Тікелей эфир

Дәрі тапшылығы мен антибиотиктер зияны. Үйде емделушілерге арналған маңызды 18 сұраққа жауап

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Денсаулық сақтау министрлігіне коронавируспен күреске 114,8 млрд теңге қаражат бөлінді.

Қазақстанда дәрі-дәрмек тапшылығы әлі шешімін таппады. Қажет дәрісін дәріханадан таппай жүргендер көп. Ал Денсаулық сақтау министрлігі мен дәрігерлер үйде емделу кезінде қолдануға болмайтын дәрілер туралы айтып дабыл қағуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де пандемия кезінде дәріханалардағы аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына жол беруге болмайтынын айтып, Үкімет пен құқық қорғау органдарына аталған мәселені реттеп, кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.

Осы орайда Informburo.kz дәрі-дәрмек тапшылығы мен амбулаториялық, яғни үйде емделу кезінде ұсынылатын препараттарға қатысты сұрақтарға жауап берді.

№1. Дәрі тапшылығына не себеп?

  1. Адамдар дәрі-дәрмекті жаппай сатып алуынан халық тарапынан сұраныс жоғары. Кей азаматтар ондап, тіпті одан да көп орама парацетамол мен өзге де дәрілерді бірден сатып алады. Мысалы, Алматыда бір айға жетуі тиіс 30 мың градусник екі күннің ішінде сатылып, бітіп қалған.
  2. Алақол бәсекелестік, яғни, алыпсатарлар дәрі-дәрмекті көтерме сатып алған. Құзіретті құқық қорғау органдарына дәрі-дәрмек препараттарының шекті өсуіне жол бермеу жөнінде тапсырма беріліп, жауапкершіліке тарту көзделген.
  3. Отандық өндіріс дәрі-дәрмек сұранысының 13%-ын ғана жабады. Дәрі-дәрмектің 87%-ы сырттан әкелінеді.

№2. Дәрі-дәрмек мәселесін шешу үшін қандай шаралар қабылданды?

  • Бір тәулік ішінде дәрілік заттарды әкелуге біржолғы рұқсат беру өтінімдерін қарау;
  • Дәрі-дәрмектерді сертификациядан және сертификат берудің жеделдетілген рәсімдері;
  • Әкімдіктермен бірлесіп көтерме сауда қоймаларын, дәрі-дәрмектердің қоры және бағасын көтермелеуге жол бермеу үшін жеке дәріханаларды аралап өтетін арнайы мониторингтік топтар құру;

Оқи отырыңыз: Дәрі дефициті, диагностика және үйде емделу. Денсаулық министрлігі бұл мәселелерді қалай шешіп жатыр?

№3. Дәріханаларға дәрі қашан келіп түседі?

Қазақстан аумағына дәрі-дәрмек заттарын әкелу процедурасы жеңілдетілді. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзінше, дәрі-дәрмек жеңілдетілген тәртіппен қоймалардан бөлшектік компанияларға түсе бастады. Министр алдағы уақытта қажетті дәрі-дәрмектер дәріханаларға түседі деп сендірді.

Министрлік дәрілік заттардың бағасына мониторинг жүргізеді. Әр өңірде әкімдіктер жанынан арнайы топтар құрылған, олар дәрілердің белгіленген шекті бағамен сатылуын қадағалайды.

№4. Дәріханалар дәрі-дәрмек бағасын қымбаттатса қайда шағымдану керек?

DariKZ мобильді қосымшасы арқылы дәрі-дәрмектің бағасын көтерген дәріханаларға шағымдануға болады. Қосымшада Қазақстанда тіркелген дәрі-дәрмектерге шекті рұқсат етілген баға белгіленген. Дәріханада баға қымбаттаса қосымшадағы батырманы баса отырып, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына мәлімет жіберу керек.

"Адалдық алаңы" республикалық жобалық кеңсесінің жұмыс топтары дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізеді. Дәріні қымбатқа қай дәріханадан, қандай бағаға алғаны туралы фото және видео түріндегі ақпаратты +7 702 000 24 94 WhatsApp нөміріне жіберуге болады. Келген ақпарат қай өңірге қатысты болса, сол өңірдегі жемқорлыққа қарсы қызметке жіберіп, тексеру жұмыстарын жүргізіп, себебін анықтайды.

Дәрі-дәрмек заңсыз сатқан адамдар туралы аумақтық полиция бөлімшелеріне немесе 102 және 112 телефондары арқылы хабарлауға болады.

Оқи отырыңыз: Дәріханалар дәрі-дәрмек бағасын қымбаттатса, қайда және қалай шағымдануға болады?

№5. Дәрі-дәрмекті қымбатқа сатпақ болған қанша адам ұсталды?

Қазақстанда 6 шілдеден бері дәрі-дәрмекті қымбатқа сатпақ болған 46 адам ұсталды. Олардан дәрі-дәрмектің түр-түрінің 20 884 қаптамасы, нақтырақ айтқанда 2600 қаптамада глюкоза мен ферсинол, 2200 қаптама ацетилсалицил қышқылы, 654 қаптама парацетамол тәркіленді.

Мысалы, Нұр-Сұлтанда құқық қорғаушылар багажы медиакаменттерге толы Toyota маркалы көлікті ұстаған. Азамат 1 миллион теңге пайда тауып, дәрі-дәрмекті қымбаттата сатпақ болған. Автокөлікте 689 дәрінің қаптамасы бары анықталды.

Шымкентте бір әйел дәріні өз үйінде отырып сатқан. Тексеріс барысында үйден әртүрлі медикаменттердің 229 түрі (10 459 қаптама) анықталды. Дәрілердің бәрі де ЖРВИ-ды емдеуге арналған және антисанитариялық жағдайда сақталған.

Атырауда косметологиялық клиника басшысы дәрі-дәрмекті лицензиясыз және қымбат бағада сатқан. Мәселен 5 мың теңгелік Ингавирин үш есе қымбатқа, ал Парацетамол 10 есе артық бағамен қымбатқа сатылған. Клиникадан 5 мың қаптама тәркіленді.

№6. Дәрі алғанда чек бермесе не істеу керек?

Кез келген тауар мен қызметті сатып алғанда фискалды чек беруге міндетті. Чектің берілмеуі шаруашылық жүргізуші субъектісінің табатын кірісін азайтып көрсетуіне мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде салықтың бюджетке толық түспеуіне әсер етеді. Сондықтан дәріханадан дәрі алғана міндетті түрде чек талап ету керек. Чек бермеген жағдайда "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесіне немесе Мемлекеттік кірістер департаментіне толық ақпаратты хабарлау қажет.

№7. Тегін дәрілік көмек алу үшін қайда қоңырау шалу керек?

Коронавирус инфекциясы белгілеріне күдік болса учаскелік дәрігерге қоңырау шалу керек. Тегін дәрі-дәрмек алу үшін диагнозы расталған науқас емхана5а міндетті түрде бекітілуі тиіс. Себебі, бұл дәрі-дәрмектер халықтың тіркелімі және диспансерлік науқастардың тіркелімі бойынша Covid-19 инфекциясының жеңіл түріне шалдыққан, пневмония немесе ЖРВИ диагнозы бар науқастарға жеке есептен босатылады.

Оқи отырыңыз: 42 500, блок бекет, ПТР-тест. Карантиннің жаңа шараларына қатысты маңызды 7 сұраққа жауап

№8. Басқа емханаға тіркелсе не тркеуі басқа қалада болса не істеу керек?

Қолданыстағы заңдарға және Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, дәрі-дәрмектер тек тіркелген азаматтарға беріледі. Бұл жағдайда азаматтар онлайн-өтініш беру арқылы тіркелген емханасынан шығып, жақын емханаға тіркелуге мүмкіндіктері бар.

№9. Емханаға тіркелуге қанша уақыт кетеді?

Онлайн рәсім көрсетілетін мемлекеттік қызмет аясында Egov электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асатындықтан, көп уақыт алмайды.

№10. Пневмония, ЖРВИ, коронавирустың жеңіл түрінде үйде емделетіндер тегін дәріні қалай ала алады?

Тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен ЖРВИ және ауруханадан тыс амбулаториялық ем жүргізілетін пневмония диагнозы бар науқастар қамтамасыз етіледі. ЖРВИ анықталса ересектер – антибиотиктермен, балалар антибиотиктермен және дене қызуын түсіретін препараттармен қамтылады.
Тегін рецепт бойынша дәрі-дәрмектерді медициналық қызметкерлердің мобильді бригадалары науқастардың үйіне жеткізіп береді. Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында, Covid-19 бар науқастарға емханаларға келуге тыйым салынады.

Оқи отырыңыз: Коронавирусты анықтайтын ПТР-тестті қалай тегін жасатуға болады? Сараптама

№11. D және C дәрумендерінің коронавирустан емдеуде пайдасы бар ма?

D және С дәрумендері жалпы иммунитеттің жақсаруына, зат алмасу процесінің реттелуіне көмектеседі. Коронавирус инфекциясы кезінде бұл дәрумендердің пайдалы әсері бар деген дәлел жоқ.
Иммунитетті көтеру үшін бұл дәрумендерді барынша көп ішу қажет деген пікір де болмауы тиіс. Сондықтан бұл дәрумендерді көп мөлшерде пайдаланудың еш қажеті жоқ. D дәруменін де, С дәруменін де балалар жасы мен салмағына, ал ересектер белгіленген мөлшерге байланысты ішуі қажет.

№12. Дексаметазонды пайдалану қауіпті ме?

Өкпе қабынуына қарсы әсер ететін Дексаметазон препараты стационарда жағдайы өте ауыр пациенттерге тағайындалады. Ол да клиникалық хаттаманың бөлімдерінде көрсетілген.

Халық арасында аталған препаратқа сұраныс жоғарылаған. Алайда дәрігерлер дексаметазонды үйде емделу барысында қолдануға болмайтынын айтады.


№13. WhatsApp-та тарап жатқан дәрілік тағайындаулармен емделуге бола ма?

Министрлік те, дәрігерлер де Whats App желісіндегі ақпараттық бюллетеньдермен емделуге кеңес бермейді. 8-15 препаратты қатар қолдану адам организміне қауіпті. Үйде емдеу кезеңінде симптомдарды бақылап, соған сай емдеуге назар аудару керек. Аурудың алғашқы 7-10 күнінде антибиотиктер тағайындауға болмайды.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен күрестің жаңа шаралары қандай? Денсаулық сақтау министрінің түсіндірмесі

№14. Коронавирусты емдеу кезінде неге антибиотиктерді қабылдауға болмайды?

Антибиотик – бактерияға қарсы препарат. Бактерия – біржасушалы микроағза, яғни жасуша. Ал вирус – жасушалы емес өмір нысаны және оның құрылысында антибиотиктер әсер ете алатын бірде-бір құрылым жоқ. Вирустарға антибиотиктер мүлдем әсер етпейді. Ағзадағы оларға сезімал болатын бактерияларды өлтіреді, осылайша жасырылған балансты бұзады.

"Өз қолымызбен вирустық жұқпалардың ұзаққа созылуына, бактериялық асқынулардың қосылуына жағдай жасаймыз. Адам антибиотиктерді негізсіз қабылдаса ішектің қабыну ауруларына және иммунитеттің төмендеуіне әкеледі. Антибиотиктер бактериялық жұқпа қосылған кезде ғана қажет болады", – дейді Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясы.

Бактериялық флора ауыр науқастарда екінші аптадан, трахеяны интубациялаудан кейін немесе кейбір қауіпті топтарда қоса жүруі мүмкін. Бактериялы пневмонияның алдын алу үшін антибиотиктерді қабылдауды ңқажеті жоқ, олар жанама әсерлерді тудыруы мүмкін.

№15. Ибупрофен асқынуларды тудыруы мүмкін бе?

Жоқ, кейінгі зерттеулер ибупрофеннің зияны жоқ екенін толықтай ақтады. Рандомизирленген бақыланатын сынақтар жүргізілгенде бұлшық еттеріндегі қатты ауырсынуларда, бас ауырғанла немесе температура көтерілгенде ибупроен қабылдау қауіпсіз екені, осыған ұқсас дәрі-дәрмекпен салыстырғанда артықшылықтары көп екені анықталған.

№16. Қандай препараттардың тиімділігі дәлелденбеген?

Нобазит, ингавирин, мұрынға тамызатын интерферон, арпефлю сияқты дәрі-дәрмектердің тиімділігі дәлелденбеген. Бұл препараттардың барлығы вирусқа қарсы деп жарияланғанымен рандомизирленген клиникалық сынақтардан өтпеген және дәлелді медицинаны қабылдаған елдерде қолданылмайды.
Тұмауға қарсы тек тамифлю (осельтамивир), реленза (занамавир) және инавир (ланинамивир) әсер етеді. Бірақ көбісі осы дәрі-дәрмектерді коронавирусты емдеуде қабылдау керек деп қателеседі.

Нимесил – ондаған стероидтік емес қабынуға қарсы препараттардың бірі. Covid-19 бар деп күдіктенген адамға нимесил қабылдаудың қажеті жоқ. Себебі, ол қауіпсіздік бойынша сынақтан өтпеген.

Бұлшық еттердің және сүйектірдің өте қатты ауырсыну сезімінде, өте жоғары температураны көтере алмағанда қабылдауға болатын дәлелденгенан екі препарат бар: парацетамол және ибупрофен.

Оқи отырыңыз: Жаназа және құдайы ас. Індет кезінде бұл рәсімдерді өткізуде қандай талаптар сақталуы тиіс?

№17. Дене қызуын түсіретін, бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер тізімін қайдан көруге болады?

Әр дәрі-дәрмектің бірнеше атауы болады. Фармацевтикалық компаниялар дәрінің атауын өз қалауынша қоя береді. Қазақстанның дәрі-дәрмек мемлекеттік реестрінде дене қызуын түсіретін парацетамол халықаралық патенттелмеген атауымен 86 дәрі тіркелген. Сонымен қатар, антибактериялық – 108, вирусқа қарсы 29 түрлі дәрі бар.Тізімді осы сілтемеден көруге болады.

№18. Реабилитолог Айна Бакееваның ем-домына қатысты министрлік пікірі қандай?

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ем-домның күрделі әдісі бойынша өтінім жасаған дәрігер Айна Бакееваның хабарламасына қатысты біршама сұрақ келіп түскенін айтты. Министр дәрігермен байланысқа шығып, 40 минут сөйлескен. Айна Бакеева әлеуметтік желілерде, тіпті медицина қызметкерлерінің айтуы бойынша да ем-домның түр-түрі тарап кеткеніне алаңдаушылық білдірген.

"Ем-дом түрлерін әлеуметтік желілерде көріп алған адамдардың да ойы сан-саққа кетеді. Ал кейбір препараттар керісінше денсаулықты нашарлатады. Сұрақтарға жауап тапқысы келетін мыңдаған адам Айна Бакееваға жүгінеді екен", – деді Алексей Цой.

Осы себепті Денсаулық сақтау министрлігі мамандармен бекітілген нақты ресми халыққа арналған кеңестерді әзірледі. Ол министрліктің сайтында жарияланады. Әлеуметтік желілер арқылы да халыққа жеткізіледі. Дәрігер Айна Бакеева да ем-дом хаттамасын өз ресурстары арқылы азаматтарға жеткізетінін айтқан.

Материал Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясының және дәрігерлерді ақпараттық қолдау бастамасының жариялаған ақпараттары негізінде әзірленді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары