Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасындағы жастар тәжірибесі оқу орнын бітірген түлектерге бірқатар мүмкіндік сыйлайды. Мысалы, бұл алғашқы еңбек өтілін қалыптастыру, тәжірибе жинау мен әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасуға жол ашады.
2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, аталмыш қолдау тетігін Қазақстанда 30 мыңнан астам жас маман қолданып үлгерді. Солардың бірі – Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылының тұрғыны Толғанай Мұқатова.
Ол – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің түлегі. Кадастр маманы дипломын былтыр алған. Бірақ, декреттік демалыста болғандықтан, жұмыс іздеуге биыл ғана кіріскен. Осылайша достарының кеңесімен жергілікті Жұмыспен қамту орталығына хабарласып, онда жергілікті әкімдікте жастар тәжірибесінен өтуге кеңес алады. Кейіпкеріміз бұл ұсынысқа ойланбастан келісім бергенін айтады.
"Жас мамандарға қысқа мерзімде жұмыс табу қиынға соғатынын ескерсек, бұл мен үшін керемет олжа болды. Маған ақы төленеді және де жүктелген міндеттің қыр-сырын ұғынып, тәжірибе жинауға 6 ай уақыт бар", – дейді Толғанай Мұқатова.
Жарты жылға созылған жастар тәжірибесінен кейін Толғанайды Ақмол ауылының жер қатынастары бөлімінде тұрақты жұмысқа қалдырады. Бүгінде іс жүргізуші болып еңбек ететін ол болашаққа биік әрі айқын мақсаттар қойып отыр. "Еңбек" бағдарламасына қатысушы мемлекеттік қызметтегі мансабын дамытуды жоспарлап отыр.
"Өзім үшін бұл салада жұмыс істеген өте қызық, күн сайын көп нәрсенің байыбына барып, жаңа дүниелерді білудемін. Тәжірибе айларында тек жақсы жағымнан көрінуге тырыстым. Өйткені, осы жұмысқа орнығып қалғым келеді. Оның үстіне мен сияқты тәжірибе жинаушы болып табалдырықтан аттап, кейін маман ретінде өскен әріптестерім бар", – дейді Толғанай Мұқатова.
Жастар тәжірибесіне дипломы бар, жасы 29-дан аспайтын мамандар қатыса алатынын атап өткен ләзім. Сонымен қатар, оқуды соңғы үш жыл ішінде аяқтаған болуы шарт. 6 ай аралығында қатысушыларға 69 мың теңге көлемінде жалақы төленеді.
Ақмола облысында биылғы 10 ай ішінде барлығы 879 адам жастар тәжірибесіне қатысты.
Жалпы, қазіргі кезде "Еңбек" бағдарламасындағы жастар тәжірибесі бағыты жас қазақстандықтар арасында ең танымал және сұранысқа ие. Ел бойынша 30 мыңнан астам қатысушының, 1 қазандағы жағдайды қарастырсақ, 11 мыңнан астамы жастар тәжірибесінен өтіп болды. Оның 2 мыңнан астамы мерзімінен бұрын тәмамдаса, 4,5 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылды.