Төменгі палата депутаттары сәрсенбі сайынғы жалпы отырыста бір заң жобасын екінші оқылымға жіберіп, Үкіметке бірнеше сауал жолдады.
Солардың арасында Нұрлан Дулатбеков қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын күннің мән-мағынасы туралы депутаттық сауал дайындапты. Оның көтеріп отырған сұрақтары ойға қонымды. Бірақ, ұсынысын Үкімет тыңдай ма, жоқ па, белгісіз.
"Қанды террор". Депутат кей деректерге қатысты дабыл көтерді
Нұрлан Дулатбеков "жаппай саяси қуғын-сүргін адамзат тарихындағы тоталитарлық режимнің өз халқына жасаған айуандығы ретінде кіргенін" атай келе, бұл тарихи оқиғаға "қанды террор" деген баға берді.
– КСРО ыдырап, егемендік алғаннан кейін мемлекеттер мен ұлттар қанды террордың зардаптарын талдап, одан тағылым алуға және осы оқиғаларды қазіргі заманғы демократиялық қоғам тұрғысынан баға беруге тырысады. Өздерінің өткеніне көз жүгіртеді.
Өкінішке қарай, қуғын-сүргін, жер аудару құрбандарының, лагерь тұтқындарының тағдыры туралы толығырақ білу көпшілік жағдайда мүмкін бола бермейді. Қазіргі уақытта көптеген құжаттар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқармаларында жатыр, – деп хабарлады ол.
Сондықтар, депутат Дулатбековтің айтуынша, 80 жылдан астам уақыт бойы ұзақ сақталған көптеген архивтік құжаттар қазірдің өзінде жарамсыз, оқу қиын. Себебі, жазбалардың сиясы бірте-бірте өшіп, күңгірттенген.
– Ғалымдарымыздың аталған құжаттарды белсенді түрде зерделеуіне рұқсат беру керек. Бәрімізге көршілес мемлекеттердің тәжірибесі белгілі, ол елдерде кеңестік кезеңнің архивтік материалдары мен құжаттары ашылып, ғылым өкілдерінің оларды белсенді түрде зерделей отырып, терең тұжырымдар мен қорытындылар жасауына мүмкіндіктері бар, – дейді депутат.
"Концерт қойылмасын". Депутат Әбдіқалықоваға тағы қандай ұсыныстар айтты?
Жоғарыда айтылғандар негізінде депутат Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықовадан тиісті министрліктер мен мемлекеттік органдарға мынандай бес шара қабылдау туралы тапсырма беруін сұрады:
- Бірінші. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін өткізудің бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеп, оны еліміздегі Жастар жылымен сабақтастыру қажет, сонымен қоса, теледидар мен радиодағы бүкіл ойын-сауық контенті шектеліп, кез келген концерттік және өзге де іс-шаралар өткізілмей, көңіл көтеретін орындар жабылуы тиіс;
- Екіншіден. Архивтік материалдарды еркін зерделеу, ғалымдардың архивтік құжаттарды талдау және жариялау мүмкіндігін алуы, конференциялар, симпозиумдар өткізу үшін жағдай жасай отырып, сол жылдардағы оқиғаларды объективті әрі толық зерттеу. Қуғын-сүргінге ұшыраған және қайтыс болған отандастарымыздың атын қалпына келтіру, ал қажет болған жағдайда, оларды ақтау жөніндегі жұмысты жалғастыру;
- Үшіншіден. Адамдар жаппай қырылған және жерленген барлық орындарды тегіс айқындап, анықтау, шын мәнінде, бұл лагерлер және жер аударылған халық қоныстанған аумақтар. Ашаршылық жылдары жермен жексен болған қазақ ауылдары. Ата-бабаларымыз, әкелеріміз, аналарымыз, аға-әпкелеріміз өмір сүрген орындар. Осындай барлық жерлерде мемориалдық кешендер орнату және оларды еліміздің қасиетті географиясына қосып, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ортақ еске алу музейіне біріктіру қажет;
- Төртіншіден. Еліміздің тарихын білім беру ұйымдарында оқытуды қайта қарау, бұл жерде Қазақстан тарихының орнына оқу бағдарламаларына енгізілген Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы курсын оқыту туралы мәселені егжей-тегжейлі қараған жөн;
- Бесіншіден. Музейлерге туристік салаға және туристік бизнеске толыққанды қатысуға мүмкіндік беру керек, сол кезде экспозициялардың мазмұны мен сапасы, олардың ғылыми және тарихи құндылығы азаматтарымыздың дүниетанымын қалыптастыруға, елімізге туристер мен ғалымдарды тартуға жол ашып, Қазақстанның демократиялық және ашық мемлекет ретіндегі беделін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Банкрот болу оңай ма?
Бүгін сондай-ақ, депутаттардың алдында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерін оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов әбден шаршады. Оны тіпті, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де байқады.
40 минут аяғынан тік тұрып, қазақ тілінде қойылған сұрақтарға жауап беруге әбден қиналған (Шолпанқұлов та – қазақ тіліне шорқақ шенеуніктердің бірі – авт.), заң жобасындағы шикіліктерді айтқан депутаттармен пікірталасты, Вице-министрдің орнына отырар кездегі күрсінісін естіп, Нұрлан Нығматулин "ухілеп" жүріп отырдыңыз-ау" деп қалжыңмен түйреді.
Шын мәнінде, Берік Шолпанқұлов таныстарған құжаттың салмағы бар. Вице-министрдің мәліметіне сүйенсек, қазір елімізде 4 мыңға жуық бизнес өздерін банкрот ретінде жариялау процестерінен өтіп жатыр. Тағы 400 кәсіпорын оңалтуды күтіп отыр.
Қазіргі заң бойынша олардың банкрот болып танылуы – өте ұзақ әрі ауыр процесс. Сот әрбір төртінші бизнесті банкрот ретінде танудан бас тартады екен. Қаржы вице-министрі жаңа заң жобасы жұмысы жүрмей, қарызға батқан бизнес пен кәсіпорындарды тезірек банкрот деп тануға немесе оңалтуға жіберуге мүмкіндік береді дейді.
– Заң жобасының мақсаты – бизнестің банкроттық немесе оңалту процесіне кіруінің өзін жеңілдетуге бағытталған. Бүгін елімізде банкрот және оңалту процесіне шыға алмай жүрген кәсіпорындар неге көп? Себебі, біздің процедурадан өту мықты қиын.
Сот бизнестің қаржылық жағдайына баға бере алмай келді және бере алмай келеді. Мысалы, қазір мүлкі – кассалық машина болса да, қандай да бір компанияның банкроттыққа кетуіне тыйым салынған. Сондықтан процесс ұзаққа созылып, не банкрот бола алмай, не оңалтуға шыға алмай тұралап қалған кәсіпорындардың саны көбейіп кетті.
Ал, біз, біріншіден, компанияның қаржылық жағдайына нақты анықтама беруге тырыстық. Соның аясында сот қаржылық жағдайын бағалап, қандай компанияның оңалтуға кететінін немесе банкрот бола алатынын анықтай алады, – дейді вице-министр журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Банкрот бола алмай жүргенге тағы қандай жеңілдіктер көзделген?
Экономика ғылымдарының докторы атағы бар депутат Гүлжан Қарағұсова бірінші оқылымның өзінде құжатқа 188 түзету енгізілгенін айтады. Төменгі палата бүгін құжатты екінші оқылымға жіберді. Қарағұсованың пікірінше, компаниялардың банкротқа ұшырауы – нарықтық экономиканың табиғи заңының бірі.
– Нарықтағы бәсекеге байланысты банкрот болатын компаниялардың көбейетіні заңды. Жұмысы жүрмей қалған соң ол компанияларды не банкрот қылу керек не оңалту керек, яғни, екі жағдайда да оларға жүрмей қалған істі тезірек жауып, жаңа бағытта ары қарай дамуына мүмкіндік беру керек. Әлемдегі бүкіл елдерде бұл – нарықтық экономиканың маңызды бөлігі, – дейді Қарағұсова.
Вице-министр бизнеске осындай мүмкіндік беретін тағы бірнеше өзгерісті айтты. Соның бірі – көптің бас ауруына айналған арест мәселесі.
– Қазіргі заң бойынша, қарызға кірген компания өзін банкрот деп жариялағысы келсе, сот процесі кезінде кредиторлар қойған шектеулер, инкассациялық шектеу, бұғатталған мүлік пен шоттарындағы шектеулер шешілмей тұрады. Сондықтан, компания қарызын жаба алмайды, не банкрот бола алмайды, не оңала алмайды. Сондықтан, заң жобасында осындай шектеулерді алып тастау көзделген, – деді Берік Шолпанқұлов.
Маңызды түзетулердің енді бірі – банкрот кезіндегі басқарушының қызметін алып тастау. Қазіргі заң бойынша істе банкроттық басқарушы болады және өзі аяқтан тұра алмай жатқан компанияға оның қызметіне ақша төлеу керек. Ал, жаңа заңда жұмысы ұзақ тұрып қалған және қарызы 2мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын компаниялар банкроттық және оңалту процесін сотта банкроттық басқарушысыз жүргізуге құқылы болуы мүмкін.
Құжатты депутаттар екінші оқылымға жіберді. Вице-министр Берік Шолпанқұлов бүгін айтылған ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, әбден зерттелген соң, құжатты Мәжілістің екінші оқылымына дайындаймыз дейді.