Тікелей эфир

Данияр Әшімбаев Кәрім Мәсімовтың "батыстағы серіктері" туралы

Қасіретті қаңтар оқиғасын кім ұйымдастырды?

ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мемлекеттік сатқындық, билікті басып алу әрекеті және аса ірі көлемде пара алу бойынша 15 іс қозғалғанын хабарлады. Бұл істер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары, оның ішінде экс-төраға Кәрім Мәсімовке қатысты қозғалған. Еске салайық, ол биылғы 6 қаңтарда қамауға алынған болатын. 
 
Қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев Информбюро тілшісіне берген сұхбатында мемлекеттік төңкерістің артында кімдердің тұрғаны туралы әңгімеледі.

– Данияр Рахманұлы, сіз Мәсімов төңкерісті "өзінің ғана емес, батыстағы серіктерінің мүддесі үшін де" ұйымдастырды деп жаздыңыз. Бұл қандай серіктер? Олар не қалайды?

– Меніңше, жағдай келесіше өрбіген. Кәрім Мәсімовтың президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қарым-қатынасы мейлінше қиын болатын. Соңғы 2,5 жылда ҰҚК жетекшісі мемлекет басшысының қабылдауында болды деген ақпарат болған емес. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясы мен Nur Otan партиясы (қазіргі Amanat партиясы – ред.) төрағалығын Қасым-Жомарт Кемелұлына бергеннен кейін Тоқаев көп ұзамай Қауіпсіздік кеңесін де басқаратыны белгілі еді. Бұл жүзеге асса, Мәсімовтың отставкасының ауылы алыс емес деген сөз. Бірақ, оқиғаның бұлай өрбу болжамы ҰҚК төрағасына да, Қазақстандағы батыстық бизнес өкілдеріне де ұнамаған болуы керек.  

Қазақстандағы шетелдік фирмалардың бірқатары жергілікті нарықтағы үлеске Мәсімовтың арқасында ие болғаны аян. 

Тиісінше, төңкеріс жасауға дайындық үстінде ҰҚК басшысы Батыстың, бірінші кезекте АҚШ пен Ұлыбританияның белгілі бір тұлғалары мен құрылымдарының қолдауына ие болғаны әбден мүмкін. 

Бұл елдер ұзақ жылдар бойы Қазақстанда өз саяси лоббиін қалыптастырып, либералды және оппозициялық күштерді белсенді түрде қаржыландырып келді. Алайда олар халық арасында аса танымалдылыққа ие болып, өз электоралды базасын қалыптастыра алған жоқ. Өте тар құқық қорғау сегментінде ғана қалды. 

Бұдан бөлек, кеңестік кезеңнен бастап батыс үкіметі мен арнаулы қызметі Түркия арқылы Қазақстанға панисламистік және пантүркілік ұстанымды тықпалап, сол арқылы антикеңестік, ал КСРО ыдырағаннан кейін антиресейлік идеологияны жүргізуге әрекет етті. Алайда уақыт өте келе Эрдоған Вашингтонмен арасын ажыратып, неоосманизм бағытына бет бұрды. 

Ал 3 жыл бұрын Дональд Трамп әкімшілігі мен ҚХР басшылығы арасында шиеленіс туындады. Бұл уақытта Қазақстанда антиқытайлық қозғалыстарды қалыптастыру бойынша әрекеттер қолға алына бастаған. Нәтижесінде бұл іске президент араласып, сыртқы күштерден жаһандық сауда ойындарына Қазақстанды араластырмауды сұрады. Мәселе Қытайдың азаматтарына қатысты екенін айтып, Қазақстанның өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтыны туралы мәлімдеді. 

Осылай Қазақстан тек шикізат жеткізу елі ретінде ғана емес, батыс үшін Ресей мен Қытайға қысым көрсетудің саяси алаңы ретінде де қызығушылық туғызды. Қазақстандағы радикалды ұлтшыл немесе радикалды исламистік сценарийді жүзеге асыру өңірлік қауіпсіздік жүйесін әлсіретіп, Ресей мен Қытайдағы саяси жағдайды қиындатар еді. Сондай-ақ, Ресейдің Солтүстік Кавказ бен Поволжьедегі және Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр ауданындағы жағдайды тұрақсыздандырады. 

Ал бұл жағдайда ұзақ жылдар бойы Ресей мен Қытаймен қауіпсіздік және экономикалық әріптестік жүйесін құрып келген Қазақстан өз саяси бағытын өзгертіп, екі көрші ел үшін де қауіп төндірер еді. 


Оқи отырыңыз: Кәрім Мәсімовке сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағылды


Көп жылдан бері батыс дипломаттары, журналистері, ҮЕҰ өкілдері бізге наразылыққа толы брі сұрақ қойып келеді: Сіздерге Қытай мен Ресеймен әскери және экономикалық әріптестік не үшін қажет? Олар тарихи тұрғыда сіздер үшін жау емес пе? Бірақ, өз көршілерімен кикілжіңге келу Қазақстан мүддесіне сай келмейді. Елдің жаңғыру әлеуеті белгілі бір деңгейде бұл елдермен сәтті серіктестікке негізделген. 

Батыстық элита қанша жыл бойғы әрекеті арқылы Қазақстанда "батыстық" мәдениет қалыптастыра алған жоқ. Батыс қолдаған оппозициялық олигархтар да елде қолдауға ие бола алмады. 

Батыстың Ресей мен Қытаймен ара қатынасының шиеленісуіне байланысты бірқатар батыстық саяси құрылымдар Қазақстанның тұрақтылық қаймағын президент Тоқаев пен оның саяси бағытына көңілі толмайтын элитаның қолымен шайқауға әрекеттенгені анық. Бұл жағдайда билікті басып алушылар ҰҚШҰ мен ШЫҰ сынды біріккен саяси құрылымдардың күшін тоқтатып, Қазақстанды көршілерінен оқшаулай алар еді. Одан әрі Қазақстанның батыстық мемлекеттерге тәуелділігін күшейту қиын емес. 

Сондықтан, бұл жерде Мәсімовтың амбициясы мен шетелдік лидерлердің геосаяси мүдделері бір жерден шығып отыр. Өйткені, Тоқаев Назарбаевтың өкілеттіктерін толық иеленген сайын Мәсімов пен оның командасы жұмыссыз қалатыны анық еді. Оның үстіне ҰҚК соңғы жылдары көптеген түсініксіз тұтқындауларды жүргізді. Оның қатарында бұрынғы ҰҚК басшысы Нұртай Дүтбаев, президент әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, "Эксимбанк" басқармасының төрағасы Еркін Әмірханов, Қытай бойынша білгір маман профессор Константин Сыроежкиннің қамалуы болды. ҰҚК жаңа басшылығы бұл мәселелерді де қайта көтеруі мүмкін ғой. 

Сондықтан өзінің тікелей міндеттерін атқарудың орнына комитет басшылығы саяси ойындарға араласып, тіпті компроматтар соғысын да ұйымдастырды. Қос билік жүйесі ҰҚК-нің бақылаусыз қалуына алып келді. 

– 15 наурызда мәжілісте ҰҚК тым үлкен билікті қолда ұстап, бұл оның мемлекеттік төңкеріске ұзақ, құпия әрі тыңғылықты дайындалуына мүмкіндік берді деген пікір айтылды. Бұл рас па?

– ҰҚК жұмысының басым бөлігі құпияланған. Одан бөлек, бұрын ҰҚК мен өзге күштік құрылымдар арасында даулар туып, ҰҚК талай рет жеңімпаз боп, өзінің өкілеттік аясын кеңейтіп отырды. Мәселен, ІІМ-нің танымал еместігін пайдаланып, комитет басшылығы ұйымдасқан қылмыспен және есірткі бизнесімен күресті өз қолына алды. 

Ал өмірде егер қылмыстық салаға сырттан бақылау болмаса, құқық қорғау органдары сонымен біте қайнасып кетеді. Бір салаға бірнеше ведомство жауапты болып, олардың арасында бәсеке болса, онда тәуекел де аз болар еді. Ал бір ведомство монополияға ие болса, бақылау бәсеңдеп, коррупциялық тәуекелдер айтарлықтай артады. 

Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған жылдары өзінің саяси ойынын бастауға құмары оянып, өз командасын жинап, ресурстарды мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға бағыттады. 

Астыртын іске комитет қызметкерлерінің бәрі не басым бөлігі қатысты деп айтуға болмайды. Көптеген қызметкерлер өз антына адалдығын сақтап қалды. Дегенмен, Мәсімовтей амбициясы жоғары адамның басшылық қызметте ұзақ уақыт болуы Қазақстанды қаңтар оқиғасына алып келді. 


Оқи отырыңыз: ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің ісі "өте құпия" деп танылды


– Бұл ретте қаңтардағы тәртіпсіздік кезіндегі ҰҚК ұстанымы анықтала түскендей. Бірақ, Қорғаныс министрлігі неліктен баяу қимылдап, ІІМ ғана президентке адал болып қалды? 

– Соңғы жылдары Қорғаныс министрлігінде барлық деңгейдегі түрлі кадр ауысуы болды. Көптеген өңірлік басқармалар мен әскер қолбасшылары жиі ауысты. Бұл әскери ведомствоның толыққанды құрылымға айналуына өз кедергісін келтірді. 

Алғашқы күннен бастап тек Мемлекеттік күзет қызметі, полиция және Ұлттық гвардия қызметкерлері ғана батыл қимылдады. Айта кетейік, соңғысы ІІМ-не бағынады. Боевиктер, міне, дәл осыларға қарсы шабуыл жасады. Әсіресе, ЖҚАЖ қызметкерлеріне жасалған шабуыл қатты болды. 

Төңкерісшілер, шамасы, астыртын іске ІІМ басшысын тартудың қажеті жоқ деп есептеген болар. Егер ҰҚК мен Қорғаныс министрлігі сырт қалса, ІІМ күші тәртіпсіздікті не баса алмайды, не басуды қаламайды деп ойласа керек. 

Сондай-ақ, олар Тоқаевқа көмекке Қазақстанның одақтас елдері келеді деп те күткен жоқ. Өйткені, соңғы жылдары Мәскеу мен Нұр-Сұлтан арасындағы қарым-қатынас суып келе жатқан. Оның үстіне, Ресей әскерінің ең қуатты бөлігі батыс шекарасына шоғырланған болатын. Ал Қазақстанға қытай әскерінің келуі жалпыхалықтық баскөтеруге әкелер еді. 

Осылардың бәрі Тоқаев билігін оңай құлатуға арналған алғышарттар болатын. Егер Қазақстан ҰҚШҰ күшін дер уақытында шақырып, олар стратегиялық нысандарды қорғауға алмаған жағдайда полиция күші көпке жетпей, режим құлаған болар еді. 

– Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин шетелден белгісіз біреу Қазақстандағы "ұйқыдағы ошақтарды" әскери жихад жасауға үндегенін айтты. Ол кім? Мұндай ошақтар туралы не білеміз?

– Соңғы жылдары Қазақстанда радикалды діни пропаганда күш алып келеді. Олардың кейбірі криминал әлеммен тығыз байланысты болса, кейбірі саяси элита, іскери және мәдени орта, тіпті күштік құрылымдармен ортақ мүдде тауып алған. 

Мұндай топтардың өзінде үлкен әлеует, өзіндік қаржысы, ақпарат құралдары, адам және әскери ресурстары қалыптасып үлгерді. Олардың кейбірінің шетелдік діни ұйымдар мен арнаулы қызметтермен астыртын байланысы болғаны әбден мүмкін. 

Рас, әзірге бұлай тек болжам жасауға болады. Алайда қаңтар оқиғасы олардың белсенді қатысуынсыз өтпегені анық. Б жоспары болған болуы да мүмкін. Егер Мәсімовтың күші ел басшылығын қызметтен алып тастауға жетпеген жағдайда "сахнаға" ұйқыдағы ошақ өкілдері көп болып шығуы қажет болған шығар. Ал бұл сценарийдің салдары әлдеқайда ауыр болар еді. 

Бірақ, қаңтар оқиғасының артында нақты кімдер мен қандай күштер тұрғанына әзірге дәлелсіз болжам жасаудың қажеті жоқ. 

– Адвокат Айман Омарова өте күшті уларды ұрлаудың артында ҰҚК тұрғанын мәлімдеді. Комитет қызметкерлеріне ол не үшін қажет болды деп ойлайсыз?

– Бұл қосымша бұқаралық паника туғызып, жағдайды тұрақсыздандыру, сондай-ақ, полиция ресурсын боевиктермен ұрыстан басқаға бұру үшін қажет болуы мүмкін. 


Сұхбаттың орыс тіліндегі толық нұсқасы: Данияр Ашимбаев о "западных партнёрах" Карима Масимова

Серіктестер жаңалықтары