Тікелей эфир

Екі миллион бойдақтың арасынан жар таппаған қыздардың бес қорқынышы

Кәрі қыз, ажырасқан келіншек лайық жар таппай әлек. Астана мен Алматы – әлемдегі өзге мегаполистердей осы әлеуметтік мәселенің ошағына айналды.

Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) мәліметіне сай, республикадағы бойдақтар санының ара салмағы мұны растайды. 30-34 жастағы 100 әйелге 83 еркек кіндіктен, 35-39 жастағылар арасында – 100-ге 63-тен келеді. Жалғызбасты нәзік жандылардың мұз жастықты жастанып, кейбір түндері қорқыныш құшағында дегбірінен айрылуы – заңдылық.

1. "Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан" немесе жалғызбасты қыз-келіншекке қоғамның көзқарасы

Аталарымыз пенде психологиясының тамырын дөп басқан. Адам жаратылысының құрылысы бірін бірі рухани, эмоционалды байытуға бағытталған, екі жарты бөлік іспетті.

Бір мысал. Психологтардың интернет-форумында отыздан асқан қыз сұрақ қойыпты.

"Адам баласының жалғыз ғұмыр кешуі мүмкін бе?". Бірді-екілі форум қатысушысы, "өзіңе ұнаса, неге жалғыз өмір сүре бермеске" деген сыңайда жауап берген. Тіпті, өзін кәрі қызбын деп таныстырған қырықты алқымдаған әйел: "Осы, жұрттың біреуде не шаруасы бар екен, қоғамның көзқарасы шымбайыма батады!", – деп назаланып жазыпты.

Жалпы, жалғыздықтың қыр-сыры тым терең, қай ғылымдағыдай, түрлі пікірталас тақырыбына айналғалы қашан. Жоғарыдағы форумның одан әрі қалай өрбігенін көрелік. Жалғыздықты жеке бас азаттығымен теңестіріп пікір білдіргендер бірақ сөзіне дәлел болар ештеңе келтірмепті.

Яғни: "Басың бос, өміріңді қай арнаға бұрамын, қашан тұрамын, қай кезде жатамын демейсің, өз еркің. Күйеуге қызмет қылу, бала табу – тіршіліктің мәні емес", – деп қана есептейді. Есесіне, қыздың жалғыздық проблемасының түйінін шешуге ұмтылған көп маманның сөзі салмақтылау шыққан.

Бірнеше сағат бойы сұрақ қойып, әрі-бері түрткілеп едік, мына бір жайт бір мая шөптегі инедей суырылып шықты-ау. Әкесі – жүргіш болған көрінеді. Бес жасында бұларды тастап, қызық қуып кете берген. Содан, тұтас дүниені әке мен шешенің айналасындағы жағдаймен мөлшерлеген балақанның психикасы кібіртіктеп қалыптасқан-мыс. Бірде-бір жігіттің бұның жанында тұрақтап қалмайтындығының түпкі себебі осында...


ере

"Әкесіз өскен қызды ренжітпеңдер, оларды тағдыр ренжіткен"... / Сурет wallpapers4u.org сайтынан алынды


Қоғамның көзқарасына келсек. Соқа басы сопайып жалғыз жүрген нәзік жандыларға қатысты қоғамның белгілі бір көзқарасты танытуы, қалыптастыруы керек пе? Қалай дегенмен, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. "Қыз сүйген қалады, жігіт сүйген алады" дейміз тағы.

Көп елдің дүниетаным тарихын алып қарасақ, кәрі қыз құбылысын ешкімнің құптамағаны көрінеді. Мысалы, Оңтүстік Кореяда тұрмысқа шықпай бақи болған ұрғашының қорқынышты аруаққа айналатынына сенген. Себебі, өмірлік басты мақсаты – жар сүйіспеншілігіне бөлене алмай өтті...

Ал, бүгінгі Еуропа елдері – Швеция, Ұлыбритания, Германия мен Францияда әрбір алтыншы тұрғын алпыс бес жасты еңсерген. Швецияда неке жасындағы ересектердің жартысы өмірлік серігін таппағандар, бала сүймегендер.

Әрине, ғаламның бұл бөлігінде тұрмысқа шықпаған не ерінен ажыраған әйелді анау айтқандай ешкім мүсіркемейді, болмаса оған таңырқап қарамайды. Жеке бас бостандығы ол әйел үшін бірталай жеңілдік берер. Алайда тым ұзақ уақыт жалғыздық құшағында жүрген әйелдің психологиясы өзгеріп, ер адамға деген эмоционалдық мұқтажынан айрылатын көрінеді.

2. Тағдырдың маңдайыма жазғаны, бәлкім...



"Тағдыр" ұғымы психология ғылымында жоқ. Француз психологы Шутценбергер "Ата-баба синдромы" кітабында жақсы айтқан "трансгенерациялық табыстау" ұғымы бар, – дейді Мәскеу институты гельштат және психодрама қауымдастығының мүшесі, психолог Айгүл Дүйсенбаева.

– Бұл дегеніміз қандай да бір маңызды оқиғалардың ұрпақтан ұрпаққа берілуі. Әйел жалғыздығының жалғастығы да осы тізбектен табылады. Мұндай жағдайда генограмма құрып, бабаларыңның тарихын білген дұрыс, өзіңнің шыққан тегіңе құрметпен қараған жөн. Әулет шежіресінде ақтаңдақ, құпия мен жасырған нәрсе неғұрлым аз болса – өз бетіңше өмір сүру мүмкіндігі соғұрлым артады.

Эрик Берн, "Транзактілі талдау" теориясының негізін қалаушы, "ұрпақтар шеруі" ұғымын қолданады. Бұл қарапайым тілмен айтқандағы "тағдыр" ұғымына жақын деп ойлаймын.

Мысалы, әжесі қызын жалғыз өсірді делік. Қызы өсті, өзі қыз тапты және ер адаммен қарым-қатынас орната алмады. Кейін ана әженің немересі де "ұрпақтар шеруін" жалғастырады.

Бұл жерде мәселе "соқыр" тағдырда не болмаса жолы болу не болмауда еместігін түсіну маңызды. Қарым-қатынас орнату тәсілі беріледі. Рөлдік репертуар беріледі.

Бейқам (ғылым тілімен, инфантильді) немесе жалғызбасты ана тәрбиелеген қыздың бұл "шеруден" шығу мүмкіндігі барын ұғынуымыз керек. Бұған іс-әрекетін, мақсатын салмақтап, отбасында сіңірілмеген дағды мен рөлдерді меңгеру арқылы қол жеткізуге болады.

Жеке өмірінде "жолы болмаушылықтың" себебі ұрпақтан ұрпаққа берілетін нанымдар болуы мүмкін. Мысалы, "ер адамға сенуге болмайды", "біздегі барлық төмен етекті баласын жалғыз асырайды", "жақсы еркек қалмады", "айнала толы опасыздар" деген сияқты. "Жалғыздықтың" негізінде не тұрғанын түйсіну қажет. Шектеуші көзқарасты табу керек.

Бұл жердегі түйткіл "тағдырдың жазуында" емес, бар гәп әйел адамның саналы түрде немесе ойдың елегінен өткізбестен жасаған таңдауында болып тұр...

3. Махаббат көктемі орала ма?

Көңіл қартаймайды. Ал, уақыт деген қырсық мыстан зуылдап бір сәтке де кідірер емес. Ақнұрдың жасы биыл тұп-тура 32-де:

"Бұрынғы жігітіммен 4 жыл жүрдік. Бірде әйел адамға тән дертке шалдықтым. Ота жасады. Күні кешегідей есімде. Наркоздан оянғаным сол, үстіме суық су құйғандай күй кештім. Үйленіпті! Әрине, кейін хабарласты, кешірім сұрады, ізімде жүрді. Кешірмедім, жібімедім де. Ата-анасына да ептеп ренжідім. Анасы мені қызындай көретінін айтатын. Жүрегімдегі жара сол беті жазылмады.


 "Төсек аяз. Түндер боран. Оны тек сен білесің, мен білемін, ұқшы деп кірістірем кімдерді оған". Фариза Оңғарсынова

"Төсек аяз. Түндер боран. Оны тек сен білесің, мен білемін, ұқшы деп кірістірем кімдерді оған". Фариза Оңғарсынова / Сурет photosight.ru сайтынан алынды


Қазір жігітім бар. Мен сияқты тәуір жұмыс істейді. Одан бастан кешкенімді, адамға сенуден қалғанымды жасырмадым. Ол да өмірде аяғын шалыс басқан. Кезінде жұмысыма көмегі болады деген оймен үйленген. Бірақ, анасы қатерлі ісікпен ауырғанда, жұбайы ешбір көңіл бөлмепті... Болашақта бірге боламыз ба, жоқ па, білмеймін. Шынымды айтсам, ол қазір басқа қалада. Уақыт көрсетеді".

Психология ғылымының магистрі Асоль Әбілдинова:



"Біздің кейіпкердің басындағы, саналы түрдегі жалғыздықтан жаманы жоқ. Жанын жаралаған жайтты жеке өзі не психологтың көмегімен пысықтамастан, жаңа қарым-қатынас құрды. Неке мен ер адамдарға деген негативті көзқарасын ала барды. Қазақ айтады, "аузы күйген үріп ішеді" деп. Бір рет сәтсіздікке ұрынып, не өзімізге, не бізді бағалайтын адамға мүмкіншілік бермейтініміз өкінішті.

Ақнұр менен көмек сұрай келсе, бірінші берер кеңесім – жігітімен арада болған іс үшін кінәні өзінен іздеуді қою керек. Екіншіден, қазіргі досыңыз бұрынғы жігітіңіздің қателігі үшін жауап бермейді. Басқа адамға сенім арту сіз үшін қиын. Сондықтан, бүгінгі достығыңыз психологиялық үшбұрыш ішінде қала бермек.

Ал, екі ғашықтың арасына түскен оттың ешкімге опа бермесі белгілі. Алыстағы адаммен қарым-қатынас құруыңыздың себебі де: іштегі қорқыныш, өзге адамды рухани және өзгелей түрде өзіңізге жақындата алмауыңыз болуы мүмкін.

Өткенмен қош айтысыңыз. Бұрынғы жігітіңізге, тым болмаса, күйеуіңіз болмағаны үшін рақмет деңіз. Неке көптеген қиындық пен сыннан тұрады, оған төзбейтінін о баста білген жақсы. Жаныңызға терең үңіліп көріңіз, шын мәнісінде не қалайтыныңызды түйсініңіз. Сонда қажетті достық өзі-ақ іздеп табады. Ал, күдік пен шүбәнің ізі де қалмайды. Шын көңіліммен Сізге бақыт тілеймін", – дейді Асоль Әбілдинова.

...Айтпақшы, британдық психологтар зерттей келе, адам баласы өмірде екі рет шын ғашық болады деген тұжырымға келген. Біріншісі, алғашқы махаббат. Ынтықтырар, еліктірер сезім. Алғашқы махаббатты сақтап қала бермейтіндіктен, уақыт өте орнын терең және байсалды сезім басады екен.

4. Жүрегімді тілгілейтін жалғыз-ақ сөз – "зина" және мен

Фрейдтің болжамынша, абстиненция (табиғи қажеттіліктен өз еркімен бас тарту) адам төзгісіз дүние. Психоанализдің атасы жеңсікқұмарлық туа бітті психикалық энергияның (либидо) танылуы деп кәміл сенген. Бұл қажеттілік өтелмеген жағдайда, психика және тән жайсыздығы орын алады, адам қапаланып, өзін тығырыққа тірелгендей сезінетін көрінеді. Мұндай күреске тым көп тіршілікке қажетті энергия жұмсалмақ, сондықтан қолынан келетін адам да аз.


"Екі ережені мықтап ұстан: Кім көрінгенмен ас ішкенше, аш қал. Кім көрінген бірге болғанша, жалғыз бол". Омар Хайям

"Екі ережені мықтап ұстан: Кім көрінгенмен ас ішкенше, аш қал. Кім көрінгенмен бірге болғанша, жалғыз бол". Омар Хайям / Сурет fotojoin.ru сайтынан алынды


Соқа басыңды алып жүре алмасаң, ата дінді ұстанбақ жол қайсы? Мүмкін, мүмкін... Мұндай кездерде, әдетте, ересектерге арналған дүкен ойға келеді. Несін жасырайық, қазақтың қыз-келіншегіне таңсық емес жер, бүгінде. Әйел затының психикасына ер адамды дүкендегі ойыншықтармен алмастырудың зардабы тие ме, мәселе сонда. Алматы қаласы, "Идеал" адамды дамыту қорында еңбек етіп жүрген маман Нұрия Бекалаевамен сұқбат бірқатар жайтқа көз жеткізді:


папа

Нұрия Бекалаеваның бойдақ қыздарға арналған дәрісі / time.kz сайтынан алынды


"Жалпы алғанда, мұның психикаға әсері бар. Өйткені, әйел адам қарым-қатынастан тек тән қажеттілігінің өтелуін күтпейді. Интимді тәндік жағын қарастырсақ, жақсы көрген адамыңның жаныңнан табылғаны, оның тіпті жай ғана өзіңді құшқанының өзі маңызды. Себебі, өзара энергия алмасу бар. Енді, эмоционалдық жақындық деген түсінікке келсек. Осы эмоционалдық жақындыққа бола адамдар өзара қарым-қатынасқа түседі. Еркектерде де, әйел адамдарда да эмоционалдық жақындық болады, екінші бір адамға деген сезімі оянады.

"Саған сезімімді білдіремін, оны саған паш етемін" деген сияқты. Әйел адам осыны білдіре алса, ер адамнан да осындай сезімді күтеді, эмоционалдық жақындық осылай жүзеге асады. Бізде көбіне, нақ осы жақындыққа көңіл бөліне бермейді. Өйткені, әйелдің ер адамға эмоционалдық тұрғыдан жақындасуы үшін, еріне деген сенімнің болғаны маңызды. Өкпе-реніш, өткен шақтағы қарым-қатынастың сәтсіздігі және соның салдары сенімді азайтады, қатынасты көп қиындатады. Сенбейді. Осы орайда, осы сенімсіздіктен арылту үшін психологтың жұмысы керек.

Ересектерге арналған дүкеннің ойыншықтары әйел адамның қажетіне жарайды. Бірақ, тек тән сұранысы тұрғысынан. Ал, әйел табиғаты үшін бұл дегеніміз,қарым-қатынастан күтетін дүниенің ең бір азғантай бөлігі. Зардап қандай? Әйел адам эмоциналдық деңгейде еш тоят таппайды. Әрине, осы жағынан келгенде,әйел ер адамды басқа ешнәрсемен алмастыра алмайды".

5. Тексіз ұл табармын

Канадалық ғалымдар тобы әйел адам өзі, еркектің көмегінсіз бала көтере алады деп отыр. Тәжірибесін жасап үлгерген. Әйел тәнінен синтез арқылы ұрық алыпты. Ал, Америкада 35-45 жас аралығындағы тұрмыс құрмаған мыңдаған, тіпті он мыңдаған әйел жылына бірнеше рет жасанды жолмен ұрықтандыру қызметіне жүгінетін көрінеді.

Әрине, баланы некесіз табу – ел заңдарына қайшы келмейтін, адамның жеке басының шешімі. Алайда, психологтар келесідей психологиялық түйткілдер жайлы ескертеді.

– "Өзің үшін табу" деген түсініктің өзі қауіпті, – дейді мамандар. – Адам біреу үшін емес, жарық дүние есігін ең бірінші өзі үшін ашады, себебі. Психика деңгейінде (әсіресе, ұл болса), бала анасының өмірінде әкесінің орнын басуы мүмкін. Өсіп, өз отбасын құрар кезде, бұл анасы тарапынан тура бір күйеуінің опасыздығы сияқты қабылданады. Әйел адамның күш-жігері мұны жасырып қалуға жете бермейді де.

Толық емес отбасыдағы ендігі бір проблема – тиісті жыныстық мінез-құлықтың тәрбиеленбеуі. Балаға әке керек. Ал, дүниеге әкесіз келген қыздың ер адамды бөтенситіні, қабылдамайтыны анық. Жалпы, отбасылық қарым-қатынас үлгісінің болмауы ертеңдері баланың басын қатыратын жайт.

БҰҰ мәліметі картасына сілтеме: http://singlesatlas.com/countries/8c01298114019020062138cc497b1ef51d3800?area=not

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары