Қазақта "Еженханның қолынан көк тас алған" деген сөз бар. Бұл Мәнжу-Цин империясының үкіметінен шен немесе сый алған адамдарға қарата айтылған.
Еженхан – Мәнжу-Цин империясы ханының лауазым атағы. Боғдыхан деп те аталады. "Өткен жылы Шыңжаң жанжуны (губернаторы) аспан тәңірінің жердегі өкілі деп аталатын е ж е н х а н ғ а жүріп кеткен" (Қ. Исабаев, Шоң би, 36). Түсіндірме сөздіктен.
Сол көк тас алған аталарымыздың бірі Үмбет Тұманұлы. Үмбет атамыздан жеткен жәдігерлерді – қызыл шашаққа орнатылған көк тас пен ағаш сауытқа салынған тауыс қауырсынын жақында шөбересі Жұлдызбек Қойшыбайұлы Әскери-тарихи музейге тапсырды. 19 қазанда халық назарына ұсынылмақ.
Бұл мақалада осы тарихи жәдігерлердің лауазым дәреже белгісі ретіндегі ерекшеліктерін, жасалу әдісін, сипаттамасын, сондай-ақ қазақ-қытай қатынасындағы ролін қарастырамыз. Осыған орай этнограф, қару-жарақ зерттеушісі, суретші, тарих ғылымдарының кандидаты Қалиолла Саматұлы Ахметжан ағадан сұхбат алған едік.
Шүршіттер Қытайды үш ғасыр биледі
Мәнжу-Цинь империясы (Цин империясы), Чинь (Шың) патшалығы (1644-1911) – Қытайдағы Мәнжурлердің (Мәнжу) Цин әулеті билеген соңғы патшалық.
Шүршіттер (Мәнжулер, маньчжурлар, маньчжу нялма) – түркі, моңғол тектес көшпелі халық. Қазіргі Қытайдың солтүстігіндегі Мәнжурияның жергілікті тұрғындары. Ішкі Моңғолия, Хэбэй, Ганьсу, Шыңжаң өлкелері мен Бейжің, Тянь-Цзинь, Сиань, т.б. ірі қалаларды мекендейді. Халық саны 2003 жылғы дерек бойынша 10,3 млн шамасында. Діни сенімі – буддизм, даосизм (біраз бөлігінде шаманизм сақталған).
XII ғасырдың басында шүршіттер Цзинь мемлекетін құрды (1115-1234). XIII-XVI ғасырларда Юань және Мин империяларының қарамағында болды. 1616 жылы бұрынғы Цзинь мемлекетінің билігі қалпына келтірілді. Хуан-Тайцзи патша 1636 жылы Цзинь мемлекетінің атауын Цинь (Дацин), шүршіт атауын Мәнжур деп өзгертті. 1644 жылы Қытайды басып алып, Мин әулетін биліктен кетірді.
Шүршіттердің Цинь әулеті Қытайды (1644-1911) үш ғасырға жуық биледі.
Мәнжу-Цин империясы қазақтарға не үшін мансап пен сыйлық таратты?
Мұндағы патша әулеті көшпенді халықтардан қатты қорықты. Себебі, сайда саны, құмда ізі жоқ көшпенділерді басқарып тұру қатты қиынға соғатын. Оның үстіне ат үстінде өмір сүріп, көшіп-қонып үйренген көшпелілер кез келген уақытта шабуылға шығып, жайбірақат жатқан елдімекендерді ойрандап кететін.
– Мәнжу-Цин императоры (қазақтар оны Еженхан деп атаған) өзімен дипломатиялық қатынаста болған шекералас елдерді өзіне тарту, бағындыру мақсатын көздеп, сол елдердің басшыларына сыйға әртүрлі дәрежедегі шен (лауазым) беріп, соған сәйкес осындай діңсе тас түріндегі дәреже белгілерін тарту етіп отырды, – дейді Қалиолла аға.
Мысалы, Мәнжу-Цин империясының берген шен аттары гүң, бейсі, амбы, үкірдай, залың, тәйжі болып жалғасады.
Алтай қазақтары қазақтың хан-төрелеріне бағынып қана қоймай Мәнжу-Цин империясынан шен алып отырды
Алтайдағы қазақтар Әбілпейіз хан жіберген хан ұрпақтары – төрелер арқылы басқарылды. Сонымен бірге Мәнжу-Цин патшалары берген шен-шекпен арқылы оларға да бағыныштылығын білдіріп отырды. Осылайша екі жақты мәміле – саясат жүргізді. Оны төмендегі тарихи деректерден де көруге болады.
Бұл туралы Алтай бетіне танымал тарихшы Асқар Татанайұлы "Тарихи дерек, келелі кеңес" деген кітабында былай деп жазған: "Әбілманбет ханның алты баласы болған. Олар Әбілпейіз, Әділ, Тоғым, Шыңғыс (Санияз), Әбілда, Үрістем бұларды төрт төре деп атайды. Әбілпейіздің баласы Көгедай гұң көк тулы төре болып, Абақ Керейді басқарды. Әділ төре ақ тулы төре, Тоғым шұбар тулы төре, Шыңғыс (Санияз) қызыл тулы төре аталды.
Әбілпейіз кіші әйелі Тұмар ханымнан туған Көгедай мен оның інілері Сәмен, жабағыны 1785 жылы Абақ Керей еліне төрелікке жіберген. Көгедай 1773 жылы туылып, он екі жасында Абақ Керейге төре болды. 1791 жылы Бейжіңге барып гұңдық шен алды. Отыз тоғыз жыл ел билеп, 1842 жылы 51 жасында қайтыс болды.
Көгедайдан Ажы, Әбілғазы, Әбеке, Тәтен дейтін төрт ұл туған. Мұрагері үлкен ұлы Ажы екен. Ажы гұң 1797 жылы туылып, 1824 жылы жиырма алты жасында әкесінің орнына отырды. 44 жыл ел билеп, 1867 жылы 70 жасында дүние салды. Сүйегі Зайсан жеріндегі баласы Тышқанбайдың қорғанына қойылған.
Орнына баласы Қасымхан төре болған. Қасымхан 1834 жылы туылып, 33 жасында мұрагерлікке ие болды. 23 жыл ел билеп, 1890 жылы 56 жасында қайтыс болды. Зираты Сауырда. Орнына баласы Жеңісхан отырған. Жеңісхан төре 1863 жылы туылып, 1890 жылы мұрагерлікке отырып, 22 жыл ел билеп, 1912 жылы 49 жасында дүние салды. Бейіті Сауыр тауының Тосты деген жерінде. Орнына баласы Әлен отырған.
Әлен Уаң 1889 жылы туылып, 23 жасында билікке келді. 1954 жылы қайтыс болды. Әлен Уаңның билік тізгінін ұстаған кезі, Сұн Жұңшан (орысша Сун Яцен) бастаған буржуазиялық төңкеріс жеңіске жетіп, Цин империясы жойылып, Жұңхуа Минго билігі орнаған кез еді. Жаңа құрылған үкімет Көгедай гұң ұрпақтарына "Уаңдық" мансап беріп, Алтай өңірін басқарушы етті.
1945 жылы жеңіске жеткен Үш аймақ үкіметі (Шығыс Түркістан үкіметі) Әлен Уаң Гоминдаң үкіметінің қолында қалғандықтан, оның баласы Зәкиханды мансапқа отырғызды. Бірақ Зәкихан билік жүргізе алмады. Осымен алты ұрпақ жалғаған төрелік тәртіп тоқтады.
Мәнжу-Цин империясы берген шен белгісі Қазақстан музейінде
– Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейіне тапсырылған заттардың ішіндегі қызыл жібек шашақты домалақ көк тас пен тауыс қауырсыны – шүршіт әулеті басқарған Мәнжу-Цин империясының әкімшілік жүйесінде қолданылған 9 дәрежелі әскери және азаматтық лауазымдардың айыру белгісінің бірі. Ол Алтай бетінде өмір сүрген Үмбет Тұманұлына Мәнжу-Цин патшалығы тарапынан берілген, – дейді Қалиолла Ахметжан.
Үмбет залың кім?
Үмбет Тұманұлы (1852-1937) – Алтайдың арғы бетіндегі Абақ Керейдің Шыбарайғыр руынан шыққан Қожаберген батырдың ұрпақтарының бірі – батырдың шөпшегі. Үмбет атамыз Мәнжу-Цин империясының Алтайдың әкімшілік орталығы Сарысүмбе (қазіргі Алтай қаласы) амбысы (мансап аты) тарапынан "залыңдық" шен белгісін алған. Шыбарайғыр руының залыңы атанып, ел билігіне араласқан тарихи тұлға.
Ұрпақтарының айтуынша зеректігімен және алғырлығымен көзге түсіп, ел билеу ісіне ерте араласқан Үмбет Тұманұлына қытайдың әкімшілік жүйесінің тәртібі бойынша лауазымға тағайындаумен бірге, дәреже белгісі ретінде бас киімге тағатын осы күмістелеген "қаракөк тас" және тауыстың қауырсыны табысталыпты.Лауазым белгісінің сипаттамасы
– Бұл лауазым белгісі, – дейді Қалиолла Ахметжан, – конструкциялық тұрғыдан алғанда бірнеше бөліктен тұрады. Біріншісі бөлігі – ұзындығы 15 см, бір ұштарынан диаметрі 3,7 см дөңгелек түпке байланған, жібек жіптен өріліп жасалған қызыл шашақ. Екіншісі – домалақ, сопақша келген, пішіні кішкентай құс жұмыртқасына ұқсас мөлдір көк тас.
Үшіншісі – бір көзі бар тауыс қауырсыны. Қауырсының ұзындығы 30 см. Түбінің ұзындығы 5 см-дей жері қызыл жіппен оралған.
Қауырсын ұзындығы 38 см, ені 6,5 см, қалыңдығы 1 см екі жалпақ ағаштан жасалған сауытта сақталған.
Лауазымдық айыру белгісі ретінде бас киімнің маңызы
Қытай мемлекетінің әкімшілік жүйесінде қолданылған бұл лауазымдық айыру белгісінің шығу тарихы Мәнжу-Цин әулетінің билікке келуімен тікелей байланысты. Шығыста адамның бас киімі дәстүрлі мәдениеттің ерекшелігіне сәйкес өзінің тұрмыстық қолданысынан басқа, иесінің әлеуметтік дәрежесін, қоғамдағы алатын орнын көрсететін маңызды символдық белгі қызметін де атқарды.
Қалиолла ағаның айтуынша бас киімнің пішімі, жасалған материалы, әшекейі, оған тағылатын түрлі айыру белгілері әсіресе Мәнжу-Цин империясында заңдық тәртіппен реттеліп, ерекшеленген.
Цин империясындағы мемлекеттік қызметкерлердің тоғыз дәрежесінің ресми киім үлгісінің (цзифу) кешенінде бас киім (гуань) – дәреже иесінің әлеуметтік статусын білдіріп, оның әшекейі адамның лауазымын көрсеткен. Бас киімді мағыналайтын көне иероглиф "гуань" қосалқы мағынада "басты", "жоғарғы" дегенді білдірген.
Мәнжу-Цин империясы әскери және азаматық ресми киім үлгілерін қатаң унификациялаған және регламенттеген
1759 жылы әскери және азаматтық лауазым иелерінің ресми костюмінің пішінін реттейтін заң шығарған. 9 дәрежеге бөлінген сарай және мемлекеттік қызметкерлерінің киім және бас киім үлгілері белігіленген.Ресми бас киім екі түрлі болған. Біріншісі, қара барқытпен, елтірімен жұрындалған жиегі кері қайырылған домалақ қалпақ түрінде жасалған қыстық бас киім (дунгуань – төмендегі 1-,2-,3- суретте). Екіншісі, бамбуктан тоқылып жасалған, конус пішінді шошақ қалпақ түріндегі жаздық бас киім (чаогуань – төмендегі 4- суретте).
Діңсе тас – шендік дәрежені білдіреді
Қытай шенеуніктерінің ресми бас киіміне орнатылатын дин әшекейі, лауазым дәрежесіне сәйкес, әртүрлі асыл тастар мен қымбат металдардан домалақ үлкен түсті моншақ тас (чжу) түрінде жасалады да металл (алтын, күміс) қауызбен қапталады. Ұзын қызыл жібек шашақ – чжувэй төбелдіріктен төмен түсіп бас киімнің төбесін жауып тұрады.
– Дин тасы (қазақша діңсе тас) түріндегі айыру белгілері тағылған ресми бас киімдерді Мәнжу мемлекетіне бағынышты болған, қытайға қызмет еткен моңғолдар, қалмақтар, ұйғырлар да ресми сырт киіммен бірге киген. Өткен ғасырдағы моңғол миниатюраларында қытай дәрежесін, шенін иеленген моңғол зайсан, тайшылары осындай Мәнжулық ресми бас киіммен бейнеленеді, – дейді Қалиолла аға.
Цин әкімшілік жүйесінде мемлекеттік қызметкер лауазымдары 9 дәрежеге бөлінген
Ең жоғарғысы бірінші дәреже болып, төмен қарай рет бойынша кете береді. Олардың лауазымын айырықшалайтын ерекшелік – бас киімнің ұшына орнатылған дин әшекейінің домалақ тасының түсі болды. Әр дәрежеге сәйкес дин төбелдірік әшекейіне қымбат металдардың және асыл тастардың әр түрі қолданылып, мөлдір және мөлдір емес түрлері кезектесіп, тастың түсі шеннің рангына сәйкестендірілді.
Бірінші дәрежелі қызметкерлердің бас киіміне дин әшекейі мөлдір қызыл лағыл (рубин) тастан жасалып тағылды.
Екінші дәрежелі қызметкерлердің бас киіміне қызыл маржаннан жасалып тағылды.
Үшінші дәрежелі қызметкерлердің бас киіміне дин әшекейі мөлдір көк тас сапфирден жасалып тағылды.
Төртінші дәрежелі қызметкерлердің бас киіміне дин әшекейі мөлдір емес көк тас лазуриттен жасалып орнатылды.
Бесінші дәрежелі қызметкерлердің бас киіміне дин әшекейі мөлдір сутастан (хрусталь) жасалып тағылды.
Алтыншы дәрежелі қызметкерлердің бас киіміне дин әшекейі мөлдір емес перламутрдан жасалды.
Жетінші, сегізінші, тоғызыншы дәрежелі қызметкерлердің бас киіміне дин әшекейі алтыннан, мөлдір янтарьдан және күмістен жасалып тағылды.
Патша әулетінің өкілдері және ақсүйектер бас киімдеріне де мұндай белгі ірі меруерт, інжу тастан орнатылған.
Үмбет залыңның дәрежесі қандай?
– Бұдан біз мөлдір көк діңсе тас иеленген Тұманұлы Үмбет залыңның лауазымдық үшінші дәрежеде болғанын көреміз. Оның дәрежесінің жоғарылығын діңсе (дин) тасымен бірге берілген тауыс қауырсыны да дәлелдейді.
Цин әкімшілік жүйесі бойынша бірден алтыға дейінгі жоғары дәрежелі лауазым иеленген қызметкерлердің бас киіміне қосымша құрмет белгісі ретінде бір көзді немесе екі көзді тауыс қауырсыннан плюмаж (кунцяолин) тағылды, – дейді Қалиолла Ахметжан.
Тауыс қауырсынындағы көздің мағынасы
– Бір көзді дауыс қауырсыны жоғары дәрежелі қызметкерлердің бас киіміне тағылса, екі көзді тауыс қауырсыны өте жоғары дәрежелі лауазым иесіне берілді. Ал патша әулеті, князьдар, қолбасшылар үш көзді қауырсынды таққан.
Қауырсынды және дин тасын бас киімнен алып тастауды қытай үкіметі қызметкерлерге жаза ретінде қолданған, – дейді Қалиолла Ахметжан.
Құс қауырсынын бас киімге тағу салты қазақта да бар
Қазақтар бас киімге үкі тағады. Бақсылар мен дәруіштер бас кіиіміне аққудың қауырсынын тағады.
– Бас киімді құс қауырсындарымен әшекейлеу көп халықтың мәдениетінде кездесіп, әртүрлі қызмет атқарды. Бұл салт көптеген елге ортақ болғанмен, қауырсынның түрі мен сипаты, оның бас киімге тағылу әдісі әртүрлі болған. Мысалы, қазақтар бас киімге магиялық қорғаныс заты ретінде үкінің қауырсынын, ал хан-сұлтан, батырлардың бас киіміне әлеуметтік айыру белгісі ретінде құтан, тырна қауырсындарынан "жыға" таққан. Бұл қауырсындар бас киімге тігінен бекітілген (қадалған).
Ал Мәнжу-Цин дәуіріндегі ресми бас киімде жоғарғы әлеуметтік статустың айыру белгісі ретінде тауыстың қауырсыны қолданылып, ол бас киімге көлденең бекітілді. Мемлекеттік қызметкерлердің ресми формалық киімін регламенттеген, 1759 жылы жарияланған арнаулы жарлық бойынша тауыс қауырсыны кунцяолин жоғары дәрежелі әскери қызметкерлер бас киімінің құрметті айыру белгісі болып бекітілді, – дейді Қалиолла аға.
Шоқанның сызғаны Тезек төренің суреті емес
Шоқан Мәнжу-Цин шенділерінің айыру белгілері туралы Қашғарға, Құлжаға барған сапарларының күнделіктерінде жазыпты.
"Қызыл шарик және тауыс қауырсыны генералдың биік дәрежесін және әскери атағын куәләндіріп тұр. Шарик тасы мен тауыс қауырсынын таққан қытай бас киімін киген Қашғарлық чшенді келді, басында біз оны қытай екен деп қалдық".
Бұл Шоқанның қытайдың лауазым белгілеу жүйесімен жақсы таныс болғанын көрсетеді. Ол осы сапарында салған суреттерінің ішінде осындай айыру белгілері тағылған ресми бас киім киген қытай шенеунігінің суретін де салып кеткен.
– 1962 жылы басылып шыққан Шоқан шығармалары жинағында ғалымның графикалық еңбектеріне арналған 5 томында жарияланған бұл суретке Ә.Марғұлан "Тезек төренің портреті. 1865 жылы салынған", деп анықтама береді.
Бірақ Әлекең бұны қандай дәлелдерге сүйеніп анықтағанын жазбайды. Осы суретті өз еңбектерінде жариялап, әңгімеге арқауы еткен басқа авторлар Ә.Марғұланның айтқандарын азды-көпті қайталаудан асқан жоқ. Бұл авторлар суретте көзі бар тауыс қауырсыны анық бейнеленсе де, оны басқа пішінді болатын құтан қауырсынымен шатастырып, негізсіз жорамалдар да жасайды.
Біз осы суретті атрибуциялауға арналған, 1998 жылы "Парасат" журналында жарияланған "Сурет сыры" атты мақаламызда бул сурет Тезек төренің портреті емес, әскери форма киген қытай офицерінің суреті екенін, салынған жылы 1865 емес, 1856 жыл, Шоқанның Құлжаға барған сапарында салынған сурет екенін нақтылы деректермен дәлелдеп жазғанбыз, – дейді Қалиолла Ахметжан.
Мәнжу әскери және азаматтық шенділер киімінің айырмашылықтары
– Мәнжу мемлекетінің әскери қызметкерлері ресми сырткиім ретінде жеңі сәл қысқалау, қысқа етекті күртеше – күрме (гуацзы) киген. Күрменің жазғы үлгісі жібектен тігілді де, қысқы үлгісі жүні сыртына қаратылған теріден тігілген. Күрменің түсі қою күлгін, көк немесе қара болды. Ал күрменің астынан шенеуніктер ұзын жеңді, ұзын етекті, жеңінің ұшында кері қайырылып тұратын манжеті (матисю) бар жұқа жібек шапан (гаофу) киген. Бұл шапанның кеудесі мен арқасында қытай шенеунігінің дәреже белгісінің бірі болған төрт бұрышты кестелі сурет "буцзы" тігілетін.
– Азаматтық шендегі қызметкерлер шапанында құстар бейнесі, ал әскерилер шапанында жануарлар бейнесі салынды. Шапанның арқасы мен кеудесіне жануарлар мен құстардың бейнесін кестелеп тігу дәстүрі Қытайда монғол (Юань) билігі кезінде пайда болып, кейін Мин әулеті дәуірінде айыру белгілерінің жүйесі болып қалыптасып, Цин империясына дейін сақталып жетті, – дейді Қалиолла аға.
Мәнжу-Цин империясы әйелдердің аяғын неге таңды?
Қазақта "қытайдың ши аяқ кемпірі" деген сөз бар. Бұл Мәнжу-Цин империясынан қалған салт. Олар 1970-1980 жылдарға дейін болды. Аяғы қанша кішкене болса дәрежесі сонша жоғары, сонша сұлу болады деп есептеген. Қыз бала туылысымен аяқтарын таңып тастап отырған. Аяғы өспей, башпайлары астына қайрылып кетеді екен. Ондай адамдар дұрыс жүре де алмайды.
Қырғыздар да шен мен сыйлықтар алды
Шоқан Уәлиханов "Ыстықкөл сапарының күнделігінде: "Көптеген рубасылар, орда манаптары Боғдыханнан (олар оны иджан хан (Еженхан) деп атайды) әртүрлі дәреже белгісін білдіретін түсті тас шарлар алған, бұғы руының қазіргі өкілі Боранбай манап үшінші дәрежелі қызыл шарик иеленген" деп жазған.
Шоқан жазып алған "Көкетайдың асы" деп аталатын "Манас" эпосының үзіндісіндегі кейіпкер Боқмұрынның мына сөздері осыған дәлел: "Алтын күрмені киемін, нағыз ақсүйек боламын, бас киімге діңсе тас тағып және тауыс қауырсынмен әшкейлесем, сонда нағыз ақсүйек боламын".
"Манас" эпосында Манастың ең жақын серігі ретінде сипатталатын, қарақытайлық батыр Алмамбеттің киген бас киімінде де гаухар діңсе тас тағылғаны айтылады. Бұл оның патша немесе ақсүйек тұқымы екенін көрсетеді.
"Малақайы алтындан...
Басында көөхар діңсе таш,
Жаркыны көккө тартылган".
Қазақ хан-сұлтандары да Еженханнан сый ретінде осындай құрметті шендер алған
– Бұл туралы қытайдың да, орыстың да жазба деректерінде, қазақ ауыз әдебиетінде де айтылады. Абылай хандыққа сайланғанын жариялап, 1757 жылы 7 маусымда елші жібергенде, Қытай мемлекеті оған хандық дәрежесін растап грамота сыйлайды. Бұл туралы өз еңбегінде Шоқан да жазады: "Абылай 1756 жылы Богдыханға бағыныштылық білдіріп, князь дәрежесін алды".
Абылай хан да Еженханға бірнеше елшілік жіберген. Осындай елшіліктің бірін өзі басқарып, Еженханнан сый ретінде шен алып, дәреже белгісі ретінде бас киімге тағылатын діңсе тас алғаны туралы қазақ ауыз әдебиетінде де айтылады:
"Бекітіп Ежен патша Абылайды,
Шен беріп, дәрежесін артылты енді...
Көрсеткен Ежен ханның пормасымен,
Шен алып, бастарына тас тағысып,
Қайтады хандық ұлы өр басымен".
Ыстықкөл сапарының күнделігінде Шоқан осындай қытай шенін Тезек төре де, оның аталары да алғанын жазады. "Албандар Үйгентас пен Құлжа арасындағы жерлерді қыстап, бұл жерді қолданғаны үшін қытайларға жылына 60 жылқы төлеп отырды. Олардың (албандардың) барлық сұлтандары қытай шенін алған. Марқұм болған Хаким бек қызыл тасты гун шенін алып, оған баласы сұлтан... мұрагер болды. Тезек төре көк тасты штабс офицер дәрежесін иеленген", – деп мысал келтірді Қалиолла Ахметжан.
Қазақтарға Мәнжу-Циндік арнайы киім неге берілмеді?
– Бірақ сыйға қытай шенін беріп, дәрежесіне сәйкес діңсе тас тапсырғанмен, қытай қызметінде болмағандықтан қазақ хан-сұлтандарына, қырғыз манаптарына Цин мемлекеті Мәнжулық ресми бас киімдерді (дунгуань), ресми сырт киімдерді (гуацзы және гаофу), яғни ресми униформаны берген жоқ. Сондықтан олар ешқашан қытай шенеунігінің ресми костюмын киген емес. Мұндай киімдерді тікелей Мәнжу қызметінде болған монғол, дунган, ұйғыр халқының өкілдері ғана киген. Орыстың патша үкіметі де қазақ хан-сұлтандарына сыйға құрметті әскери шен беріп, орыстың әскери дәреже айыру белгісі – погондарын тапсырғанмен, әскери мундирді берген емес, үйткені олар орыстың әскери, мемлекеттік қызметінде болған жоқ, – дейді Қалиолла аға.
Қорытып айтқанда...
– Осы айтылғандардың негізінде мынандай тұжырымдар жасауға болады:
Ресми бас киімге тағылатын арнаулы айыру белгілері – дин әшекейі мен тауыс қауырсыны Цин әкімшілігі тарапынан шекаралас орналасқан қазақ, қырғыз, монғол халықтарының ру басылары мен ел билеушілерін өз ықпалына тарту мақсатында арнаулы сый ретінде құрметті лауазымымен бірге беріліп отырған. Қытай мемлекетінің қызметінде болмағандықтан бұл шен мен дәреже белгісі оларды қытайдың ресми киім формасын киюді міндеттемеді. Бұл қазақ хан-сұлтандарына Қытай императорына вассал болуға сөз жүзінде уәде беріп, іс жүзінде өз тәуелсіздігін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
ХІХ ғасырдың аяғында Қытай мемлекетінің қол астында болған Шыңжаңдағы Алтай аймағында өзінің байырғы жерін мекен еткен қазақ руларының ел билеушілеріне де шен беріліп, лауазым белгісі ғана тапсырлып, Мәнжулық ресми киім кию міндеттелмеуі, оларда да осы кезеңде қытай әкімшілігімен қарым-қатынаста белгілі бір дәрежеде еркіндік болғанын көрсетеді. Үмбет Тұманұлы да залың лауазымына осындай сипатта ие болған. Сондықтан ол өзінің Шыбарайғыр руын өз қалауынша басқара алды.
Осылайша Қожаберген батырдың ұрпағы Тұманұлы Үмбет залыңнан қалған бұл қымбат жәдігерлер нақтылы тарихи заттық дереккөз ретінде қазақ-қытай саяси қатынастары тарихының кейбір ерекшелігін жаңаша танып білуге, түсінуге көмектеседі, – дейді Қалидолла аға.