Заманауи ArtKoshe театрының жетекшісі Әннәс Бағдат неліктен медиасауатты дамыту жолы ретінде мюзикл жанрын таңдағанын түсіндірді. Мұнымен қатар, "Сен" мюзикліне дайындық жұмыстарының қалай жүргенін баяндады.
– Қазақстан театрларында мюзикл көп қойылатын форматтардың бірі емес. Оның үстіне қазақ тілінде қойылған мюзикл саусақпен санарлық. Оның себебі неде?
– Мюзикл жанрының қазақ театрларында сирек қойылуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, мюзикл қою үшін актерлерге қойылатын талап өте жоғары. Вокал мен хореографияны қатар алып жүретін актерлер бізде көп емес, өкінішке орай. Екіншіден, жанрды түсінетін композитор мен режиссерлер де санаулы. Бір мюзиклде кемінде 10-15 музыкалық композиция болады. Ол композиция – жұрт ойлағандай жай ғана ән емес, драматургиялық құрылымы бар сахналық шығарма.
Тағы бір себебі – мюзикл жоғары деңгейде техникалық жабдықтауды қажет ететін шоу. Қазақ театрларында қаржыландыру тұрғысынан бұл да арнайы қарастырыла бермейді. Дегенмен 2016 жылы Мәдениет министрлігінің қолдауымен Astana Musical театры ашылды. Содан бері Қазақстанда аз да болса, кәсіби мюзиклдер қойылып келеді.
– Онда осындай күрделі жанрға медиасауат тақырыбын қосуға не себеп болды? Медиасауатты дамытудың оңай жолдары көп емес пе еді?
– Медиасауат десе көбіне ойымызға тренингтер, дөңгелек үстелдер келеді. Олардың тиімділігін жоққа шығармаймын, дегенмен олар аз аудиторияны қамтиды. Оның өзі тек медиа саласына қатысы бар мамандар. Theopenasia.net мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда инстаграмды 6,8 миллион адам қолданады, Facebook-ті 2,4 миллион, Telegram қолданатындар саны шамамен 2 миллион. Сіз екі миллион адамның бәріне тренинг өткізе аласыз ба?
Ал өнер таралымы кең әрі жылдам. Қоғамдық пікір тұрғысынан айтсақ, жұрт көбіне өнер мен шоу бизнес айналасында жүрген тұлғаларды тыңдайтынын, олардың пікірін күтетінін байқадық. Мысалы, инстаграмдағы жұлдыздар, әншілер, актерлердің парақшаларына жазылып, тіпті өмірде оларға еліктеуге тырысады.
Өкінішке орай, бұл сегмент үнемі қоғам үшін пайдалы дүниені трансляциялай бермейді. Сауат тұрғысынан айтсақ, олардың өзіне сауат ашу керек деп ойлаймын. Пандемия кезінде жұртты адастырып, антиваксер атанған көптеген "жұлдыздарды" білеміз. Немесе соңғы кейстердің бірі қаржылық пирамида дауына іліккен вайнерлерді алайық.
Интерньюс Қазақстан өкілдігі медиасауат жобаларын дамытуға байқау жариялаған кезде, бірден мынадай ой келді. Маңызды ойды театр қойылымы арқылы, әсіресе жеке композицияларына дейін өміршең боп келетін мюзикл арқылы неге бермеске? Шындап келгенде мюзикл қазіргі жастарға ең сіңімді әрі өтімді жанр. Әрі медиасауатты жаңа айтқан жұртқа өтімді әншілеріміз бен актерлеріміздің өзі айтса керемет емес пе?
Сөйтіп Internews Қазақстан өкілдігі жобамызды мақұлдап, қаржылық қолдау білдіргенде бірден көптен ойда жүрген идеямызды іске асыруға кірістік. Қаржылық қолдау демекші, жаңа айтқанымдай мюзикл театрдағы ең қымбат жанр. Жарық, дыбыс аппаратурасының өзі бюджеттің қомақты бөлігін алады. Сондықтан қосымша қаржылық қолдау көрсеткен Kaspi-ге және Маржан Елшібаеваға алғыс айтамын.
Оқи отырыңыз: SEN мюзиклі: Өмірлік серігіңізді Instagram, Tinder желісінен табу мүмкін бе?
– Қазақ қоғамында өзекті, күрделі мәселелер өте көп. Ол саяси жағдай, рухани кедейлік, сөз еркіндігі, әлеуметтік, экономикалық жағдайдың нашарлауы, т.б. Неге дәл медиасауат мәселесі сізді толғандырды?
– Өзіңіз айтқандай, медиасауат қазақ қоғамының көп проблемасының бірі ғана. Бірақ медиасауат дегеніміздің өзі не? Бұл – дезинформация мен шындықты ажырата білу, пропагандаға бой алдырмау, сыни ойлау, толерантты болу, біреудің құқына құрметпен қарау, медиада мәдениетті болу... Осының бәрі сіз айтқан проблемаларды шешу үшін қажет машықтар. Бұл проблемалар бір-бірімен тығыз байланысты. Сауатты қоғам қалыптастырмай, дамыған мемлекет те болмайды. Сондықтан медиасауат бұл қазіргі уақытта біздің қоғамның ең түйткілді мәселесі.
– Сіз мюзикл жасау үшін актерлік құрам мен режиссер табу қиын екенін айттыңыз. Ал өзіңіз бұл проблеманы қалай шештіңіз?
– Астана мюзикл театры ашылғаннан бірнеше мюзиклге автор ретінде қатыстым. Сондықтан бұл жанрдың айналасында кімдердің бар екенін жақсы білемін. Сен мюзиклінің композиторы Ербол Нариманұлымен 7-8 жыл көлемінде таныспыз. Ол Астана мюзикл театрының алғашқы қойылымын көргеннен-ақ өзінің де осы жанрға туынды жазғысы келетінін айтып жүрген. Ербол қазіргі жас композиторлар ішінде музыкалық талғамы мен кәсіби біліктілігі жоғары, авторлық әндерімен танымал музыкант. Ал режиссерге келсек, Есләм Нұртазин Қазақстандағы мюзикл жанрында жұмыс істеп жүрген бірден бір режиссер. Есләммен бірнеше бірлескен жоба жасағанда мықты маман екеніне көз жеткізгенмін.
Актерлер негізінен Жүргенов атындағы өнер академиясының мюзикл театр актері мамандығын бітіріп, бүгінде жеке шығармашылығымен айналысып жүрген жандар. Сонымен қоса, мюзиклге Dudeontheguitar атымен танымал Нұрбек Елемесовты тарттым. Қазіргі жас аудитория қазақ, инди музыкасын ерекше тыңдайды. Сондықтан жас аудитория үшін өзіне ықпалы бар, ұнамды адам тыңдайды деген ой болды. Әрі Нұрбек актер болмаса да, рөлін өте сәтті алып шықты. Мюзиклге келген көрермендер тарапынан Нұрбек өз рөлін ойнады деген пікірлерді де көп естідім.
Команданы жинап, мюзикл идеясын түсіндіргенде олардың барлығы қуанып, шабыттандым. Біз де осы мәселе туралы ойланып, қоғамда маңызды дүние жасасақ екен деп армандаушы едік деді. Осылайша, ұжыммен бірлесіп сюжеті, композициясы әдемі мюзиклді ғана емес, әлеуметтік мәселелерді қаузай отырып, елді дамытуға үлес қосатын тамаша жобаны жасап шыға алдық деп ойлаймын.
– Мюзикл командасы жас әрі шығармашылық адамдар. Мюзиклді дайындау барысында қандай қызықты оқиғалар есіңізде қалды?
– "Сен" мюзиклі – медиасауат туралы. Команда бұрын медиасауатқа қатысты курстарға қатыспаған. Сондықтан елге нені насихаттап жатқанын тереңірек түсіну үшін актерлерге медиасауат тренингтерін өткіздік. Бұл тренинг бағдарламасында ақпараттық қауіпсіздік, нетикет, фактчекинг тақырыптары қамтылған еді. Дайындық басында WhatsApp-тағы жұмыс тобымыз, жеке хабарлама, спам, аудиохабарламалар, ұзын сонар амандасулар да болатын.
Медиасауат тренингтерінен соң чатымыз бірден медиасауатты, мәдениетті болып қалды. Тіпті, оннан кейін хабарлама жаза қалса, кешірім сұрап, мәселеге тікелей өтетін болды. Әлеуметтік желідегі нетикет, жеке кеңістікке деген құрмет, верификация деген тақырыптарды енді біздің актерлеріміз де тренинг өткізе алады деп ойлаймын.