Тікелей эфир

Джо Байден, Си Цзиньпин және ынтымақтастық эволюциясы

Қытай билігі АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байденмен ымыраға келе ме?

Factchek.kz Клэрмонт МакКенна колледжінің профессоры, АҚШ Герман Маршалл неміс қорының бейрезидент Бас ғылыми қызметкері Минсин Пейдің сараптамалық пікірін жария етті. 


АҚШ президенті Джо Байден, Қытай президенті Си Цзиньпин және олардың сыртқы саясат кеңесшілері Роберт Аксельродтың The Evolution of Cooperation ("Ынтымақтастық эволюциясы") деп аталатын халықаралық қатынастар туралы классикалық кітабын оқыды ма, жоқ па, нақты білмеймін. Дегенмен екі держава басшыларының Аксельродтың негізгі идеясына, яғни мемлекеттердің өзара ынтымақтастық орнатудан пайда тауып, алдағанды жазалау туралы идеясына  құлақ асуы керек.

Көптеген зерттеу жүргізген Мичиган университетінің профессоры (қазіргі уақытта зейнетте) Аксельрод ұлттық мемлекет сияқты ойыншыға  ұзақ мерзімді стратегия – әуелі ынтымақтастық, кейін "қанға қан" принципі бойынша әрекет ету екендігін анықтаған. Басқаша айтсақ, егер адал ниет ишарасын білдірсе, мемлекет келешекте үлкен пайдаға кенеледі және қарсыласының әр келесі қадамына өзі сияқты жауап беріп отырады.

Бұл ұстаным қазіргі таңда күрделене түскен АҚШ – Қытай қарым-қатынасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Байден де, Си Цзиньпин де өз елдерінің ашық геосаяси бәсекеге түскенін жақсы біледі. Бірақ, қарумен жарысқа түсу немесе тікелей әскери қақтығыс сияқты ықтимал апаттардың алдын алу мақсатында арадағы бәсекелестікті сақтап қалғысы келеді.

Шындығында, Байден мен Си Цзиньпиннің екі ел арасындағы тартысты тыныштандырудан қарағанда әлдеқайда маңызды әрі жүзеге асыруға тиіс жоспарлары жетерлік. Байден бір реттік мерзімге сайланған Дональд Трамп залалын тигізген АҚШ демократиясы мен қоғамын қалпына келтіру керек болса, Си Цзиньпин АҚШ-тан "ажырап қалған" Қытай экономикасын әлсіретпес үшін оны өзге арнаға бұрмақ.

Бірақ, Байден мен Си Цзиньпин екеуіне де түйткіл тудырған мәселе біреу сияқты. Ол – қысқа мерзімді перспективада екі жақты қарым-қатынасты тұрақтандыру және екі жақты бәсекелестікте тұрақты стратегиялық жетістікке жету үшін бір мәмілеге келуді бірінші бастаған кімге тиімді.

Байден Вашингтонда Қытай технология компанияларына қарсы санкциялар мен тарифтер қою сынды Трамптың Қытайға қатысты саясатын жоюға мүделлі қоспартиялы оппозицияға тап болды. Бәлкім, Си Цзиньпин Қытай – АҚШ ара қатынасының еркін құлдырауына жол бергісі келмейтін шығар. Дегенмен Қытай басшысы өзара ізгі ниетті көрсету мақсатында маңызды қадам жасағысы жоқ. Есесіне Қытай осы жылы Гонконгтегі қудалау шараларын күшейтіп, Қытай әскери күштері Тайваньға қарсы қорқыту және қудалау кампаниясын жалғастыруда.

Егер Байден де, Си Цзиньпин де алғаш қадам жасауға қандай да бір саяси капиталдарымен тәуекелге бармаса, АҚШ – Қытай қарым-қатынасының одан әрі күрделене түсу ықтималдығы аса жоғары. Ұлттық қауіпсіздікке келер болсақ, екі елдің де әскери күштері аса қауіпті тежеу және тежеуге қарсы динамиканы құру арқылы қарсылық танытуға дайындалып жүр.

Дипломатиялық тұрғыда Байден жақын арада Қытайға қарсы тұру мақсатында Американың демократиялық одақтастарын бірге жұмылдыруға ұмтылуы мүмкін. Жыл сайын өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумның биылғы отырысында Си Цзиньпин осы жағдайды жанама түрде айыптаған еді. Экономикалық шиеленіс те өрши түсуі мүмкін. Себебі, Си Цзиньпин үкіметі бір жыл бұрын Трамп әкімшілігімен жасаған "бірінші кезең" сауда келісімінде белгіленген АҚШ өнімдерін қосымша сатып алу мақсатына қол жеткізе алмайтын сияқты. Ал Гонконг азаматтары мен Шыңжаңдағы мұсылман ұйғырларға қатысты адам құқығын бұзу әрекеттерінің жалғасуы Вашингтонда Қытайдың саяси жетекшілері мен экономикалық құрылымдарына қарсы қосымша санкциялар салу туралы талаптарды күшейте түседі.

АҚШ – Қытай қарым-қатынасының күйреуін тоқтатудың жалғыз амалы – Байден немесе Си Цзиньпиннің ынтымақтастық орнатуға дайын екенін куәландыратын нақты қадам жасау және кейін өзара келісім ережесін қатаң сақтау. Алғашқы қадамға кететін шығын тым көлемді болмасы анық, бірақ оның қайтарымы әлеуеттілігі жоғары ұзақ мерзімді нәтижеге алып баруы мүмкін.

Екі ел стратегиялық бәсекелес боп қала беретініне қарамастан, олардың бәсекелестігі тұрақты болжам мен өзара келісілген ережелерге негізделмек. АҚШ пен Қытай екеуінің мүддесіне ортақ салада, айталық климаттың өзгеруіне байланысты салада ынтымақтастық орнатуы әбден мүмкін. Ең бастысы, шиеленістің бәсеңдеуі апатты әскери қақтығыс қаупін азайтар еді.

АҚШ пен Қытай президенттері Аксельродтың идеясын шынайы саясатта жүзеге асыру қажет деп тапса, олардың келесі міндеті – екінші тараптың жауабына қатысты белгісіздікті ескере отырып, алғашқы қадамның қандай болатынын нақты анықтау.

Байденге қарағанда президенттік қызметте бұрыннан ысылған Си Цзиньпиннің мүмкіндігі көп сияқты. Қай жағынан алып қараса да, Қытай басшысының бірінші болып бастама жасауына негіз көп. Сонымен қатар, оның адал ниет білдіруіне де мүмкіндігі жетерлік және сол арқылы саяси капиталды шығындамай-ақ, АҚШ-тың оң көзқарасына қол жеткізуіне болады.

Мысалы, Қытай билігі АҚШ-тағы мемлекеттік Қытай бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет еткен тілшілерге Трамп әкімшілігінің шектеу қоюына жауап ретінде былтыр елден қуылған америкалық журналистердің оралуына дереу рұқсат беруі керек. Тағы бір мүмкіндік ретінде қаңтардың басында тұтқындалған Гонконгтағы 53 демократиялық белсендіге тағылған айыпты алып тастауға болады.

Қазіргі уақытта тұтқында отырған ұйғырлардың біршамасы денсаулығының нашарлауы немесе Қытай ресми сайттарында көрсетілгендей қамауға алудың себебі саналатын "кәсіби дайындық" процесінің аяқталуына байланысты  бостандыққа шықса, Си Цзиньпиннің қос тараптағы ең күрделі мәселенің шешімін табудағы прагматизмін аңғартар еді. Дәл сол сияқты Қытайдың әскери ұшақтарының Тайвань әуе қорғанысын анықтау аймағына арандатушылық шабуылдарын тоқтату да тараптардың кездейсоқ қақтығыс қаупін азайтуға және АҚШ-пен арадағы шиеленісті бәсеңдетуге көмектесер еді.

Байденнің аталған ишараның қайсыбіріне оң қабақ танытары белгісіз. Бірақ, Си Цзиньпиннің мүмкіндікті пайдаланып көргені дұрыс. Қытайдың ұтылудан гөрі ұтары көп.

Серіктестер жаңалықтары