Вице-министр Әсет Тұрысовтың айтуынша, мобильді қосымшаның істен шығуына жобаның мемлекетке өтуі себеп болған.
"Соңғы күндері Ashyq жүйесінде ақаулар мен техникалық проблемалар байқалды. Сіздерден келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз. Неге бұлай болды? Ashyq жүйесі мемлекетке өтті. Біз мүліктік құқықтарды өзімізге алдық, сол себепті соңғы күндері жүйе операторға – "Ұлттық ақпараттық технологияларға" толығымен өтіп, бейімделді", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Ashyq жобасының артықшылықтары қандай? Маңызды сұрақтарға жауаптар
Ол енді техникалық ақауларға "Ұлттық ақпараттық технологиялар" компаниясы жауап беретінін атап өтті. Сонымен қатар вице-министр қазақстандықтар өз статусын Ashyq қосымшасының баламасы – Aitu арқылы тексере алатынын еске салды. "Егер Ashyq қосымшасымен қандай да бір проблема туындаса, Aitu жүйесін жүктеп, статусты тексеріп, мекемеге кіре аласыз", – деді министрдің орынбасары.
Бұған қоса, министрлік басқа да мобильді қосымшалардың өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатыр. "Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, екінші деңгейдегі банктермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде сервис басқа танымал қосымшаларда қолжетімді болуы мүмкін", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Бейтарап QR код арқылы Ashyq қосымшасындағы мәртебені анықтауға болады
"Сонымен бірге мобильді қосымша үнемі жаңартылып отырады. 18 мамырдан бастап Android-те Ashyq-тың жаңа нұсқасы іске қосылды, онда сіз QR кодын сканерлемей-ақ өз мәртебеңізді тексере аласыз ", – деді Әсет Тұрысов.