Тікелей эфир

Ақылы олимпиада білім сынағы ма әлде ақша табу көзі ме?

Фото: Информбюро
Фото: Информбюро
Білім және ғылым министрлігі бекіткен олимпиадалар тізіміндегінің бәрі – тегін.

Педагогтер аттестациядан өтіп, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші немесе педагог-шебер санатын алуы үшін біліктілігін растайтын құжаттармен қатар кәсіби жетістіктерін де көрсетуі қажет. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің №514 бұйрығында жазылған. Осыған байланысты ұстаздарға арналған ақылы олимпиада ұйымдастыратын түрлі орталықтар пайда болды. Оған қатысу жарнасы да әртүрлі. Алайда, министрлік мұндай білім бәйгелерінің ведомствоға қатысы жоқ екенін айтады.

2021 жылы Білім және ғылым министрлігі мұғалімдер мен білім алушыларға арналған 175 тегін олимпиада мен конкурстың тізімін бекітті. Олар:

  • мектепке дейінгі;
  • бастауыш;
  • орта;
  • техникалық және кәсіптік білім берудің барлық деңгейін қамтиды.

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, тізімдегі барлық жарыс бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар тізімге педагогтерді аттестаттау кезінде ескерілетін  33 олимпиада мен конкурс енгізілген. Соған қарамастан ұстаздарға арналған түрлі ақылы олимпиада өткізетін ұйымдар саны өте көп.

Вице-министрдің айтуынша, жеке ұйымдар олимпиада атауын министрлік тізбесіндегі олимпиадаларға ұқсатып қояды. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі жыл сайын республика ұстаздары арасында "Үздік педагог" байқауын өткізеді. Конкурс үш кезеңнен тұрады. Оның жеңімпазына  республикалық бюджет қаражаты есебінен ел үкіметі айқындайтын мөлшерде сыйақы төленеді. 2021 жылы үздік шыққан ұстаздарға 1000 АЕК көлемінде сертификат пен "Үздік педагог" төсбелгісі берілген еді. 

Ал "Қазтест", "Білім шыңы", "НИО", "ККО" сынды ұйымдар да ұстаздар арасында "Үздік педагог" олимпиадасын өткізеді. Алайда, олардыкі ақылы және жарнасы да әртүрлі.


Оқи отырыңыз: "Ақылы олимпиадаларға қарсымыз". Нұр-Сұлтан білім басқармасының басшысы себебін түсіндірді


Осы орайда ұстаздармен тілдесіп, ақылы олимпиадаларға деген көзқарасын және министрлік бекіткен тізімдегі олимпиадалардың қолжетімділігін сұрадық. 

"Министрлік тізіміндегі олимпиадалар интернет жақсы жерлерде ғана қолжетімді"

Айнагүл Темірболатова, Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Кенбай орта мектебінің мұғалімі:

– Қазіргі кезде "НИО", "КИО", "Дарын онлайн" сынды ақылы олимпиадалардың сертификаты мұғалімнің аттестаттаудан өтуі кезде пайдаға аспайтын болып қалды. Бір жағынан олар онлайн өткендіктен, мұғалімдер қосымша материалдарға да сүйенуі мүмкін. Ондай жағдайда, әрине, мұғалімнің білім-біліктілігі шынайы деңгейде көрінбейді.

Өз басым ақылы олимпиадаларды құптамаймын. Себебі, "Жыл мұғалімі", педагогикалық оқулар және пәндік олимпиадалар сынды байқаулар ғана мұғалімнің шын білім деңгейін көрсете алады және шынайы деп білемін. Өзім осы байқауларға қатысқанмын, облыстық деңгейде жүлдегерімін. Өз тәжірибе сүйеніп, осы байқаулардың мұғалімнің кәсіби біліктілігі үшін құнды екенін айтқым келеді. Ал ақылы олимпиадаларда ақысын төлеген адамдарға  жүлделі орындарды көңілжықпастықпен үлестіре салатындай көрінеді.

Министрлік бекіткен тізімдегі олимпиадалар интернет жақсы ұстайтын жерлерде қолжетімді. Ал көп жерде, әсіресе ауылдық жерлерде интернет жоқтың қасы. Ол жағдайда бұл олимпиадалардың қолжетімділігі азаяды.

"Біліктілік санатын алуға қатысты қолдау білдіретін маман қажет"

Жұлдыз Бурабаева, Silkway мектеп-лицейінің мұғалімі:

– Мен ақылы олимпиадаларға қатысып көрмедім, оқушыларымды да қатыстырмадым. Оқушыларым республикалық олимпиадалардың қалалық, облыстық кезеңдеріне өтті, ғылыми жобамыз республикалық деңгейде қаралды, Ахмет Байтұрсынұлы, Абай оқуларына қатыстық. Бұл мәселе бойынша, негізгі үш түрлі түйткілді көруге болады.

Біріншіден, мен мұндай жарысты ұйымдастырушылардан елжандылық, отансүйгіштік немесе оқушыларға білім насихаттайтын жанашырлық көрмеймін. Оның артында бір ғана мақсат – кәсіп тұратыны айдан анық. Осы тұрғыда БҒМ-ға үлкен рахмет айтамын. Жақында ғана министрлік біліктілік санатын алуға жарамды олимпиадалардың тізімін жариялады. Барлығымен танысып шықтым. Өз пәніме, мамандығыма қатыстылармен толыққанды келісемін.

Екіншіден, ұстаздар біліктілік санатын алу туралы заңды біле бермейді. Заң бойынша, сіз талаптарға сай келіп тұрсаңыз, қиналмай кез келген санатты ала аласыз. Бізде осыған байланысты "папка толып тұруы керек", "сертификат көп болуы керек" деген кеңестік түсінік қалыптасып қалған. Ол маңызды емес. Мұғалімдер бір жағынан соны да дәреже, мақтаныш көреді. Жалпы кез келген олимпиадаға қатысуға бала ниетті болмаса, оны мәжбүрлеуге болмайды. Ал, ақылы олимпиадаларға қатысу ұстаздың біліктілігінің көрсеткіші бола алмайды. Бұл ұстаздың сауатсыздығын көрсетеді. Министрлік бекіткен олимпиадалар бәріне бірдей қолжетімді болмауы мүмкін, ол бір жағынан дұрыс та. Біз көбінесе бәрі қолжетімді болғандықтан да көп нәрсеге немқұрайды қарап, көп жерден салғырттық жіберіп алдық. 

Бұл тұрғыда әкімшіліктердің, біліктілік санатына жауапты кадрлардың қателіктері бар. Мысалы, мен қазір педагог-шеберге тапсырайын деп отырмын. Өйткені, ағылшын тілін білемін, оқулық шығаруды жоспарлап жүрмін. Ал өңірлерде жұмыс істейтін, еңбек өтілі менімен қатар, тіпті магистратура бітірген әріптестерім әлі күнге дейін модератор санатын ала алмай жүр. Оқу ісі жөніндегі меңгерушілері ол үшін 5 жыл еңбек өтілі керек екенін айтыпты. Қай заңда бар екенін сұрасаң, көрсете алмайды.

Сондықтан біліктілік санатына қатысты мұғалімдердің өсу мансабын қарастыратын, оларға қолдау білдіретін бір маман керек. Мысалы, жас мамандарды жинап алып, қай санатты қалай алу керек екенін нақты дереккөздер арқылы түсіндірсе, бұл тұрғыда ешқандай мәселе туындамас еді. Мұғалімдер арзанқол жарыстардың артынан кетпес еді, арзанқол төсбелгілерге қызықпас еді.


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаттары мұғалімдерді аттестаттау жүйесін сынға алды


"Ақылы олимпиадалар қажет"

Сымбат Смаилова, Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, №1 Ақшәулі жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі:

– Ұстаздарға ақылы олимпиадалар қажет, себебі тегін олимпиадада жүлделі орындарға көпшілік мұғалім іліне бермейді. Ал аттестаттаудан өту үшін ұстазға жетістік қажет. Бұл жерде барлық ақылы олимпиаданы айтып отырғаным жоқ. Тапсырмалары жүйелі, әр сынып деңгейіне қарай күрделеніп отыратын, нәтижені есептеу кезінде оқушының білімімен қатар жылдамдығы да ескерілетін немесе мұғалімдердің білімін нақты көрсете алатын олимпиадалар бар. Алайда, тапсырма деңгейі өте жеңіл, сұрақтары жиі қайталанатындары да болады. Кей мұғалімдер сондай олимпиадаларға бір оқушысын қатыстырып, дұрыс жауабын көріп алады да, кейін сол жауапты екінші оқушыға беріп жатады.

Министрліктің олимпиадалар тізімін бекіткенін білеміз. Оның ішінде интернет олимпиадаларды алып тастапты. Тек офлайн жарыстарды қалдырған екен. Оған да оқушыларым қатысады. Мысалы, бір оқушым республикалық Абай оқуларынан орын алған. "Дарын" орталығының медалін иелендік. Ол олимпиадаларға ешқандай қарсылығым жоқ, өте әділ өтеді, ол да білімді көрсетеді. Дегенмен, ол сайыстарда тек алты жүлделі орын ғана беріледі. Сонда басқа балалар тек қатысушы болып қалады да, тек сертификатпен марапатталады.

Сондықтан, ақылы олимпиадаларды тексеріп, белгілі бір талаптарға сай деп есептеген жағдайда, қатысуға болады деп ойлаймын.

"Онлайн олимпиадаға қатысты пікірдің екіге бөлінуі заңды"

Жайнагүл Сдихова, Атырау облыстық ұлттық гимназияның мұғалімі:

– Онлайн олимпиадаға қатысты пікірдің екіге бөлінуі заңды. Себебі, ол – мейлі ақылы, мейлі тегін болса да, интеллектуалды олимпиада. Яғни, баланың ойлау қабілетіне, сабақта алған білімін жетілдіруіне әсер етеді.

Ал, екінші жағынан алғанда, ақылы олимпиадалар – ата-ананың қалтасын салмақ. Сосын мұғалімдердің біліктілік санатын арттыру кезінде ақылы олимпиадалардың дипломы жарамсыз. Себебі, министрлік тарапынан расталмаған.

Қазір көптеген ата-ана баласының қандай да бір жарысқа қатысып, диплом алғанымен мақтану үшін ғана сол олимпиадаларға қатыстырып жатқандай көрінеді. Егер ондай олимпиада бір баланың интеллектуалдық деңгейіне, ізденуіне, шығармашылығына, ғылыми жетілуіне әсер ететін болса, қатыстыруды жөн санаймын. Ал, тек мақтан, көрсеткіш үшін ғана болса, қатысудың қажеті жоқ.


Оқи отырыңыз: Педагогті аттестаттаудың жаңа ережесі: Мұғалімдер неге эссе жазуға қарсы?


"Ақылы олимпиадаға қатысу-қатыспауды ұстаз өзі шешеді"

Ал ақылы олимпиада ұйымдастыратындар "ақылы олимпиада – ақша табудың көзі, олар дипломды оңды-солды тарата береді" деген пікірмен келіспейді. Qaztest.kz олимпиада сайтының өкілі Берікбол Төлегеннің пайымдауынша, білім саласындағы ақылы сайыстар тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа елдерінде бар. "Біз ұйымдастырмасақ, қазақстандықтар ресейлік конкурстарға қатысады, сол мемлекеттің бюджетіне ақша түсіреді" дейді ол. 

Берікбол Төлеген, Qaztest.kz олимпиада сайтының өкілі: 

– Оқушы кезімізде өзіміз де ресейлік олимпиадаларға көптеген ақша төлеп қатыстық. Тест сұрақтарының біздің оқу бағдарламамызға түк қатысы жоқ. Ресейдің тарихына қатысты сауалдар көп болатын. Қазақстандық оқу бағдарламасымен орын алу мүмкіншілігі 100-ден 1 пайыз еді. Кейін неге осындай отандық платформа жасамасқа деген ой келді. Qaztest.kz жобасы сондай идеямен дүниеге келген.

Министрліктің мәлімдемесінен кейін қатысушылардың саны төмендеді. Сол кезде жұмысымызды тоқтату туралы ойланып, сайтқа тіркелген қатысушылар арасында сауалнама жүргіздік. Сонда әлі де сұраныс бар екенін байқадық. Олар "жыл сайын қатысып үйреніп қалғанын, олимпиадаларымызға көңілі толатынын, көмегі тиетінін" айтады. Кей өңірлердегі ұстаздар сертификатты аттестаттау кезінде қолдануға жарағанын айтса, енді бірі тізімдегіден басқасы жарамсыз дейді. 

Әрине, министрлік өте жақсы жұмыстар атқарып жатқанына сенімдімін. Көп жұмыстарын қолдаймын. Десе де, ақылы олимпиадаларға тыйым салу деген түсінік біржақты болып кеткендей көрінеді. Себебі, кез келген нарықтық қоғамда адамдарда таңдау құқығы бар. Ақылы олимпиадаға қатысу-қатыспауды ұстаздар өзі шешеді. Министрлік те ақылы олимпиадаларға қатыспауды ұсынды. Яғни, ол заңсыз да емес.

Өкінішке қарай, елімізде кей ұйымдастырушылар ақшаны жеке шотына аудартып, заты белгісіз байқауларды көбейтіп жіберді де, онлайн олимпиадаларға сенім азайды. Ондай ұйымдастырушылар қатысушылардың көңілін қалдырмауға тырысады. Ал, тағы бір топ заңды түрде тіркеліп, жұмыс істейді, тест құрастырады, платформа жасайды. Ақша да тікелей компанияның шотына аударылады және тестің нәтижесі автоматты түрде шығарылады. Біз осы екінші қатарға жатамыз. Сұрақтар базасын тәжірибелі ұстаздарға дайындатамыз. Сол үшін кезінде Абай атындағы ҚазҰПУ-мен меморандум жасадық. Ұстаздарға арналған педагогикалық тестерді сол университет ұстаздары жасайды. Сондықтан, ақша төлегеннің бәріне дипломды оңды-солды таратып жатыр дегенмен келіспеймін. Алты жылдық тәжірибеме сүйеніп айтайын, бізде таныс немесе ақша арқылы орын, жүлде беру фактісі болмады. Оған толықтай тыйым салынған. Бұл жобада да қаншама адамның маңдай тері, идеясы, адал еңбегі бар. Сондықтан, соңғы тұтынушысы тарапынан керексіз болғанға дейін жұмыс істей береді деп ойлаймын.

Осы ретте министрлікке ақылы олимпиада ұйымдастырушылары тарапынан өтініш: ақылы олимпиада ұйымдастырумен айналысатын компанияларға нақты талаптар қойып, жұмысын ары қарай жалғастыруына мүмкіндік берсе дейміз. Мәселен, олимпиада ұйымдастыру үшін сұрақтар базасына, платформасына қатысты белгілі талаптар қойып, соған лайықтыларды реестрге енгізсе, құба-құп болар еді.

Серіктестер жаңалықтары