Жас босанған анаға да, оның тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелген сәбиіне де күтім керек. Алайда перзентханадан шығысымен туу туралы куәлік алу үшін жас ана халыққа қызмет көрсету орталығына баруға мәжбүр болатын. Ұзын-сонар кезекте тұрып, қажетті құжаттарын тапсыратын еді. Немесе нәрестенің әкесі жұмысынан сұранып, ары-бері сабылатын.
Енді биылдан бастап үйден шықпай, тіпті перзентханада жатып құжатты онлайн рәсімдеуге болады. Үш-ақ сағатта туу туралы куәлік дайын болады. Интернет арқылы балабақша кезегіне тіркеп қоясыз.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, тұрғын үй кезегі және әлеуметтік көмектер туралы
Тағы бір жаңалық. Бұрын жаңа туған нәрестеге дәрі қобдишасын алу үшін жергілікті емханадағы дәрігердің нұсқауын алып, "Гиппократ" дәріханасына бару керек еді. Енді дәрі қобдишасын перзентханадан талап етіңіз. Әйтпесе, дәрігерлердің салғырттығынан ала алмай жатқандар бар екен. Ол туралы кейінірек айтамыз. Алдымен іңгәлап жарық дүниенің есігін ашқан нәрестеге қандай көмек берілетіні жөнінде біліп алайық.
Сандар "сөйлейді": Бала туу азайып кетті
Мына мәліметтерге бажайлап қарасақ, дүниеге келген балалардың саны – 2017 жылы 2016 жылға қарағанда 10 429-ға, 2015 жылға қарағанда 8043-ке азайыпты. 2017 жылы өлі туғандардың саны алдыңғы жылдарға қарағанда біршама артқан.
Оқи отырыңыз: Көпбалалы аналарға 21 мың теңге. Атаулы әлеуметтік көмекті сонымен кімдер алады?
Бір жасқа дейін шетінеген сәби саны азайыпты. Өлі туғандар мен шетінеп кеткендердің көбі – ұлдар. Осы тұста айта кетейік, 2018 жылдың қаңтар-мамыр айына дейін 159 мың 921 бала дүниеге келді.
Жаңа туған баланы ешқайда бармай тіркеу үшін не істеу керек?
Босанған әйелді ауруханадан шығарған кезде оған баланың туылғаны туралы медициналық куәлігі беріледі. Онда анасы туралы барлық қажетті деректер (тегі, аты, бар болса, әкесінің аты), сондай-ақ баланың туған күні мен жынысы, құжатты беру күні көрсетіледі.
Оқи отырыңыз: Декреттік төлемдер мен жәрдемақылар көлемі қалай өзгереді?
Жаңа туған баланы тіркеу туралы өтінішті үш жұмыс күнінен кешіктірмей тапсыру керек. Оны қалай тез тіркеуге болады? Қарастырайық.
Босанбай тұрып:
Біріншіден, электронды үкімет порталы арқылы ЭЦҚ кілтін алу үшін өтініш білдіріңіз. Содан кейін жеке кабинетіңізге кіріп, телефон нөміріңізді ЖСН-ге бекітіңіз.
Екіншіден, ЭЦҚ (электронды цифрлы қолтаңба) кілтіңізді флешкаға көшіріп алыңыз. Ал құпия сөзді есте сақтаңыз. Ұмытып қалсаңыз, қайтадан ЭЦҚ кілтті алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек болады.
Оқи отырыңыз: "Аналар үйіне" қалай тап болады? Жалғызбасты ана атанудың азабы
Босанғаннан кейін:
Біріншіден, бала туылған соң, оның ата-анасына бірден SMS-хабарлама келеді. Баланың дүниеге келуімен құттықтап, мемлекеттік қызметті ұсынады. Хабарлама келмеген жағдайда, 1414 нөміріне хабарласып, кеңес алуға болады.
Қызмет алушы SMS-хабарламаға жауап ретінде өзі тіркелген мекен-жайын жазып жіберсе, меншік құқығы туралы мәліметтер тексеріліп, меншік иесі рұқсат берген жағдайда нәрестені көрсетілген тұрғылықты жерге тіркейді.
Екіншіден, egov.kz сайтына ЭЦҚ арқылы кіресіз. Құпия сөзді енгізесіз.
Үшіншіден, "Отбасы" бөлімінің ішіндегі "бала" деген батырманың ішінде "толық көрсету" дегенді басасыз. "Баланың тууын тіркеуге электрондық өтініш беру" дегенді басасыз. "Онлайн сұрау" батырмасы бойынша өтесіз.
Оқи отырыңыз: Жыл сайын 5 мың ата-ана әкімшілік жауапқа тартылып, мыңға жуығы ата-ана құқығынан айырылады
Төртіншіден, ата-анасы туралы мәліметтер алдыңыздан шығады. АХАТ бөлімін таңдауыңыз керек. Перзентханада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің электрондық базасына баланың туылғаны туралы факт енгізіледі.
Бесіншіден, зайыбыңыздың ЖСН нөмірін сұрайды. Содан кейін АХАТ арқылы тіркелгені туралы жерге балаңызға қойған есімін жазасыз.
Алтыншыдан, қызмет көрсету үшін қолтаңбаңызды қоясыз. Балаңыз тұрғылықты жері бойынша тіркеледі. Одан соң барлық ақпарат АХАТ бөліміне жіберіледі. Олар 2 сағат ішінде туу туралы актіні тіркеп, баланың аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі рәсімделген туу туралы куәлікті дайындайды.
Туу туралы куәлік дайын болғанда, қай жерден алуға болатыны жөнінде SMS-хабарлама келеді.
Оқи отырыңыз: Әкелер де декретке шыға алады. Қазақстанда соңғы бес жылда 40 мыңнан астам әке декретке шыққан
Енді ата-аналар орталыққа баланың туу туралы куәлігін алу үшін ғана барады
Туу туралы куәлік дайын болғанда, курьер арқылы үйге жеткізуге тапсырыс беруге болады. Халыққа қызмет көрсету орталығына баратын болсаңыз, өзіңізбен бірге мына құжаттарды алыңыз:
- Баланың ата-анасының жеке куәлігі;
- Неке қию туралы куәлік (ҚР аумағында 2008 жылдан кейін некесі тіркелген тұлғалардың куәлік көшірмесі қажет емес);
- Туу туралы медициналық куәлік;
Міне, өтініш бергеннен кейін үш-ақ сағатта туу туралы куәлікті алуға болады. Негізінде, мемлекеттік мекемеге оны атқаруға екі жұмыс күні берілген. Туған күнінен бастап 3 күн өткеннен кейін, баланың тууы тіркелген жағдайда бір апта қарастырылады. Қосымша тексеру қажет болған кезде – 30 күнтiзбелiк күн белгіленген. Портал арқылы өтінішті бергеннен кейін, қабылдағанын растайтын хабарлама бір жұмыс күні ішінде жіберілу керек.
Ал куәлікте қате кетсе, қайта алуға болады. Ол үшін АХАТ-қа өтініш жазады. 0,5 АЕК (бір айлық есептік көрсеткіш 2405 теңге) 1300 теңге төлесе жеткілікті.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалар үйінен қалай бала асырап алуға болады?
Бұл 2008 жылдан бастап некеге тұрған отбасыларға ғана қолжетімді болып келді
– Енді олқылықтың орны толтырылып, барлығы да өтінішті онлайн түсіре алады. 2008 жылға дейін некеге тұрған әйел күйеуінің мекен-жайы туралы анықтаманы ала алмайтын еді. Сонымен қатар, 2008 жылға дейін дүниеге келген балаларының мекен-жайы туралы анықтама онлайн берілмейтін. Қазіргі уақытта egov.kz порталында бұл процестерді жүзеге асыруға болады, – дейді 1414 нөміріндегі кеңесші.
Егер баланы тіркеу туралы өтінішті ата-аналары емес, басқа адамдар жазса, онда сол өтініш берушінің жеке басын куәландыратын және баланың тууын тіркеу өкілеттігін растайтын құжатты ұсынады. Яғни, нотариатта куәландырылған сенімхатты өткізеді. Туу туралы куәлік қазақ және орыс тілдерінде толтырылады.
Туу туралы куәлікті рәсімдеу заңында көрсетілгендей, өлі туған балаға туу туралы куәлік берілмейді. Ата-анасының өтініші бойынша өлі туған баланы мемлекеттік тіркеу фактісін растайтын құжат беріледі. Оны алу үшін босанған сәттен бастап, бес тәуліктен кешіктірмей өтініш беру керек.
Тастандылар немесе табылған "олжатайлар" жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркеледі
Ішкі істер және қорғаншылық, қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың, бала орналастырылған білім беру ұйымы немесе медициналық ұйымы әкімшілігі өтініш жазады. Оған:
- баланы тауып алған уақыт, орны және мән-жайлар;
- жоғарыда көрсетілген мекемелер жасаған хаттама немесе акті;
- тауып алынған баланың жасы мен жынысын растайтын медициналық ұйым берген құжат;
- бала туралы басқа да дербес мәліметтер қоса беріледі.
Баланы қалдырып кеткен адам белгісіз болған жағдайда, медициналық ұйымның әкімшілігі екі куәнің қатысуымен хаттама жазады. Тууды мемлекеттік тіркеу кезіндегі хаттамалар медициналық ұйымдағы лауазымды адамының тастанды (бас тартылған) баланы тіркеу туралы өтінішімен қоса беріледі.
Некелерін бұзғанына 280 күннен аспаса, құжатқа әкесі ретінде жазылады
Ерлі-зайыпты боп жүргенде бойға біткен баланың анасы туралы мәліметтер туу туралы медициналық куәліктің, әкесі туралы мәліметтер неке қию немесе оны бұзу туралы куәліктің, сондай–ақ, әкесінің қайтыс болуы туралы куәліктің негізінде енгізіледі.
Некенің бұзылғанына 280 күн асқаннан кейін бала туылса, бұрынғы жұбайы өзін баланың әкесі ретінде мойындаса ғана туу туралы куәлікке тіркелуі мүмкін.
Босанған әйелдің жұбайы болмаса да, жазбаша мойындаған адам баланың әкесі болып жазылады. Мұндай жағдайда заңды күйеуінің жазбаша келісімі болуы керек.
Егер баланың ата-аналары өзара некеде тұрмаса, анасы туралы мәліметтер туу туралы медициналық куәлік бойынша жазылады. Немесе туу фактісін белгілеу туралы сот шешімінің көшірмесі негізінде енгізіледі.
Әкімдіктің ақпараттық жүйесі арқылы балабақша кезегіне тұруға болады
Балаңызға туу туралы куәлікті алғаннан кейін, ЖСН нөмірі арқылы өңіріңіздегі әкімдіктің сайтына кіресіз. Мысалы, Астана қаласының тұрғыны болсаңыз, e-astana.kz арқылы балаңызды балабақшаға кезекке қоясыз.
Ескерту: Қоса берілетін құжаттардың барынша көп рұқсат етілетін көлемі – 1 МБ аспауы тиіс.
Шетелде босанып қалсаңыз...
ҚР дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелеріне барып, баланы тіркейсіз. Сол жерде туу туралы куәлік ресімделеді. Мемлекеттік тіркеуге алған жағдайда баланың туған жері ретінде ата-аналарының не олардың бірінің тұрғылықты мекен жайы көрсетіледі.
Экспедицияларда, тіркеуші орган жоқ шалғай жерлерде, теңіз, өзен, әуе кемесінде немесе пойызда туған баланы ата-аналары тұрғылықты жеріне қайтып келген соң, бірінің тұрғылықты жері бойынша тіркейді. Мұндай жағдайларда баланың туған жері болып, оның тууын тіркеген әкімшілік аумақ көрсетіледі.
Жәрдемақы тағайындау үшін өтініш автоматты түрде рәсімделеді
Баланы тіркеу туралы өтініш білдіргеннен кейін, SMS арқылы шот нөмірін сұрайды. Осы кезде туу туралы куәліктегі мәліметтер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктің ақпараттық жүйесінде жарияланады. Сол арқылы анасының есеп шотына жәрдемақы аударылады. Екі және одан да көп бала туған кезде бұл жәрдемақы әр сәбиге төленеді.
Бала тууына байланысты төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері
Бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК-ті (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 91390 теңге);
Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК-ті (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 151 515 теңге) болып бекітілген.
Жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтіміне берілетін жәрдемақының мөлшері:
Бірінші балаға – 5,76 АЕК-ті (13 853 теңге);
Екінші балаға – 6,81 АЕК-ті (16 378 теңге);
Үшінші балаға – 7,85 АЕК-ті (18 879 теңге);
Төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,9 АЕК-ті (21 404 теңге) құрайды. Бала бір жасқа толғанша жаппай беріледі. Еске түсіре кетейік, бір АЕК – 2405 теңге.
Егер мүгедек болып туылса, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,4 ең төмен күнкөріс деңгейі төленеді. Ең төменгі күнкөріс деңгейі дегеніміз – бір адамға арналған ең төмен ақшалай кiрiс, нақтырақ айтсақ 27 мың 850 теңге. Демек, он алты жасқа толғанға дейін 39 598 теңге беріледі.
Сонымен қатар, асырап алғандардың, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алғандардың, мүгедек баланы тәрбиелеушілердің жәрдемақы алуға құқығы бар. Өтініш берген күннен бастап 29 699 теңге мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
Жұмыс істейтін әйелге баласы бір жасқа толғанша берілетін жәрдемақы қалай есептеледі?
Төлем мөлшерін есептеу үшін соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты (Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылған әлеуметтік аударымдармен расталады) 24 айға бөліп, содан кейін 0,4-ке көбейтіп, шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау қажет. Есептеп көрейік. Мысалы, бала босанғанға дейін әйел 2 жыл жұмыс істейді, бір жыл ішінде оның еңбекақысы бір рет көтерілді. Бірінші жылы әйел 80 000 теңге алса, екінші жылы 100 000 теңге алған. Бұл жерде зейнетақы жарналары, табыс салығы және т.б алынған ретінде қарастырайық. Жалпы жиынтық табысты санаймыз:
80 мың теңгені де, 100 мың теңгені де 12 айға көбейтіп, көбейтіндінің екеуін қосамыз. 2 160 000 теңге шығады. Оны 24 айға бөлгенде шыққан 90 000 теңге – табыстың орташа айлық мөлшері.
Бала бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы мөлшерін есептеу үшін осы көрсеткішті 0,4 коэффициентіне көбейтіп, 10% зейнетақы жарналарын шегеру керек. Яғни, 90 000 теңгені 0,4-ке көбейткенде, 36 000 теңге шығады. Оның 10% шегергенде, босанған әйел ай сайын 32 400 теңге алады.
Есіңізде болсын! 2018 жылы бала күтімі бойынша айлық әлеуметтік жәрдемақы 113 140 теңгеден аспауы тиіс.
Енді жүктілікке және босануға байланысты біржолғы төлемнің мөлшерін есептеп көрейік. Мысалға, бір жыл ішінде әлеуметтік аударымдарды шегергенде сіз 1 200 000 теңге мөлшерінде табыс таптыңыз. Оны он екі айға бөлсеңіз, 100 мың теңге шығады. Оны 4,2-ге көбейтсеңіз, 420 000 теңге болады. Енді одан 10 пайызын алып тастаңыз. Сонда балаңызды тууға байланысты алатын біржолғы төлем – 378 мың теңге болады.
Енді ана мен баланың дәрі қобдишасы перзентханада беріледі
Саида есімді келіншек Астанадағы №2 перинаталды орталықта 2018 жылдың 27 маусым айында ұл босанады. Перзентханадан шыққаннан кейін емханаға барып, дәрі қобдишасын сұраса, "перзентханадан аласыз" дейді. Ал перзентханада бұл жөнінде ешкім тіс жармаған. №9 қалалық емхананың балалар бөлімінің меңгерушісі Бейбіткүл Жарықбаеваның айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ана мен баланың дәрі қобдишасы босандыру орындарында берілетін болды.
– Перзентхана қызметкерлері босанған ананың қолына ұстатып жіберулері керек. Себебі, бюджеттен ақша соларға бөлінген. Сондықтан, әрбір ана перзентханадан шықпай жатып, дәрі қобдишасын беруді талап етуі керек, – дейді ол.
Бала туған кезде екі екпе егіледі
Егер де балаға екпе белгіленген мерзімнен бұрын жасалса, ағзасы дайын болмауы мүмкін. Ал кешіктірсе, осы уақыт ішінде бала ауырып қалу қаупі бар. Екпені медициналық мекемелердің арнаулы кабинеттерінде жасайды. Өйткені, вакциналарды сақтаудың белгілі бір ережелері бекітілген. Екпе жасалғаннан кейін балалар тоқтамай жылап, тәбеті нашарлауы ықтимал. Кемінде 30 минуттай дәрігер бақылауында болғаны дұрыс. Көкжөтелге, дифтерия мен сіреспеге қарсы егілген соң, баланың қызуы көтеріліп кетсе, алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл дәрінің әсер етіп жатқанын білдіреді.
Егер сәбидің егілу мерзімі асып кеткен болса, жалпы ережелер бойынша "құрдастарын қуып жетеді». Мәселен, "В" гепатитіне қарсы екпе салынбағандарға ол былай жасалады: алғашқысынан бір ай кейін екіншісі, ал тағы 5 айдан соң – үшіншісі. Мұнда екпенің толық тізімі көрсетілген.
Жаңа туған нәрестенің кіндігіне де күтім керек
Бала іште болғанда анасымен кіндік арқылы байланысып, азықпен оттегіні сол арқылы алады. Дәрігерлер кіндікті түбінен кеспейді. Оны 2-3 см ұзындықта шошайып тұратындай етіп кеседі де, денеге жалғасып тұрған тұсын қыстырғышпен қысып қояды. Бірақ, қыстырғыштың ешқандай зияны жоқ. Бірнеше күнде кіндіктің ұшы қарайып, құрғап, қыстырғышымен бірге өздігінен түсіп қалады. Одан кейін кіндік жарасы пайда болады.
Алғашқы алты айға дейін баланың кіндігі қарнынан аздап шығып тұрады. Егер жылағанда кіндігі шошайып кететін болса, кіндік жарығы (грыжа) бар деген сөз. Ондай жағдайда балаңызды дәрігерге көрсетіп алғаныңыз дұрыс. Кіндікті күн сайын сутегі тотығымен сүртіп, тазалап тұру керек. Көбінесе басына мақта оралған таяқшаларды жасыл дәріге (зелёнка) батырып, жағып жатады.
Қазақтар баланы қырқынан шығарғанша түрлі-түрлі тәсілдермен шомылдырып, ерекше майлап-сылайды, ерекше күтім жасайды. Оған дейін "сүт тырнағын", "қарын шашын" алмайды. Қырқынан шығарған күні баланың иткөйлегін шешіп, оған тәттілерді түйеді. Оны иттің мойнына байлап, жібереді. Кішкентай балалар қуып жүріп, тәттіні бөліп жейді. Қазір сыйлы адамға сыйға тартатын болған. Бұл туралы мына жерде толық жазылған.
Адамның қазақша жас атауын біле жүріңіз!
1 жасқа дейін – шақалақ, нәресте.
1 жастан 10 жасқа дейін – сәби.
1 жастан 2 жасқа дейін қыз бала – бөпе, ұл бала – бөбек.
1 жастан 3 жасқа дейін – бүлдіршін.
3 жастан 5 жасқа дейін – балдырған, балауса.
6 жастан 7 жасқа дейін – ойын баласы, жеткіншек.
13 жастан 15 жасқа дейін – ересек бала, жасөспірім.
16 жастан 19 жасқа дейін – бозбала, бойжеткен.
20 мен 30 жас аралығы – жас жігіт, қыз.
30 бен 40 жас аралығы – дүр жігіт, аға, еркек, кәрі қыз, келіншек.
40 пен 50 жас аралығы – ер түлегі, отағасы, әке, көке, әйел, ана, тәте.
50 мен 60 жас аралығы – жігіт ағасы, сары кідір әйел.
60 пен 70 жас аралығы – қарасақал, ата, қара кемпір, апа, әже.
70 пен 80 жас аралығы – ақсақал, ақбұрым.
80 мен 90 жас аралығы – ақ үрпек шал, ақ үрпек ана, қарт, қария.
90 мен 100 жас аралығы – селкілдек шал, селкілдек кемпір.
100 жастан жоғары – кейуана, баба.