей тұрып өзгеріс енгізуді ұсынамын.

Яғни, Қазақстан аумағына кіргізілетін көліктерге 200-250 мың теңгеден аспайтын жеңілдетілген утиль алымы мен бастапқы есептік тіркеу алымын 1 қыркүйекке дейін кіргізілген көліктерге ғана емес, 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін кіргізілетін көліктерге де осындай бір реттік акцияны қолдануды ұсынамын.

Бұл қоғамда қалыптасқан көлік дефицитін біршама уақытқа дейін реттеп алуға мүмкіндік берер еді.

Көлік – көшпенді қазақ халқына тұрмысының негізгі атрибуты, сондықтан оны алуға мүмкіндік беру үкіметтің алғашқы кезектегі міндеттемелерінің бірі болуы керек. Бұдан бөлек отандық авто құрастырушылардың өзінде, автосалондарда ешқандай жаңа көлік жоқ. Жергілікті нарықты көлікпен қамтамасыз ете алмай отырған кезеңде халықтың өз қолын өз аузына жеткізуге, өзіне қажет көлігін өзі алып келуге мүмкіндік беру керек. Сол себепті тиісті органдар, министрліктер ұсынысымызды аяқасты қалдырмайды деген үмітіміз бар.


Оқи отырыңыз: Елге әкелінген көліктерді заңдастыру үшін бір жолғы 250 мың теңгелік жарна енгізіледі


Шыңғыс Темір, сарапшы:

– Егер сіз Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен автокөлік әкелетін болсаңыз, онда сіз келесі алымдарды төлеуіңіз керек:

  • автокөлікті бастапқы тіркеу үшін алым (ол көліктің жасына байланысты: 3 жылдан асқан автокөлік үшін алым – 1,6 млн теңге);
  • утиль алымы (қозғалтқыштың көлеміне байланысты: көлемі 1,6 литрлік автомобиль үшін – 550 мың теңге);
Егер көлікті ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден (Әзірбайжан, Грузия сияқты) әкелсеңіз, онда сіз утиль алымы және бастапқы тіркеу алымдарынан басқа келесі алымдарды төлеуіңіз керек:
  • кедендік баж салығы (автокөліктер құнының 15%-ын құрайды);
  • қосылған құнға салынатын салық (автомобиль құнының 12%);
  • көлік құралының конструкциясының қауіпсіздік сертификаты (СБКТС) – 50-200 мың теңге.
Енді мемлекет басшысының 1 қыркүйекте айтқан сөзін қарастырайық. 200-250 мың теңге – көптен бері айтып жүрген сома. Біздің ойымызша, бұзылған көліктерді жинау және қайта өңдеу жүйесін ұйымдастыруға жеткілікті сома. Бұл утиль алымының "қызыл" бағасы. Президент бұл іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара деп нақтылады. Ұрланған көліктер туралы айтқан шығар. Барлық тергеу әрекеттері аяқталғанша осындай көліктерді есепке алмау әбден қисынды. Ал кедендік рәсімдеу туралы айтқанда, президент кедендік төлемдер мен салық төлеуді меңзегені анық.

Сонымен, жолдауда әңгіме ЕАЭО елдеріне кірмейтін көліктер туралы болды. Бұл көліктер үшін 15% кедендік баж салығы мен 12% қосылған құнға салынатын салығы төлеуге тура келеді (және СБКТС жасау).

Егер көлік 1 қыркүйекке дейін әкелінсе, бірақ кедендік баж салығы мен қосылған құнға салынатын салығы әлі төленбесе, сіз оларды төлеуіңіз керек, сосын ұсынылған 250 мың теңгені төлеуіңіз керек, содан кейін көп күткен қазақстандық нөмірді аласыз. Бірақ ЕАЭО елдерінің (Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан) нөмірлері бар көлік жүргізушілері ше? Егер бұл көліктер ұрланбаған болса және олардың жүргізушілерінің тиісті сенімхаты болса, онда 250 мың теңге көлемінде бір реттік алымды төлеу жеткілікті болады. Содан соң көлігіңізге қазақстандық жолдарға жол ашық.

Бірақ осы жеңілдікке қатысты көп сұрақтар туындайды. Мысалы, егер сенімхаттың мерзімі өтіп кетсе немесе көлік Ресейде тіркеуден шығарылған болса қалай болады? Біз үкіметтен егжей-тегжейлі түсініктеме күтеміз.

Тағы бір мәселе, бұл көліктердің техникалық регламентке сәйкестігі. Егер көлік ескі болса және бұдан былай техникалық регламенттерге сәйкес келмесе, мұндай көлікті тіркеуге болады ма?

Оң рөлді көліктер мәселесі бөлек. Қазақстанда шетелдік нөмірлі оң рөлді көліктер көп. Мұндай көліктердің жүргізушілері рөлді сол жаққа "орнатып", көлікті тіркей ала ма? Тіркелсе де, мұндай шара қауіпсіз бе? Тіркелмесе, үкімет оларға қандай көмек бере алады? Осы және өзге де мәселелердің анық-қанығын білу үшін үкіметке сауал дайындадық.

 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары