Дүниеге нәрестелер дені сау не шала, туа бітті ақаумен келеді, ал кейбірі шетінеп кетеді. Ауру болса да, сау болса да, жаңа туған нәрестеге неонатолог дәрігер қарап, 28 күн бойы денсаулығын қадағалауы қажет.
Informburo.kz неонатолог, Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ доценті Гүлмира Алтынбаеваның өмірге дені сау ұрпақ әкелуге қатысты қыз-келіншектерге арналған кеңестерін ұсынады.
Бала сүюді қалай жоспарлау керек?
– Баланы дүниеге әкелу жоспарлаудан басталады. Қоғамда әйелдің жасы үлкен болған сайын баласы аурушаң болады, шала дүниеге келеді деген түсінік бар. Алайда қазір ауру жас талғамайды. Кеше ғана оқу бітірген 18 жастағы әйелдер де босанып жатыр. Анализін қарасаңыз, ауырмайтын жері жоқ. Сосын бала туабітті ақаумен не шала дүниеге келеді. Мұның бәрі жыныстық сауаттылыққа келіп тіреледі. Қоғамда ұят деген нәрсе бар. Мектеп бағдарламасында жасөспірімдерге жыныстық сауаттылық туралы айтылмайды.
Тұрмысқа шығуды жоспарлағанда алдымен дәрігерге қаралып, денсаулығын тексеріп алу керек. Ал бізде қыздың жасауын, тойды мұқият жоспарлайды да, екі жас өмірге ұрпақ әкелетіні қаперге кіріп-шықпайды. Әйел де, ер де денсаулығын толық тексеріп барып отбасы болуды, бала сүюді жоспарлағаны жөн. Сонда дені сау ұрпақ дүниеге келеді. Әйелдер тұрмыс құрған соң супер ана, супер келіншек болуды қалайды, ал денсаулықты ұмытып кетеді.
Оқи отырыңыз: Мемлекеттен – 2,5 млн теңгеге дейін. Ана мен балаға берілетін әлеуметтік көмектер қандай?
Сәбидің науқас болып тууына не себеп?
– Нәрестелер неше түрлі туабітті ақаулармен дүниеге келіп жатады. Мысалы, бір әйелдің бірінші баласы шетінеп, екінші баласы туабітті ақаумен өмірге келген. Үшінші жүктілігінде әйел өзінен "неге ауру бала дүниеге әкеліп жатырмын?" деп сұрамайды. Мүмкін денсаулығында кінәрат, ағзасында инфекция бар шығар? Баласы шала туған, жан сақтау бөлімінде жатқан аналардың көбі – жас келіншектер. Көбі бірінші рет жүкті болған. Сондықтан ауру адамның жасы мен әлеуметтік жағдайын таңдамайды.
Жақында Ақтаудан келген әйел салмағы 745 грамм шала нәресте босанды. Әйелдің жүрегіне ота жасалған. Ол да ана болғысы келеді. Жігітпен танысқанда жүрегінде ақау барын айтпайды. Кейде әйелдің өзі де немен ауыратынын білмей жатады. Тіпті, біреулер бір бүйрегі істемейтінін жүкті болған кезде ғана анықтайды. Сондықтан әйелдер тұрмыс құруды жоспарлағанда бірінші кезекте денсаулығына мән беру керек.
Оқи отырыңыз: Covid-19 эпидемиясы кезіндегі жүктілік. Ана мен бала денсаулығын қалай сақтауға болады?
Аналарға қандай көмек көрсетіледі?
– Бала туабітті ақаумен не шала дүниеге келгеннен кейін "неге менің балам осылай туды" деп өзін жегідей жейді. Мысалы, бөлімдегі бес баланың бірі аппараттан палатаға ауыстырылады. Баласы аппаратта жатқан әйел "оның баласы неге тезірек шықты, менің балам неге шықпай жатыр" деп қайтадан өзін кінәлайды. Палатасына барып жылап алады, бізге жасын көрсетпейді.
Үйінде жәбірлеушілікті көп көрген қыз-келіншектердің баласы ауру болады деу қате түсінік. Ол психологиялық тұрғыда әйел, ана болуға дайын емес. Барлық қыз-келіншек бірінші баласын дүниеге әкелгенде бала жылап, ауырып түнімен ұйықтамайды. Бұл әйелдерге ауыр тиеді. Бірақ жағдайды әркім әртүрлі қабылдайды. Оларға баланы анасы ғана жұбатып, тамақтандыра алады деп түсіндіреміз.
Бала жазылмайтын дертпен дүниеге келеді. Даун синдромы секілді ешқандай операцияны қажет етпейтін әртүрлі ақаулармен туады. Әйел ана ғой, сәбиін іштей жақсы көргенімен, баласы неге осылай өмірге келгені маза бермейді. Сәбиі шетінеген аналарға психологиялық тұрғыдан көмек береміз. Баланың осы дерттен айығуы сіздің психологиялық тұрғыдан қалыптасуыңызға байланысты деп айтамыз. Ауырмайтын бала жоқ, дені сау баланың өзі ауырады. Ана болуға дайындық керек, шыдамды болуы тиіс. Әр аурудың өз емі бар. Сабырмен, сауаттылықпен баланы аурудан алып шығу керек. Анадан басқа ол балаға көмектесетін адам жоқ екенін түсініп, жағдайды қабылдауы қажет.
Оқи отырыңыз: Алимент, жәрдемақы және баспана. Некесіз босанған ана мен оның балаларының құқығы қандай?
Ерте жүктіліктің қалай алдын алуға болады?
– Баланы мектеп пен үймен қатар әлеуметтік желіде тәрбиелеп жатырмыз. 15 жаста босанып жатқандар бар. Ұят болмасын деп баланы ата-анасы асырайды не балалар үйіне өткізеді. Сәбиге қарағысы келмеу, көшеге тастап кету деген бар. Алдын алудың бірден бір шарасы – сауат ашу. Жыныстық қарым-қатынас туралы ашып айту керек. Контрацепция қолданбаса жүктілікке әкелетінін барлық оқушы, жас білуі керек. Бала өзін мектепте бөлек, үйде бөлек ұстайды. Оқуға түсіп сыртқа кеткенде мүлдем бөлек болады.
Қыз сауатты, білімді болса, гормондар мен ағзасындағы өзгерістер туралы біліп отырса, әкесі ұлымен, шешесі қызымен сөйлессе, мектепте мұғалім ұялмай сондай сабақтарға көбірек көңіл бөліп, оқушының сауатын ашса, жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын аламыз. Бұл өте өзекті мәселе, өйткені біз сауатсызбыз. Контрацепция дегенді біреу білсе, біреу біле бермейді. Тіпті тұрмыс құрған қыздардың өзі "тағы да көтеріп қойыппын" деп жатады. Қай кезде болсын медицинаға жүгініп, жүктілікті жоспарлау керек.
Материал Bugin Association ҚБ мен Hanym Kazakhstan қыз-келіншектерді дамыту орталығының ұйымдастырумен өткен "Қазақ әйелі: Кеше. Бүгін. Ертең" атты нетворкинг кездесу аясында әзірленді.