Қазақстандық шахматшы, FIDE Халықаралық шахмат федерациясының 2021 жылы Польшада өткен чемпионатының блиц бойынша әлем чемпионы, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева бүгін анасымен бірге елордаға ұшып келді. Әлемдік шахмат түрлері тарихындағы ең жас әлем чемпионын әуежайдан жанкүйерлері күтіп алды.
Informburo.kz тілшісі де жанкүйерлер қатарында болып, жас гроссмейстерден арнайы блиц-сұхбат алды.
– Чемпионат қалай өтті?
– Чемпионат өте тартысты өтті. Бес күнге созылды. Алғашқы үш күн рапид, соңғы екі күн блиц болды. Жылдам шахмат – рапидтен күміс алдым. Блицте 8-турдан бастап алда болдым, нәтижесінде алтын жүлдеге қол жеткіздім. Турнир бойы бірінші тақтада ойнадым. Ересектер арасындағы әлем чемпионатынан алтын және күміс жүлде әкелгенім үшін өте қуаныштымын және бақыттымын.
– Қай партия өте тартысты өтті?
– Барлық партия қиын болды, себебі үнемі тас-түйін дайын отыруың керек. Оның үстіне әйелдер арасындағы чемпионат болғандықтан, олардың ойын деңгейі де балалар арасындағы чемпионатпен салыстырғанда жоғары.
Бірақ, блиц және рапидтен әлем чемпионы Нана Дзагницемен өткен партияның соңғы туры өте маңызды ойын болды. Мен онда ақ тастармен таза екінші орын алдым. Блицте әлемнің екінші шахматшысы Александра Костенюкпен 16-тур қиынға соқты. Дегенмен, турнир аяқталуға бір тур қалғанда қара тастармен жеңіске жеттім.
Оқи отырыңыз: Казахстанская шахматистка Бибисара Асаубаева стала чемпионкой мира по блицу
– Чемпионатқа қалай дайындалған едің?
– Жаттықтырушым Сергей Викторович Долматовпен жаттығып жүргеніме көп болды. Бұл турнирге де тыңғылықты дайындалдық.
– Алда қандай мақсат-жоспарларың бар?
– Мақсатым өте көп. Оларға қол жеткізу үшін көп жұмыс істеуім керек.
– Сабақпен бірге алып жүру қиын емес пе?
– Қиын емес, бірақ мен шахматқа көбірек көңіл бөлемін.
– Шахматтағы кумирің кім?
– Магнус Карлсен.
– Шахматтан басқа қандай қызығушылықтарың бар?
– Шахматтан басқа қызығушылықтарым көп. Спортпен шұғылданамын, серуендегенді, кітап оқығанды, сурет салғанды жақсы көремін.
– Өзіңе еліктейтін жас шахматшыларға қандай тілек айтасың?
– Армандарыңызға сеніңіздер, олар орындалады және сол жолда көп еңбектеніңіздер.