Тікелей эфир

ҰБТ-ны 2019 жылы қаңтарда тапсыруға болады. Жаңалықтарға шолу

Ескендір Сүлейменовтың ата-анасы айыпталушыдан 14,8 млн талап етті. Доллар қайта қымбаттады. Алдағы 3 күнде ауа райы жылынады.

7-20-25 бағдарламасымен баспана алғандардың 60%-ы айына 100 мың теңгеден кем төлейді

"Баспана" ипотекалық ұйымы таратқан мәліметтерге сәйкес, несие алушылардың 6%-ы ғана ең жоғары соманы қарызға алған. Астана, Алматы, Атырау, Ақтау және Шымкент қалаларында 20 млн теңге, басқа аймақтарда 12 млн теңге. Халықтың көпшілігі 10-15 миллион теңге аралығындағы сомаға несие рәсімдеген.

Аудан әкімінің орынбасарына оқ атқан күдіктілер ұсталды

Түскі үзіліс кезінде үйіне келгенде Түркістан облысы, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Р.Бейсебаеваға белгісіз біреулер бірнеше мәрте оқ жаудырған. Ауруханаға жеткізіліп, оған шұғыл ота жасалды. Оқ басына тиіпті, алайда аса ауыр зақым келтірмеген. Дәрігерлер шенеуніктің жағдайын бірқалыпты деп бағалап отыр. Өлтіруге оқталды деген күдікпен екі адам ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.

Теңге тағы құнын жоғалтты

Бүгін доллар 5 теңгеге қымбаттады. KASE-тің таңертеңгілік сауда сессиясында АҚШ валютасы орташа бағаммен 365,44 теңгеге сатылды. Доллар кеше ғана бірден 5 теңгеге арзандаған еді.

2019 жылы қаңтарда мерзімінен бұрын ақысын төлеп, ҰБТ тапсыруға болады

Тестілеуге 11-12 сынып оқушылары қатысады. Алайда ол сертификатпен талапкер ЖОО-да тек ақылы негізде оқиды. "Қаңтардағы ҰБТ ақылы, құны – 2242 тенге, оған қатысуға өтініштер 1-15 желтоқсан аралығында қабылданады" деп хабарлады Білім және ғылым министрлігі .

Мемлекттік білім беру гранттарын алу үшін оқушылар негізгі ҰБТ-ны міндетті түрде 2019 жылдың жазында тапсыруы керек. Қыстағы ҰБТ талапкерлердің тестілеуге дайындығын пысықтауға жақсы мүмкіндік береді дейді министрліктегілер.

Олжас Сүлейменовтың немересінің қазасына байланысты сот отырысы өтіп жатыр

Ескендір Сүлейменовтың ата-анасы айыпталушы Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының қызы – Малика Мұхитовадан жол көлік оқиғасы кезінде жанып кеткен мотоцикл құнын (4 млн), жерлеу рәсіміне кеткен шығынды (7,1 млн), сондай-ақ сотқа дейінгі тергеуге қатысуға жұмсалған (3,6 млн) барлығы – 14,8 млн теңгені өндіруді сұрады.

Kcell желіде телефонды тіркеудің екі жолын ұсынды

Kcell и Activ абоненттері қызмет көрсетуші кеңселерге бармай-ақ телефондарын тіркей алады. Ұялы байланыс операторының баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, ең қарапайым жолы – SMS-пен тіркеу. Абоненттің нөміріне 6006 нөмірінен телефонды тіркеу қажеттігі туралы SMS келеді, оған жауап ретінде өз ЖСН жолдау қажет. Немесе тікелей 6006 нөміріне ЖСН жібере беруге болады.

Екінші жолы – USSD-командасымен жасалады: *660# теріп, қоңырау шалу керек. Одан кейін ашылған параққа ЖСН енгізіп, әрі қарай жіберіледі.

16 жасқа толмаған баланың телефон нөмірін ата-анасы өз ЖСН-мен тіркейді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелмегендер байланыстан ажыратылады.

Қазақстандықтардың 4,6 млн-ы ғана ипотекалық несие ала алады

Қалған 13,7 млн халықта қаржылық шектеу бар. ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Төрағасы М.Жайымбетов осылай дейді. Айтуынша, 3,5 млн адамның несиесі бар. Ал 5,3 млн тұрғынның жасы 15-ке толмаған. 2,1 млн қазақстандық өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. 2,1 млн-ы зейнет жасында. 250 мың адамның төленбеген қарызы бар, 500 мыңы – студент.

Басқа БАҚ не жазды:

Baq.kz: Алдағы үш күн жылы болады. Қазақстанның батысына Ресейдің Поволжья аймағынан атмосфералық фронт келеді, оның әсерінен жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді.

Республиканың қалған жерінде алдағы екі тәулікте антициклон сақталады. Жылы, жауын-шашынсыз, ауа температурасы +8…15°С, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста +18…23, кей жерлерде +28°С дейін көтеріледі деп күтіледі. 27 қазанда еліміздің солтүстік, орталық және оңтүстік облыстарында жаңбыр жаууы мүмкін.

Inform.kz: Ресейден жеткізілген ет өнімдері гигиеналық талаптарға сай емес. "ФинИнвест" ЖШҚ-ның – "Котлетный" тартылған етінен, "СПК Курников" ЖШҚ-ның – "Натуральный", "Крестьянский" тартылған еттен, "Ставропольский бройлер" ЖАҚ-ның – бройлер балапаны қанатынан, "Микояновский мясокомбинат" ЖАҚ-ның – "Особая со шпиком" шұжығынан сынама алынды. Тексеру нәтижесінде аталған өнімдердің жалпы микробтық тұқымдану көрсеткіші бойынша гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттер талаптарының бұзылғаны анықталды.

Серіктестер жаңалықтары