Мамыр айында Бразилияда өткен Сурдлимпиадалық ойындарда чемпион атанған, жүлде алған спортшыларды насихаттау, олардың жеңісін насихаттау айтарлықтай белсенді болған жоқ. Әйтпесе Қайратхан Шоңқу Бразилияда өткен сурдлимпиада ойындарында екі дүркін чемпион атануы – орасан олжа, деп жазды Qazaqstan tarihy порталы. Материал автордың рұқсатымен көшіріп басылды.
Бұл материалда Қайратхан және өзге де қазақстандық сурдлимпиадашылардың қайда және қалай жаттығып, қандай қазанда қайнап шарболаттай шыңдалатынын әңгімелейміз.
"Алматының" айбоздары
Алматыда қаланың атауымен аталатын тірек-қимыл қозғалыстары майып болған жандардың бас қосатын, жаттығу өткізетін ордасы бар. Он екі мүшесінің бірінен айырылған жандар осы орталықта спортпен кәсіби түрде шұғылданып, Қазақстанның мәртебесін әлемдік ареналарда абыроймен қорғап жүр. Алматының спорт басқармасына қарасты Найзабек Сағымбаев басқаратын шағын ғана клубтың жетістіктері аз емес.
"Алматы" клубында жаттығатын спортшылардың арасында ХІХ қысқы сурдлимпиадалық ойындарының 4 чемпионы бар. Одан қалды, ХХІІІ жазғы сурдлимпиадалық ойындарының 1 күміс 2 қола медалін олжалаған саңлақтар жаттығу жүргізеді. Осы күнде 666 спортшы клубқа тіркелген болса, солардың ішінде жетеуі – ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 31 адам – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 101 адам – спорт шебері. Спорт саласынан хабары бар адамға бұл – бір спорт клубы үшін өте үлкен мәртебе.
Сонымен бірге дене мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған Бұқаралық спорт іс-шараларының күнтізбелік жоспарына және халықаралық жарыстарды өткізу ережесі бойынша өткен жарыстарда "Алматы" клубының спортшылары 2021 жылы Қазақстан чемпионатына 10 спорт түрінен қатысып, 65 медаль жеңіп алды. Соның ішінде 27 алтын, 18 күміс, 20 қола жүлде олжалаған.
Оған қоса, 4 жылда бір өтетін Қазақстанның жазғы V Сурдлимпиалық спартакиадасына қатысып, 78 медаль: 29 алтын, 28 күміс, 20 қола бұйырды. Жалпы командалық есеп бойынша Алматы қаласы жүлделі ІІ орынға тұрақтады. Бұл клубтың 122 спортшысы – ел құрамасының мүшелері. Былтыр спорт түрлері бойынша ересектер арасында әлем чемпионатынан 5 күміс, 12 қола медальмен оралды. Еуропа чемпионатында 1 алтын иеленді. Азия чемпионатында 4 алтын, 2 күміс еншіге бұйырды, ал әлем кубогынан 2 алтын, 1 қола медальмен оралды.
Бүгінгі таңда "Алматы" спорт клубының тірек-қимыл аппараты зақымдалған бөлімінде – 138 споршы; көру мүшесі зақымдалғандар бөлімінде – 155 спортшы; есту қабілеті төмен бөлімінде – 283 спортшы; "Спешиал Олимпикс" бөлімінде 90 спортшы тіркелген. Осы спортшыларды 45 жаттықтырушы баптайды. Олардың ішінде 11 маманның ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы деген атағы бар.
Осы клубтың 12 спортшысы Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарына аттанып, жеңістен тау тұрғызды. Алдағы күзде Қытайдың Ханчжоу қаласында Пара Азия ойындары өтеді.
Оқи отырыңыз: Эверест шыңын бағындырған әлемдегі алғашқы мүгедек әйел Мария Әуезова елге оралды
Мемлекет көрсеткен қамқорлық
Спортшылардың осындай додаларда жоғары жетістікке жетуіне мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқорлығы да зор. Бұрындары, нақтырақ айтқанда 2010 жылға дейін паралимпиада, сурдлимпиада ойындарында жүлде алған спортшыларға берілетін сыйақы мен басқа да марапаттардың бәсі жазғы, қысқы Олимпиада ойындарында олжа салған спортшылардан әлдеқайда төмен болатын. Осы мәселе оң шешіліп, 2016 жылы өткен Рио паралимпиадасынан кейін спортшыларға берілетін сыйақы мөлшері теңестірілді.
Осының да үлкен әсері мен оң ықпалы болды. Спортшылардың құлшынысы артты. 2017 жылы жазғы Сурдлимпиада ойындары Түркияда өтті. Қазақстандық екі спортшы Асылжан Тәжиев пен Қайратхан Шоңқу қола медаль олжалағаны үшін 75 мың доллардан сыйақы алды. Сонымен қоса, Алматы қаласы әкімдігі тарапынан екі спортшыға 1 бөлмелі пәтер берілді. Олардың жеке бапкері мен Ұлттық құраманың бас бапкері де спортшылардың жетістігі үшін сыйақымен марапатталды.
Үміттерге сенім ұялатқан
Тірек-қозғалыс мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы орталық болу жайындағы мәселе 2008 жылы қалалық мәслихаттың сессиясында қаралып, сол жылдың қаңтар айында "Дене мүмкіндігі шектелген адамдарға арналған "Алматы" спорт клубы құрылып, өз жұмысын бастады. Содан бері қарай 14 жылдан асты, бұл күнде орталық мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына өріс ашатын орда саналады.
Клубтың директоры Найзабек Сағымбаевтың айтуынша, клуб спортшылары Алматыдағы 25 спорттық нысанда оқып, жаттығады.
"Бүгінгі таңда осы 25 спорт нысандарының 21-інде біздің спортшыларымыз тегін жаттығады. Мүгедек спортшылар үшін Алматыда қысқы универсиада ойындарын өткізу мақсатында салынған "Сұңқар", "Алматы Арена" кешендерінде мүгедек жандар үшін пандус та, арнайы әжетхана, қол арбамен көтерілуге болатын жеделсаты – бәрі бар. "Медеу", "Шымбұлақ" кешендерінде де сондай, – деді Найзабек Сағымбаев.
Оның әңгімелеуінше, келешекте мүгедек жандарға арналған арнайы мамандандырылған спорт кешені салынады деген жоспар бар. Бұл спорт орталығы салынса, он екі мүшесінің бірінен айрылып қамкөңіл жүретін жандардың ойындағы психологиялық кедергі жойылады, әрі мүмкіндігі шектеулі жандар еш қиындықсыз жаттығу жасауға, спортпен шұғылдануға барады. Арнайы ашылған орталықта заманауи жабдықпен қамтылған кешенде жаттығу өткізу бапкердің де біліктілігін шыңдайды, спортшының да дамуын жылдамдатып, жетістігінің артуына сеп болады.
"Әзірге елімізде мұндай арнайы соғылған спорт орталықтары Нұр-Сұлтан мен Атырау қалаларында ғана бар. Клубымыздың меншігінде екі автокөлік тіркелген, оның бірі – "Инватакси" қала ішінде тірек-қозғалыс аппараты зақымданған спортшыларымызды жаттығу кешендеріне, жарыстарға жеткізеді. Спортшылардың арасында Қазақтың спорт және туризм академиясында оқитын студенттер бар. Олар келешекте оқуын тәмамдап, маман атанған соң, қабілет-қарымына қарай клубқа жұмысқа қабылданады", – деді Найзабек Сағымбаев.
Оқи отырыңыз: "Бекзат", "Жақсылық", "Балуан Шолақ". Қазақ спортын арқау еткен 10 кинотуынды
Шашасына шаң жұқпаған жүйріктер
"Алматы" клубының спортшылары Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XXIV жазғы Сурдилимпиалық ойындарынан олжалы оралды. Дзюдодан Әсел Мақсұтова қола, Нұрмұхамед Әділбек, Асхат Адамбаев, Шаяхмет Қанапиянов, Ермек Жәнібекұлы командалық сайыста қола медаль иеленді. Жекелей сында Нұрмұхамед Әділбек күміс, Шаяхмет Қанапиянов қола медальға ие болды. Бұл дзюдошылардың бәрін де білікті бапкер Самат Аппақов жаттықтырады.
Грек-рим күресінен 130 келі салмақта Қайратхан Шоңқу сурдлимпиадалық ойындардың чемпионы атанса, Асылжан Тәжиев финалда сүрініп, күмісті місе тұтты. Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, қазақ балуандары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров "Арманым – қазақ баласының Олимпиада алтынын алғанын көру" деп еді. Сол арманды Сурдлимпиадалық ойындарда Шоңқу орындады. Қайратхан – грек-рим күресінен сурдлимпиадалық ойынлдардың чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық балуан.
Қайратхан еркін күрестен де Сурдлимпиада кілемінде күресіп, 125 келі салмақта алтын медаль алды. Осындай орасан жетістікке жеткен шағын ғана клуб мүшелерінің толайым еңбегі қай қырынан мақтасаң да, артық етпейтін көрсеткіш.