Тікелей эфир

Біртанов: Үй карантині болмайды, стационарлық карантин талабын бұзғандарға айыппұл салынады

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Қытайда болған Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары Зайсан ауданында құрылатын арнайы стационарға жатқызылады.

Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшиннің шешімімен бүгіннен бастап қосымша санитарлық-эпидемиялық шаралар күшейтілді. Негізгі шаралардың бірі – шекарадан өткен азаматтардың денсаулығын тексеріп, оларды бақылауға алу.

Ведомствоаралық мемлекеттік комиссия шешімімен Қытай халық республикасы мен Қазақстан шекарасында жолаушылар тасымалы тоқтатылған. Алайда коммерциялық жүк тасымалы әлі бар. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзінше, Шығыс Қазақстан облысының Бақты мен Майқапшағай бекеттерінен жүк тасымалдаушылар өткен. Ал Алматы облысында қосымша темір жол өтетін бекеттер бар. Ол жерлерде күнделікті мониторинг жүргізіледі.

Оқи отырыңыз: ДДСҰ коронавирустың өршуін төтенше жағдай деп таныды. Бұл нені білдіреді?

"Шекарадан өтіп жатқан барлық жүргізушіні бақылауда ұстау қажет. Қытаймен шекарада бизнеспен айналысатын бірнеше Қазақстан азаматы бар. Олардың елге қайтуына мүмкіндік беруіміз керек. Елге келген соң, оларды бақылауға аламыз. Қазақ елінің азаматтарын елге кіргізбейміз, елден қуамыз деген сөз болмауы керек", – деді министр.

19 ақпанда ШҚО-дағы Майқапшағай өткізу бекетінен ешкім өтпеген. Облыстағы бекеттерден күнделікті 10-15 адам ғана өтеді. Оның бәрі – Қазақстан азаматтары. Алматы облысында – 20-30 адам.

Елжан Біртановтың бұл сөзіне себеп болған оқиға кеше түнде Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданының Сарытерек пен Айнабұлақ ауылдарында болды. Жергілікті тұрғындар "Қытай азаматтарын осы ауылдарда карантинге жатқызады" деген жалған ақпаратты естіп, дүрліккен. Министрдің айтуынша, екі ел арасындағы жолаушылар тасымалы жабық болғандықтан, бұл – мүмкін емес жағдай. ШҚО мен Алматы облысында шекарадан аз адам өтіп жатыр. Олар, негізінен – Қазақстан азаматтары.

"Елге келген қазақстандықтардың басқа адаммен кездесуіне, инфекцияның таралуына жол бермеуіміз керек. Осы себепті Зайсан ауданында карантиндік стационар ашамыз. Бірақ адамдар "ауылдың амбулаториясына вирус жұқтырғандарды жатқызады" деп ойлап, дұрыс түсінбеген. Олар мұны тоқтатуды талап етіп, көшеге шықты. Арнайы станционар Зайсан ауданының орталық ауруханасының инфекциялық ауруларға арналған 20 орындық бөлек корпусында әзірленеді", – деді Елжан Біртанов.

Оқи отырыңыз: Қытаймен шекарадан тек ресми делегация шенеуніктері мен жүктер өткізіледі

Министр ШҚО әкімі орынбасарымен сөйлескен. Инвестициялық жобалауда қытайлық серіктестердің жұмысшылары бары анықталды. Олардың арасында жақында Қытайдан келген азаматтар да бар. Бірақ тіркелген ауру адамдар жоқ. Үш науқастың жағдайы жақсарған. Біртанов азаматтардың денсаулығы дұрыс болса, жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек екенін айтты.

"Коронавирусты жұқтырғандардың бәрі өлмейді. Көз жұмған азаматтардың үлесі – 2 пайыз ғана. Қазақстанда осындай инфекциялармен күнделікті күресіп жүрген мамандар бар. Бұл жағдайдан қорқудың қажеті жоқ. Азаматтарға дұрыстап түсіндіруге тиіспіз. Дені сау қазақстандықтарды қолдап, елге әкеліп, көмек көрсетуіміз керек", – деді Денсаулық сақтау министрі.

Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Зайсан ауданындағы жағдай туралы ресми мәлімдеме жасап, халықтан жалған ақпаратқа сенбеуді сұрады.

"Кешеден бері ШҚО Зайсан ауданында ауруханаларға ҚХР-дан коронавируспен ауыратын науқастарды әкеледі деген негізсіз қауесет тарап кетті. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды" делінген әкімдік хабарламасында.

Оқи отырыңыз: Коронавирустен көз жұмғандар саны 81-ге жетті. Қауіпті індет туралы қазақстандықтар нені білуі қажет?

Елжан Біртанов, сондай-ақ, үй карантині енгізілмейтінін де хабарлады.

"Карантин тек арнайы стационарларда ғана болады. Оның талабын бұзғандарға айыппұл салынады. Бұл туралы нұсқаулықты барлық өңірлерге тараттық", – деді министр.

***

6 қаңтардан бері Қазақстанға 488 мыңнан астам азамат келген. Шекарада олардың денсаулығын тексеру мен қызуын өлшеу міндетті. Ауруханаға жатқызылған 175 науқастың 160-ынан коронавирус табылмаған соң үйіне шығарылды. Ал қалғаны емделіп жатыр.

Қытайдан келген 24 мыңнан астам азамат Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Оның 23 647-сі 14 күннен кейін ауруханадан шығарылса, 789 науқас мониторинг біткен соң үйіне босатылады.

Әлемдегі ахуал:

  • коронавирус жұқтырғандар саны 75 мыңнан асты;
  • 16 мыңнан астам адам науқас жазылды;
  • 2 100 науқас көз жұмды;
  • науқастар әлемнің 29 елінде тіркелді.
Серіктестер жаңалықтары