Әр адамның өмірі бір кітапқа арқау бола алады. Арасында әрине, жасанды кезеңдер әспеттелген құр кітап, шынайы достық пен өмірдегі нағыз арпалыстарды астарлаған жыр кітаптар болады. Адамның психологиясы солай қалыптасқаннан ба, шытырман оқиғаны, ажал мен арпалысты оқуға, көруге құлшынып тұрамыз. Осы уақытқа дейін "ардагермін" деп кеуде қақпай, ешқашан сұхбат бермеген Михаил Кочетков өзі, әкесі Петрдің өміріндегі қазақтардың орны туралы көзіне жас ала баяндады.
"Менің өмірім емес, солардың жасаған жақсылығы менімен бірге көрге кетпесе" екен деген ол informburo-ға өз кітабының бір екі бетінен үзінді келтіпіа, айтып берді. 94-тегі қарияның үзік сырларын ұсынып отырмыз.
Жүніс пен "Жүнісиха" орыс отбасын ұжымдастырудың зардабынан қалай құтқарды?
"Әкем Петр 1901 жылы қазіргі астанадан 50 шақырым жердегі Семеновка деген ауылда туған екен. Ал, 1924 жылы сол Семеновкада мен өмірге келдім. Бірақ, мен туғаннан кейін Семеновкада көп жыл тұрған жоқпыз. Өйткені, ұжымдастыру басталып кетті. Ұжымдастырудың қалай жүргенін өздеріңіз білесіздер ғой, адамдарды күшпен колхоздарға кіргізіп, қалыптасқан тірлігінен айырды. Сол Семеновкада Жүніс деген қазақ көршіміз болды. Әйелін неге екенін білмеймін бәрі "Жүнісиха" деп айтатын. Сол Жүніс – менің әкемнің досы еді, ұжымдастыру біздің ауылға да жеткенде әкеме келіп:
– Петра (Жүніс әкемді солай шақырады екен), мен колхозға бармаймын. Қорғалжың жақтағы Қарақоға деген ауылға кетемін. Сол жерде екі бөлмелі жер үйім бар, сонда барып тіршілік етемін. Егер қаласаң менімен жүр, сол "үйшікті" бөліп тұрамыз. Саған да, әйеліңе де жұмыс табамыз, ол жақта колхоз жоқ, ол жақта жұмыс істесең, ақша төлейді, – депті.
1929 жылдың күзі. Ат арбамен Қарақоғаға дейінгі көш
Жүніс көшіп кетті, әкем ойланып қалды. Колхозға барса, қандай ит тірлік күтіп тұрғанын білді. Көп ойланбады, жүгін ат арбаға жегіп, бала-шағасын алып, Қорғалжыңға бет алды. Әкем Жүністің арқасында қазақшаға судай еді, үлкен жолмен емес, ауылдардың арасындағы қара жолмен жүрдік.
Әкемнің айтуынша, орыс ауылдарына бет бұрған емеспіз. Жолда тоқтаған ауылдардың қазағымен қазақ сияқты сөйлесіп, қайда, не үшін бара жатқанымызды айтатын. Қай ауылға барсақ та алдымызға асын қойып, атымыздың ерін алып, күткен қазақтар есімде.
Сөйте-сөйте Қорғалжыңға, ары қарай бір кісінің көмегімен Қарақоға ауылына жеттік. Алдымызда екі бөлмелі жер үйі бар Жүніс күтіп тұрды. Аман есен, тату-тәтті қалыпта екі отбасы "избушканы" қыстап шықтық. Әкем келе сала малшылардың бригадирі, анам сауыншы болып жұмысқа тұрды.
Қазақ тілі және қазақ күйеу балалар
Әкем Жүністің балаларына айтып, бізбен тек қазақша сөйлестірді. Біз қазақшаға судай едік, тіпті, кейбір сөздің орысшасын білмей, шешеме қазақша айтқанда, анам жылайтын. Шешем – украин, әкем – орыс. Шешем әкеме: "Неге балама қырғыз тілін ұқтырдың, орысшаны ұмытты" деп жылайтын. Бірақ, сол қазақ тілі маған соғыста қатты көмектесті".
Бір қызығы, кейіпкеріміз Михаил Кочетковтің жалғыз қызы қазақ жігітіне күйеуге шығып, үш қазақ қыз туады екен. Үш жиеншар қыздарының екеуі қазақ жігітінен бақытын тапқан. Қазір бес жиен шөбересі бар. Бәрі – қазақтың ұлдары.
1930 жылдың жазы. Топалаңның кесірінен қалаға көштік
Жүністің шатаспасам бес баласы болды, ал біз анадан үшеу тусақ та, мен жалғыз қалдым. Қарындасым Семеновкада ауырып, шетінеп кетті. Қарақоғаның жазы да жадыраған, отбасымызға жайлы еді. Әке-шешем шаруасын істеп, бауырым екеуміз Жүністің балаларымен бірге өсіп жаттық.
Аяқ асты қойға топалаң, жылқыға жаманат, ірі қараға қараталақ (сібір жарасы) жабысты. Ауырған малдың арасына бауырым кіріп кетіпті, инфекция оған да жұқты. Беті бері қарамастан, ол да өліп кетті. Оның өлімі әкемнің жанына қатты батты, "қалаға көшпесем, енді қалған жалғызымнан да айырыламын" деп, Целиноградқа көшіп кеттік. Бұл 1930 жылдың жазы еді. Содан бері мен осы қалада тұрамын.
Соғысты 1942 жылы Батыс майданнан бастадым
Мен 17 жасқа толғанда, соғыс жүріп жатты. Қалалық әскери комиссариат мені әскерге алып кетті де жасым 18-ге толғанша әскери училищеде оқытты. Ол – Өзбекстанның Бұқара қаласындағы Подольский зеңбірек училищесі еді. Үш ай оқыған соң, 18-ге толар толмастан мені соғысқа әкетті. Алдымен батыс майданына, ол жақтан Калинин майданында соғысып, Беларусь майданына, бірінші Балтықмаңы майданына кеттім. Беларуста Витебск, Балтықмаңында Риганы азат еттім.
Сол қазақ жігіті қайда екен!?
1943 жылдың желтоқсаны... Сол жақ иғыма оқ тиіп, қатты жараландым. Мені бөлімшеге әкелгенде, бір ғана медбике жүрген екен. Оның емдеп жатқан адамдарының бәрі – госпитальда операция жасалып, беті бері қарағандар. Оғым әлі алынбаған, 40 градус дене температурасынан ес-түссіз жатқан мен ғана екенмін. Медбике қалай, қайтып көмектесу керектігін білсе де, қолында бір құралы жоқ, мені өз қолымен жерлейтін шығармын деп отырыпты. Сол сәтте ауруларды госпитальға шанамен тасып жүрген қазақ жігіті кіріп келеді. Далада желтоқсан, 35 градус аяз, қарлы боран. Ол боранда тоқтап, ауа райы дұрысталған соң жолға шықпақшы болып келіпті.
Бәлкім, құдай айдап келген шығар. Сол сәт медбике, мені көрсетіп, госпитальға жеткіз депті. Ол жігіт ойланбастан, мені бір көрпеге орай сала, шанаға тиеп, дәрігерге апарған. Қанша жүргенін білмеймін ғой, әйтеуір өлтірмей жеткізіпті, дәрігер оғымды алып, ыстығымды түсіріп, емдеген.
Әлгі петропавлдың қазақ жігіті өзі соғыста жүріп, қатты жараланған. Соғысқа жарамай қалдың деген соң, тым болмаса, жауынгерлерді құтқарайын деп, шанамен жаралыларды тасыған. Міне, тылдағылар болмаса, соғыс жеңіспен аяқталмайтын еді. Мен сол қазақ жігітіне өле-өлгенше қарыздармын.
Өмір үшін емес, өлім үшін күрес
1945 жылдың 7 мамырына қараған түн. Бізді парашютпен Балтық теңізіндегі Фришес-Хафф жартылай аралына түсірді. "Клайберхлип" санаторийін басып алыңдар деді. Санаторийді кеш батқанша басып алдық. Кешке таман көктемнің жылы жаңбыры жауды. Түн батқанша окоптарды қазып біттік. Түн жарымына дейін немістер танктерінің моторын сөндіріп, таңғы шайқасқа дайынбыз дегендей белгі беріп жатты.
Немістердің қарымта шабуыл жасайтынын білдік. Аралда жатқан бізді қай жағымыздан келіп өлтіремін десе де қолдарынан келетін еді. Бізге көмек келіп үлгермейтінін жақсы түсініп жаттық. Өмір үшін емес, өлім үшін соғысатынымызды білдік. Бірақ, шегінерге жол жоқ, не болса да қолдарына тірідей түскенше өлгенше соғысамыз деп келісіп жаттық.
Біреулер үшін "ұлы соғыстағы" менің кішкене майданым
Көрер таңды көзбен атырып, таң қылаң бергенде қаруымызды асынып, қарсы оқ атуға дайын тұрдық. Бірақ, немістер жағынан ешқандай шабуыл байқалмады. Таң әбден атты, әлі тұрмыз. Немістер келер емес. Бұл не болды деп аң-таң қалыпта сақ жатқанда түс жақындады. 4 жыл соғыста мұндай тыныштық көрмеген біз шоши бастадық. Басымызда "немістер ойына келгенін жасап, ойынышық қылып өлтірмекші" деген ой тұрды. Сағат неше екенін білмеймін, шамамен түс болар. Екі офицер келіп: "Жолдастар, соғыс бітті! Германия тізе бүкті, ордан шығыңдар" деді. Ешкім шыққан жоқ. Өз басым түнімен арақ ішкен офицерлердің мастығы әлі тарқамай, айтып тұрғаны шығар деп ойладым.
"Жолдастар, немістер осылай тыныш жатушы ма еді? Германияның тізе бүккені туралы актіге қол қойылды. Біз жеңдік, шығыңдар!" Міне, осы сөздермен 1945 жылдың 7 мамырында мен үлкен соғыстағы кішкене күресімді аяқтадым. Соғыста алған төрт жарақатымның куәсі төрт лентам, әртүрлі наградаларым бар. Үш рет оқ тиді, бір снаряд сынығы кірді. Міне, соғыстың ізі осындай болады екен..."
Михаил Кочетковтің үш бөлмелі ескі пәтерінде жеңіс күнінің лебі сезіледі. Оған әкімдік пен басқа да шенеуніктер гүл, сыйлықтар, әртүрлі жеміс-жидек сыйлаған. Нақты кімдер құттықтағанын біз де сұраған жоқпыз. ардагер де айтқысы келген жоқ. Бірақ, кім сыйласа да, "келесі жеңіс күніне дейін жетсін" дегендей, себеттің көлемін аямапты. Оған ардагердің өзі де еріксіз жымияды...