Жаман айтпай жақсы жоқ. Бас қала бүлік астында қала жаздады
Құрбан айт мейрамына тұспа-тұс келген екінші қыркүйекте қазақстандықтардың көбі қонақ күтіп, ата-ана мен ұстаздар алғашқы қоңыраудың әбігер-сарсаңынан демалып жатқан болатын.
Кешке жақын ақпарат агенттіктері, әлеуметтік желілер мен телефондағы қосымшалардан Астанадағы бірнеше көшенің жабылғаны туралы ақпарат тарай бастады. Артынша, ондаған сақшының, жүздеген жас жігіттердің, жігіттер ғана емес, бала-шағалы адамдардың, қыз-келіншектердің топтасқан суреттері шықты. Бір жерде "Әбу-Даби Плаза" кешеніндегі құрылысшылардың көтерілісі десе, басқа дереккөз жұмысшылардың төбелесі деп жатты.
Айналдырған екі сағаттың ішінде "Әбу-Даби Плаза" кешенінің айналасындағы бірнеше көше жабылып, Астанада төтенше жағдай орнады. Полицияға толы бірнеше автобус, жедел-жәрдем қызметінің оншақты көлігі, өрт сөндіретін техника шықты және темір қалқан ұстаған ерекше мақсаттағы арнайы жасақ үрейді күшейте түсті.
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Есіл ауданының прокуроры Талғат Әлібаев та сол жерге келді. Қалалық ішкі істер департаменті ақпарат құралдары арқылы күзетші мен үнді азаматының төбелескенін, артынан екі тараптан да жігіттердің жиналып, жағдайдың ушығып барып, тынышталғанын, оқиғаның қадағалауға алынғанын хабарлады.
Тек әкімге де, ақпаратқа да сенбей, көшеге шыққан халықтың саны көбейе берді. Арасында оқиғаны одан әрмен ушықтырғысы келгендер кездесті.
Ақыры полиция оқиға орнынан 41 адамды бөлімшеге алып кетті. Олардың бәрі Қазақстан азаматтары.
Үш күн ұстатпаған министр бұған дейін айтылған деректерді жоққа шығарды
Көшедегі толқулар түнгі үшке дейін жалғасты. Астана қаласының Ішкі істер департаменті мен Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі төбелесті ішімдік ішкен үнді азаматы мен күзеттегі жігіт бастады деп хабарлады.
Үш күннен кейін журналистерге әрең ұстатқан Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов төбелестің себебі бұл емес дейді.
"Оқиға кешендегі күзетшілер мен шетелдік жұмысшылардың, яғни, Үндістан азаматтарының арасындағы кикілжіңнен басталды. Дәл анықтағанымыз, әуел баста айтылған себеп жалған. Төбелестің себебі, ауысымнан түскен үнді жұмысшылары кезек сақтамай, кірер есікке ұмтылған. Өздеріне ескерту жасаған күзетшіні бірнеше үнді соққыға жыққан. Зардап шеккен азамат, яғни, сол күзетші басқа күзет постарына хабар берген", – дейді Қалмұханбет Қасымов.
Министрдің айтуынша, ауысымдағы жұмысшылар жатақханаға кіре бастағанда, өзге посттардан жиналған күзетшілер Үндістанның бір азаматын соққыға жыққан. Қасымов күзетшілер жатақхана аумағында тағы екі үнді азаматын ұрды деп айтқанмен, бұл факті әлі тексеріліп жатыр екен. "Міне, бүкіл төбелестің көрінісі осы".
Кинода жұдырығымен әлемді "жоқ қылатын" үнділер тас ала жүгірген
Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, осы фактілерге қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған.
"Күзетшілер үнді азаматтарын соққыға жыққан соң, олар (Үндістаннан келген жұмысшылар, шамамен 30-40 адам – авт.) қайта айналып келіп, күзет постына тас лақтырған. Шын мәнінде, бірінші төбелес сағат 19.33-те басталған. Бірақ, үнді азаматтары күзет постына тас жаудырта бастағанда ғана, яғни, кешкі сағат 20.05 минутта күзетшілер полицияға хабарласқан. Полиция жеткенде, тіл барьері жағдайды қиындата түсті. Олар біздің тілді, біз оларды түсінбедік. Ағылшын тілінде де түсінісу мүмкін болмаған соң, біз Үндістан елшілігінен көмек сұрадық. Елшілік 25 минуттан кейін бірінші консулды жіберіп, көмек көрсетті. Сағат 21.45-те біз оқиға орнын қарай бастадық. Міне, төбелестің жалпы сипаты осы".
"Қазақ жігіттерін ұстамауға амал қалмады..."
Ал, бұдан кейін болған жағдайды министр "ақылға қонбайтын" әрекет деп бағалады. Яғни, қазақ жігіттерін қолдап, көшеге шыққан азаматтардың қылығын министр жөнсіз дейді.
"Ал осыдан кейін болған оқиға, әрине нонсенс. Сағат 20.10 – 20.20 аралығында көшеде біздің күзетшілер Үндістанның тағы екі азаматын ұрып кеткен. Одан кейін кешеннің айналасына халық жинала бастаған. Әрине, оларды (жиналған жастарды) бірден жазаға тартуға болар еді, бірақ біз прокуратура өкілдеріне жастармен сөйлесіп, басу айтуына мүмкіндік бердік.
Прокурор, қала әкімі олармен сөйлесті. Бірақ, өздеріңіз көрдіңіздер ғой, жастар ырыққа көнбеген соң, біз оларды ұстауға мәжбүр болдық. Біз халықты тарауға үгіттеген сайын, олардың қарасы соншалықты көбейді. Ең белсенді 56 адамды полиция бөлімшелеріне жеткіздік. Солардың арасынан тәртіп бұзған 8 адамды әкімшілік жазаға тарттық. Міне, төбелестің мән жайын сұрасаңыздар осы".
Төбелеске қатысқан үнділер елден қуылуы мүмкін
Бұл оқиғаға қатысты қазір екі қылмыстық істің қозғалғаны белгілі.
"Қазақстан азаматын соққыға жыққан үнділер мен үнділерді ұрған қазақтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды", – деп мәлім етті Қасымов.
"30-40 үнді азаматын соттың шешімі бойынша еліне қайтару мәселесі қаралып жатыр".
"Қазақ жігіттерін бір ашуландырмайық. Бір ашуландырсақ, тоқтату қиын"
Қоғам белсендісі, заңгер Айгүл Орынбек 2 қыркүйектен 3 қыркүйекке қараған түнгі оқиғаның ішінде жүрді. Ішкі істер министрі әрекеттерін ойға қондыра алмаған қазақ жігіттерімен әңгімелесіп, сабырға шақырған да Айгүл Орынбек екен.
Заңгер Айгүл Орынбек |
"Бұл оқиға жайлы құқық қорғау саласында істейтін бұрынғы студенттерімнен білдім. Шыны керек, басында дау басылып қалатын шығар деп, әліптің артын бағып, интернетке шыққан ақпараттарды бақылап отырдым. Өзім оқытқан шәкірттерім, қазіргі құқық қорғаушылар "бәрі тынышталды, жағдай реттелді" деп хабарлады. |
Бірақ, қазір білесіз, интернет дамыған заманда ақпарат тез тарайды.
Ең өкініштісі, жағдайды пайдаланып, халықты арандатып, ел ішіне лаң салуды көздеген адамдардың жалған ақпараттары да тез тарайды. Сол кезде де әлеуметтік желіде, WhatsApp қосымшасы арқылы "үнділер қазақтың жігіттерін қырып тастапты, атыс болып жатыр" деген сияқты хабарлар тарады. Сондықтан, қоғам белсендісі болған соң, заңгер ретінде оқиғаның ортасына барып, мән-жайды өз көзіммен көрмесем болмайтынын білдім", – дейді informburo.kz тілшісімен әңгімелескен Айгүл Орынбек.
Сондықтан да заңгер түн ортасынан ауғанына қарамай, сол жаққа бет алған.
"Ақмешіт көшесіне бара жатқанда, кешенде жұмыс істейтін күзетші жігіттерді көрдім. Заңгер екенімді айтып, әңгімеге тарттым. Өте ашулы, ызадан жарылайын деп тұр екен. "Ашулысыңдар, тепсініп тұрсыңдар, осындай намыстың болғаны тамаша. Бірақ, жағдайдың салдарын да ойлаңдар. Бұлар келісімшартпен жұмыс істеп жүр, екі ортада өздерің опық жейсіңдер. Біздің заң өз азаматтарымызға темірдей қатал болғанмен, шетелдіктер үшін жастықтай жұмсақ, сондықтан, сабырға келіңдер. Сендер онсыз да мықты екендеріңді дәлелдедіңдер" деп ақылымды айттым. Бір жарым сағат бойы алдымнан шыққан жігіттерді сабырға шақырдым. Өйткені, олар жалындап тұр. Біреуі – бір үйдің жалғызы, біреуі – әке, біреуі – аға. Олардың арандап, темір торға қамалмауы үшін ғана сол жерге бардым".
Бір қарасақ, бір күзетші мен бір үнді азаматының арасындағы төбелес өте көп адамды бір жерге топтастырып жіберді. Жалпы, бұл оқиға жұмысшылардың көптен бері айта алмай жүрген, көкейдегі түйткілдерге түрткі болып, қордаланып қалған ашу-ызаны сыртқа шығарған сияқты.
"Қазақ жігіттерін бір ашуландырмайық, бір ашуланса, тоқтату қиын. Өйткені, олар әбден ызаланып тұрды. Айтуларынша, шетелдің жұмыс күштерінің әлеуметтік жағдайлары, жалақылары жергілікті жұмысшылардан әлдеқайда жоғары екен. Яғни, олардың айлығы 300-400 мың болса, жергілікті жұмысшылардың жалақысы 70-80 мың ғана. Тіпті, жұмысқа тұру үшін ақша береміз деп те айтып қалды. Міне, осы проблемалардың бәрі толып қалған. Оларды осы уақытқа дейін ешкім тыңдамаған. Міне, бір төбелестің артынан талай жастың өре түрегелуіне осы себеп болды. Неге осы мәселені жергілікті әкімдік, үкімет, еңбек министрлігі бір рет болса да қарамайды? Неге алдымен өз азаматтарымызды жұмыспен қамтып алып, өзгені сосын жарылқамасқа?" – дейді Айгүл Орынбек.
3700 үндінің бәрінде виза бар ма?
Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл оқиғадан кейін "Әбу-Даби Плаза" кешенінде неше шетелдік азаматтың жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Биылдан бастап кешен құрылысына шетелдік азаматтар үшін 2 309 рұқсат берілген екен.
"Әбу-Даби Плаза" кешенінде Үндістаннан келген жұмысшылардың саны 3 732 адамды (76,7%) құрайды. Кешенде Түркиядан 160 адам (3,3%), Мысырдан – 156 адам (3,2%), Филиппин елінен – 143 адам (2,9%), Иорданиядан – 117 адам (2,4%) жұмыс істеп жүр.
Журналистер Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан осы 3 700 үнділіктің бәрінде жұмыс визасы бар ма деп сұраған еді, ол:
– "Ондай фактілер (визасыз жұмыс істеп жүрген шетелдіктер туралы дерек) анықталған жоқ, бірақ, тексеріп жатырмыз", – деп жауап берді.
Жалпы, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, шетелдік азаматтардың жұмыс істеуіне квота беріледі. Қазақстан бойынша квота экономикалық белсенді халықтың 0,65 пайызын, яғни, 54 мың адамды қамтуы тиіс. Еңбек министрлігінің ақпаратына сүйенсек, қазір елімізде 27 мың шетелдік жұмысшы бар.
Мен Алдармын, Алдармын... "Ешкімге ештеңе міндетті емес"
Астанада "Әбу-Даби Плаза" кешенін салу туралы үш жақты келісімшартқа Қазақстан Республикасының Үкіметі, Астана қаласының әкімдігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің "Алдар ЕуроАзия" компаниясы 2011 жылы қол қойған. "Алдар ЕуроАзия" компаниясы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Әбу-Даби Әмірлігінде орналасқан, жылжымайтын мүлік бизнесі саласында жетекші орын алатын "АЛДАР Пропертиз" жария акционерлік компаниясының еншілес компаниясы.
Осы үшжақты келісімшартта араб компаниясы шетелдік жұмыс күшін жалдауға келгенде және бос жұмыс орындары туралы хабарландыру берерде өзге шетелдік компанияларға қойылатын талаптарды орындауға міндетті емес деп, тайға таңба басқандай жазылған.
Келісімшарттың үшінші бөлімінде жұмысқа орналастыру мәселесі айтылады. Үшінші бөлімнің бірінші тармағында Қазақстан Үкіметі мен Астана қаласының әкімдігі шетелдік компания жергілікті және шетелдік жұмысшыларға қойылатын талаптардан босатуға келіскен.
"Осы арқылы АЛДАРДЫҢ кез келген Тарабына Құрылыс Объектісін іске асырудың барлық аспектілеріне қатысты және/немесе кез келген кезеңінде Шетелдік Қызметкерлерді тартуға және жалдауға рұқсат беріледі деп келісті. Шетелдік қызметкерлерді тарту кезінде АЛДАРДЫҢ Тараптары жергілікті қызметкерлердің шетелдік қызметкерлерге арақатынасына қатысты қандай да бір шектеулерді, жергілікті персоналды кәсіби даярлауға және бос лауазымдар туралы хабарландыруларды жариялау талаптарды орындауға міндетті емес".
Бұл келісімшартты толығымен Әділет министрлігінің сайтынан оқи аласыздар.
Айдос Сарым: "Әбу-Даби Плаза оқиғасынан сабақ алайық"
Саясаттанушы Айдос Сарымнан "Қазақстанда осындай шиеленістерді шешетін механизм қалыптасқан ба?" – деп сұрадық. Еңбек дауларын шешетін басты құрал туралы айта келе, Айдос Сарым шетелдік компаниялармен жасалатын келісімшарттарда өз мүддемізді қорғай алмай келетіндігіміз бар деді.
Айдос Сарым, саясаттанушы |
"Кез келген азаматтың құқығын қорғаудың басты құралы – Конституция мен заңдар. Сондықтан, осы жағдайда заңдарды дұрыс жұмыс істету керек. Екіншіден, болашақта шетелдік инвесторлардың жағдайын жасайтын, кез келген мүмкіндікті беріп қоятын нормаларды азайту керек сияқты. Әбу-Даби Плаза оқиғасынан сабақ алайық. Онсыз да қазір экономикалық дағдарыста өмір сүріп жатырмыз. |
Бұрынғыдай әлеуетіміз жоқ. Осының бәрін ескеретін болсақ, сөзсіз, Үкімет болсын, министрлік болсын, әкімдік болсын, инвестициялық контракт алған кезде өз азаматтарымыздың мәселесін алға тарту керек".
"Жарайды, кейбір жобаларға өте білімді ғалым, болмаса мықты инженер керек шығар, яғни, біздің мамандардың әлеуеті жетпейтін жұмыстар бар шығар. Ондайға ешкімнің дауы жоқ. Бірақ, оның өзінде де Қазақстанның азаматтарына үйрету мәселесін қарау керек.
Мысал үшін, ірі шетелдік компания келіп жатса, Қазақстанның қыз-жігіттерін алып, оқытып келсін. Оларға бір жылда белгілі бір көлемде ғана шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берсек, келесі жылдан бастап олардың санын азайтып, Қазақстан азаматтарының есебінен орын толтырасыздар деген талап қою керек.
Мен білсем, айналып келгенде бәрі келісімшарт пен келіссөзге келіп тіреледі. Өз позициямызды айтып, тұрып алсақ, болады. Өйткені, қазір әлемде де шашылып жатқан қаржы жоқ. Бәріне жақсы мүмкіндік, бәріне жақсы жағдай керек. Сондықтан, егер, бірізділік, принципшілдік танытатын болсақ, кет әрі дейтін шетелдік инвестор жоқ", – дейді Айдос Сарым.
Аты бар да, заты жоқ – ол не? Жауабы – қоғамдық комиссия
"Әбу-Даби Плаза" кешеніндегі үнді құрылысшылар мен қазақ күзетшілерінің арасындағы төбелестің қоғамдық резонанс тудырғаны соншалық, мүдделі орындар бұл мәселені қарайтын қоғамдық комиссия құрылды деп мәлім еткен болатын. Нақты ақпарат жоқ, бірақ, комиссия Астана әкімдігінің жанынан құрылады деп хабарланған. Комиссияның тізімінде кімдер бар, олар мәселені қашан талқылай бастайды, әлі белгісіз.
Қоғам белсенділері болса, комиссияға тек мемлекеттік органдар мен әкімдік өкілдері ғана емес, қазақ жігіттерінің тұрмыс-тіршілігімен таныс азаматтар қосылуы керек дейді.
Айгүл Орынбек, заңгер: "Қоғамдық комиссияның құрамында кімдердің барын білмеймін. Құрылып жатқанын естідім. Бірақ, менің айтарым, қоғамдық келісімге қазақ тілін білетін, қазақтың жағдайымен шын таныс азаматтар қосылуы керек. Егер ертең де осындай жағдай қайталанбасын десек, қарапайым жұмысшылармен, қазақ жігіттерімен тіл табыса алатын адамдарды қоссын. Себебі, олармен жақсылап сұхбаттасып, талап-арыздарын тыңдамаса, бұл даудың арты үлкен қақтығысқа ұласады".
Айдос Сарым, саясаттанушы: "Комиссия құрылды. Бірақ, олар (комиссия – авт.) осы Араб компаниясын қалай тексермек, соған күмәнім бар. Себебі, бұл компанияның қанша шетелдік адамды жұмысқа тартатынын өзі шешетіні туралы келісімшартқа қол қойып қойғанбыз. Мәселе өзімізде. Тайраңдатып қойған да өзіміз, мәселені шеше алмай отырған да өзіміз. Әбу-Даби кешенінде болған оқиға – жарылған шиқан. Комиссия құрамына қосылыңыз деген ұсыныс түскен жоқ. Комиссия құрылды дегеннен бері біраз азаматпен сөйлесіп жатырмын. Менің ұсынысым, комиссия құрамына Астана, Алматы қалаларындағы белсенді заңгерлерді, азаматтық қоғам мәселесін талқылап жүрген азаматтарды, құрылыс саласындағы кәсіподақтардың өілдерін қосу керек.
Комиссияның жұмысын барынша ашық, жария түрде жүргізу керек. Комиссия құрылды ма, оның құрамы да белгілі болу керек қой. Мынандай прокурор, мынандай министрдің орынбасары кірді дегендей. Екіншіден, бұл жерде мыңдаған адамның пікірі айтылып жатыр. Белгілі бір телефонды іске қосып, немесе осындай жерде қоғамдық қабылдау жүріп жатыр деп хабарлау керек. "Егер осы компанияның жасаған қателігі, заңсыздықтар туралы туралы білсеңіздер, бізге хабарлаңыздар, мұқият қараймыз" деп халықты құлағдар ету керек. Менің ойымша, асқан бір ақылды, Оксфордың дипломын талап етпейтін дүние".