Тікелей эфир

Кесарь тілігі жасалған анаға қандай күтім қажет?

Кесарь тілігі жоспарлы және шұғыл түрде жасалатын болып екіге бөлінеді.

Кесарь тілігі – нәресте мен оның жолдасын құрсақ қуысы мен жатырды кесу арқылы шығару тәсілі. 

Егер жүкті әйелдің алғашқы екі баласы кесарь тілігімен алынған болса, онда одан кейінгі сәбилері де осы жолмен дүниеге келеді.

Ондай жағдайда жүкті әйелдің айы-күні таяғанда ота жасалатын күн алдын-ала белгіленіп, ол операциядан бірнеше күн бұрын ауруханаға келіп жатады. Бұл – жоспарлы кесарь тілігі.

 Ол төмендегі жағдайларда жасалады:

  •  жолдастың дұрыс орналаспауы;
  •  кез келген операциядан кейінгі тігістердің қанағаттанарлықсыз жағдайы немесе жатыр қабатында бірнеше операциялық тігістердің болуы;
  •  жатыр миомасы;
  •  жамбас сүйегі тар болса (баланың басының диаметрі анасының жамбас сүйектердің арасындағы саңылаудан үлкен болса, осындай диагноз қойылады);
  •  баланың туылуына кедергі келтіретін жамбас сүйектерінің деформациясы;
  •  шат сүйектерінің алшақтығы (айқын симфизит);
  •  гестоздың ауыр түрі;
  •  онкологиялық, жүрек-қан тамырларының, жүйке жүйесінің, эндокриндік аурулар, т.б.;
  •  миопияның ауыр түрі (көздің нашар көруі);
  •  ұрықтың жатырда көлденең немесе керсінше жатуы;
  •  ұрықтың артық (3,6 кг артық) немесе жеткіліксіз салмағына (1,5 кг төмен) сәйкес жамбас алдында жатса;
  •  ұрықтың салмағы 4 кг артық болғанда жүктіліктің асқынуы;
  •  30 жастан асқан әйелдің жүктілігінің асқынуы (қиындауы);
  •  ұзақ уақыттан кейінгі бедеуліктен соң жүкті болғанда туындаған асқынулар (оның ішінде жасанды түрде ұрықтандыру нәтижесі де бар);
  •  ұрықтың созылмалы оттек жетіспеушілігі (гипоксия), әдетте анасы ауырғанда және жүктілік кезінде өмір салтын дұрыс сақтамаудан пайда болады;
  •  ұрықтың гемотологиялық ауруы (резус-конфликт кезінде);
  •  анасында генитальды ұшықтың (герпес) асқынуы;
  •  уақытына жеткен (9 ай толған) жүктілікті тоқтату қажеттілігі туындаса;

Ал толғақ кезінде ананың денсаулығында әртүрлі асқынулар пайда болса, яғни қан қысымы көтеріліп, бүйрек, бауыр қызметтерінде қалыптан тыс өзгерістер пайда болса немесе толғақ кезінде баланың жүрек соғысы нашарлай бастаса, қағанақ суының түсі өзгерсе, онда екеуінің өмірін сақтап қалу үшін, амал жоқ, кесарь тілігіне жүгінуге тура келеді. Бұл – кесарь тілігінің шұғыл түрі.

Ол төмендегі жағдайларда жасалады:

  •  жолдастың уақытынан бұрын қатпарлануы (босанатын уақыты басталған кезде);
  •  әйелдің туу әрекетінің әлсіздігінен;
  •  туу әрекеті болмаған жағдайда ұрық маңайындағы судың ағып кетуі;
  •  ұрық туылмай тұрып, кіндігінің ілмектерінің түсіп қалуы;
  •  ұрықтың ауыр гипоксиясы;
  •  ұрықтың басының дұрыс орналаспауы (бетімен немесе маңдайымен жатса).

Ота жасалатын күн қалай анықталады?

Босанатын әйелдің жағдайы бағаланып, соңғы етеккірдің күніне, алғашқы ультра-дыбыстық зерттеу нәтижесіне байланысты босанатын күні анықталып, босану күніне мейлінше жақын күн белгіленеді. Сонымен қатар бұл кезде міндетті түрде әйелдің де қалауы ескеріледі. Әйел адамның кесарь тілігіне берілетін рұқсаты міндетті түрде жазбаша рәсімделеді

Егер әйел адам алғаш рет кесарь тілігін жасатса, одан кейін араға кемі 1,5-2 жыл салып жүкті болса, онда баланы табиғи жолмен әкелуге мүмкіндігі бар.

Ол үшін әйелдің ден­саулығы қалыпты болуы қажет және операциядан кейін ешқандай асқынулар мен қабыну белгілері болмауы тиіс. Ал егер жатырға қатарынан екі немесе одан да көп тілік түскен болса, онда баланы тек отамен ғана аламыз, басқа ешқандай жо­лы жоқ.

Кесарь тілігі жасалғаннан кейінгі әйелдің жағдайы

Алғашқы 6-12 сағат бойы әйел өзінің бойында наркоздың әсерін сезінеді. Ерте жасалған операциялық кезеңнен кейін әйел реанимация бөлімінде немесе интенсивті терапия палатасында жатады. Егер операция ешқандай асқынуларсыз жасалса, онда келесі күні әйел реанимациядан босанғаннан кейін жататын палатаға ауыстырылады (баласын жанына береді). Егер ешқандай қауіп туындамаса, баланы анасымен бірге әдетте 6-7-ші күні шығарады. Оның алдында 4-5-ші күндері тігістерін алады.

Диета

  • Алғашқы кездері газдалмаған минералды су ішу керек. Оның лимон шырынын аздап қосуға болады.
  • Екінші тәулікте майсыз сорпа, ботқа, қайнатып пісірілген ет, тәтті шәй ішуге болады.
  • Үшінші тәуліктен бастап бала емізген кезде бас тартатытн тағамдардан басқасының барлығы ішуге рұқсат беріледі. 

Кесарь тілігінен соң сәбиді табиғи жолмен босануға бола ма?

Ешбір қауіпсіз өткен кесарь тілігі операциясы келесі сәбиді табиғи жолмен дүниеге әкелу мүмкіндігінен айырмайды. Алайда жатыр қабатындағы тігістің бітіп кетуіне шамамен екі жылдай уақыт қажет, сондықтан кесарь тілігінсіз сәбиді дүниеге әкелуді үш жылдан соң жоспарлауға болады

Серіктестер жаңалықтары