Рим Папасы Франциск Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің аясында елдің католиктері мен шетелден келген көптеген қажыларға арнап, қасиетті мессасын өткізіп жатыр.
Рәсім барысында діни әндер айтылып, дұғалар оқылады. Католиктердің сенімі бойынша, мессаның орындалу сәті – Құдайдан тілек тілеу үшін ең қолайды сәт.
Шара басталмас бұрын Рим Папасы папамобильмен келіп, рәсімге жиналған көпшілікті айналып, амандасып шықты.
Діни рәсім ЭКСПО халықаралық көрмесінің алаңында өтіп жатыр. Алдын ала сатылған 10 мың тегін билеттің барлығы өтіп кеткен. Алдын ала болжам бойынша, алаңға билет алғандардың 95 пайызы жиналған.
Мессаға қатысу үшін шетелден келген қонақтар да бар.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы католиктер азшылық бола отырып, негізінен мұсылман және православие христиан қоғамында 1,3 пайызды құрайды, бірақ олардың аздығына қарамастан, олар көптеген этникалық және мәдени
топтардан шыққан.
"Рим папасының сапарына деген жаппай қызығушылық ерекше болып көрінуі мүмкін, өйткені Қазақстан католик елі ретінде танымал емес. Алайда бұл оқиға Қазақстанның Шығыс пен Батысты байланыстырып, діндер арасындағы диалог пен ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін көрсетеді", – деп жазған еді бұл туралы Нұр-Сұлтандағы Әулие Мария Архиепархиясының митрополиті, архиепископ Томаш Бернард Пета "Астана Таймс" басылымында.
Томаш Бернард Петаның жазуынша, осыдан 20-30 жыл бұрын Қазақстанда католиктер негізінен немістер, поляктар, белорустар, украиндар және литвалықтар, яғни дәстүрлі түрде католик шіркеуіне жататын ұлттар деген идея пайда болған. Бүгінгі таңда Қазақстанда католик шіркеуінде ондаған ұлт өкілдері бар.
Жалпы бұл Рим Папасының Қазақстанға екінші рет келуі. Еске салайық, 2001 жылы елордадағы Отан Ана алаңында Рим-Католик шіркеуінің сол кездегі басшысы Рим папасы Иоанн Павел II месса өткізген еді. Оған шамамен 40 мың адам қатысқан.