Димаш Құдайберген алғаш рет Алматыда жеке концертін берді. Орталық стадионда өткен Stranger атты шоу-концертке әлемнің 70 жуық елінен Димаштың жанкүйерлері келді.
20.00-де басталатын концертке жанкүйерлер ерте жиналды. Шара басталғанша олар стадион сыртында Димаштың суреті бар баннерлерде фотоға түсіп жатты.
Концертке әлемнің түкпір-түкпірінен Димаштың жанкүйерлері келген. АҚШ, Испания, Дания, Финляндия, Германия, Ресей секілді елдердің туын байқауға болады.
Көрермендер концерттің басталуын көп күткен жоқ. Шоу белгіленген уақытта басталды. Алтын адам костюмін киген Димаш сахнаға жоғарыдан түсті.
Димаш алдымен туған халқымен амандасты. Содан соң шетелден келген жанкүйерлеріне алғыс білдіріп, тыңдармандарын жақсы көретінін айтты. Туған халқына бас иіп, тізерледі.
Әнші Алматыда өтіп жатқан алғашқы концертінің орны бөлек екенін атап өтті.
"Әр мемлекетте өтіп жатқан концертім ерекше ұмытылмас күн деп ойлаймын. Алматыдағы жерлестеріме, ағайындарыма беріп жатқан ең алғашқы емтиханым деп айтсам болады. Сол себептен көңілдеріңізден шығып, баталарыңызды алу үшін алғаш рет келіп тұрмыз", – деді Димаш Құдайберген.
Димаш інісі Әбілмансұр жазған әнді сахнада алғаш рет шырқады. Інісін халыққа "жас композитор" деп таныстырды.
Әнші қазақ, орыс, ағылшын, француз, қырғыз, испан, қытай тілдеріндегі туындыларды орындады. Қытайда өткен I'm a Singer жобасында шырқаған әндерін де ұмытпады.
"I'm a Singer аяқталғалы алты жыл болды. Содан бері қанша елдің композиорымен жұмыс істедім. Әндерімді халықпен қосылып шырқасам деп армандайтынмын. Сіздердің арқаларыңызда орындалып жатыр. Сіздердің қошеметтеріңіз пен үшін ерекше. Сіздерді жақсы көремін. Еліміз аман, тәуелсіздігіміз мәңгі болып, халықымыздың аузбіршілігі ажырамаса екен. Сөздің шыны керек, біраз оңбаған заман болып тұр. Әртүрлі қитұрқы әңгімелерге мән бермей, ақыл-санамыздың, өреміздің биік екенін, парасаттылығымызды дәлелдеп жүре берейік", – деді Димаш.
Лық толы стадион "Елім менің", "Дайдидау", "Ұмытылмас күн", "Махаббат бер маған", "Screaming", "Любовь уставших лебедей" әндерін Димашпен бірге шырқады. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрі мен "Бастау" тобындағы домбырашы жігіттер қазақтың күйлерін орындап, тыңдармандардың рухын көтерді.
Стадионға жиналған көрермен ән тыңдап қана қоймай, Led-экрандардан "Ақсақ құлан" күйінің пайда болуы, қобыздың тарихы секілді қазақтың аңыздары баяндалатын роликтерді тамашалады. Димаш Құдайберген соғысқа қарсылығын білдіретін The Story of One Sky (қазақша – "Бір аспанның тағдыры") атты өзі жазған туындыны Алматыда алғаш рет шырқады. Led-экраннан көрсетілген жаңа бейнебаянның үзінділерінен соғыс фрагменттерін аңғаруға болады.
Димаш бұл шығарманы үш жыл бұрын жазып бастаған.
"Қазір бір оңбаған заман болып тұр. Шын мәнінде, қазіргі заманға көңілім толмайды. Бұрынғы заманды көрген жоқпын. Алда не болатынын білмеймін. Бірақ, дегенмен қазіргі таңда бір-екі адамның салдарынан көптеген халықтар зардап шегіп жатыр. Бұл шығарманы үш жыл бұрын жазып бастадым. Әлемде тыныштық болсын деген ниетпен жазылған, жүрегімді жарып шыққан кішігірім композиторлық жұмысым. Бір түсінгенім, жаман ұлт жоқ. Сол ұлтқа ой түйгізетін... Айтпай-ақ қояйын, біліп отырсыздар. Әлемде тыныштық, бейбітшілік болсын. Соғыс болмасын. Ешбір халық, ешбір ұлт, ешбір ел зардап шекпесін. Қарапайым халықтың ешбір кінәсі жоқ. Соғысты бастайтын олар емес", – деп Димаш соғысқа наразылығын білдірді.
Шоу-концерт ұйымдастырушылары қазіргі заманғы технологияларды ұтымды қолданған. Соның бірі – голограмма. Үш экранда үш түсті костюм киген Димаш шын Димашпен бірге классикалық шығарма орындады.
Димаш Құдайбергеннің концерті төрт сағатқа созылды. Фан-зонадағы көрермендер бір орында тырп етпей тұрды. Концерт соңында артист сахнадан түсіп, жанкүйерлерге қолын созып, халықпен қимай қоштасты. Стадион іші мен сыртында да Dears сүйікті артистерінің әндерін шырқап, концерттен алған әсерлерін бөлісіп жатты.
Ольга Димаштың концерті үшін Мәскеуден келген. 18 қыркүйектен бері Алматыны аралап жүр. Қала қатты ұнағанын, адамдары мейірімді екенін айтып, концерттен кейін әсерін бөлісті.
"Сөз жоқ. Әлемдік деңгейдегі үкен концерт. Жаңа әндері, костюмдері тамаша. Графика қатты ұнады. Классика айтқан үш Димаштың голограммасы адам сенгісіз. Жаныма жақын артисті ұзақ уақыт бойы таба алмадым. Үш жыл бұрын Димашты танып, ол маған бар болмысымен ұнайтынын түсіндім. Барлық әні ұнайды. Музыкасы, дауысы, жеткізуі жаныма жақын, жүректі шымырлатады. Димаш – тамаша адам. Жан-тәніммен тыңдаймын. Дауысы ешкімге ұқсамайды, бірегей. Жанын беріп айтады", – деді Ольга.
Бүгін 24 қыркүйекте "Алматы Аренада" Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерімен кездесу өтеді.