Тікелей эфир

Дала дипломатиясы. Бағзы қазақ елшілік ісінің ерекшеліктері

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Қазақтың дала дипломатиясы қандай болған? Аманатқа бала беру-алу, қыз алып, қыз берісу неге негізделген? Қазақ елшілері қандай рөл атқарған?

Дала көшпенділері мен отырықшы елдер арасында атам заманнан елшілердің жүргеніне тарихи мұрағаттар дәлел. Соның бірі және бірегейі – "дала дипломаты" атанған Қожаберген Жәнібекұлы.

Қожаберген кім?

Қожаберген Жәнібекұлы – Қабанбай, Бөгенбай, ер Жәнібек секілді батырлармен үзеңгілес болып, хан Абылайдың қасынан орын алған, аңызға айналған тұлға. 1698 – 1785 жылдары аралығында өмір сүрген. Жоңғар және Мәнжі-Чин империясына қарсы соғыста Абылай бастаған қазақ сарбаздары ішінде ту ұстаушы­лардың бірі болған сардар, ержүрек батыр. Сонымен бірге мәнжі (манчжур), қытай және орыс елдеріне Абылай хан тарапынан жіберілген сенімді дипломат.


"Қожаберген батыр" деректеме жинағының авторы тарихшы Бақыт Еженханұлы

"Қожаберген батыр" деректеме жинағының авторы, тарихшы Бақыт Еженханұлы / Сурет егемен порталынан алынды


Бұл туралы біршама мәлімет орыс тарихшылары Г.Н. Потанин, Н.А. Аристов еңбектерінде жазылған. Көптеген құнды дерек қытай, моңғол деректерінде сақталған. Осы негізде "Қожаберген батыр" атты топтама жарық көрді.

Орыс тарихшысы Н.А. Арис­тов батырдың 1757 жылы қы­тай­ билігімен келіссөз жасасқаны туралы жазады. Тарихи дерек бойынша, қытай елшілерімен болған бұл келіссөз 1757 жылы жетінші шілдеде Аягөз бойындағы Мамырсу-Байпақбұлақ деген жерде өткен және оған Абылай ханның өзі қатысқан.

Чин патшалығы (Цинь империясы, 1644 – 1911) – Қытайдағы моңғол текті дала көшпенділері – мәнжі атанып жүрген шүршіттердің әулеті билеген соңғы патшалық. Билеуші Нурцахи (Нұрхаш, 1559 – 1626) 16 ғасырдың аяғында солтүсік шығыс Қытайда тұратын көшпелі мәнжі тайпаларын біріктіріп, Мин патшалығына қарсы күресте жеңіске жеткен.

Абылай хан қазақ даласын жоңғарлардан қалай тазартты?

ХVІІ-ХІХ ғасырларда шығыстан жоңғарлар, батыстан Еділ қалмақтары көшпелі қазақ ауылдарын үнемі шауып, тонап, елді сергелдеңге түсіреді. Билікке Абылай ханның келуі бұл үрдісті өзгертті.

Кезінде жоңғар басшысы Қалдан Сереннің тұтқыны болған Абылай екі ел арасындағы байланыстың дамуына түрткі болды. Өзара қыз алысты әрі бір-біріне аманатқа бала беру арқылы сенімділікті арттырды. Нәтижесінде ел тынышталып, халық есін жинады.

Қалдан Серен, Галдан Цэрэн – (моңғолша Galdan Seren, 1693-1745) жоңгар ханы (1727-45), Цеван Рабдан контайшының ұлы.

Бұл кезде моңғолдар өздерімен қанаттас – шығыстағы киіз туырлықты шүршіт билеген Мәнжі-Чин патшалығының шапқыншылығына қарсы күресті бастаған болатын. Дәл осындай ыңғайлы сәтті күткен қазақ батырлары жоңғарларды елден түре қуып шықты.

Сонымен бірге Қалдан Сереннің ұлы Әмірсанамен бірлесе отырып Мәнжі-Чин атанып жүрген шүршіттерге де қарсы тұрды. Ал Қожаберген батыр міне, осы Әмірсанамен бірге Мәнжі-Чин патшалығының шапқыншылығына қарсы күресті жүргізген екен.

Абылай сұлтан шамамен 1741 жылдың мамырынан 1743 жылдың шілде айы аралығында Жоңғарияда тұтқында болды. Ералы сұлтанның қарамағындағы Керей руында болған И. Лапин мен М. Аксаковтар 1743 жылдың шілде айының екінші жартысында Әбілмәмбет ханға Абылай сұлтаннан бес елші келіп, "оның тұтқыннан босап, елге бағыт алғандығын және жанында 30 жоңғар елшілері бар екендігін" хабарлады (РИССМ. 122 қ., 1743 ж., 3 іс, 122 п.).

Оны тұтқыннан босатуда барлық қазақ игілері бірлесе күш салды. Міне,осы арада Әбілқайыр ханның Ресейден көмек сұрағаны, ұлы Айшуақты Жоңғарияға аманатқа беру туралы ойлары белгілі болды. Сол үшін Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Күшік, Барақ, Жәнібек, Есет т.б. Еділ қалмақтарымен де келісімге келді, Ақшора батыр бастаған елшілер Қалдан Серенге жіберілді. 1742 жылы сәуірде Орта жүзге оралған Ақшора батыр үш жоңғар елшісімен келіп, қонтайшының Абылайды босату шарттарын жеткізді.

Қалдан Серен қазақтың белді азаматтарының балаларын аманатқа жіберуді талап етті. Содан 1742 жылы көктемде барлық қазақ Ордаларының белгілі азаматтарының қатысуымен үлкен кеңес өтті. Қорытындысында Әбілқайырдың Ресейден көмек сұрауы қажеттігі, Орта жүзден аманат жіберілетіндігі шешілді. Араға уақыт сала Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз бен Малайсары және т.б. Жоңғарияға жіберілді.

Әбілмәмбет хан аманатты орындау арқылы екі мәселені – біріншіден Абылайды босатқан, екіншіден Түркістан өңірін қайтарып алған. (Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынды).

"Қытайдың 20 мыңдық әскерінен еліне екі мыңға жетер-жетпесі ғана оралған"

Амангелді Құрмет, журналист, сарапшы бұл тарихи заман туралы былай дейді: "Атап айтқанда, батыр қазақ даласына келіп Абылай ханнан пана сұраған жоңғар ақ­сүйегі Әмірсанамен тығыз қарым-қаты­наста болыпты. Моңғол дерек­теріне қарағанда, жоңғар хандығына қытай әскерін өзі бастап алып келіп, билікті қолға алмақ болған Әмірсана қытайлардың мем­лекетті күйретіп жібергенін көрген соң, қарсы майдан ашқан екен.

Сол соғысқа қазақтың Қожаберген батыры екі мың қол­мен келіп, көмектескен көрі­неді. Кейін Әмірсананың соңына түскен қытай­лар Абылай ханнан оны ұстап беруді талап етіп, шарт қойғаны да та­рихта қатталып қалған. Абылай хан қа­зақты пана тұтқан жоңғар батырын ұстап беруден бас тартып, мұның соңы қазақ-қытай қақтығысына да ұласса керек.

Осы соғысқа да Қожаберген батырдың қа­тысқаны архив деректерінде сақталып қалыпты. Тіпті Қожаберген мен Әмір­сана қытай әскеріне қарсы қаша ұрыс сала жүріп, 1756 жылы қазіргі Қарағанды облысы аумағындағы Нияз тауына барып бекінген көрінеді. Сол жылдары қазақ дала­сына қол бастап келген қытай сардар­лары Хадака мен Дардана деген адамдар Бейжіңге жолдаған хаттарында түрлі мәліметтер бере отырып, Әмірсана мен Қожа­бергеннің бірге жүргенін жазған.

Осы ұрыстардың нәтижесінде Сарыарқаға қарай жорыққа шыққан қытайдың 20 мыңдық әскерінен еліне екі мыңға жетер-жетпесі ғана оралған деседі. Ол туралы Ресей империясының Селенгі бекінісінің коменданты В.Якоби деген орыс генералы жазып кетіпті".

Міне осылай қазақтар чин әскерлерін әр бұрыш әр бастауда тиіп-қашып соғысып, дұрыс дем алуына мұрсат бермеген. Шырғаға түсіріп, шығынға ұшыратқан. Бұл тарихта атақты Ғұн бабаларымыздың қағаны Мөде тәңірқұттан келе жатқан "бөрі бүлкек" деп аталатын соғыс тәсілі болатын.

Елшілікке кімдер барған?

Тарихи деректерге сараптама жасағанымызда елшілікке көбінесе бара жатқан елге қатысты шекара өңірдегі рулардың мүддесі назарға алынғаны аңғарылады. Сол үшін сол рудың адамы таңдалып алынып отырыпты.

Алдымен, баратын елшілер құрамына мүдделі топ өкілдері тартылған.

Мысалы, керей, найман тайпалары жоңғарлар мен қатар мәнжі-чин патшалығымен шекара өңірде өмір сүргендіктен Қабанбай, Қожаберген батырлардың таңдап алынғаны да тегін емес. Себебі, батырлар өзі шыққан рудың басшысы есептеледі. Ал билер мен шешендер батырдың ақылшы, серіктері.

Ендеше, Тарбағатай, Алтай өңіріне жылжыған ру басыларының өз елі мүдделері үшін жандарын сала жұмыс істейтіндіктері белгілі. Ал, қырғыздармен шекарада өмір сүрген ұлы жүз елінен дулат Жауғашты Қырбасұлын қырғыздарға елшілікке жіберіп отырғаны белгілі.

Және елшілікке жай адамды жібермейтіні белгілі. Батырдың батырын, қысылтаяңда амал тапқыш, алысты болжап, нық шешім шығаратын шыншыл адамды тағайындап отырған. Оның үстіне сол алыс аралыққа барып-келу де азаматтың азаматына тапсырылатын міндет болатын.

Оның үстіне, билеуші таптың арнайы бақылаушылары ере жүруі қалыпты жағдай болған.

Кейде елшіні – қанаттас екі ру-тайпа, екі ауыл бір-бірін ымыраға келтіру, өзара келісу мақсатында да жіберіп отырған.

Дала билеушілерінің елшілері тек барып, қайтады

Көп уақыт тұрмайды. Өйткені ел арасы – жол ұзақ. Уағында қайтып, елге хабар жеткізуге де міндетті.

Енді бір жағынан, елші келген ел де олардың ұзақ уақыт тұрып, шпиондық істеуіне алаңдайтыны белгілі. Оның үстіне, келген елшілерді күтіп, орналастырып, шығарып салу да сол елдің мойнына белгілі дәрежеде салмақ түсіреді. Әсіресе, көшіп-қонып жүрген дала билеушілері үшін еріп жүрудің өзі ыңғайсыз саналған.

Дегенмен, кейде, қажет болған жағдайда жарты жылдан астам уақыт тұрып қалған жағдайлар кездесіпті.

Елші мен жаушының парқы

Елші өзара ымыраластыру, достасу, билеушінің мүддесі үшін жұмыс істейді. Ал жаушы – соғыс хабарын жеткізетін хабаршы. Алайда қазіргі дәстүрде "жаушы" – қыз айттыруға жіберілетін кісіге қаратылып та айтылады.

Дала заңы бойынша елшіге тиісуге қатаң тиым салынған

Бұл бір жағынан алғанда, елшінің қарсы жақтағы елдің билеушісінің ең сенімді өкілі болғандығынан да болса керек. Егер елшіні өлтірсе, ашық жауласуды, өліспей беріспейтін кекпен түсіндірген. Оның үстіне тапсырманы орындаушы ретінде кешіріммен қарайтыны белгілі. Алайда, екі ел арасындағы елшілерді өлтіру, оларға қастандық жасау арқылы екі елді жауластыру ниетіндегі топтардың да болғаны тарихта белгілі.

Екінші жағынан, елші бір ауылдан бір ауылға, бір рудан бір руға өткенде мініс көліктерін сол ауыл не ру ауыстырып беріп, жолға салып отыруға міндетті. Кейде қарақшылар да тонап кеткен жағдай болған. Алайда өлтіру тарихта тым сирек.

Елші келген кезде арнайы қонақ үй дайындалып, күтілген.

Аманатқа бала беру

Елшіліктің тағы бір келісу жолы – аманатқа адам жіберу. Бұл – екі елдің арасында сенімсіздік жағдай туғанда ырықсыз орында қалған ел тарапынан болатын ұсыныс. Қарсы жақтың "сөзден тайып, шапқыншылық жасауынан сақтану үшін", елдің иесі болып отырған ханның немесе басқа да билеушінің ең жақсы көретін балаларын, кейде батырын аманатқа алып қалып отырған.

Бұл – сенімділіктің кепілі ретінде қаралады. Кепілге келген бала не азамат сол елдің мәдени-саяси істеріне араласпайды. Арнайы түрде хан ордасынан не бір отбасыға аманат етіліп, сол үйдің бір мүшесі ретінде жүреді.

Бұл міндет аманат қайтарылып алынғанға дейін жалғасады. Тіптен, сол аманатты алмастыру және қайтарып алу барысы да үлкен дипломатиялық келісімдерді бастан кешірген. Кейде, аманаттан қайтпай сол елге, ұлтқа сіңіп кеткен ұрпақтар да кездеседі.

Мұндай, аманатқа бала беру екі рулы ел не ағайындар арасында да болған. Мысалы, "Абай жолы" романынағы Құнанбайдың бір қызын Бөжейге аманатқа беруін айтуға болады.

Аманатқа бала беру туралы тарихи деректер өте көп

Әділ сұлтан (шамамен 1756 ж.) – Әбілқайыр ханның Бопайдан туған кенже ұлы. Тарихи құжаттарда оның есімі алғаш рет хан балаларын аманатқа беру мәселесіне байланысты аталған. Аманаттағы Айшуақтың орнына Әбілқайырдың екінші әйелінен туған Шыңғыс сұлтанды жібермек болғанда, Ресей әкімшілігі тек Айшуақпен бірге туғанды ғана аламыз деп бұл ұсынысты қабылдамай тастаған.

Саяси тартыстың объектісіне айналған Әділ сұлтан 1749 жылы шілдеде Айшуақтың орнына аманатқа беріледі. 1770 жылы Әділ сұлтанның баласы Әкім сұлтан Хиуада хан болған. Ағасы Нұралы ханның 1756 жылы Алексей Тевкелевке жазған хатында: "... Ал, қазір бір орында тапжылмастан отырмын, өйткені Әділ сұлтанның жаны қиналып жатқанда көшіп-қонуға жағдайымыз жоқ" дегеніне қарағанда, Әділ сол жылы опат болған сияқты.

Ұлы жүздің ханы Жолбарыс Қалдан Серенге 1739 жылы қарсы шықса, Төле би де бейжай отыра алмаған. Сондықтан Қалдан Серен оңтүстік өлкесін ұстап тұра алмаса да, Ташкентті уысынан шығармас үшін Төлені Көсеубекпен ауыс­тырған. Қытай деректері Әлібекұлы Төле би жасақтарының Ташкентті қоршап тұрғанын айтады. (Хафизова К.Ш. Китайская дипломатия в Центральной Азии (ХІV-ХІХ вв.) А., 1995. С.179).

Бұл 1744-1745 жылдары Қалдан Серен өлген кезде болғанға ұқсайды. Соңынан орыс деректері, атап айтқанда Орынбор көпесінің приказчигі Төле бидің Ташкенттің толық билеушісі екенін, баласын Қытайға аманатқа бергенін баяндайды (бұл да сонда, 179-б.). Ал бұл оқиға 1750 жылдарға саяды.


Абылай хан

Абылай хан / Сурет e-history.kz


Абылай хан әулетінің шежіресінде Әділ сұлтанның үрім-бұтағының алатын орны бөлек. Хан Абылай баласы Әділді Қытайға аманат етіп жіберген (Ч.Ч.Уәлиханов. Собр. соч., 1-т., А.,1961, 428-б). Қытайдан еліне қайтып келген Әділ Жетісуда тұрып, Ұлы жүздің сұлтаны атанды. 1815 жылы Ташкенттің түбінде қайтыс болды.

Айшуақ (1720-1810) – Кіші жүз ханы (1797-1805), Әбілқайыр ханның үшінші ұлы. Нұралы ханның тұсында негізінен Жетіруды биледі. 1748-49 жылы төрт қазақ шонжарының балаларымен бірге (інісі Қожахметті алмастырып) Орскіде аманатта болды.

Қазақ кімдерден аманатқа бала алды

ХІV-ХІХ ғасырларда қазақ хандары өз төңірегіндегі елдермен түрлі қырғиқабақ соғыс жағдайында болды. Бірде шауып, бірде шабылып тұрды. Осындай сүреңсіз заманда көрші елдер бірлесіп кететін жағдай да туындады. Ал екі елдің сенімін басшыларының балаларын батырлардың балаларымен бірге аманатқа берілуі қосымша белгіленіп отырды.

Мысалы, Әмірсана өз ұлы Бұлтырды Қожаберген батырға аманатқа берді. Есесіне қазақтар мен ойраттар бірігіп, шүршіт билігіне – мәнжі-чин елінің шапқыншылығына қарсы шықты.

Әмірсана Абылайханмен тығыз қатынаста болды. Тіптен бір ұлын Қожаберген батырға аманатқа беруден басқа қарындасын да Абылайға ханымдыққа бергені жайлы мәліметтер бар. Бұл – моңғол даласындағы тайпалар арасындағы бақталастықтың күшеюімен және шүршіттер билеген мәнжі-чин басқыншылығынан амалсыз қылған жоңғар билеушісінің шешімі болатын.

Билер соты ханның тағдырын шешкен

Хандық таққа отыру – негізінен билер кеңесінің шешімі негізінде заңдастырылып отырғанын көруге болады. Егер билер сот "заңсыз" деп тапса, халық алдында хан ырықсыз күйде қалған. Мысалы төмендегі тарихи материалға қараңыз:

Барақ (т.ж.б. – 1750) – қазақ сұлтаны. Шыңғыс ханның тұқымы. Жәдік әулетінен. Әкесі – Тұрсын хан. Ағасы – Күшік хан Орта жүздің ханы болған. Барақ сұлтан алдымен Орта жүздің найман, қоңырат, арғын руларын, кейін Ұлы жүздің дулат тайпасының бір бөлігін билеген. 1720 жылы Жоңғар және Еділ қалмақтарына қарсы шайқастарда қолбасы болған. Оңтүстік Қазақстан мен Сыр өңіріндегі Иқан, Сауран, Отырар, Түркістан, Өгізтау, Созақ қалаларына билік жүргізді.

18 ғасырдың 30 жылдарынан бастап Кіші жүз ханы Әбілқайырдың басты бақталасына айналады. Шыққан тегі жағынан Әбілқайыр ханнан артықшылықтарын алға тартқан ол Шыңғыс хан ұрпақтары өкілдерінен жоғары билікке өзін ғана лайықты деп санайды. Оның Әбілқайырмен тақ үшін таласын Орынбор генерал-губернаторы И.И. Неплюев Ресейдің отаршылдық мақсатына пайдаланды.

Барақ сұлтан екі жақты саясат жүргізді. Ол 1742 жылы қарашада өзінің Ресейге бодандығын мойындап ант бергенімен, жоңғар хандарымен байланыс жасап, үлкен ұлы Сығай сұлтанды аманатқа береді. Әбілқайырдың ықпалын көре алмаған Барақ сұлтан 1748 жылы бірінші тамызда оны күші басым жасақтарының көмегімен өлтіреді.

Көптеген рубасылардың бұл оқиғаға теріс қарауы Барақты билер сотына жүгінуге мәжбүр етеді. Өзіне тәуелді 3-4 адамнан тұратын билер соты "ақтап шыққанымен", кейін Қазыбек би, Төле би, Абылай хан, т.б. Барақтың жазаға тартылуын талап еткен. Сол себепті ол жақтастарымен Түркістан өңіріне көшіп кетеді. Оның Әбілқайырдың ұлы Нұралы ханмен бітісуге деген ниеті нәтижесіз аяқталады. Кейін қастандыққа ұшырап өлді деп жазады Уикипедия ашық энциклопедиясында.

Дипломатияның тағы бір жолы – қыз беріп, қыз алу

Сонымен бірге екі хан өзара түсіністікті арттыру, достықты нығайту үшін ханшайымдарын бір-біріне беру арқылы туыстық байланыс орнатты. Мысалы, моңғол деректерінде Әмірсана Абылай ханға қыз беріп, қыз алысқаны айтылған. Қожаберген батырдың бір әйелі жоңғар шонжарының қызы болыпты деп те айтылып жүр.

Абылайдың 12 әйелінен 40 қызы, 30 ұлы болған. Ұлдарының бізге белгілілері: Сағындық-Шуақбай атты қарақалпақ бегінің қызы Сайман ханымнан – Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім; Қашқар бегі Кенже сарттың қызы Бабақ ханымнан – Шеген, Рүстем, Оспан, Сыздық, Әбітай, Әбділдә; Қалмақ ханы Қалдан Сереннің туысы Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан – Қамбар мен Қасым; Сарғалдақ қожаның қарындасынан – Тоқ, Қосым, Арық; Атығай-Қарауылдың қызы Тоқта ханымнан –Сығай, Тағай, Сүйік, Әли, Құлан, Тоғым; Орыс сұлудан (тұтқын) – Шама; басқа әйелдерінен – Ғұмыр, Байыр, Жәңгір, Сыпатай. Уикепидия ашық энциклопедиясынан алынды.

Міне, Абылайханмен қатынасты жақсарту үшін әр халық қыздарын бергенін көреміз.

Дипломатияның тілі қандай болған?

Тарих ғылымдарының докторы, көне мәнжі, қытай тілдерін жетік меңгерген белгілі қытайтанушы ғалым Бақыт Еженханұлының "Қожаберген батыр" деректемелер топтамасы жарық көрді.

Аталған кітапта 1757-1767 жылдар аралығында Қытай орда мұрағаттарында қатталған мәліметтердің ішіндегі Қожаберген батырға қатысты деректер көрсетілген.

Аталған деректемелерде және қазақ хан-сұлтандарының Чин патшасына жіберген хаттарында көрініс тапқан дипломатия тіліне талдау жасаған Бақыт Еженханұлы мынадай қортынды шығарыпты:

"Қытайдың бірінші Тарихи мұрағатынан табылған 1757-1831 жылдары аралығында хаттарға тілдік талдаулар жасау арқылы XVIII-XIX ғасырлардағы қазақтың дипломатиялық жазба тілінің мынадай ерекшеліктерін байқадық:

Біріншіден, бұлардың көбісі ортаазиялық "ресми" хат жазу дәстүрінің ықпалында қалыптасқан; екіншіден, адресаттармен арадағы қарым-қатынастың ерекшелігімен байланысты, бұл хаттарға мәнжі-моңғол тілдеріндегі кейбір әлеуметтік-саяси терминдер еніп кеткен; үшіншіден, бірсыпырасынан сол кезеңдегі қазақтың ресми жазба тілінің "қазақылана" бастағандығы байқалады – бұл жәйт біздің қазақ жазба тілінің қалыптасу тарихына байланысты ұғымымызға жаңа мазмұн енгізіп отыр".

Жер қайткенде қазақтікі болады?

Қазақта "атамның басы қалған" деген мәтел бар. Яғни жерді әулие тұтқан бабаларымыздың түсінігі.

Ежелгі түркі халықтарында балбал тастар, тас адамдар, обалар мен қорымдар арқылы жердің иелік құқын айқындап келген. Әсіресе, көшпенді халықтар үшін жердің иелік құқы туралы "таңбалы қағаз" болмаған жағдайда сол төңіректе жатқан бейіттерге, балбалдар мен обаларға, қорымдарға қарайтын болған. Бұндай дипломатия тарихта белгілі дәрежеде рөл ойнағанын деректер дәлелдеп отыр.

Жерді иелену де – саяси дипломатияның бір түрі

Ол үшін жасалған түрлі белгілер мен айлалар да бар.

Мысалы, Қожаберген батыр мыңнан астам үйді бастап Алтай-Тарбағатайға қарай ауған кезде, өздері барып қоныстанған жерге төрт құлақты бейіт соғып, жерге белгі орнатып отырыпты. Тіптен, кейінгі қазақ батырларының өлген адамын жерлемейтін моңғолдардың өлігін ертесі үйінің босағасына сүйеп қойып, "аруақ разы болмады" деген қорқыту арқылы жерлерін алып алғаны туралы мәліметтер де кездеседі.

Ғұн патшасы Мөде туралы мындай аңыз бар. Бірде Қытай патшасы елші жіберіп, тұлпарын сұратады. Мөде уәзірлерімен кеңесіп, көрші елмен бір атқа бола жауығамыз ба деп, тұлпарды елшіге жетектетеді. Тағы бірде Мөденің нақсүйерін (яньчж) қалайды, уәзірлері: "Донхулардың есі дұрыс па?! Әлде, бізді басынғаны ма, бұлардың қай қылығы, оның ханы арсыз, ұятсыз адам екен! Донхуға қарсы ұрысқа аттанайық!" – деседі. Мөде: "Көрші елден бір қатынды аяймыз ба?" – деп өзінің нақсүйер әйелін жөнелтеді.

Келесіде Қытай ханы жерінің батысындағы құм тақыр жерді "Осы аралық сендерге қолайсыз, маған тарту етіңдер" деп сұратыпты. Мөденің кеңесшілері: "Пайдаға асып жатқан жер емес, берсе де, бермесе де болады", – деп солқылдайды. Сонда Мөде қаны қайнап: "Жер – мемлекеттің негізі емес пе, жерсіз халық бола ма?! Оны қалай бермексіздер!" – дейді де, жерді берейік дегендердің басын алдырады да Қытайға соғыс ашады.

Қожаберген батырдан ту, шапан, сауыт, дулыға тәбәрікке қалған

Жалпы, Қожаберген Жәнібекұлынан жеткен біз білетін жәдігердің саны әлі белгісіз. Шежірелерде бабамыздан 17 ұлдың қалғаны айтылған. Бүгінде ұрпақтары он мыңдап саналады. Қытай деректерінде Қожаберген батыр кіші әйелі Жүзік анамыздан туған үлкен ұлы Жандәулеттің үйінде тұрды деп жазылыпты.

Құнды жәдігерлер де осы әулеттің ұрпақтарынан табылып жатыр. Батырдың жо­рықта ұстаған туы – Моңғолияда, оның сегізінші ұрпағы Мұқтажыұлы Жұмаш­тың шаңырағында сақтаулы болса, шапаны – Қазақстанда Қарағанды облысындағы Бақыт Теңселұлының шаңырағында. Ал сауыттың қалдығы Қытайда музейде екен.

Қожаберген батыр ұрпағы Қойшыбай Үмбетай немересі қатарлы көне көз қарттардың сөзіне қарағанда батырдың дулығасы мен қамшысының да сақталғаны туралы мәлімет бар.

Жақында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейі қызметкерілері және журналист Амангелді Құрмет Қарағандыға барып, құнды жәдігерді алып қайтты.

Шапан – Қожабергенге Чин патшасынан келген сауға болуы да мүмкін

Батырдың шапаны ХVІІІ ғасырдың екінші жартысына тән екенін мамандар да растап отыр.Тік жағалы, тысы көк сұр түсті торғынмен тысталып, ішіне жұқа етіп түйе жүнімен жұрындаған. Ішкі өңірі бедерлі, орта азиялықтарға тән гүлді матамен сырылып тігілген. Тігісі тегіс әрі таза. Бір-екі жерде кішкентай тесік жыртығы бар болғаны болмаса, шапан жақсы сақталыпты.

Шапандағы гүлді бедердің стиліне қарағанда матаны бабамыз Қытайға елшілікке не саудаға барғанда алған да болуы мүмкін. Ал ішіне түйе жүнін салғанына қарасақ, өз аналарымыздың қолынан шыққан болуы да мүмкін. Себебі, Қытай жері жылы әрі түйе жүнін киімге пайдаланбайды.


Қожаберген батырдың шапанын осы сандықтан алып шықты

Қожаберген батырдың шапанын осы сандықта сақтаған / Сурет Ахан Оңғардікі


Шапанның қазір де сыны кетпеген, қымбат болғаны ғана байқалады. Мысалы, Қытай деректерінде Қожаберген батыр Абылайханмен қатар аталып отырыпты. Мәнжі-Чин орда жазбасында "Абылай хан мен Қожаберген батырға сауға жібердік" деген мәліметтер көп кездеседі.

Ахан Оңғар, архелог: "Мен шапанның суреттерін кәсіби мамандарға апарып көрсеттім. Олардың айтуынша бұл 18 ғасырға тән дүние деп отыр".

Неше ғасыр сақталған батырдың шапаны енді музейде тұрады

Шапан әдемі ағаш сандықта екен. Ішіне қалампыр түйірлері салынып, бүктеліп, сырты ақ матамен оралған. Қалампырды құрт жеуден сақтау үшін салса керек.

Бақыт Теңселұлы – батырдың 4 ұрпағынан тарайтын дегеншары (қыздан тараған жеті ұрпақтың төртіншісі): "Мен батыр бабамыздың шапаны бар екенін осыдан тоғыз жыл бұрын ғана білдім. Үйде тұратын сандықты үнемі ұлықтап, бізді жолатпайтын. Әйтеуір бір керемет нәрсе бар екенін бала күнімізде сезетінбіз. Атамыз Сиыршыбай да, нағашы атамыз Тотықұс та бай-манап ретінде тұтқындалып кетіпті. Ал әжеміз Шамшия Кемиекқызы шиеттей төрт баламен жесір қалған".

Бақыттың сөзін батырдың ұрпағы Уәр Тоқсанбайұлы жалғады. Уәр ақсақал кішкентай кезінде, шамамен 1950 жылы ағасының осы шапанды кіиіп келгенде шешесінің "Иман шапанды кигенің не?" деп ұрысқанын есіне сақтапты. Қо­жаберген батырдың ұрпақтары шапанды өткен ғасырдың алғашқы жартысына дейін қайтыс болған адамның бетіне жауып, "иман шапан" деп атапты.



Қожаберген батырдың шапаны туралы сараптамалық пікір

"Музейлік атрибуциялау жұмысында белгілі бір кезеңде өмір сүрген адамдардың қолданысында болған бұйымды сол заманның заттай айғағы, артефактісі ретінде танитын үрдіс қалыптасқан. Оған аталмыш бұйымның материалы мен жасалу технологиясы сияқты дүниелері сәйкес келіп жатса аталған тарихи кезеңге жатқызуға болады. Ал, кімнің қолынан алынғаны, ол адамға кімнен қалғаны (берілгені) туралы ауызша мәлімет берушінің көзі тірі болып, арнайы толтырылған актіге қол қойып тапсырған болса, зерттеу объектісі болып отырған зат-бұйымды белгілі бір адамдікі деп тануға, ғылыми атрибуция жасауға толық негіз бола алады және сол дәуірдің мәдени құндылығы ретінде дәріптеліп, насихатталады. Сондықтан, ұсынылып отырған тарихи мұра – Қожаберген батыр шапанының "музейлік мәнге ие зат" екені күмән тудырмаса керек.

Ел тарихы мен бірлігін дәріптеу жолында еңбектеніп жүрген азаматтарға алғыс айта отырып, "іс ілгері бассын" айтамыз" – деп жазыпты зерттеуші, т.ғ.к. Досымбек Қатран.

Қожаберген батырдың туы – қазақ мемлекеттігінің белгісі

Қазақ хандығының тұсындағы Абылай хан заманында сарбаздарының қолында желбіреген киелі ақ ту бүгінгі күні Баян-Өлгей ай­ма­ғы Бұғыты сұмынында, батырдың жетінші ұрпағы Мұқ­тажыұлы Жұмаштың үйінде сақтаулы тұр.

Бұл туды 1943 жылы Моңғолия қа­зақтарынан жасақталған партизандар гоминданмен шайқасқанда қолбасшы Қаби, Ноғайлардың бұйрығымен Қытайдың Алтай аймағына қасиеттеп апарған, туды майдан даласында Тұлба сұмындық Сембі салтанатпен көтеріп алып жүрген екен.

Бұл туралы шежіреші Оңғар Маусым­ұлы былай деп жазады: "Бұл ақ мәрліге орап сақтаған ақ ту екен. Туды орауынан жазып ашып көрдім. Әбден тозығы жетіп, бұлы сүзіліп, өңі сарғайып кетіпті. Биіктігі – 150, ені – 70 см, ақ матадан істелген байрақ. Сырыққа байлар жағы көмкерілген, үш жерден байлайтын бауы бар. Кезінде садақ оғы ма, найза ұшы ма тиіп, жыртылған жерлері ақ жіппен тігіп, жамалған. Тумен бірге ұзындығы – 30 см мөлшерінде тудың басына байлайтын бір уыс жылқының қара қылы, бір-екі қайыс бау шықты. Сандыққа екінші рет қолымды жүгіртіп, найзаның ұшы, бір кісілік ақыреттік ақ мата, ер адамның көйлегін алып шықтым. Сан­дықтың бет жағында, киіздің арасында Құран кітабы бар екен. Найзаның ұшының ұзындығы – 30 см, жалпағы – 6-7, екі жағы жүзделген, сырықтың басына сапталатын ұңғысы, шегелеп бекітетін екі жерден тесігі бар. Көйлек ақ бұлдан тігілген, тік жағалы, жеңінің ұшы, омырауы сырылған. Жағасы мен жеңінің ұшында түймесі бар, бұлының ішкі жағында тақта жазу мен қызыл өңді өрнегі бар".

Жалпы, Абылай ханның Ер Жәнібекке берген ақ туын Қытай үкіметі алып кетіпті. Қазір қайда екені белгісіз. Ал біз Қожаберген батырдың ақ туын ғана білеміз.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары