Сулейман Демирель университетінің студенттері Қызжібек Әбзелева мен Ақдидар Әбдімаулен оңтүстіккореялық BTS тобы туралы сторителлинг жоба әзірледі. Жеті жігіттен құралған топ орындаушылар ғана емес, олар қоғамдағы түрлі мәселелерді халықаралық ұйымдар мен мемлекет басшылары деңгейінде көтеріп жүр. Таяуда ғана Ақ үйде АҚШ президенті Джо Байденмен кездесіп, нәсілшілдікке қарсы өзара талқы жасады. BTS Корея Республикасының бюджетіне жыл сайын 4 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы әкеледі. Ал олардың әлемдік фанклубы ARMY деп аталады. Қазақстанда да BTS тобының жанкүйерлері аз емес.
Осы орайда Informburo тілшісі "Халлю: Неліктен бүкіл әлем BTS-ті жақсы көреді?" сторителлингінің авторлары Қызжібек және Ақдидармен сөйлесті.
– Неліктен бұл тақырыпты таңдадыңыздар?
– Біздің диплом жобамыз екі жұмыстан тұрады. Біріншісі зерттеу, екіншісі мультимедиалы жоба. Зерттеу тақырыбына ақпарат жеткізудің жаңа тәсілі – визуал сторителлингті алдық. Онда визуалмен қатар жүрген мәтіннің артықшылығын, элементтерін және маңызын зерттедік. Визуал сторителлинг элементтерін қолдана отырып мультимедиалы жоба жасадық. Ол BTS тобы мен олардың жанкүйері ARMY-ге арналады.
Бұл қазақ тілінде аз зерттелген тақырып. Өзіміз корей мәдениетіне қызығамыз, зерттейміз. Сонымен қатар Қазақстанда корей мәдениетіне, BTS өнеріне қызығатын жандар аз емес. Алайда ақпараттың көбі өзге тілде болған соң, қазақ тілінде контент табу қиын. Осы нәрсе BTS пен ARMY туралы визуал сторителлинг материалын шығаруға негіз болды.
– Диплом жобаларыңыз несімен ерекшеленеді?
– Ақпаратты тиімді жеткізу тәсілін осы диплом жобасы арқылы көрсеткіміз келді. Жобада түрлі элементтер көмегімен ақпарат ұсындық. Арнайы сайтта жұмыс істеп, визуал сторителлинг жоба әзірледік. Осылайша қазақ тілінде жазылған визуал сторителлинг материалдарының артуына үлес қостық.
Жобамен айналысқанда HTML-кодпен жұмыс істедік. бұл жұмысты тек IT мамандары ғана емес, журналистер де істей алатынын түсіндік.
Ал жоба арқылы BTS-пен толық танысып шығуға болады. Олардың кім және қайдан шықаны, неліктен танымал екені, жетістіктері мен әндері туралы ақпараттың барлығы біздің жобада бар. Сонымен қатар BTS-тің жанкүйерлер өміріне әсері қандай болғанын кейіпкерлер оқиғасынан білуге болады.Біздің жобаны кез келген адам оқи алады. Себебі мұнда жанкүйерлер окиғасы мен топ туралы ақпарат қоса берілген. Жобаны оқи отырып BTS тобымен толық танысып шығуға болады.
– Неліктен бүкіл әлем BTS-ті жақсы көреді?
– Біздің жобадан осы сұраққа жауап табуға болады, Себебі біз бес кейіпкердің оқиғасы арқылы жанкүйерлердің BTS-ті неліктен жақсы көретінін көрсеттік.
Жоба шыққаннан кейін адамдар пікірін айта бастады. Олар визуалды ата-анасына көрсетіп, BTS-тің еңбегін, жастарға әсерін түсіндіре алғанын айтты.
BTS өз әндерінде әлеуметтік мәселелер туралы көп айтады. Соның арқасында жанкүйерлердің өмірін өзгертуге үлес қосып келеді. 2017 жылы BTS тобы UNICEF қорымен бірлескен жоба бастады. “Өзіңді сүй” (LOVE MYSELF) науқаны жастардың құқықтары мен өмірін жақсартуға арналған. Жанкүйерлерлер #BTSLoveMyself хештегі арқылы әлеуметтік желіде өз хикаяларын бөлісе бастады. Нәтижесінде топтың әндері жанкүйерлерінің өміріндегі қиындықтарды жеңуге және өздерін жақсы көруге көмектескені белгілі болды. Бұл жүздеген себептің тек біреуі ғана.
– BTS тобы әлемге қалай танылды? Оңтүстік Кореяда мұндай жігіттерден құралған топтар өте көп. BTS олардан несімен ерекшеленеді?
– BTS – шағын компаниядан шыққан топ. Алғашында оларды Кореяда сынға алғандар көп болды. Өз елдерінде мойындалмады. Бірақ олар тоқтамай жұмыс істеді. BTS жанкүйерлеріне зерттеу жүргізген Nicole Santero k-pop тыңдармандарына BTS-тің музыкаға адалдығы, олардың өнер шыңына жетудегі шабыттандыратын оқиғасы ұнайтынын айтады. Біз де бұл сөзбен келісеміз, себебі олар сын мен стереотипке қарамай музыка индустриясына әсер етті.
Әр топтың өз артықшылығы бар. BTS-ті басқалардан жанкүйерлерімен тығыз байланысы ерекшелейді. Себебі олар алғаш сахнаға шыққаннан бері тыңдармандарымен жақын қарым-қатынаста болды. BTS тыңдармандарына арнап түрлі сапалы контент шығарады. Олар мықты фан-базаның арқасында танымал болып, әлемдік рекордтар мен жетістіктерге бірге жетті.
– ARMY Қазақстанда көп пе? Оларды BTS-тан басқа не байланыстырады?
– Қазақстанда топ жанкүйерлері көп. Тіпті WithBTS атты ARMY фан-базасы бар. Олар топқа қатысты түрлі жоба істейді.
Мысалы, қаладағы үлкен led-экранда қатысушыларды туған күндерімен құттықтайды. Бұл жоба Қазақстанның барлық қалаларында ұйымдастырылады. Одан бөлек жанкүйерлер қайырымдылық қорына көмектеседі. Мысалы, олар ASARUME қорына 168 000 мың теңге аударып, игі іс жасады.
Мультимедиалы жобада бес жанкүйер BTS пен топ қатысушыларының жанкүйерлеріне қалай әсер еткені айтылған. Мысалы, топ көшбасшысы RM Маржан есімді жанкүйерге жаңа нәрсені үйренуді, шығармашылық шабыт пен жеке тұлға ретінде дамуды үйреткен. Ал V есімді қатысушы Маржанды эстетика, сұлулық пен талғампаздыққа жақын еткен.
– Қазақстанда да әлемдік деңгейге шыға алатын қандай музыканттар бар деп ойлайсыз?
– Иә, бізде де талантты артистер бар. Мысалы, Ninety One тобы. Олардың да әлемнің көптеген елінен қолдаушылары бар. Әндері мен бейнебаяндары басқалардан ерекшеленеді. Олар да әндері арқылы жанкүйерлерге қолдау көрсетеді.
Сонымен қатар Ninety One қазақ музыкасының дамуына үлес қосып жатыр. Қазақ тіліне, қазақ жастарына пайдасы бар. Болашақта үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймыз. Біз Ninety One-ның тіл мен мәдени кедергілерге қарамастан жанкүйерлері көп болатынына сенеміз