Бейбіт заманда болмашы себептен туған кикілжіңнен соққыға жығылып, оның ақыры адам өліміне апарып жатқан жайттар аз емес. 31 арна журналисі Ирина Советжанқызы "Сөздің шыны керек" бағдарламасында осындай екі оқиғаның егжей-тегжейін баяндайды.
"Баламды баласы, мені анасы ұрды"
Бірінші оқиға Алматы облысы, Іле ауданына қарасты, Жетіген ауылында болған. 31 арна редакциясына шағымданып хабарласқан ауыл тұрғыны Гүлжәзира Жұмаштың айтуынша, 21 наурыз күні 8 сынып бітірген ұлын сыныптасы ұрып кеткен. Анасы бұл жайлы мектеп мұғаліміне ескерткен соң, іле-шала үйіне төрт адам – ұлын соққыға жыққан бала, оның анасы мен аға-әпкесі бірге келіп, кешірім сұраудың орнына Гүлжазираның өзін тепкі астына алыпты. Соққыдан оның мұрны сынады.
Гүлжазираның айтуынша, екі бала арасындағы кикілжіңнің басы бұл емес екен. Ұлы бұған дейін де бірнеше рет соққыға жығылған. Дегенмен, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бұған дейін оның баласына әлімжеттік жасалғаны туралы шағымданбаған.
Оқи отырыңыз: "16 жерінен пышақтаған". Соққыға жығылған әйелдерді кім қорғайды?
Гүлжазира мұрыны сынған соң, Іле аудандық полиция бөліміне шағымданады. Алайда полиция бөлімі тек әкімшілік іс қозғап, мұрын жарақатын жеңіл жарақатқа балайды. Соған орай, жәбірленуші тарап істің қайта қаралуын талап етіп отыр.
Айыпталушылар болса, Гүлжазира Жұмаштың моральдық-материалдық шығын ретінде 5 млн теңге талап еткенін алға тартып, оның екі баланың төбелесінен пайда тапқысы келгенін айтады.
Ал Алматы облыстық полиция департаменті істің неге әкімшілік баппен қозғалғанын әкімшілік соттың қаулысын жіберіп, түсіндірді. Қаулыда өндіріс құқық бұзушының жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылып, ол жауаптылықтан босатылғаны жазылған.
Оқи отырыңыз: "Баланың өңешінде мақтаны ұмыт қалдырған". Дәрігер салғырттығын анықтау мүмкін бе?
"Досының қолынан қаза тапты"
Екінші оқиға да Алматы облысы Қаскелең қаласының маңында болған. 32 жастағы Қанат Мадьяровтың өлімі бейнежазбаға түсіп қалған. Видеода оны будка ішінен біреудің итере құлатқаны анық көрініп тұр. Қанат құлаған бойда басымен асфальтқа соғылып қимылсыз жатады. Одан әрі құлатқан адамның оны көтеруге әрекеттенгені бейнеленген.
Алайда бұл соққыдан кейін Қанат тіл тартпай кеткен. Артында екі баласы мен әйелі қалды.
"Кеудесінен екі соғып, бар күшімен лақтырып жіберді. Асфальтке түсті. Медициналық көмек көрсетілсе, тірі қалар еді", – дейді марқұмның әкесі Мұхат Мадьяров.
Ол ұлының өліміне оның достарын кінәлайды. Өйткені, олар бұл оқиғадан кейін Қанаттың өзі құлап қалғанын айтып, шындықты жасырып бағыпты. Тек видео тарап кеткеннен кейін ғана "шалынып құлады" дегенді айтқан. Алайда құлаған бойда жедел жәрдем шақырмай не отбасына ескертпей, үйдің есігінің алдына әкеліп тастағандарын кешіре алмайды.
Мұхат Мадьяровты ең ашындыратыны – ұлының өліміне себепкер болғандардың рақымшылық бабына ілініп, жазадан құтылып кеткені болып отыр.
Оқи отырыңыз: "Баланы балаға бақтырады". Қараусыз ұрпақ қауіпсіздігіне кім жауапты?
Марқұмның жұбайы Айгүл Қуатжанқызының айтуынша, достары әкеліп тасаған Қанат "демаламын" деп жатып қалады. Содан оянбаған. Айгүл күйеуінің достарының ең болмаса тірі кезінде алған несиесін де төлемей қашып жүргеніне қапалы.
Бейнежазбамен танысқан заңгер Ғабит Өмірбековтің түсіндіруінше, іс 104-бап, яғни "абайсызда қайтыс болу" бабы бойынша қозғалса, онда күдіктілер рақымшылыққа іліне алады. Бірақ, бұлай болғанның өзінде марқұмның отбасының шығынын өтеп беруі тиіс екен.
"Абайсызда қазаға ұшырату" деген бап бар. Ол бап бойынша, үш жылға дейін бас бостандығынан шектейді не айырады. Бұл аса ауыр қылмыстық іске жатпайды. Орташа, аса ауыр қылмыстық істерге кірмейтін істер кешіріледі", – дейді Ғабит Өмірбек.
Бұл іс бойынша Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин де түсініктеме берді.
"Тергеу барысында күдікті қаза болған жігітпен бірге ішімдік ішіп, содан туындаған жанжал кезінде өзінің жұмыс жасайтын орнынан шығарып жіберу үшін кеудесінен итеріп қалғаны. Соның салдарынан екіншісі есік табалдырығына шалынып, жарақат алғаны анықталды. Сол себепті прокуратура өкілдерінің келісімімен аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабымен қылмыстық құқық бұзушылық бабымен сотқа жолданды", – деді ол.
"Сөздің шыны керек" жобасының авторы – Ирина Советжанқызы