Тікелей эфир

ҰБТ тапсырмаған. Оқуға түспеген. Есесіне, үлкен кірісті жеке кәсібі бар Меруерттің оқиғасы

Сурет Меруерттің жеке архивінен алынды
Сурет Меруерттің жеке архивінен алынды
Меруерт Нұрсила 11 сыныптан соң оқуға түскен жоқ. Қалауы сол болды. Ал сол кезде "далада қаласың" дегендер қазір оның тәтті тортын сүйсініп жейді екен.

ҰБТ – өмірдің соңы емес

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) оқушының, ата-ананың және мұғалімнің жүйкесін тоздырып, ұйқысын қаштыратын жүйеге айналып кетті. Жыл сайын, мектеп бітірер шақ – балалық өмірдің ең бір тәтті сәті емес, ең бір қатты, мазасыз мезгіліне айналғалы 12-13 жыл болды.

Осы жылдар ішінде ҰБТ тапсырғысы келмеген, тапсырмаған және тапсыра алмай қалған оқушы мұғалімнің күйігіне айналып, ата-ананың ұятына, қоғамның сынына қалып жатты. Сыннан құлап, енді қайда барамын деген үрейден өзін өлімге қиғандар да бар.

Яғни, ҰБТ баланың болашағынан, баланың өмірінен қымбат жүйеге айналып кеткенін өзіміз де байқамай қалдық, мына қоғам да аңғармады.

Бірақ, бұл емтихан өмірдің соңы емес. ҰБТ тапсыра алмай қалдым деп қапаланып жүрген оқушыларға, сыннан қорқып, ойын-күлкіден қалған түлектерімізге, оқуға түспесем, далада қаламын деп ата-анасының соңғы сиырын сатқызып оқып жатқан балаларға біз бүгін тамаша әңгіме айтып бермекпіз.

Кәсібім 14 жастан басталды

Меруерт Нұрсила Астанада туып-өскен. Қазір 18 жаста. 11 жыл бойы қаладағы ең "мықты" деген мектептердің бірінде білім алған.

– Өзімнен үлкен әпкем, бір бауырым бар. Ата-анам, туған-туыстарым мені бауырларымнан қарағанда, қатты еркелетіп өсірді. Қаладағы ең әдемі балабақшаға бардым, білімі жақсы, ұстаздарының тәжірибесі мол мектепте оқыдым. Бір сөзбен айтқанда, таршылық көріп өскен бала емеспін, – дейді Меруерт.

Ерке өскеніне қарамастан, Меруерт тәкаппар, ата-анасына "қайдан болсын, тауып әкел" демепті. Керісінше, өте саналы, ұяң, тәрбиелі. Ақшадан қысым көрмесе де, ол небәрі 14 жасында өз бетінше табыс тауып, тіпті отбасына көмек беріп тұрған.

"Өте кішкентай кезімнен тәтті пісіріп, ас үйде жүргенді ұнататынмын. 13 жасымнан бастап қолым жетсе интернеттен, болмаса әртүрлі журнал-кітаптардан қарап, тәтті торт пісіруді үйрене бастадым. Өз ортамда қандай да бір той, туған күн, мереке болса, жақындарым міндетті түрде "Меруерттің тортын" жейтін. Ал, 14 жасымнан бері бұл іске шындап берілдім. Тапсырысқа торт та пісіретін болдым. Алғашқы ақшамды да сол 14 жасымда таптым".

"Неге сен жұрттың баласындай болмайсың...?"

Осылайша, 14 жасынан бастап ақша тапқан Меруерт сыныпта, мектепте, туған-туысының арасында үлгі қылып көрсетер қызға айналған.


Меруерт ТМД елдерінде танымал кондитер Андрей Канакинмен бірге

Меруерт ТМД елдерінде танымал кондитер Андрей Канакинмен бірге / Сурет Меруерттің жеке парақшасынан алынды


– Негізі маған талантыңды шыңдап, сол арқылы ақша тап деп ақыл айтқан туған әпкем. Ол қазір шетелде білім алып жатыр. Менің шағын кәсібіме бір атау таңдап, интернетке хабарландыру бердік. Тапсырыс көбейе берді. Бір рет алған адамдар әлі күнге дейін тапсырыс беріп тұрады.

Міне, менің хоббиім кәсібіме айналып, түске дейін сабаққа барып, түстен кейін үйде торт пісіріп, оны апарып, ақша тауып жүрдім. Маған ең көп көмектескен адам – анам. Мен сабақта болғанда керек-жарақты алып қояды. Әрине, сабақтан шаршаймын, бірақ әртүрлі торт пісіріп үйренген сайын, ынтам күшейе берді. Туған-туыстарым, мұғалімдерім, сыныптастарымның ата-анасы үшін мен кәдімгі "жұрттың баласына" айналдым.

Бәрі тамаша еді. Тек 11-сынып басталғанда, Меруерттің мазасы кеткен

Кішкентай кәсіпкер айналдырған бірнеше жылдың ішінде тұрақты тұтынушылары бар қаладағы тәжірибелі кондитерлердің біріне айналған. Меруерттің айтуынша, бір рет торт сатып алған адамдар келесі мерекеде де дастарханын Меруертке сеніп тапсырады екен.

– Міне, бала кезімдегі хоббиім маған жақсы табыс әкелетін кәсіпке айналды. Ара-тұра тапсырыс алып, уақытының көбін сабаққа бөлген мен жоқ. Керісінше, мен сабақта отырғанда, осы кәсібімді қалай дамытсам екен, тапсырыстардың бәрін таратып үлгеретіндей, сабақтан кейінгі уақытымды қалай дұрыс жоспарласам екен деп отыратынмын, – дейді.

Бірақ, 11-сыныпқа көшкен соң, бәрі өзгерді. Өздеріңіз білесіздер, мектеп бітіретін шақ. Ұстаздар да, ата-аналар да, балалар да бірыңғай ұлттық тестке дайындала бастайды. 11 сыныпта менің мүлде бос уақытым шықпайтын болды. Өйткені, сабақ, сабақтан кейін ҰБТ-ға дайындалуды міндеттеді. Мен тапсырыстарды уақытында орындап үлгере алмай, іштей мазасыздық басталды. Кәдімгі стресс...

Сабақ, сабақтан кейінгі қосымша дайындық. Мектептегі алғашқы тестілеулердің әуре-сарсаңы мені кәдімгідей депрессияға түсірді. Сондықтан, бір-екі ай ойлана, ҰБТ тапсырмаймын дедім. Әрине, бүкіл жүйеге қарсы осындай шешім қабылдау оңай болған жоқ".

"Тапсырсаң да тапсырасың, тапсырмасаң да тапсырасың!"

Меруерт ҰБТ тапсырғысы келмейтінін, оның орнына жұмысын дамытып, мектептен кейін жоғарғы оқуға түспей (!), жүрегі қалаған іспен айналысқысы келетінін айтқанда, ұстаздары да, ата-анасы да шалқасынан түскен.

"Бұл қалай? ҰБТ тапсырмағаны несі? Оқуға түспесең, далада қалмайсың ба?". Міне, Меруерт өз шешімін айтқанда, тұс-тұстан осылай ақыл айтқандар көбейе кеткен.


Меруерт пісірген торттардың бірі

Меруерт пісірген торттардың бірі / Сурет Меруерттің әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан алынды


– Бірақ, ата-анам мені түсініп, менімен санасты. Дегенмен, ана ғой, арасында қалжыңдап "оқуға түспеймін дейсің, диплом алмасаң, тым болмаса аттестатпен тұрмысқа шығарайын" деп күлетін. Әпкем мен әкем қолдап, мен жұмыс істей беретін болдым.

Ал, ұстаздарымның арасында сынып жетекшім ғана маған сенді. Яғни, ҰБТ тапсырмай, оқуға түспей де өмірде өз орныңды таба аласың деді. Бірақ, мектептің шарты бойынша мен бәрібір қосымша сабақтарға барып, дайындық тесттерді тапсыруға міндетті болдым.

Өйткені, мектептің тарихында ҰБТ-дан бас тартып алып, әбден жыл соңында тапсырамын деген және тапсырып, бірақ өте төмен баға алған балалар болыпты. Ал, ҰБТ-дағы төмен нәтиже – мектептің абыройына түсетін қара дақ деп түсінеді ғой бәрі. Сондықтан, басшылық менің арызымды қабылдаса да, қосымша сабақтарға баруға міндеттеді, – дейді.

"Аттестаттан да айырылып қала жаздадым"

Меруерт "қосымша сабақтарға барсам да, ҰБТ тапсырмайтынымды білген соң, іштей сабырлы жүре бердім" дейді. Дайындық тестілеулерде зейін қойып оқымағанына қарамастан, жақсы баға алып жүрген. Тіпті, кейбір ұстаздар "арызыңды қайтарып алып, ҰБТ тапсыра сал, университетке түс" деп көндіре бастаған. Мерует алған бетінен қайтпаған.

– Сонымен, 11 сынып аяқтаған соң, сыныптастарым ҰБТ тапсырды. Ал мен аттестат алу үшін бірнеше пәннен емтихан тапсыруым керек еді. Бәрін жақсы тапсырып шықтым, тек қазақ тілінің емтиханына кешігіп қалып, аттестатсыз қала жаздадым (күледі). Қазір сыныптастарымның бәрі студент. Бірі өз күшімен, бірі ақылай оқып жатыр. Мүмкін, студенттік шақ қызық шығар, бірақ, айтып отырғанымдай, менің мақсатым – жақсы баға, мықты университет емес. Менің мақсатым – Қазақстанда кондитерлік мектепті қалыптастырып, дамыту болды, – дейді Меруерт.

Кәсіпкер әйелдер қауымдастығындағы ең жас бизнесвумен

ҰБТ тапсырмай, оқуға түспей, өз кәсібін таңдаған Меруерт өмірдің бұл ағысына мүлде өкінбейтінін айтып отыр. Керісінше, көптің бірі сияқты, тест тапсырып, оқуға құжат жинап, үш ай сарыла нәтижесін күткенше, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренгеніне қуанады.


Меруерт кезекті марапатымен

Меруерт кезекті марапатымен / Сурет Меруерттің жеке парақшасынан алынды


– Әрине, оқушы мектеп бітірген соң, университетке түсе алмаса, қайда барады деп ойлайды көбі. Ал, мен үлкен белестерге қарай бет алдым. ТМД елдеріне жақсы таныс мықты кондитер Андрей Канакиннен, Екатерина Жебрактан сабақ алдым. Сертификаттарым да бар. Ал, жыл басында мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығына қарасты жастар қанатының тұрақты мүшесіне айналдым, – дейді Меруерт.

Дариға Назарбаеваның мақтауы қанат бітірді

– Сол қауымдастықтың конгресі өткен кезде, қауымдастық төрайымы мені қыз-келіншектер арасындағы ең жас кәсіпкер ретінде Дариға Назарбаеваға таныстырды. Кейін, Дариға Нұрсұлтанқызы Парламент атынан сөз сөйлегенде, "небәрі 14 жасында жеке кәсібін ашқан қыз" ретінде көпке үлгі етті. Сол сәтте шыны керек шабыттанып, дұрыс бағытта келе жатқанымды түсіндім.

Францияның кондитерлер мектебінде білім алғым келеді

– Нағыз тәттінің отаны – Франция дейді ғой. Мен сол Францияның кондитерлер мектебінде білім алғым келеді. Жапонияны да жан-жақты зерттеп жүрмін. Бірақ, шетелдегі мықты кондитерлік мектептердің барлығы ақылы.

Сондықтан, алдымен бірнеше жыл тынбай жұмыс істеп, Қазақстанда айналымы тұрақты, жоғары табысты кондитерлік желіні ашып алғым келеді. Қазір бизнестің алғы шарттарын үйрететін екі айлық бизнес-курсқа барып жүрмін. Әлі жаспын, осы мақсаттарымды 20 жасыма дейін орындасам, осындағы кәсібіме алаңдамай, шет елге оқуға барар едім.

Онсыз да құрбы-құрдастарым "студент болмаған қалай екен?" деп мысқылдай береді. Олар оқуын енді аяқтап жатқанда мен табысы мол, Қазақстанға танымал брендтің иесі бола тұра, сонау Францияның студентіне айналғым келеді, – дейді Меруерт.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары