Тікелей эфир

Екпеден бас тартушы аймақтар арасында Алматы көш бастап тұр. Жаңалықтарға шолу

Сүйікті дәрігермен түскен ең үздік селфиге байқау жарияланды. Қазақстанда демалыс күндері қалың қар жауып, күн суытады.

Географтар жер бетінің 25 жылда қандай өзгеріске ұшырағанын картадан көрсетті

Цинциннати университетінің географтары жердің өмір сүруге жарамды бөлігінің 22 пайызының 25 жылда қалай өзгергенін көрсететін картаны жасаған. Картадан осы уақыт аралығында Оңтүстік және Орталық Америка аумағындағы жоғалған орман алқаптарын көруге болады. Сондай-ақ Сахара шөлі аумағының кеңейгені көрсетілген. Картадан Қазақстан аумағында ауылшаруашылық жерлерінің артқаны және Арал теңізінің тартылғаны да көрініп тұр.

ҚТЖ: "Нұрлы жол" темір жол вокзалындағы аудит анықтаған кемшіліктер жойылды

Астанадағы жаңа темір жол кешенінің бастапқы құны 210,3 млрд теңге болған. Құрылыс кезінде бұл сома 243,6 млрд теңгеге дейін артқан. Алайда пайдалануға оның тек 36,6 пайызы беріліп,құны 50 миллион теңгеден асатын соманың қондырғылары орнатылмаған, жұмыстары сапасыз жасалған.

Бұған ҚТЖ компаниясының өз уәжі бар. Ұлттық компания өкілдері Астана теміржол желісін дамыту мен вокзал кешенін салу жобасы құнының о баста 244 млрд теңге болғанын айтады. Ал, процедуралық заң бұзушылықтарды аудит барысында қосымша шығынсыз қалпына келтірген.

Қазақстан интернет жылдамдығының әлемдік рейтингісінде бір сатыға төмендеді

Қазақстан 2018 жылдың 1 қазанындағы көрсеткіш бойынша Speedtest Global Index рейтингісінде 58 орынға тұрақтады. Интернеттің кіріс жылдамдығы (желіден файл жүктеу жылдамдығы) 28,84 Мбит/сек. құраған. Әлемдегі орташа көрсеткіш 50,88 Мбит/сек. көлемінде.

Мобильді интернет жылдамдығы бойынша рейтингте Қазақстан бірден 4 сатыға төмен түскен. Оның жылдамдығы біздің елде 18,89 Мбит/сек, ал әлемдегі орташа жылдамдық 23,8 Мбит/сек. Рейтингтің көш басында Норвегия (67,16 мбит/сек)тұр. Әлемде ғаламтордың ал ең төменгі жылдамдығы Тәжікстанда (4,97 Мбит/сек) тіркелген.

Алматы екпеден бас тарту бойынша аймақтар арасында көш бастап тұр

Биыл елімізде 15 мыңға жуық адам екпеден бас тартқан. Олардың көбі Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Алматы облысының тұрғындары. "Вакцинология" қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Қуатбаеваның айтуынша, олардың арасында ауырғандар саны артқан. 2016, 2017 жылдары қызылшамен ауырғандардың 40%-ы екпеден бас тартқандар болып шықты.

Екпеден бас тартушылардың санын азайту үшін Денсаулық сақтау министрлігі мұндай балаларды бала-бақшаға, мектепке қабылдамауды ұсынып отыр.

Қыздарға 16 жастан бастап ата-анасының рұқсатынсыз түсік жасату ұсынылды

2017 жылы кәмелет жасына толмаған бойжеткендер арасында бала туу 2%-ға кеміді десе де, жасына жетпей жүкті болып қалғандар саны азаяр емес (3443 дерек тіркелген). Елімізде оларға ата-анасының рұқсатынсыз түсік жасатуға заң тыйым салады. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Ақтаева қажетсіз жүктіліктің алдын алу мақсатында 16 жастағыларға тыйымды қолданбауды ұсынды.

Денсаулық сақтау министрлігі пациенттің дәрігермен түскен ең үздік селфиіне байқау жариялады

"Менің сүйікті дәрігерім" аталатын байқауға кез келген қазақстандық қатыса алады. Ол үшін сүйікті дәрігермен селфиге түсіп, медициналық көмекке жүгінген кездегі бастан кешкен оқиғалар туралы эссе (қазақ не орыс тілдерінде) жазу керек.

Фото мен эссені zdrav_konkurs_2018@mail.ru электрондық поштасына жолдау және оны Facebook желісіндегі аккаунтына #Menińdárigerim #Мойдоктор хештэгімен жариялау қажет. Жұмыстар 2018 жылдың 10 желтоқсанына дейін қабылданады. Байқау қорытындысы бойынша анықталған 3 жеңімпазға бағалы сыйлықтар беріледі.

Ең төменгі күнкөріс қаражатымен тамақтанған Саратовтық депутат 7,5 кг арықтапты

Н.Бондаренко бір ай бойы 3,5 рубльге (19 600 теңге) тамақтанып, алған әсерімен бөлісті. Депутаттың айтуынша, ол осы мерзім ішінде әлсіреп, ашуланшақ болып кеткен, өзін шаршаңқы сезінген. Салмағы 94,5 кг-нан 87,1 кг-ға азайған.

Депутаттың бұлайша басын бәйгеге тігуіне бұрынғы еңбек министрі Н.Соколовамен дауласуы себеп болған еді. Н.Бондаренконың ең төменгі күнкөріс сомасы (3,5 рубль) бір айға күнкөруге жетпейді дегеніне шенеунік қарсы пікір айтып, бой бермеді. Алайда, министрлік мәртебесіне сын келетінін айтып, оның өзі сол қаражатқа өмір сүріп көруден бас тартты. Кейін қызметінен қуылды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда қалың қар жауып, күн суытады. Қазақстан арқылы өтіп жатқан атмосфералық ағындарға байланысты демалыс күндері елдің басым аумақтарында қар жауады. Сенбі күні республиканың солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік облыстарында қалың қар жауып, бұрқасын болады, батыстан 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғып, жел екпіні 23-28 м/с жетеді, жекелеген аудандарда 30 м/с асуы мүмкін. Жалпы нормадан ауытқыған жылы температурадан кейін күн салқындауы күтіледі.

Sputniknews.kz: Қазақстан мектептерінде жаңа оқулық енгізілуі мүмкін. Келесі жылы орта мектептердегі "Дінтану негіздері" оқулығы "Қоғам және дін" деп аталатын жаңа оқулықпен алмастырылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитеті мәдениеттер және діндер халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов мәлімдеді. Дінтану пәні бойынша оқу бағдарламасын жаңарту қажеттілігі Қазақстандағы қазіргі жағдаймен байланысты деді ол.

Серіктестер жаңалықтары