Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы 2006 жылғы Турин Олимпиадасынан кейін алғаш рет төрт жылдықтың бәсекесінен медальсіз қайтты. Тұғырға бір табан жақындаған шорт-трекші Абзал Әжіғалиев қана. Ол жекелей сында шорт-тректен төртінші орынға ие болды.
Ұлттық олимпиада комитеті төрт жылдан бері спортқа бөлінетін қаржыны игеріп келген еді. Енді бұл функция қайтадан Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт комитетіне беріледі. Бұл спорт саласындағы мәселелерді шеше ме? Қазақстан құрамасының қатарынан екі Олимпиадада сәтсіз өнер көрсетуіне не себеп? Бұқаралық спорт неге дамымай жатыр? Informburo.kz спортшылар мен сарапшылардың пікірін ұсынады.
Елена Хрусталева, Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері:
– Қазақстанда қысқы спорт түрімен айналасатын атлеттер көп емес. Үздік спортшылардың өзі Олимпиадада ондыққа таласуы мүмкін. Бұқаралық спорт бар болғанымен, ол да құрып кетуге таяу. Бізде бала көп. Мысалы, жарыс өткізген кезде екі жүздей бала жиналады. Бұл жаман көрсеткіш емес. Олардың жүзге жуығы жасөспірімдік жасқа өтеді. Ал юниорға өткен кезде көп дегенде елу бала қалады. Ересектерге 5-15 адам әзер жиналады. Осыдан-ақ қанша баладан айырылып қалатынымызды көруге болады. Жасөспірімдерден юниорға, юниордан ересектерге ауысқанда қаржыландыру, балаларды киім-кешекпен, құрал-сайманмен қамтамасыз ету, іріктеу, жарыстарға жіберу секілді көптеген мәселе бар. Балалар сол кезеңде оқу мен спорттың бірін таңдайды. Мысалы, биатлонға берген көптеген отбасы баласының оқу ақысын төлей алмайды не жабдықтармен толық қамтамасыз ете алмайды. Жағдайы барлардың өзі де ересектер командасына өткен кезде өспейді. Юниорлар арасында жақсы нәтиже көрсеткенімен, ересектер арасында құлдырайды. Мұның себебі бәрімізге жұмбақ болып отыр.
Қазақстанда Олимпиада резервін даярлау орталығына өткендерді ғана халықаралық жарыстарға апарады. Ал қалғандары өңірлер бюджеті есебінен барады. Спортшы ұлттық құрамаға өткеннен кейін нәтижесін жыл сайын жақсартуы керек. Бірақ, бір орында тұра береді. Бірлі-екілі жақсы нәтиже көрсететін спортшыларды есепке алмағанда, қалғандары құрамада төрт жыл болса да бір деңгейде қалады. Оқу-жаттығу жиындарына, дәрігерлерге, киім-кешек пен құрал-саймандарға, іс-сапарларға қаншама ақша жұмсалса да, спортшы тұрған орнында қозғалмай тұрады.
Спорт құрылымына келер болсақ, бізде басшылар көп. Өздерінше жиналып мәселе шешумен айналысады. Лауазымдардың жартысы қағазға қол қою үшін ғана керек. Ал бапкерлер спортшыларды жаттықтырумен емес, жоспар тапсырып, қағазбастылықпен айналысуға мәжбүр. Ештеңе шешпейтін есептерді тапсырамыз. Қанша спортшы барын, олардың қанша сағат дайындалғанын сұрайды. Мұндай маңызы жоқ есеп бірнәрсені өзгерте ме?
Сонда да жағдайға қарамай энтузиаст спортшылар мен бапкерлер жарыстардан медаль алады. Бұл Олимпиадада медаль алмасақ та, бұл бізге сабақ болып, мәселенің тереңіне үңіліп, жағдайды өзгертуге мүмкіндік беретін шығар.
Оқи отырыңыз: Бейжің Олимпиадасында бақ сынайтын 34 спортшы ішінде кімдерден жүлде күтеміз?
Абзал Әжіғалиев, Бейжің Олимпиадасына қатысқан шорт-трекші:
– Олимпиада ойындарында бізге шын алаңдаған барлық жанкүйерге алғыс айтқым келеді. Осы тақырып өзекті болып тұрғанда мүмкіндікті пайдаланып, шорт-трек командасының мысалында қарсыластарымызда бар мүмкіндіктердің ешбірі болмаса да айтулы додаларда олармен бірдей сынға түсетініміз жайлы жазғым келеді. Соған қарамастан біз олимпиадашылармыз.
"Мені қолдаған және Олимпиадада бізге шын жүректен жанкүйер болып, алаңдағандарға тағы да шексіз алғыс айтамын. Дәл осы мәселе қазір өзекті болып тұрғанда шорт-тректі мысалға ала отырып, біздің спортшыларымыздың Олимпиадаға дейін қандай кедергілерге тап болатынын айтқым келеді.
Мұз айдыны. "Алау" мұз сарайы қазіргі таңда шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұз айдыны. Алайда онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді. Сондықтан амалсыздан Еуропада немесе Ресейде жаттығамыз. Алауда барлығы мінсіз болғанымен ұлттық құрамаға арналмаған. Біз кемінде күніне таңертең және кешке екі сағаттан жаттығуымыз керек. Мұз сарайы жекеменшік болғандықтан барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды. Бейжің Олимпиадасының алдында біз "Алауда" дайындалдық. Мұз тек Олимпиада алдында емес үнемі керек.
Бұл мәселе ұлттық құрамада ғана емес, жастар мен жасөспірімдерде де бар. Шорт-тректе ең маңызды мәселе осы. Барлығы медаль сұрайды. Ал бізде, тіпті, қысқы спорт түрлеріне арналған база да жоқ. Ал жанкүйерлер мұндай спорттың барынан тіпті хабарсыз.
Әр өңірде мұз сарайлары болғанымен ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайды. Тіпті, Алматының өзінде де. Онда маттың орнына барлық жерге борт орналастырылған. Мұндайда бізге жарақат алып қалу қауіпі өте жоғары. Алматының мұз алаңдарындағы жағдай да "Алаудағыдай". Бос уақыт жоқ, ақша жоқ…
Құрал-сайман. Бізге керекті құрал-саймандарды тек заңда рұқсат етілген шамада ғана алып береді. Құрал-сайман алуды біз үшін мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Дәл осындай мәселеге Токио олимпиадасының алдында садақшылар да тап болды. Спортшылар әрдайым осы мәселені көтеріп келеміз. Бірақ оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да тек Олимпиада басталарда еске алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек.
Шорт-тректе веложаттығулар өте маңызды. Оған велостанок, велосипед, конькиімізді қарайтын гейч пен күш өлшейтін техникалар керек. Барлық елде командалар олармен толық қамтамасыз етілген. Соған қарамастан бізде мұндай жағдай болмаса да қарсыластарымызды жеңіп жүрміз. Бірақ бізге берілген уәде, уәде күйінде қалады. Әрдайым әңгіме құрал-сайманға келіп тірелгенде "мемлекеттік сатып алу процестеріне байланысты кешіктіріліп жатыр" деп сылтауратады. Халықаралық жаттығулар "біздің жабдықтарымыз жоқ" деп тоқтап тұрмайды ғой. Нәтижесінде біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, коньки большектерін сатып әпереді немесе “заңда рұқсат етілмеген” деген соң кейбір құралдарды өз ақшамызға алуға тура келеді. Себебі, біз құрал-сайман жоқ немесе жетпейді деп бір жарысқа қатыспай қоя алмаймыз. Жарыстар тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанатын нәрсе.
Маған облыстық спорт басқармасы осыған дейін бірнеше рет велосипед алып береміз деп уәде берді. "Тым қымбат" деп жауап берген соң тым болмаса станок алып беруін сұрадым. Өзімше демеушілерге өтінішімді айтып көріп едім, ол да жауапсыз қалды. Бізде спортты дамыту керек деп көп айтқанымен, қысқы спорт үнемі жазғы спорттың тасасында қалып қалады. Қысқы спорт ешкімге қызық емес. Мұны жағдайымыз жақсарсын деп емес жалпы жастар да бұл спортпен айналысса, осы спорттың еліміздегі болашағының бар екенін көрсеткім келеді.
Жалпы шорт-трек туралы көп адам біле бермейді, медиада көп жазылмайды. Шорт-тректі Олимпиада кезінде ғана емес, жалпы барлық кезде білсе екен деймін.
Қаржылық қолдау. Білесіз бе, шорт-тректі түсінетіндер аз. Қазір көп адам Олимпиада ойындарын көріп, бұл спорт түрімен танысқанын жазады. Ал біз қаншама жылдан бері Әлем кубогтарына қатысып, үздік он команда қатарындамыз. Олимпиада чемпиондарымен бірдей жүгіріп, оларды озып та жатамыз. Жеңеміз. Бірақ медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды. Осы мәселеге де назар аударып, бізге сыйақы тағайындалса екен. Бұл да заңда қарастырылмаған. Ал спортшылардың айлығы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді. Жеңіске жеткенде ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісі ретінде назар да аударылмайды. Бізде өзге елдердегідей демеушілік жоқ, тек мемлекетке ғана сенеміз. Осылай айтқаным дұрыс па, жоқ па білмедім. Олимпиададан басқа кезде ешкімге керек емес спорттан қалай нәтиже күтуге, сұрауға, талап етуге болады?
2018 жылғы Олимпиададан кейін жарақат алып, құрамадан шеттетілдім. Ұзақ уақыт денсаулығым болмай өз қаражатыма емделдім. Бізде жарақат алсаң ешкімге керегің жоқ. Ал кәсіби спортта, әсіресе шорт-тректе жиі жарақат аласың. Өзіңді, өміріңді спортқа арнап жүріп осындай қиын жағдайға тап болғанда соңында жалғыз қаласың.
Олимпиада нәтижесіне ешкімнің көңілі толмайды. Ал кішкентай командамыз үшін бұл өте үлкен және тарихи көрсеткіш. Келесі Олимпиадада жақсы нәтижеге жету үшін жарты жыл қалғанда емес, қазірден қимылдау керек. Жазғы спортқа көп көңіл бөлінген соң талап та жоғары. Бәрі, жанкүйерлер де қысқы спорттан да осындай нәтиже күтеді.
Менің ең биік арманым – еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбірету. Ауыл-аймақтағы балалар барлығы бірдей спортпен айналыса алса, олар да таңдау жасай алса, Қазақстанда спортшы болудың мәртебесін және оның қандай еңбек екенін білсе екен деймін.
Бізде медаль алсаң сені жақсы көреді, сосын барып саған жағдай жасайды. Ал медаль болуы үшін бірінші жағдай жасалынуы керек емес пе? Спорт базасынан бастап, қарапайым күнделікті жаттығу да осы жағдайға кіреді.
Оқи отырыңыз: Шорт-трекші Абзал Әжіғалиев: Қазақстанда сенде медаль болса ғана жағдай жасай бастайды
Бек Төлеуов, спорт журналисі:
2017 жылы спортты қаржыландырудың жаңа жүйесі жайлы заңның Парламентте талқыланғанын өз көзімен көрдім. Жасыратын ештеңесі жоқ, сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы заң жобасын Олимпиада комитетінің басшысынан қаймыққанынан немесе соған жағымпазданғанынан дайындады. Енді қаржыны бақылауды қайтадан министрлік өз мойнына алады деп жатыр. Бұдан да бәрі жақсы болып кетпейді. Ең бастысы, негізгі мәселелер шешілу керек.
Бізге енді "тойда ғана келетін генерал" керек емес, яғни Тимур Құлыбаев сияқты көмекшілері арқылы жұмыс істейтін басшылардан арылуымыз керек. Ұлттық олимпиада комитетінде 24/7 режимінде жүретін төраға сайлануы тиіс. Алдағы күндері футбол федерациясынан Әділбек Жақсыбеков кетеді. Мұндай сайлау басқа спорт түрлерінде де болса деймін.
Екіншіден, спорттық инфрақұрылымдар мәселесі. Шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиевтің өзі айтып жатыр. Бізде даңғарадай салынған сарайларға ұлттық құраманың өзі шектеулі уақытпен кіреді. Өйткені барлығы сенімгерлік басқаруға берілген. Сонда жас балаларға тіптен қиын. Осыны ескеру керек. Бізге дәл қазір шағын кешендер, спорттық базалар қажет. Көрпемізге қарай көсіліп, спортшылар жаттығу жасайтын базалар болуы қажет.
Балалар және жасөспірімдер спортын дамытуда еуропалықтардың тәжірибесін ескерген жөн. Норвегияда 13 жасқа дейін балалар арасында жарыс өтпейді. Ұтылып жатса командасына бала қосып, мотивация береді. Футболда Эдегор, Холланд секілді жұлдыздар шықты. Ал қысқы Олимпиада ойындарында рекорд жаңартып, бірінші орынды еншіледі.
Бізде қағазбастылық, өтірік есеп көп. Токио олимпиадасында төмен нәтиже көрсеттік. Ешкім сабақ алмады. Министрлік пен Ұлттық олимпиада комитеті спортшылар мен бапкерлердің, спорт жанашырларының басын қосатын құрылтай жасау керек деп ойлаймын. Олардың ойын тыңдап, жаңа реформалар мен стратегия қабылдау қажет. Бокс жайлы Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев, қысқы спорт жайлы Нұрберген Жұмағазиев айтып жүр. Спорттың аяқ алысына бей-жай қарамайтын адамдардың ойын ортаға салуға мүмкіндік беріп, қандай қателіктер барын сұрап ақылдасу керек.
Рауан Оқас, спорт сарапшысы:
– Өзінің табандылығы мен қаражатының арқасында Денис Тен, Юлия Галышева секілді жарқ еткен жұлдыздарымыз болған. Денис Тен арамызда жоқ. Спорт тілімен айтсақ, Юлия Галышеваның жасы келді. Карьерасында соңғы жылдарын өткізіп жатыр. Үміт күттірген Элизабет Тұрсынбаева жарақатына байланысты спортпен ерте қоштасты. Сондықтан биылғы Олимпиадада көп спортшыға үміт арта алмадық. Тек шорт-трекшілерден үміт күткенбіз, бірақ әлемде бәсеке жоғары. Өкінішке қарай, өте мықты спортшылармен иық тіресу мүмкін болмады.
Жарты жылдай қыс болатын мемлекеттен Олимпиада жүлдегерінің шықпауы ұят. Бұл саланың дұрыс жолға қойылмағанынан дер едім. Бұған Спорт министрлігі де, Ұлттық олимпиада комитеті де, барлығы да кінәлі. Өйткені, әу бастан дұрыс бағыт-бағдар алмаған. Қайтадан реформа жасап, барлығын басынан бастау керек. Балаларға мүмкіндік беру қажет.
Қысқы спорт қарапайым халық үшін бұрын өте қымбат болған. Қазір сәл-пәл қолжетімді бола түсті. Кейбір спорт түрінде киімі, құрал-саймандары өте қымбат. Мысалы, хоккейге балаңызды бергіңіз келсе қалтаңыздан біраз ақша кетеді. Қазақ балалары қысқы спорт түріне бармай жатыр. Ата-ана баласын қысқы спортқа берсе олардан нәтиже күтуге болады. Не дегенмен қанымызда бар.
Оқи отырыңыз: "Психологиялық дайындықтың маңызын әлі түсінбей келеді". Спорт дәрігері Олимпиада спортшыларының ойыны туралы
Айдос Рымқұл, спорт сарапшысы:
– Көп қазақстандық үшін спорт екі жылда бір рет Олимпиада кезінде ғана еске түседі. Спорт функционерлеріне де солай. Министрліктен, төменгі аудандық спорт басқармаларына дейін Олимпиада болатын жылы есеп үшін барын сала жұмыс істейді. Бірақ қазақ спортының құлдырауы баяғыда басталған, қазір тек соның жемісін көріп жатырмыз. Бұдан кейін артқа кеткеніміз кеткен...
Қазақ спортының жағдайы мен мектептің жағдайы бірдей. Мектеп ҰБТ үшін жұмыс істесе, министрлік, басқармалар да Олимпиадада үшін жұмыс істейді. Сондағысы – "есеп". Ешкім ұзақ циклдік жоспар құрмайды. Қанша жерден мықты бапкер алып келсең де спортшылар жастайынан жанып тұрмаса, оны сүйреу – бос әурешілік. Кешегі Виталий Пухкало мықты болу үшін шет елге көп шығу керек дейді. Шықсын делік. Бәрібір оның орны ондықтың сыртында. Бар жиғанын аузына тосқан Алексей Полтораниннің чемпион атана алмаған кезде, Пухкало мен барып жүлде алатын едім дегені күлкілі...
Спорт басқармасының басшылары өзі басқарып тұрған қысқа мерзімді уақыт ішінде қалай да нәтиже көрсетуі керек. Бізде туған жері мен жарысқа шығатын өңірі мүлдем басқа спортшылар көп. Баяғы есептің нәтижесі. Ол ол ма, қазір ұялмастан кениялық ұзақ қашықтыққа жүгіретін желаяқтарды да ел атынан шығатындай жасап қоймадық па? Бұның бәрі менен кейін не болса да бәрібір, қазір медаль алып қалайын дегеннен шығады...
ҰОК. Министрлік. Спорт басқармалары. Бір-бірінен бюджеті бөлек, қиыспайтын, қабыспайтын, жанаспайтын, матаспайтын ұйымдар. Резерв дайындаған кезде бір-біріне сілтейді. Қазір кімнің неге жауап беретінін өздері де түсінбей қалған шығар. Біреуі резерв дайындауға аймақтар жауапты десе, екіншісі министрлікке сілтейді. Тіпті кейбірі ҰОК комитетінен бар ілікті іздеп отырады. Неге бізде бірізділік жоқ? Ең болмағанда неге министрлік пен облыстық спорт басқармасының бюджеті бір емес? Әкім қаласа өңірде спорт дамиды.
Фристайл-могулдан әлемдік деңгейдегі спортшыларымыз бар да, базамыз жоқ. Қысы, қары жоқ Австралия, Жаңа Зеландияны Олимпиадада озбағалы көп болды. Бұған біздің басшылар ұялмайды да. Бір-біріне сілтеп отыра беретін жақсы жүйе құрып алған.
Норвегия, Нидерландтар, Швеция сынды елдерде қысқы спортта қар мен шаңғының жанасуын, бір-біріне байланысын зерттейтін орталықтар бар. Тіпті ауа райы өзгерген сайын қандай шаңғымен шығу керек, оған қандай майлар жағу керек екенін де зерттеп тастаған. Спорттың ғылымға айналып кеткеніне көп болды. Бізде база жоқ, арена жоқ, бітпейтін жоқ... Галышева кетсе ешкім жоқ. Полторанин допингпен ұсталды, оның артында тағы резерв жоқ. Жазғы спортта Баландин мен Рыпаковалар кетсе олардың да орны үңіліп тұрады. Қазірге дейін ілініп-салынып келсек те, осылай құлдырап, масқара болғанымыз болған. Осының бәрін түсініп, спортта батыл реформа жасай алса қанеки...
Негізі барлық спортқа бір ұйым жауап беру керек. Біз министрлік, ҰОК, спорт басқармалары деп үшке бөліп алдық. Үшеуі бір-біріне сілтейді. Қаржыландыруды министрліктің өзіне қайтып беруін қолдаймын, өйткені спорт саласы мемлекетке қарайды. Ол ғана емес, облыстық спорт бюджеттері де министрлікке берілсе, барлығын бір орган басқарып, жіберген қатеге өзі жауап береді. Бүкіл жауапкершілік те мойнында болады. Осы жағдайда бір органға берген дұрыс деп ойлаймын.