Шолпанның өзін әуесқой тігінші атауы бұл кәсіпті негізгі қызметімен қатар алып жүргенімен байланысты. Ал негізгі мамандығы – "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ автоматтандыру, ақпараттық технологиялар және байланыс департаментінің бас маманы. Қызметтегі білімін, яғни айти саласының жетістіктерін тігіншілік өнерде де сәтті қолданып келеді.
Сәнге қызмет ету оңай ма?
Қазіргі жастардың көпшілігі дизайнер, яғни, сән үлгісін жобалаушы болғысы келеді. Модаға қызмет етуді үлде мен бүлдеге оранып жүрудің бірден-бір жолы деп біледі. Расында солай ма? Ешкімнің иығына ілінбеген қиялдағы көйлекті ойлап тауып, келістіріп пішіп, тігіп шығу оңай ма? Қиын! Өте қиын. Құлын мүшеге құйып қойғандай жараса кететін мінсіз көйлек тігу үшін көп тәжірибе, көп ізденіс керек.
"Тігіншілік нағашы әжемнен дарыса керек"
Бала кезімде сурет салуға икемім болды. Анамның айтуы бойынша, нағашы әжем Кеңестік қызыл империяның күштеп жүргізген кәмпескелеу науқанында өзінің бір құман алтынын беріп, бөз, мақпал маталарын ескі көрпешенің ішіне салып аман сақтаған, кейін сол маталарға ауыл тұрғындарына киім тігіп берген деседі. Тігіншілік қасиет осы кісілерден дарыған болуы керек.
Университет қабырғасында жүріп сәндегі емес, бірақ өзіме ұнаған, көңілім құлаған киімді киетінмін. Ең қызығы, кейіннен сол киімдер трендке айналғанда көбісі таңырқайтын. Мен қазірде винтаж журналдарын іздеп жүріп караймын. Сатылымға шықса дереу сатып аламын. Тбилисиде кітапханаға жазылып, бір апта бойы сән журналдарын ақтарып оқығаным есімде. "Мода айналып қайта оралады" деген түсінік бар. Рас, жылдармен бірге жылжып, ол сәл өзгертілген түрде қайтып келеді.
Менің музам – көйлектерімді бар ықыласымен киетін қыз-келіншектер
Мен көйлектерді маусымдық ассортимент не болмаса тұтынушының сұранысы бойынша тігемін. Соңғы тенденцияларға келетін болсақ, қазір көп дизайнерлер киімдер топтамасын адамның атымен атауды дәстүрге айналдырып үлгерді. Соңғы көйлектерімнің "Қарлығаш", "Жәния", "Ерке", "Хадиша" деп аталуының себебі – осы.
Сән әлемінде бұрын стандарт деген ұғым болатын. Қазір бәрін оversize з ұмыттырды. Бұл стильдегі киім бірегей тегіс кесуге, пішуге ие. Құпиясы сол, кез-келген дене бітімінің кемшіліктерін жасырып, сымбатыңызды сұлу етеді. Мені шабыттандыратын нәрсе – көйлектерімді сатып алып, бар ықыласымен киетін қыз-келіншектер.
IT жетістіктерінің кәсібіме көмегі көп
Мен өзім IT саласында жұмыс істегендіктен, есепке жүйрікпін. Киімнің ұзындығын, енін көз мөлшерімен жобалап лекалдарын сызамын. Қазіргі қызметім өзіме ұнайды, әйтсе де көзге көрінбейтін, бірсарын жұмысың кейде шаршататыны рас. Үйге барғанда сүйікті ісіммен айналысып содан ләззат аламын. Егер техниканың тілін жетік білмесем, тігін курстары жайлы онлайн платформаларға еркін кіре алмас па едім. 2018 жылы FashionFactoryschool шеберлік мектебінен өттім. Екі мамандықты қатар алып жүру – заман талабы деп ойлаймын.
"Жәния" топтамасы қызымның есімімен аталады
Қызым суретті жақсы салады. Одан бөлек, би үйірмесіне қатысады. Әр адам өзін жан-жақты дамытып, үнемі ізденіс үстінде болса дүниетанымы кеңейеді, жеке тұлға болып қалыптасуына қадамдарын нақтылай түседі деп ойлаймын. Қызымның болашақта сән әлеміне аяқ басқанын қалаймын.
Шығармашылық еркіндікті қалаймын
Бұрын цехта жұмыс жасадым. Цехта жұмыс істеудің өз машақаты бар. Дей тұрғанмен, пандемия жағдайында жаңа тынысым ашылды десе де болады. Шығармашылық еркіндікке ерік бердім. Көйлектерім өзім қалағандай қарапайым үлгіде тігілді, біразы сатылды. Кейбіреулерін көп балалы аналарға тегін бердім.