Тікелей эфир

Дәрігерлердің күйзеліске түсуіне не себеп? Психоаналитик түсіндірмесі

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Қазақстанда коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлер психоаналитиктерге хабарласып, кеңес ала бастады.

Олардың қандай сұрақтармен хабарласатыны және оларға қандай көмек керек екені туралы Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова жауап берді.

Тегін кеңес беретін психоаналитиктің біріне хабарласқан учаскелік дәрігер басшылары медициналық масканы өздері тігіп алу керектігі туралы талап қойғанын айтқан.

"Бізге анонимді түрде хабарласатын дәрігерлердің бірінің жағдайы туралы мысал келтірейін. Анонимді түрде хабарласқан учаскелік дәрігер медициналық маска жоқ екенін, басшылық оны өз қолдарымен тігіп алуын талап еткені туралы айтты.

Сондай-ақ, ол басшысы "Ауру жұқтырып алсаңдар да – маған бәрібір. Сенің құның көк тиын" деп айтқаны туралы мәлімдеді.

Ол жедел жәрдем шақырған үйге маскасыз барғанын, сол себепті коронавирус жұқтырып алудан қатты қорқатынын айтты. Ол коронавируспен күресіп жүргендері үшін жалақысы көтерілетіндер ішінде учаскелік дәрігерлер жоқ екенін айтты", – дейді психоаналитик Анна Құдиярова.

Оқи отырыңыз: Коронавирус қаупі жағдайында қорқынышты қалай жеңуге болады? Психоаналитик кеңесі

Маманның айтуынша, учаскелік дәрігердің жұмысында ғана емес, жеке өмірінде де шешімін таппаған мәселе көп.

"Ол екі қызы бар екені және солар үшін өмір сүріп жүргені туралы айтты. Жұбайы айына, жылына 20-30 мың тапқаны болмаса, жұмыс істемейді екен. Сонымен қатар, ішімдікке құмар. Анасы онымен ажырасу керектігі туралы айтса, "Кезінде ажыраспақ болған кезде қайта қосылуыма сіз себепші болғансыз. Талай рет сізге жылап барған кезде жолдасыма қайтаратынсыз. Ерегескенде ажыраспаймын" дейтін көрінеді. Жолдасымен ажырасайын десе, қыздары әкесін қимай, жылайды.

Демек, бұл адамда жұмысында ғана емес, отбасында да ұзақ жылдарға созылып келе жатқан дау-дамай бар.

Біз оған өмірінің аяқталуына бар болғаны 5 минут қалған жағдайда кімнен кешірім сұрап, кімге ризашылығын білдіргісі келетіні туралы сұрадық. Ол "Ешкімге" деп жауап берді. Бұл нені білдіреді? Бұл оның терең күйзелісте екенін білдіреді. Өмірінің соңында ешкімнен кешірім сұрағысы келмеу, ешкімге ризашылығын білдіргісі келмеу, ешкіммен қоштаспай-ақ кеткісі келу – қасірет!" – дейді ол.

Оқи отырыңыз: "Денсаулық сақтау, білім беру салаларын түбегейлі реформалау қажет". Президент мәлімдемесіндегі 10 маңызды мәселе

Психоаналитик Анна Құдиярова учаскелік дәрігердің мұндай жағдайға тап болуына не себеп болуы мүмкін екенін айтты.

"Біріншіден, біз сөйлесе келе ол учаскелік дәрігерде созылмалы терең күйзеліс бар екенін анықтадық. Әдетте мұндай жағдай суицидпен аяқталады. Ол екі қызы үшін өмір сүргісі келетінін айтқанымен, оның әрекеті бейсаналы түрде оның бойында өлімге деген құштарлық бар екенін білдіріп қояды. Мысалы, ол коронавирус жұқтырып алудан қорқатынын айтқанымен, жедел жәрдем шақырған үйге маскасыз барған. Не себепті маскасыз барған? Не себепті өзімен бірге сабын алып барып, қолын жумаған? Не себепті антисептик апармаған? Не себепті есіктің тұтқасын сүртіп барып ұстамаған? Не себепті өзі маска тігіп алмаған? Неге осылай сақтық шараларын жасамаған? Бұл нені білдіреді? Бұл учаскелік дәрігердің бейсаналы түрде өлгісі келетінін білдіреді.

Суицид жасаса, қадірі қашатынын, сол себепті коронавирус жұқтыру арқылы өлу тиімді екенін біледі. Мұның бәрі бейсаналы түрде болып жатқан құбылыс.

Егер ол ары қарай бізбен жұмыс істейтін болса бойындағы үрейді жеңіп, суицидтік ойдан бетін қайтаруға көмектесеміз", – дейді Анна Құдиярова.

Оқи отырыңыз: Жазғы ыстықта коронавирус жойыла ма? Вирусолог мамандардың зерттеуі

Сондай-ақ, ол учаскелік дәрігерге қалай көмектесуге болатынын айтты.

"Учаскелік дәрігердің құнын көк тиынға теңеген басшы қалай болғанда да оқыған-тоқыған адам шығар. Мынадай төтенше жағдайда бәрі асығыс, бәрі қарбалас, тез шешім қабылдауы керек. Мүмкін учаскелік дәрігердің салғырттығы басшысының солай айтуына мәжбүр еткен шығар. Жалақысы көтерілетін медициналық қызметкерер ішінде учаскелік дәрігерлер жоқ екеніне қатысты ақпараты рас-өтірігін нақтылау керек. Мұның бәрін жеке-жеке тоқталып, тереңнен қарау керек.

Учаскелік дәрігердің тағдыр жолы ауыр. Анасымен де, жолдасымен де қарым-қатынасы жақсы емес. Анасымен қарым-қатынасы жақсы емес болғандықтан, әйел басшысымен де қарым-қатынасы жақсы емес.

Ол жолдасымен ажырасайын десе, екі қызы қарсы болып, жылайды. Демек, бұл жерде оның қыздарымен қарым-қатынасын да, жолдасымен қарым-қатынасын да ретке келтіру керек. Кез келген адамның өмірінде болып жатқан жағымсыз жағдайдың түп-тамыры балалық шағында болады. Сондықтан бұл учаскелік дәрігер психоаналитикпен жұмысты жалғастырып, жан дүниесін тазалаумен айналысу керек. Біздің міндет – ескерту, олардың міндеті – шешім қабылдау", – дейді ол.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары