Қазақстанның геосаясатынан ешбір қазақтың қағыс қалмайтыны шындық. Ендеше, біз ғаламдық қазақ мәселесіне және оның даму үрдісіне үңіліп көрдік пе? Біз олардың үмітін ақтай алдық па?
Қазiр алыс және жақын шетелдердегi қазақ диаспорасы қазақ ұлтының үштен бiр бөлiгiн құрайды, саны 6 млн болыпты. Олардың үлкен бір бөлігі тарихи ата мекен қоныстарында қозғалмай отырғандар; енді бір бөлiгi, кеңестiк кезеңдегi революция және азамат соғысы, зорлап ұжымдастыру, ашаршылық, жаппай құғын-сүргiн салдарынан өздерiнiң тарихи отандарынан кетуге мәжбүр болғандар. КСРО тарағаннан кейiн жақын шетелдердегi (ТМД) қазақтар да диаспораға айналды.
Ұлы көш 91-де басталды
Ақорданың ресми парағынан:Нұрсұлтан Назарбаев: "1991 жылғы 31 желтоқсанда Қазақ радиосынан шет ел қазақтарына арнап сөз сөйледім. Ол жан жүрегімнен қайнап шыққан сөз еді. Әлемнің әр елінде ғұмыр кешіп жатқан бауырларымызды дүр сілкіндірді. Қазақстанға келемін деп ат басын бұрып, ұлы көштің теңін буып, тізгінін қаққан бауырлар сол кезден бастап Отанға оралудың қам-қарекетіне кірісті.
Естеріңізге сала кетейік, "Шетелдегi отандастарды қолдау мемлекеттiк бағдарламасы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 31 желтоқсандағы N 3308 Жарлығымен атқарылып, ҚР Президентінің 2005.11.21. N 1673 жарлығымен күшін жойған болатын.
Жалпы шет елдердегi диаспоралардың құқықтық, мәдени және әлеуметтiк-экономикалық өркендеу деңгейi бiр-бiрiне мүлдем ұқсамайды.
Қытайдағы қазақтардың әлеуметі жақсы
Қытай қазақтарының жалпы экономикалық жағдайы жаман емес. Себебі, Үкімет жағалағандардың жалақысы жоғары, әлеуметтік қамдау деңгейі жақсы. Десе де, ауыл тұрғындарының қал-жағдайы мүшкілденіп барады.
Отырықтандыру барысындағы халықтың жерінен айырылуы – мал бағып, егін егудей дәстүрлі кәсіппен шұғылданатын қазақтарға ауыр тиді. Кейбіреулері заңдық, құқықтық сауаттарының төмендігінен жерін арзан бағаға сатуға мәжбүр болды.
Әрине, үкімет көмегімен бейқұт үйге ие болды. Балаларын да оқытты. Бірақ жанұядағы адам санының көбеюі – жұмыс табуға қиындық тудырады. Оның үстіне жаз жайлауда, қыс қыстауда жүріп, еркін тірлікке үйреніп, бейқам жатқан ел үшін енді базар жағалап, саудамен айналысу өте қиынға соғып тұр.
Бірақ саяси жағдайы мүшкіл
Соңғы жылдары, әсіресе 2010 жылдардан бері қарай, Қытайдағы қазақтар шоғырлана қоныстанған Шинжиаң өлкесіндегі саяси ахуал ушығып кетті. Бұған ұйғыр сепаратистік ұйымдарының қарсылық іс-әрекетке белсенді кірісуі мен қытай үкіметінің дін мен тілге, ұлтқа қатысты жүргізіп отырған саясатының қатаюы басты себеп болды.
Соңғы 5 жылдан бері қазақ тіліндегі мектептердің жабылып, жаппай қытайландырылған білім жүйесі орнады. Заң жүзінде болмаса да, іс жүзінде шектеуге ұшыраған діни сенім бостандығы – жастардың ұлттық құндылықтардан ажырап кетуіне себепкер болды.
Оның үстіне соңғы кездері, қазақтарға қарата дөрекі саяси қысымдар жасай бастаған. Мысалы, қалыпты діни қимылдарға қатысу, діни есімдер қою шектелген. Жұмыс орындарында қазақша сөйлеген жағдайда жұмыстан шығару, заңдық құқықтарын шектеу белең алуда. Тіптен, қазақтардың қытайлармен үйленгендерін телеарналарда көрсетіп, ашық үгіттеп ғана қоймай, өте қомақты заттық және қаржылай сыйлықтар жасауды арнаулы бағдарламаға енгізген.
Бұл қазақтың зиялы қауымын алаңдатып отыр.
Ержан Жұмабай (аты шартты түрде өзгертіп алынды): «Мен жуырда Қытайға барып қайттым. Шинжиаң өлкесінде ағайындар ішінде саяси науқан жүріп жатыр екен. Әр отбасына дейін қызыл ту тіккіздіріп, әр күн сайын малшыларға дейін ту шығару салтын өткізуді міндеттеген.
Ал саяси науқан жағы – өз алдына үлкен әңгіме. Мекемелердің барлығы дерлік 24 сағаттық сақтық шарасына көшкен. Тіптен дүкендерге де тексеріп кіргізеді. Сондағы ағайындардың айтуынша, жәй ас пышағының өзі суық қару түріне жатады, сатып алсаңыз, тіркеуге алынасыз. Кей ауылдарда әр он отбасына бір-біреуден басшы тағайындалып, халық жасағы ұйымдастырылған. Міне, Шинжиаңдағы жағдай осындай».
Ресей қазақтары туралы
Бейресми мәліметтер бойынша, Ресейде де 1,5 миллионнан астам қазақ тұрады. Астрахань сияқты облыстарда қазақтардың үлес салмағы 25 пайызға жеткен. Бұл елде Қытайдағы секілді ашық саяси қысым жоқ. Тек Кеңес одағы кезінен қалыптасқан жүйе қазақ тілді мектептердің ашылуына әлі де мүмкіндік бермей отыр.
Демократиялық үрдістің дамуынан жат жұрттағы қазақтардың ұлттық санасы да ояна бастаған. Дегенмен саяси сахнадағы рөлі әлі төмен. Ол үшін ұлттық буржуазияны топтастырып, саяси жүйеге кіріктіру керек. Бұған мемлекеттік деңгейде ықпал жасауға шамамыз жеткілікті.
Мысалы, Татарстан республикасының қандастарды қолдау саласындағы жетістігі ұшан-теңіз деп айтуға болады. Татарларды қолдау саясаты ел Президенті мен Үкіметінің функциясына жатады. Оның үстіне ресми және бейресми түрде жоғары деңгейде жүргізіліп отыр. Сол үшін арнаулы телеарна мен порталдар, қоғамдық ұйымдар құрылып, оларды қаржыландыру жолдары оңтайландырылған.
Тіптен, жақында Татарстан Президенті Рүстем Миңнеханов мырза кездесуде: «әр татар әйелі ең кемінде ана тілінде сөйлейтін 3 баланы тәрбиелеуі керек» – деп жариялады. Қазір Татарстанда дүние жүзі татар конгресі, татар жастарының дүние жүзілік конгресі, татар-ислам конгресі қатарлы жүздеген ұлттық ұйымдар жемісті еңбек етіп жүр. Айта кетерлігі ол ұйымдардың құзіреттілігін Қазақстандағы ассамблеямен салыстыруға болады.
Моңғолиядағы қазақтар – жеке ел секілді
Қазақстан тәуелсіздік алған кезде Моңғолиядан үдере көшкен қазақтар еліміздің белін көтеріп тастады. Әсіресе, солтүстік облыстардағы кемдікті толықтап, тіліміз бен ділімізге үлкен қуат бергені белгілі. Сол қазақтың артқы шебіндей болып, Баян-Өлгей қазақ аймағын мекен еткен қандастарымыз отыр. Олар Моңғол Парламенті мен Үкіметінде де лауазымды міндеттер атқарып, елі үшін қызмет етуде.
Алайда, оларға да түрлі қолдаулар керек. Мысалы, 2016 жылы Өлгейдегі сел апаты кезінде Қазақстанның Премьер-министрінің аталған өңірге баруы мен көмек беруі – әлемдегі қазақтар үшін үлкен демеу болды.
Өзбекстандағы ағайындарға көмек керек
Өзбекстан елінде бейресми дерек бойынша 2 миллионға жақын қандастарымыз тұрады. Негізінен, қазақтың көне астаналарының бірі, ата-бабаларымыздың ізі қалған Ташкент қаласы мен оның маңында. Бұл – қазақтардың ата қонысы болса да, ондағы қазақтардың тағдырлары басқаша қалыптасты. Олардың ішіндегі құрама тайпалары не қазақ, не өзбек боларын білмей, екі ортада өзбектеніп бара жатқаны белгілі. Оның үстіне кезінде Қазақстанның құрамында болған қарақалпақтарға да түрлі қолдаулар керек.
Қытай, Ресей, Израил, Түркия, Жапония қатарлы елдердің барлығында отандастарды қолдау туралы заң бар
Әсіресе, Ресейдегі Татарстан республикасының қазіргі саясаты мен жетістіктері көңілімізге қуаныш ұялатып отыр.
Қытайдың бұл саладағы табысы шаш етектен. Қытайдың шетелдегі мұхажырларын (отандастарын) қолдау туралы заң қабылдағанына 60 жылдан асыпты. Онда мұхажырларды қолдау қауымдастығы әлемдегі елуден астам елде құрылған.
Олар отандастарын Қытайға үлес қосуға шақырып ғана қоймай, олардың білім алу саласындағы жеңілдіктерін тым ертеден қарастырған. Тіптен арнаулы мұхажырлар университеттерін құрды. Осылайша миллиондаған адам капиталын тартып, экономикаға және ғаламдық байланыста жетістіктерге жетті.
Түркия елі болса, сонау Ата Түрік кезінде Ата заңға түркілерді қолдау туралы арнайы бап енгізіпті. Сол арқылы Гималай асып, босқан қазақтарды Түркияға арнай бағдарламамен көшіріп алып, көмек жасағаны белгілі.
Израил елінің негізгі қаржы және саяси басымдылығы шетелдегі отандастарының қолдауынан құралатынын әлем біліп болды. Жапония болса, кезінде Бразилия сияқты елдерді сағалап кеткен, соғыстан кейін жер аударылған жапондарға барынша көмек қолын созып жатыр.
Бұл салада көрші Ресей де өз отандастарын қолдау туралы заңның негізінде "Қырымды қайтарып алып", миллиондаған отандастарын еліне оралтып отыр.
Қытай үкіметінің арнайы келген делегациясы
Мұстафа Өзтүріктей марқасқа боздағымызды білмейтін қазақ жоқ шығар. Сол ағамызбен қатар 7-8 қазақ баласы Таюан (Тайвань) өлкесіндегі Тәйби университетінде білім алғанын біреу білсе, біреу білмейді.1940-1950 жылдары қытайдың жаңа үкіметінен қашқан қандастар Гималай асып, Түркияға дейін жеткені белгілі. Олар Қытайдың қызыл үкіметімен жауласқан Таюан гоминдаң билігі үшін өз жақтастары саналатын. Сол себепті, қуғындалған азаматтарды Таюан билігі отандастары ретінде танып, қолдау көрсетті. Осылайша қарттарымызға зейнетақы төледі және балаларының Таюаннан тегін білім алуларына мүмкіндік жасады.
Күні кеше, яғни 30-31 мамыр күндері Қытайдан 11 адамнан құралған үкіметтік делегация келді. Осыдан біраз бұрын ата жұртқа оралған қандастар Қытай елшілігіне наразылық хаттарын тапсырған болатын. Наразылық білдірушілер – Қазақстанға көшіп келген және тұрақты тұрып жатқан қазақ азаматтары.
Олар да Қытай заңы бойынша отандас (мұхажыр) болып саналады. Шинжиаң өлкесінің жергілікті саясатының кесірінен зейнетақылары тоқтаған, кейбірі Қазақстанның берген ықтиярхатын, төлқұжатын тапсырып, қайтып келу мүмкіндігінен айырылған. Енді ол азаматтар елшіліктен құқықтарын қорғауды сұрап отыр. Олардың ішінде Қытайдың мемлекеттік сыйлығын алған тұлғалар да бар болып шықты.
Тіптен, Қазақстан азаматтығын алған біреулерін туған ауылына барған жерінен сақшы ұстап әкетіпті. Қытай үкіметі жіберген делагацияның осы мәселелер бойынша Қазақстанға арнайы келгені мәлім болды. Олар отандастармен кездесіп, тыңдау өткізіп, шағымдарын қарады.
Ұлы көш тоқтап қалды
Соңғы кездерде отандастарды қолдау механизмінің жүйесіздігі мен заңдық реттеулердің кереғар талаптарынан ұлы көш тоқтап, елдің мемлекеттік басқару жүйесі мен билікке деген кері көзқарасын қалыптастырды.
Мысалы, 2011 жылдан бастап, Қазақстан Республикасында тұрақты тіркеуде тұру үшін "Азаматтың соттылығы болмағаны" мен "Тіркеуден не азаматтықтан шыққандығы" туралы анықтамалар әкелуге міндеттегені белгілі. Алайда бұндай анықтамаларды Қытай елі бере алмайды. Себебі, заң жүзінде қарастырылмаған.
Бұл мәселе алты жыл бойы үкіметтік деңгейде көтеріліп, қанша депутаттық сауалдар жолданып, наразылық хаттар жіберілсе де шешімін таппай келеді. Себебі, Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қоны туралы заңында солай деп жазылған.
Қолдау жоқтықтан бала ата-анадан айырылды, жесір жылап жүр
9 жастағы Мейіргүлдің министрге жазған хаты: "Қалмұханбет Қасымов атаға өтініш!
Менің атым Мейіргүл. Жасым 9-да. Алматы қаласындағы №93 мектептің 3 "ә" сыныбында оқимын. 2013 жылы Қытайдан Алматыға көшіп келгенбіз. Ол жақта қытай балабақшасында оқыдым. Ата-анам қазақша оқытамын, қызым қазақ болып өссін деп, мен үшін Қазақстанға көшіп келді.
Әкемнің аты – Ұларбек, анамның аты – Оралхан. Бірақ әкем мен шешемді полиция құқық бұздың деп Қытайға қайтарып жіберді. Енді 5 жыл бойы келе алмайды. Мен Алматыда жалғыз өзім қалдым.
Ата-анамды қатты сағындым. Түнде ылғи жылаймын. Олар түсіме кіреді. Тез келсе екен деп, Алладан жатпай-тұрмай тілеймін.
Қалмұханбет ата, мен секілді сіздің де немереңіз бар шығар, маған көмектесіңізші, өтінемін. Әкем мен шешеме және сондай машақатқа дущар болған кісілерге бір жолға рақымшылық жасаңызшы. "Нұр Отан" партиясына сол үшін Алматыдан келдім. Ата-анамның Қазақстанға тез қайтып оралуына көмектесіңізші. Мен ата-анамды қатты сағынып кеттім".
Бір Мейіргүл ғана емес, "елім" деп еңіреп келген және бір жесір ананың етегі жасқа толып күңіреніп жүргенін көрдік. Оның бар жиған-тергенін Қазақстан шекарасы сақшылары тартып алғаны аздай, өзін сотқа сүйреді. Ел болып, көмектесуге талпынғанда, шекара сақшылары ақшасын қайтарып берудің орнына, жесір әйелдің өзін қылмыстық жауапкершілікке тартты.
Бұл – 2017 жылының ақпанында «Майқапшағай» кедендік бақылау бекетінде бар қаржысынан айырылған Гүлжан Мәуітханның басынан кешкені. Бұндай келеңсіз істерді санасақ, тауыса алмаймыз.
2016 жылы "оңтүстіктің халқын солтүстікке көшіруге 85 миллиард теңге қаржы бөлінгенін Министр Тамара Дүйсенова сүйіншілегенін білесіздер. Бұл қаржының қалай пайдаланылатындығы да әзірге көмескі. Тағы да реттеудің заңдық тетіктерінің дұрыс қаралмағандығы себеп болған.
Құрылтайдың құны кетіп тұр
Қазақтардың дүние жүзілік құрылтайының (әрі қарай Құрылтай) – тарыдай шашылған қазақтың әр елдегі өкілдерінің басын қосып, өзара талқыға салып, өткенді саралап, алдағы мақсаттарды айқындайтын жиналыс қана емес, ұлттық саясатымыздың бір көрінісі екені белгілі. Алайда, соңғы жылдары оның да мәні азая бастаған тәрізді.
Қазақтың проблемасын шешіп, басын қосады деген Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы да (ары қарай Қауымдастық) соңғы 10 жылда ауыз толтырар іс те, нәтиже де көрсете алмады. Қаржылық жағдайы да мәз емес. Ол туралы Нұр Отан партиясының жанындағы "Мирас кеңесінің" өткен жылғы жиналысында айтылды.
2017 жылы 22-25 маусым аралығында дүние жүзі қазақтарының V құрылтайы Астанада өтеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни,1992 жылы өткен құрылтайдан бері 25 жыл өтті. I, II, III құрылтай кезінде қабылданған қаулылар өз міндетін атқарды. Ұлы көшке жол ашты, білім мен еңбеккүш мәселесін де шешкен болатын.
Алайда, 2011 жылы 25 мамырда өткен IV құрылтайда қаралған мәселелердің басым бөлігі еш өзгеріссіз қалды. Тіптен көштің жалғасуына да еш әсер ете алмады.
Дүниежүзі қауымдастығының құдіреттілігі Қазақстан халықтары ассамблеясымен тең дәрежеде болуға тиісті
Қоғам қайраткері Өмірхан Алтын: «Ағайындар мәселесінде Қазақстанды Германиямен, Израилмен салыстырамыз. Бірақ осындай аса маңызды ұлттық мәселеде іс жүзінде олардан көп артта қалдық. Қауымдастықтың бүгінгі жай-күйі сөзімізге дәлел. Негізі Қауымдастық қаржылық және саяси көп жақты мүмкіндіктермен қамтылуы керек. Тіпті деңгейі Қазақстан халқы Ассамблеясынан кем болмауы керек. Сонда ғана ол ел үшін қызмет ете алады.
Мысалы Германияда шет елдегі қандастарымен шұғылданатын бірнеше мемлекеттік орын бар. Оларда жүздеген адам қызмет етеді және бюджеті миллиардтап есептеледі.
Атам қазақ айтқандай, көш жүре түзеледі. Шет елдегі қандастар үшін елде көп істер жасалды, жасалып та жатыр. Қазақстанның болашағы үшін, ұлттық мемлекеттің қалыптасуы үшін ұлттық саясатты кешеуілдетуге болмайды.
Қазақстандағы қазақ санының көбейіп, олардың тұрмыс жағдайларының әділетті түрде жақсарту – ұлттық парыз.
Қандастардың оралуы – елдегі демографиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, экономикасын көтеріп, саяси қауіпсіздігін кепілдендіреді. Сондықтан Қауымдастықтың орны мен ролін көтеріп, ресми түрде жоғарғы, беделді мемлекеттік органдермен теңестірілуі шарт. Бұл аса маңызды мәселе».
Қауымдастықтың дәрежесін көтеру үшін мықты менеджер керек
Қазіргі заманда жұмысты жүргізетін де, бүлдіретін де – менеджер. Мықты менеджер қызметті жүйелі түрде орналастырып ғана қоймай, қаржы көзін де, биліктің тілін де табады. Үкімет пен бүкіл әлемге тарыдай шашылған қазақ арасында дәнекер болып, мәселелерді де шешеді. Ол үшін білім де, қабілет те, мықты команда да керек.
Айталық, Қауымдастықтың дәрежесін көтеруге механизм де, мүмкіндік те толық бар.
Біріншіден, Төралқа Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев. Президент төрағасы болған үлкен ұйымның қол жайып, қарап отыруы – парадокс емес пе?
Екіншіден, үлкен ғимараттары бар. Қонақ үй мен рестораны, басқа да жылжымайтын мүліктері бар мекеме басқа қаржы көздерін неге тарта алмай отыр?
Үшіншіден, 42 елдегі қазақ қауымы қолдарын созуға дайын. Оның үстіне, халықаралық көші-қон, адам құқықтарын қорғау ұйымдарының бөлетін гранттары да жетіп артылады. Ол үшін жүйелі менеджментті қалыптастырып, ұнамды жұмыстар атқарулары және халықтың сеніміне ие болу керек. Әр жерде тентіреп, өз шамаларынша тырбынып жатқан оралмандармен де, көші-қон мәселесімен де айналысып, шешуге міндетті.
Міне, сол жұмыстарды үйлестіріп, жүргізетін мықты менеджерлер Қауымдастықта жоқ деп кесіп айтуға болады.
Біз, бұл жерде басқа елдің ішкі ісіне араласайық деп отырғамыз жоқ. Ағайынның басына іс түскенде кез келген елдің қарап отыра алмайтыны шындық. Бұндай мәселелерді шешудің өз өркениетті жолдары бар екенін еске салғымыз келеді.
Қысқасы...
«Отандастарды қолдау туралы заңды» қабылдау арқылы Қазақстан әлемдегі барлық қандастарымыз бен отандастарымыздың ісіне өркениетті түрде араласа алады.
Көптеген ізденістерден кейін осы жолдардың авторы 2015 жылы "Қазақстан Республикасының Шетелдегі Отандастарды қолдау туралы заң жобасын" дайындаған болатын. Ол қазір Мәжіліске жіберілді.
Аталмыш Заң жобасы кешендi iс-шараларды қамтиды және негiзгi 16 баптан тұрады:
1 – бап. Отандастар туралы анықтама;
2 – бап. Заңда пайдаланылған басқада ұғымдар;
3 – бап. Отандастар ретінде тану туралы;
4 – бап. Қазақстан Республикасының Отандастарға қатысты мемлекеттік саяси принциптері мен міндеттері;
5 – бап. Отандастармен қарым-қатынас саласының заңдық негізі;
6 – бап. Шетелде тұратын Қазақстан азаматтарымен өзара қарым-қатынас негіздері;
7 – бап. Отандастардың Азаматтық мәселелері;
8 – бап. Отандастардың Қазақстан Республикасына келуі, тұрақты тұруы және ҚР аумағынан шығып кету мәселелері;
9 – бап. Қазақстан Республикасының аумағыда тұратын Шет ел азаматтығындағы Отандастар мен Азаматтығы жоқтардың құқықтық ережелері;
10 – бап. Отандастардың ерікті түрде қоныстануына жәрдемдесу туралы;
11 – бап. Қазақстан Республикасының Отандастарымызға қатысты мемлекеттік саясаттын іске асыру жөніндегі қорын құру, Дүние Жүзі Қазақтары Қауымдастығының құзыреттілігін көтеру туралы;
12 – бап. Отандастардың негізгі бостандықтарын, азаматтық құқықтары мен адамдық құқықтарын қорғау туралы;
13 – бап. Отандастарды экономикалық және әлеуметтік жақтардан қолдау;
14 – бап. Мәдениет, тіл, дін, спорт және білім беру саласында отандастарымызға қолдау көрсету;
15 – бап.Отандастарымызға ақпараттық қолдау көрсету;
16 – бап. Қазақ Ұлттық Автономиялық аумақтар мен ұлты қазақ Отандастарымыз жиы қоныстанған аумақтарға қатысты қолдау саясаты туралы.
"Әр қазақ – менің жалғызым"
Қазақстан Республикасы билігі, Қазақстан Республикасының Үкiметi, Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы және басқа мемлекеттiк органдар жалпыға бiрдей адам құқығы декларациясы мен өзге де жаппай танылған халықаралық құқық нормаларында бекiтiлген адам құқығы мен бас бостандығының басымдығын танып отыр.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы мен "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы" Конституциялық заңды басшылыққа ала отырып, шетелде тұратын отандастарымыздың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк, діни, ұлттық автономиялық, құқықтық қажеттерiн қанағаттандыру үшін, тарихи отанына қайтып оралғандарды әлеуметтiк-экономикалық қолдауды қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік саясатты жүргізеді.
Бұл – халықаралық құқықтық интеграцияның бір бөлігі ретінде Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының ажырамас бір бөлігі.
Бауыр етіміз – қандастарымыздың мәселесіне басқа ешкімнің де басы ауырмайды. Оларды қолдау, қорғау туралы бірде саяси ұстанымның, бірде заңдық тетіктің болмауы – елдігімізге сын.