Тікелей эфир

ҰБТ – 2019: ҰБТ қалай өтеді? Талапкерлер мен ата-аналардың қаперіне

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
2019 жылы қанша грант бөлінді? Оған қалай ие болуға болады? Жеңілдіктер туралы. Бүгінгі үкімет отырысы ҰБТ мен медициналық көмектің жаңа жүйесіне арналды.

Үкімет басшысы Асқар Мамин су жаңа министрлерді таныстырды. Жаңа министрлер халық пен Президент алдында ант берді.


Жаңа министрлер Үкімет отырысына келді

Жаңа министрлер Үкімет отырысына келді / Сурет informburo.kz


Олар: Білім және ғылым министрі Асxат Аймағамбетов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

ҰБТ қашан, қалай өтеді?

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:

– Биыл ҰБТ 20-сы мен 30-ыншы маусым аралығында барлығы 169 тапсыру пунктінде өтеді, – деп хабарлады.


Асхат Аймағамбетов

Асхат Аймағамбетов / Сурет informburo.kz


ҰБТ-ға қанша адам қатысады?

ҰБТ-ға қатысу үшін – 117 242 адам өтініш берді, соның ішінде:

  • 96 мыңнан астамы – осы жылғы мектеп түлектері немесе жалпы мектеп бітірушілердің 72 пайызы;
  • 20 мыңнан астамы – биылғы және өткен жылдары колледж бен шетелдік білім беру ұйымын бітірушілер.

Салыстырмалы анықтама:

Биыл 117 242 өтініш қабылданды. Оның ішінде 88 277 немесе 75,3 %-ы қазақ тілінде, 28 784 немесе 24,6%-ы – орыс тілінде, 181 немесе 0,1%-ы ағылшын тілінде.

2018 жылы 102 447 өтініш қабылданған. Оның ішінде 77 224 немесе 75%, 25 177 немесе 25% – орыс тілінде, 46 – ағылшын тілінде.

ҰБТ қалай ұйымдастырылып жатыр?

  • Тестілеу өткізуді қамтамасыз ету және бақылау үшін өңірлерге Министрліктің өкілдері жіберілді;
  • Тестілеу материалдары құпия режимде өңірлерге толығымен жеткізілді;
  • ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу үшін құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен тұратын мемлекеттік комиссиялар құрылды;
  • Республикалық деңгейде және әрбір ҰБТ өткізу пунктінде апелляциялық комиссия жұмыс істейтін болады;
  • Барлық аудиториялар 100 пайыз (1188) ұялы телефон сигналдарын өшіретін құралдармен және бақылау бейнекамералармен жабдықталды;
  • Сондай-ақ жедел ақпарат алмасу үшін Министрліктің және Ұлттық тестілеу орталығының call-орталықтары тұрақты түрде жұмыс істейді.
Жаңа өзгерістер:
  • ҰБТ-ны жыл бойы 4 рет ақылы түрде тапсыруға болады.
  • ТжКО (Колледж) түлектері ҰБТ тапсырмай-ақ, жоғары оқу орнына ақылы түрде түсіп, оқуларын қысқарған бағдарлама арқылы жалғастыра алады. Оқуға қабылдану үшін бар болғаны ЖОО сынағынан өтуі керек.
  • Кешенді тест ҰБТ-мен бірікті.
  • "Педагогика ғылымдары" бағыты бойынша балл шегі – 60.

ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі. Неге?

– Бұл оқушыларға психологиялық қысымды төмендетуге және маусым айында өтетін ҰБТ-ға дайындалуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Мысалы, бұрын бітірушілер тестілеуді тек маусым айынан бастап ғана тапсырса, биыл түлектер қаңтар айында, наурыз айында ҰБТ-ны тапсырды. Сондықтан, осы тестілеуге оқушыларымыз жақсы психологиялық дайындықпен келіп отыр, – деді.

Министрдің айтуынш,а 2019 жылы қаңтардағы тестілеуге 35 мыңға жуық, ал наурызда 80 мыңдай оқушы қатысты. Осы екі ҰБТ-да жалпы мектеп бітірушілердің 78%-ы қамтылды. Олардың 70 пайызы кәзірдің өзінде ақылы негізде оқуға түсе алады.

Енді осы оқушылардың грантқа түсем дегендері маусым айында тестілеуге қатысып, өз білімдерін сынауға мүмкіндіктері бар.

IELTS сертификаты барлар "Шет тілінен" тест тапсырмайды

– Оларға пән бойынша максималды балл (40 балл) автоматты түрде беріледі. ҰБТ-ға қатысушылардың арасында мұндай балалар саны – 708, – деді министр.

Шекті бал

  • Ұлттық ЖОО – кем дегенде 65 балл;
  • Басқа жоғары оқу орындары – кем дегенде 50 балл;
  • Дей тұрғанмен, "Педагогика ғылымдары", "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" – кем дегенде 60 балл;
  • "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" – кем дегенде 65 балл.

Оның ішінде:
Қазақстан тарихынан, математикадан сауат, оқу сауатынан (қай тілде оқығанына байланысты) кем дегенде 5 балл;
Тиісті пәндердін әрқайсынан 5 баллдан кем емес (бұдан тек шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламаларына түсушілер ғана босатылған).

2019 жылы ҰБТ мен кешенді тест біріктірілді. Дегенмен әр санаттағы талапкерлер әр топқа бөлінеді және сынақты бір күнде тапсырмайды.

Әр талапкерге ақпараттық парақ беріледі

Министрдің айтуынша, әр бітірушіге ҰБТ сертификатымен бірге арнайы ақпараттық парақ берілетін болады. Онда мамандықтар тізімі, оған сәйкес бөлінген грант саны, сондай-ақ өткен жылғы грант конкурсының нәтижелері, яғни өту балы көрсетіледі.

Бұл талапкерлерге болашақ мамандығын дұрыс және алған балл деңгейіне сәйкес таңдауға мүмкіндік бермек.

Министрдің ұсынысы – Үкімет басшысының тапсырмасы

ҰБТ-ның жоғары деңгейде өтуі үшін жергілікті әкімдіктердегі әріптестерге келесі мәселелерге назар аударуын сұраймын:

  • Бірінші, ҰБТ өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау, ҰБТ өткізу пунктерін медициналық персоналмен қамтамасыз ету;
  • Екінші, ҰБТ нәтижелері бойынша облыстардың, қалалардың, мектептердің рейтингісін жасамау;
  • Үшінші, бітірушілер мен олардың ата-аналарына қолайлы жағдай жасау және балаларды тасымалдауды ұйымдастыру (ауыз су, кондиционерлер, дәрігерлік-психологиялық көмек, қауіпсіздік, оның ішінде өрт қауіпсіздігі);
Осыған орай Асқар Мамин Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ҰБТ-ның сәтті өтуіне бірлесе ат салысуды тапсырды.

ҰБТ кезеңдері

Бірінші кезең: 20 маусым мен 5 шілде аралығында алдын-ала өтінім беріп, тест тапсырады.
Екінші кезең: 13-20 шілде аралығында білім беру грантына байқау өтеді. Оған ҰБТ-дан өтіп, жеткілікті балл алған жағдайда ғана қатыса алады.
Үшінші кезең: Білім беру топтарын таңдайды.
Төртінші кезең: Оқуға қабылдау.

Білім беру топтарын қалай таңдайсыз (мысал)?

Бірінші жағдайда: Мысалы маусым айындағы ҰБТ кезінде сіз "Биология" + Химия" бойынша сынақ тапсырсаңыз, бұл пәндерге тиесілі 16 топ белгіленген. Оның ішінен әр түрлі жоғарғы оқу орындарынан төрт білім беру тобын таңдай аласыз. Әрине, ҰБТ-да таңдаған пәніңізге сай келуі керек. Сізде мынадай таңдау болуы мүмкін:

1. Химия пәні мұғалімі;
2. Биология мен аралас ғылымдар;
3. Ветеринария;
4. Жалпы медицина.

Сіз осы көрсетілген төртеуін ғана емес, "Биология + Химия" пәндеріне қатысты басқа білім беру топтарын да таңдай аласыз.

Екінші жағдайда: Шығармашылық мамандыққа тапсыратын талапкерлер грант байқауына қатысу кезінде тек бір ғана білім беру тобын таңдай алады.

Мысалы, "Аудиовизуал құралдар мен медиаөндіріс" таңдағанда екі шығармашылық сынақ тапсырады. Білім беру топтарынан төмендегі мамандықтарды таңдай алады:

1. Операторлық шеберлік;
2. Баспа ісі;
3. Полиграфия.

Бейінді пәндер комбинациясы:

1. Математика – Физика (Білім беру бағдарламаларының топ саны: 25).
2. Математика – География (Білім беру бағдарламаларының топ саны: 9).
3. Биология – Химия (Білім беру бағдарламаларының топ саны: 16).
4. Биология – География (Білім беру бағдарламаларының топ саны: 9).
5. Шет тілі – Дүниежүзі тарихы (Білім беру бағдарламаларының топ саны: 5).
6. География – Шет тілі (Білім беру бағдарламаларының топ саны: 2).
7. Дүниежүзі тарихы – Адам. Қоғам. Құқық (Білім беру бағдарламаларының топ саны: 2).
8. Дүниежүзі тарихы – География (Білім беру бағдарламаларының топ саны: 5).
9. Қазақ тілі / Орыс тілі – Қазақ әдебиеті /Орыс әдебиеті (Білім беру бағдарламаларының топ саны: 4).
10. Химия – Физика (Білім беру бағдарламаларының топ саны: 1).
11. Шығармашылық емтихан – Шығармашылық емтихан (Білім беру бағдарламаларының топ саны: 19).

Мамандықты оқу орнына түскен соң таңдайды

Грант білім беру топтарына бөлінеді. Ал білім беру бағдарламасын (бұрын бұл "мамандық" деп аталған) жоғары оқу орнына барған соң таңдайсыз.

Мысалы, "Химия пәнінің мұғалімі" бойынша грантқа ие болсаңыз, жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларын қарайсыз. Айталық, ЖОО-да "Химия" немесе "Химия-Биология" деген білім беру бағдарламалары (мамандығы) болса, біреуін таңдайсыз.

Оқуға қабылдау кезеңі 10-25 тамыз аралығында, он күнге созылады. Оқуға түскені жайлы бұйрық нақты білім беру бағдарламасына қарай шығады. Кейін оқу бітіргенде сол бойынша диплом беріледі.

2019 жылы қанша грант бөлінді?

2019 жылдан бастап тест қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өтеді. Әр кезде әртүрлі пән таңдап тест тапсыруға болады. ҰБТ-2019 сертификаты жылдың соңына дейін жарамды. Осылайша, жоғары оқу орнының ақылы бөліміне құжат тапсырған кезде қалаған пәні бойынша шекті балл жинағанын растайтын сертификатты ұсынасыз.

Гранттар саны: 2019-2020 оқу жылына мемлекет 66 556 грант бөліп отыр. Оның 51 085-і бакалавриатқа, 13 159-ы магистратура, 2312-сі докторантураға (PhD).

ҰБТ тапсырып шекті балл алған соң, білім беру грантын тағайындау байқауына қатыса аласыз. Өтінімдер 13-20 шілде аралығында қабылданады. Құжат тапсыру барысында ЖОО мен 4 білім беру тобын көрсетесіз (қалай таңдау керектігін жоғарыда түсіндірдік).

Шетелдегі қандастарымызға да 4% квота бар

– Биыл да бұрынғыдай жеңілдіктермен Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсе алады, – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр шетелдегі қандастарды оқулықтармен және басқа да оқу құралдарымен қамту мәселесі де ойластырылып жатқанын еске салды.

ҰБТ: Есте болар жағдайлар

2019 жылдан бастап ҰБТ-ны төрт рет – қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айында тест тапсыра алады. ҰБТ тапсырған сайын пәнді өзгертіп тұруға да болады.

Тек 20 маусым мен 5 шілде аралығында ҰБТ тапсырып, шекті балл алған талапкерлер ғана білім беру гранттары байқауына қатыса алады.

Биыл ҰБТ мен КТ біріктірілді. Тест тапсыру орындары тізімі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында бар. Мектеп бұрынғыдай түлектерді тест тапсыру орнына апарып, алып келуге жауапты емес.

2017-2018 оқу жылында жоғары оқу орнына түсу сынағы мектеп бітіру емтихандарынан ажыратылды. Енді ҰБТ-ның мектеп бітіру сынағына қатысы жоқ. Тест нәтижесі мектеп рейтингіне әсер етпейді.

ҰБТ – талапкерлердің жеке жұмысы. Мектеп бітірушілер тест тапсыру үшін онлайн немесе жазбаша тіркеліп, ЖОО-на барады. Мектеп ҰБТ тапсыратын күні оқушыларды оқу орнына тасымайды, мұғалімдер тест тапсыратын бала санын өткізбейді.

Медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі енгізіледі

Үкіметтің отырысында қаралған тағы бір мәселе – тегін медициналық көмек және мединициналық сақтандыру жүйесі бойынша енгізілетін жаңа модель.


Елжан Біртанов

Елжан Біртанов / Сурет informburo.kz


Бұл туралы министр Елжан Біртанов баяндады.

– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (тегін медициналық көмек) жаңа үлгісі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру(медициналық сақтандыру жүйесі) жүйесіндегі медициналық көмек пакеті әзірленді. Олар 2020 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енеді, – деді министр.

Министрдің айтуынша, тегін медициналық көмектің жаңа моделін және медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қажеттілігі туындап отыр.

Бірінші деңгей – ҚР-ның барлық азаматтарына, оралмандар мен тұрақты тұратын шетелдіктерге мемлекеттік бюджеттің есебінен тегін медициналық көмек беруді қамтамасыз етеді.

Бұл пакет тегін медициналық көмектің мынадай түрлерін қамтиды:

  • Тіркелген жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек;
  • Жедел көмек, санитариялық авиация және шұғыл стационарлық көмек;
  • Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік мәні бар аурулар мен негізгі созылмалы аурулар кезінде медициналық көмектің толық спектрі.

Екінші деңгей – сақтандырылған халық үшін медициналық сақтандыру жүйесі пакеті – ол тегін медициналық көмектен тыс қызметтерді қамтамасыз етеді және мыналарды қамтитын болады:

  • Аурулардың кең спектрі бойынша консультациялық, диагностикалық, жоспарлы стационарлық көмек және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
  • Стационарды алмастыратын көмек;
  • Оңалту және қалпына келтіру емі.

Үшінші деңгей – бұл тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру жүйесінің пакеттеріне кірмейтін медициналық қызметтер. Олар ақылы немесе ерікті медициналық сақтандыру есебінен ұсынылады.

Тегін және міндетті медициналық көмектің көлемі белгіленді

Бұл туралы баяндаған министр Елжан Біртанов.

– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (тегін медициналық көмек) жаңа үлгісі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (медициналық сақтандыру жүйесі) жүйесіндегі медициналық көмек пакеті әзірленді. Олар 2020 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енеді, – деді.

Үкімет тегін медициналық көмектің қолжетімділігін және оның сапасына кепілдік етуді уәде етті. Сол үшін қаржыны көбейтпек.

Үкімет мүшелері тегін медициналық көмектің тізбесін бекіту және Медициналық сақтандыру жүйесі арқылы берілетін көмектің тізбесін анықтау туралы қаулыға дауыс берді.

Серіктестер жаңалықтары