31 арна тілшісі 2000 жылы Сидней Олимпиадасына Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдәбеков, Бекзат Саттарханов, Болат Жұмаділовтерді апарып, финалға төрт қазақ боксшысын шығарған сол кездегі ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділовпен сұхбаттасты.
– Боксшыларымыздың жеңілісін қалай қабылдап жатырыз? Олардың Токио Олимпиадасында қарсыластарынан жеңіліп қалуының себебі не?
– Бүкіл спортшылар жарыстан жарыс, жаттығу жиынынан келесі жиынға барып әбден шаршаған. Бәрінің көзінде от, сезім жоқ. Ұмтылайын десе де, ештеңе істей алмай жатыр. Шабуылдың, әсіресе қары шабуылдың жоқтығының себебі – осы. Спортшылар қайта-қайта жарыстар мен жиындарға бара берген соң шаршап, қалпына келе алмай жатыр. БоксшыларТокио Олимпиадасына шаршап келген.
– Әлі де медаль алатын мүмкіндік бар ма?
– Бар, бірақ қандай медаль деген сұрақ туады. Финалда Қамшыбек қалай өнер көрсетеді, олфиналға дейін жете ма? Ал Аманқұлдың қарыластары кіл мықтылар. Нәтижені тек қана ринг көрсетеді. Медаль алу керек, бірақ ол алтын, күміс не қола бола ма, оны айта алмаймын.
– Жағдайды түзеу үшін не істеуіміз керек?
– Жағдайды түзеу үшін бәрін өзгерту керек. Бүкіл жағдайға мамандар талдау жасауы керек.
– 69 келі салмақтан айырылып қалдық. Кім кінәлі?
– Абылайхан Жүсіпов өте мықты бокшы. Бірақ қаншама жиын, жарыста жүріп ол да шаршады. "Қазақтың салмағы" делінетін 69 келі салмақта өнер көрсету үшін асқан психологиялық дайындық керек. Боксшы деген қарсы шабуылдаушы еді ғой. Ол қазір жоқ. Бір статистика айтайын, Абылайхан бір жылда өткен дайындықтан америкалық боксшылар төрт жылда өтеді.
– Жаттықтырушылар штабын өзгерту керек пе?
– Жаттықтырушылар штабын өзгерту керек. Бокшылар шаршады ма, не ішіп-жеп жатыр, қалай ұйықтайды – соның бәріне талдау жасайтын бапкерлер болуы керек.
– Жаттығудың көп болуы жаман ба?
– Жеке бапкермен жаттықтыру жоқ. Бәрі сол ортақ бапкерлер. Бұрын әр өңірдің өзіндік бокс мектебі болатын. Қазір ол жоқ.
– Бізде ішкі іріктеу дұрыс жүргізіле ме? Әлеуметтік желіде "Абылайхан Жүсіповті Олимпиадаға жібермеу керек еді" деген әңгіме өріп жүр. Келісесіз бе?
– Ондай бар. Мәселен, Асланбек Шымбергенов өте талантты боксшы. "Астана Арландарында" ол жеңілді. Бірақ, Олимпиадаға ол лайық еді.
– Ұлттық құрамадағы жас бапкерлер сіздермен ақылдасып, кеңесе ме?
– Жоқ. Қазір бәрі бәрін біледі. Боксшыны "қажеті жоқ жарысқа апармады, жиынға қатыстырмады" дегенді естімедім. Бұрын хабарласатын. Болат Жұмаділов қоланы әзер алғанда 1998 жылы бір жылдай демалдырғанмын. Қазір бұл жоқ.
– Жастар құрамасына ақша аз, ал ұлттық құрамаға көп бөлінеді. Мүмкін бірдей қаражат беру керек шығар?
– Жарыққа шығатын бала – шығады. Құрама команда сапындағы Жәнібек Әлімханұлы 2012 жылы Қазақстанда "жарып шықты". 2013 жылы әлем чемпионы болды. Мықты балалар бар, тек оларды тани білу керек. Кез келген облыста ақша жеткілікті. Бірақ, білетіндерден ақыл сұрайтын адам жоқ.
– Бес бірдей әлем, екі бірдей Олимпиада чемпионын, Олимпиаданың екі күміс жүлдегерін дайындаған Тұрсынғали Еділов қазір не істеп жүр?
– Қазір кішкентай балаларды жаттықтырамын. Айына он мың береді. Тапса, әрине. Нәтиже көрсетіп жүрген балалардан ақы сұрағым да келмейді. Спортқа жас және жұлдыз болғанда ғана керек екенсің. Ал қазір ешкімге керегің жоқ. Жан бағып, осы жерде нан тауып жүрмін.
Сұхбаттың видео нұсқасы төмендегі видеода: