Оның айтуынша, бүгінде оқу бағдарламасы және оқулықтар мазмұнына қатысты айтылып жатқан сын-пікірлер жетерлік:
"Қазір оқулықтарда жіберілген қателіктер туралы көп айтылып жүр. Сол себепті оқулықтарды әзірлеуде бірыңғай ортақ талап енгізілді. Мектеп оқулықтары баланың жасына, психологиялық ерекшелігіне, сондай-ақ, мемлекеттік тіл саясатына сай болуы керек. Сонымен қатар, тағы бір проблеманы атап өткім келеді. Кейбір кітаптардың тапсырмасында интернетке сілтеме беріледі. Оқушыларға сол сілтемені ашып, тапсырманы орында дейді. Интернеті нашар жерде тұратын бала ол тапсырманы қалай орындайды?"
Сондай-ақ, министр мектеп бағдарламасындағы мазмұны ең көп сыналатын оқулықтарды атады:
"Қазір біз Қазақстан тарихы бойынша бір ортақ оқулық болуы керек деген ұсынысты қарастырып жатырмыз. Себебі, тәуелсіз Қазақстанның тарихы жазылған ортақ оқулық болуы қажет деген пікір көп айтылды. Сонымен қатар, қазақ әдебиеті оқулықтарының мазмұны бойынша сұрақ көп. "Оқулыққа біраз классиктердің шығармасы кірмей қалған" деген хаттар түсіп жатыр. Сондықтан, жұмыс тобын құрып, осы мәселелерді талқылаймыз".
Көркем әдеби кітаптарды көбейту қажет
Одан бөлек, Асхат Аймағамбетов әдебиет оқулығына көңіл бөліп, мектеп кітапханаларының сөресін көркем әдебиет туындыларымен толтыру қажеттігіне тоқталды.
"Саналы ұрпақ тәрбиелеуде көркем әдебиеттің орны ерекше. Балаларды тәрбиелеу үшін көркем әдебиет жеткілікті ме? Мектеп кітапханаларының бүгінгі жағдайы қандай? Мектеп кітапханаларына жеткілікті дәрежеде көркем әдебиет сатып алынып отыр ма? Осы дүниелерді де кеңінен қарастыруымыз қажет. Дүниежүзілік әдебиеттің қазақ тіліне аударылуы және қолжетімді болуы өте маңызды", – деді ол.
Білім және ғылым министрінің сөзінше, оқулықтарды әзірлеуде олардың пішіні бірдей болуы маңызды.
"Мектеп оқулықтарының пішіні бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Бастауыш сынып мұғалімдерімен кездескен кезде олар да осы мәселені айтып, жиі шағымданады. Мысалы, парта үстіне бір оқулық пен оқушының жұмыс дәптерін қатар ашып қойып көріңіз. Кәдімгідей қолайсыздық тудырады. Бір қарағанда, бұл бір ұсақ мәселе сияқты. Алайда, үлкен мәселелер осындай ұсақ-түйектен құралады", – деді Аймағамбетов.
Баспаларды кінәлай берген дұрыс емес
Білім және ғылым министрінің сөзінше, бүгінде оқулықтарды қатесіз әрі сапалы етіп басуға мүмкіндік беретін арнайы жүйе жасалған.
"Әрқашан басқа біреуді кінәлай салған оңай. Білім және ғылым министрлігі қандай да бір қате кетсе, ол авторлардың, баспаның не сарапшылардың кінәсі деп айтпайды. Біз оқулықтарды дайындау өте күрделі процесс екенін түсінуіміз қажет. Оқулықтардың мазмұны мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына, оқу бағдарламасында не жазылғанына тәуелді. Осы оқулықтарды кімдер дайындады, қанша уақытта дайындады, айналымға жіберілер алдында міндетті апробация жасалды ма, сараптаманы кім жасайды деген сұрақтарға жауап іздеуіміз керек", – деді министр.
Оның айтуынша, оқулықты жазатын авторлардың сабақ беру тәжірибесі болғаны да маңызды. Одан бөлек, оқулықты құрастыру процесіне дайындық кезеңі, баспа ісін және бағдарламаны жақсы білу сияқты факторлар көп ықпал етеді.
"Біреуге кінә артпас бұрын жағдайды толық зерттеу қажет. Баспа өкілдері немесе тағы біреулер кінәлі деу орынсыз. Бұл жерде оқулық орталығының да, баспаның да, сарапшылардың да жауапкершілігі бар", – деді Аймағамбетов.